Непотизмге қарсы күрес Жаңа Қазақстанның шынайы бет-бейнесін көрсететін іс-әрекеттердің бірі әрі бірегейі. Бүгінде атқарушы билік органдарының басшылық құрамында әкеден балаға, ағадан ініге табысталатын мирасқорлық биліктің, қарапайым тілмен түсіндірсек, өзі таққа мінсе, туысын атқа мінгізетіндердің қатары біраз сирегендей. Мемлекеттік қызмет саласында бір-біріне тікелей бағынысты болатын орында туысыңның отыруына заңмен тыйым салынғаны белгілі. Заң заң ғой, бірақ бұл мәселе этикалық тұрғыдан да құпталатын іс емес. Елдің бірінші басшысының өзі жақындарына саяси лауазымдарды иеленуге қатаң тыйым салып отырғанда, өзгеге не жорық? Президент мұны тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де іске асырды. Өзінің туған қарындасының күйеуі Теміртай Ізбастинді Қазақстанның Болгариядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатты. Дегенмен мемлекеттік қызметте туыстық байланысты этикадан жоғары қоятындар әлі де бар. Олар кімдер? Толығырақ Ulysmedia.kz материалында.
БАҚЫТХАН МЕН ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЕВТАР
Дархан Жазықбаев 2022 жылдың басында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Мансап жолында кедергісіз өсіп келе жатқан Д.Жазықбаев деген кім? Түйіндемесіне қарасақ, ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және ҚР ІІМ Қостанай заң институтын тәмамдаған. Философия пәнінің оқытушысы және заңгер, философия ғылымдарының кандидаты. Алматыдағы Заң институтында және Ішкі істер министрлігі академиясында оқытушылық қызмет атқарған. Кейін ІІМ аппаратында түрлі қызметтерде, Парламент Сенаты аппаратының әкімшілік бөлімінде, кадрлық жұмыс және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінде жұмыс еңбек еткен. Сенат аппараты басшысының орынбасары және Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде жетекші қызметтер атқарған.
Бақытхан және Дархан Жазықбаевтар
2019 жылдың маусымында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, 2022 жылдың 11 қаңтарында агенттік басшысы қызметіне көтерілді.
Дархан Жазықбаевтың мансабына оның ағасы Бақытхан Жазықбаев қолдау көрсетті ме, ол жағы белгісіз. Бірақ «KEGOC» АҚ компаниясында табысты мансап жолын жасай білген Бақытхан Медеғалиұлының інісі Дарханның жолын ашып беруге септігі тигенін жоққа шығару ақымақшылық болар.
Ағайынды Жазықбаевтардың жас айырмашылығы айтарлықтай – 8 жыл. Бақытхан Медеғалиұлының үш жоғары білімі бар. Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Маркетинг және коммерция» мамандығы бойынша, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Электр энергетикалық жүйелер мен желілер» мамандығы бойынша және Нархоз университетін «Іскерлік әкімшілік» магистрі дәрежесімен тәмамдаған.
Інісі Дарханға қарағанда, Бақытхан еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. Ол Талдықорған облысы Қаратал ауданының Қоржынкөл совхозында жұмыс істеген. Кейін жеке компанияда қатардағы маманнан бас директордың орынбасары деңгейіне дейін көтерілген. 2001-2007 жылдары ол «Солтүстік МЭС» филиалында аудит бөлімінің басшысы, басқарма бастығы, экономикалық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары, «Ақтөбе МЭС» филиалының директоры қызметтерін атқарған. 2007 жылы «Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясының» президенті болып тағайындалған. Осыдан кейін оның KEGOC компаниясындағы мансабы бірден өскен. 2012-2015 жылдары – басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2015-2016 жылдары – өндіріс жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары – өндірістік активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор, 2018-2021 жылдары – өндіріс жөніндегі басқарушы директор болған. Айта кетейік, Бақытхан Жазықбаев марапаттар мен медальдардан, атақтардан да кенде емес
ҚУАНЫШБЕК ЕСЕКЕЕВ ПЕН ДИНАРА ЩЕГЛОВА
Екеуінің арасындағы туыстық байланысты көпшілік біле бермеуі мүмкін. Айтайық, Қазақстан Президентінің кеңесшісі, бұған дейін 14 жыл бойы «Қазақтелеком» АҚ басқарған Қуанышбек Есекеев ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың бөлесі болып келеді. Олардың аналары – Мынуара Жұмағалиқызы мен Ақылия Жұмағалиқызы Есекеева – туған апалы-сіңлілі. сондықтан олардың мансап жолдарының тоғысуын жай ғана сәйкестік деп санау қиын.
