Ulysmedia редакциясына Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Теке ауылының тұрғыны хабарласып, ауылдағы су басқан үйлерге өтемақы берілді деп естігенін, өзі оны алмағын айтып, үнін жеткізуді сұрады. Одан бөлек су тасқыны қаупі әлі де сейілмегенін, алдын алу жұмысы шикі жасалғанын айтты.
МӘН-ЖАЙЫ
Редакцияға жүгінген тұрғын Раушан Оспанова дәл 22 наурыз - Ұлыстың ұлы күні таңғы 6 жарым 7 шамасында көшелеріне су келгенін айтады.
Сөзінше, ауданның төтенше жағдайлар қызметі телефон тұтқасын көтермей, Астанадағы орталыққа қоңырау шалғаннан кейін ғана, өздеріне қайтып байланысқа шыққан.
Тұрғын “әкімдіктегілер су тасқыны болатынын білген, алайда мөлшері аз болады деп ойлаған” деп отыр.
“Сондықтан тасқын келетін жерді жаппай, алдын алу жұмыстарын жасамады. Көшенің басына бір трактор әкеліп қойды, бары сол. Әкімдікке шалсақ, “сендерге су келмейді” дейді, “ау, бізге осы қазір су кіріп жатыр” дедім. Олар сол хабарласқаннан түскі 1 жарым, 2-де келді ғой. Су тізеден асып, еденнің астын түгел жайлады” дейді ол.
Раушан Оспанова баспанасына су кіргеннен кейін 20 күндей үйіне орала алмай, туған-туысты жағалап жүргенін, осы аралықта, “тұратын жерің бар ма” деп сұраған әкім-қара болмады деп атап өтті. Мектепте арнайы орын ұйымдастырылатынын естігенімен, “сол жерге барыңдар” деп арнайылап ешкім айтпады дейді.
Үйіне су кірген тұрғын ауыл әкімі “қаржылай көмек болмайды” деп бірден кесіп айтқанын жеткізді. Ауыл тұрғындары тасқыннан зардап шеккен он шақты үйге жылу жинап, әр шаңыраққа 180 мың теңгеден үлестіріп берген.
“Шулап, шағымданған соң 4 бала келіп үйімнің сыртын жамап кетті. Отбасыммен жабылып үйдің ішін өзіміз жасадық. Дуалын троспен тартып, іргетасын бекіттік. Судан жиһазымыздың ағашы көтеріліп жарамсыз болып қалды. Кір жуатын машинамыз күйіп кетті. Жазғы асханамызды жасауға шама келмеді. Іші ылғал тартып, қабырғасы морып тұр. Үлкенірек үй саламыз деп құйған іргетасымыз судың салдарынан әр жерінен жарылып жатыр. Оның жайы не болады… Сауран әкімі “шу шығырмаңыз, көмек болады” деген соң осы уақытқа дейін үнсіз жүрдім. Бірақ тасқыннан зардап шеккен үйлерге ақша бірілген екен деп естіп жатырмын. Аудан әкіміне жазып едім, олар маған үй салып алуыңызға деп 4 мың шлакоблок түсіріп берді. Үйіңізді қалап алыңыз дейді. Оның өзін берді ме, бірді деп, төгіп тастап кетті. Біразы түсірген кезде-ақ үгітіліп, сынып жатты. Ертең ол үй қалауға жарай ма, жоқ па білмеймін. Егер үкіметтен қаржы бөлінген болса, тиісті ақшамызды берсін” дейді тұрғын.
АЛДАҒЫ КӨКТЕМДЕ СУ ТАҒЫ БАСУЫ МҮМКІН
Раушан Оспанова тасқынның алдын алу жұмыстары шикі жасалып, ақырына дейін жеткізілмегендіктен, келер жылы да су тасып, үйлерін басу қаупі барын жеткізді.
“Су келген арықтың жағалауына топырақты үйіп-үйіп кетті. Оны басып, нығыздаған жоқ. Ар жағынан таяқ тықсаң, бергі жағынан шығып кетеді. Ертең су тасыса қуыс, үйілген топырақты оңай шаяды ғой. Ол кезде үйімізді сумен қоса, топырақ басады. Оның үстінен трактор жүргізіп, басып, істеп береміз деген. Ештеңе істемеді, әкеліп тастап кетті. Қарашық өзіні бұзылған күйі жатыр, ойылған жері жабылмаған. Оны бітесе, су ары қарай ағып кетер еді. Осыны ауыл әкіміне де, аудан әкіміне де неше мәрте айттым. Тыңдамайды. “Ауылдың салып етек қатыны деп ойлады ма” мені мазақ қылып шығарып салды” дейді тұрғын.
Теке ауылының тұрғыны көшеге дұрыс жол жүргізіп, жарық тартып беруді сұрай-сұрай шаршадық, ауданда тұрғындардың мұң-зарын естір құлақ табылмай тұр деп налиды.
АУДАН ӘКІМДІГІ НЕ ДЕЙДІ
Ulysmedia тұрғынның шағымы бойынша Түркістан облысы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровқа арнайы сауал жолдаған. Редакция хатына жауап аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиевтің атынан келді.
Әкімдік жауабында Сауран ауданына қарасты бірнеше ауылдық округте су тасқыны болған кезде дер кезінде қимылдағанның арқасында төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары атқарылып, су басуы мүмкін тұрғын үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерлерге эвакуацияланы айтылады.
Оқырман айтып отырған Теке елді мекенінде 9 тұрғын үйдің ауласына су кіргенін, оның салдарын жою жұмыстары толық атқарылып механикалық тазалау жүргізілгені атап өтілген.
Өтемақы мәселесіне байланысты әкімдік жауабында ауданда төтенше жағдай жарияланбауына байланысты шығындарды өтеуге құқықтық негіз жоқтығын мәлім еткен. Алайда соған қарамастан демеушілер көмегімен су кірген үйлерді жөндеп, аулаларына тас төсеп, құрылыс материалдарын жеткізіп бердік дейді.
Әкімдік одан бөлек Теке елдімекені аумағынан өтетін Қарашық өзенінің 12 км арнасын тазалап, іргесін көтердік, 5 тоспа орнатып, елді мекен ішіндегі арық-атыздарды тазаладық деп сендіреді.
Көктем үш айдан кейін-ақ келеді. Әкімдіктің “атқардық, жасадық” дегенінің қай шамада іске асқаны сол кезде белгілі болады.
Ал Раушан Оспанова тағы да тасқынның астында қаламыз ба деп қауіптенеді.