Қуанышбек Бахытбекұлының 2008 жылдың қарашасында «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингінің директорлар кеңесіне кіргені белгілі. Ал Динара Ринатқызының өмірбаянында «Зерде» холдингіне қатысты біраз мәлімет бар.
Қуанышбек Есекеев пен Динара Щеглова
2011-2017 жылдары Динара Щеглова осы құрылымда бас маман, инфрақұрылымдық жобаларды мониторингтеу департаментінің бас менеджері, «Зерде» ақпараттық қызмет көрсету моделі департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2017 жылы ол басқарушы директор болып тағайындалған, 2018 жылдың қаңтарында төраға орынбасары – басқарма мүшесі болып сайланған.
50 жастағы Қуанышбек Есекеевті орнынан қозғау екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Антикор бұрынғы Президенттің інісі Қайрат Сатыбалдыны «Қазақтелекомнан» миллиардтаған қаржы жымқыру ісі бойынша тергеуге алған кезде, Қуанышбек Есекеевті бұл істе тек куәгер ретінде танып, оған тиісе алмаған. Қ.Есекеев ұлттық компания басшысы қызметінде қала берген. Осыны көре тұра Есекеевті суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын деп неге айтпасқа?
Білетіндердің айтуынша, Қуанышбек Есекеев Кәрім Мәсімов пен Асқар Жұмағалиевпен рулас болмаса да, рухтас, жақын қарым-қатынаста болған. К.Мәсімов Қазақстанның премьер-министрі болып тұрған кезде Қуанышбек Есекеев Үкімет құрамына кіреді. 2007 жылы Есекеев Асқар Жұмағалиевтің орнына Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы болып тағайындалады. Ал Жұмағалиев бұл кезде «Қазақтелекомды» басқаруға ауысады. 2010 жылы кезекті ауыс-түйіс орын алады – Жұмағалиев қайтадан Үкімет құрамына кіріп, жаңадан құрылған Байланыс және ақпарат министрлігінің басшысы атанады. Ал Қуанышбек Есекеев оның орнына «Қазақтелеком» басқармасының төрағасы болып барады. Осы кезеңде ұлттық байланыс операторы түрлі жанжалдардың ошағына айналғанын білеміз.
2016 жылы «Қазақтелекомның» бұрынғы адами ресурстар департаментінің директоры Даляпраз Букетова Қуанышбек Есекеевті жемқорлық пен трайбализм дендеген деп айыптады. Оның айтуынша, Есекеев компаниядағы жоғары қызметтерге негізінен «өз адамдарын» тағайындауды бастаған. Миллиондаған долларлық келісімшарттар акционерлердің өз компанияларына берілген. Сондай-ақ Букетова Есекеев «Қазақтелекомды» басқаруға келген күннен бастап азаматтардың жеке хат алмасулары әлеуметтік желілерге жарияланып кету жағдайлары жиілегенін айтты. Оның пайымдауынша, Есекеев – Кәрім Мәсімовтің сенімді адамы, ал жеке деректердің желіге таралуы сол кезде Мәсімовке керек болған. Алайда бұл ауыр айыптауларға қарамастан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те, басқа құзырлы органдар да ешқандай ресми тергеу жүргізген жоқ.
2018 жылдың ортасында Қуанышбек Есекеевтің бөлесі Динара Щеглова Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар вице-министрі болып тағайындалады. Ол жылдары Қуанышбек Есекеев «Қазақтелекомды» басқаратын. Есекеев цифрландыру, интернет және киберспортты дамыту мәселелерін көтеріп жүрді. Ал Динара Щеглова болса цифрлық Қазақстан бағытын ілгерілету ісінде жалауын желбіретін жүрген.
Олар Astana IOT Forum-да, сондай-ақ «Almaty Arena»-да өткен киберспорт турнирінде бірге сөз сөйлеп, Қазақстанның цифрлық болашағы туралы пікір білдірген.
НҰРЛАН ЖӘНЕ ТИМУР ОҢЖАНОВТАР
Кейбіреулер «табысты адамдардың балалары ата-анасындай биікке жете алмайды» деп есептесе, Нұрлан және Тимур Онжановтардың өмір жолы бұл пікірді жоққа шығарғандай.
Нұрлан Онжанов – қазіргі таңда Қазақстанның Германиядағы елшісі. Ол 1983 жылы Берлиндегі Гумбольдт университетін бітіріп, Қазақстанның сыртқы істер саласында табысты мансап жасады: Сыртқы істер министрлігінің Еуропа басқармасының бірінші хатшысы; Қазақстанның Аустрия, Швейцария және Германиядағы елшіліктерінде кеңесші; Экономикалық саясат департаментінің директоры; Франкфурттағы ҚР Бас консулы қызметтерін атқарған. 2003-2007 жылдары – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары, ТМД және аймақтық ынтымақтастық жөніндегі комитеттің төрағасы болды. 2007-2008 жылдары Президенттің көмекшісі қызметін атқарды. 2008-2014 жылдары Қазақстанның Германиядағы және кейін Даниядағы елшісі болды. 2014 жылы қайтадан Президент көмекшісі болып тағайындалды. 2019 жылы Президент кеңсесінің басшысы қызметіне келді. 2022 жылдан бері Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарады.
Тимур және Нұрлан Оңжановтар
Нұрлан Онжановтың ұлы Тимур әкесі секілді дипломатиялық мансапты емес, менеджмент пен экономиканы таңдады. Әкесі сияқты ол да шетелде білім алды: 2004 жылы Берн қаласындағы (Швейцария) экономикалық гимназияны тәмамдады; 2008 жылы Берн университетін, 2012 жылы Санкт-Галлен университетін бітіріп, банктік және корпоративтік қаржы, сыртқы сауда саласының маманы атанды. Тимур Онжанов та өзінің еңбек жолын шетелде басталды. Алдымен, Швейцарияның Берн қаласындағы инженерлік-консалтингтік фирмада (Bonnard & Gardel Ingenieure & Berater AG) жұмыс істеді. Кейін Deutsche Bank бөлімдерінде қызмет атқарды. Қазақстанға оралған соң, ол «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) құрылымында жұмыс істей бастады. АХҚО активтерді басқару және ірі жеке капитал нарығын дамыту департаменті директорының орынбасары; АХҚО атқарушы директоры; АХҚО қаржы секторындағы бас өкілі қызметтерін атқарды. 2023 жылдың маусымында – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
ТИМУР ЖӘНЕ РУСТАМ ҚАРАҒОЙШИНДЕР
«Бәйтерек» ұлттық холдингінің басқарма құрамында тағы бір табысты мемлекеттік қызметкердің ұлы бар. «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин – «Мемлекеттік сараптама» РМК бас директоры Тимур Қарагойшиннің ұлы. Тимур Қарагойшин 1961 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Алматы архитектура-құрылыс институтын және Технология, құрылыс, бағалау және сапаны басқару университетін тәмамдаған. Түрлі мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеген. Аудан әкімінің орынбасары, «Дорфонд» мекемесінде директордың орынбасары, Архитектуралық-құрылыс бақылау басқармасының директоры болды. 2023 жылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды. 2024 жылдың сәуірінде бұл қызметінен босатылып, кейін «Мемлекеттік сараптама» РМК бас директоры қызметіне кірісті.
Тимур және Рустам Қарагойшиндер
Тимурдың ұлы Рустам Қарагойшин бизнес саласында табысты мансап жасаған жігіт. Ол «ҚазАгроФинанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақстан Астық Консорциумының» бас директоры, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда «VD Строй-инжиниринг» компаниясын басқарады және бірқатар жеке бизнесі бар. 2023 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендері рейтингіне енді. Ол рейтингте 45-орынды иеленді. Оның бизнес компаниялары мен үлескер ретіндегі орны төмендегідей:
«Ushtobe Et» ЖШС – мал шаруашылығы;
«QZQ Development» ЖШС – құрылыс және девелопмент;
«KTK Group» ЖШС;
«Kazakh Agro Production» жеке компаниясы.
Осылайша, Қарагойшиндер әулеті бірі – мемлекеттік басқаруда, бірі бизнесте табысқа жеткен үлгілі әулет болып саналады.
БАҚЫТЖАН ЖӘНЕ АЗАМАТ МАЛЫБАЕВТАР
2024 жылдың соңында Азамат Малыбаев Астанадағы «Байқоңыр» ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол әлеуметтік сала, ішкі саясат және кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне жауапты. Азаматтың әкесі – Бақытжан Малыбаев 2024 жылдың қыркүйегінде Жамбыл облысы полиция департаментінің басшысы болып тағайындалған.
Бақытжан және Азамат Малыбаевтар
Бақытжан Асамбекұлы өз мансабын МАИ инспекторынан бастап, 20 жыл ішінде ішкі істер саласының жетекші қызметтеріне дейін көтерілді. Ал Азамат Малыбаевтың мемлекеттік қызметте өсуі әкесіне қарағанда әлдеқайда жылдам өрбіді. Азамат Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Любляна университеті (Словения), Ресей Президенті жанындағы РАНХиГС-ті тәмамдаған. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасында бас маман болып жұмыс істеді. Келесі жылы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасында бас маман қызметіне көтерілді. Халықаралық ынтымақтастық бөліміне ауысып, кейіннен Астана қаласы әкімінің аппаратына өтті. 2021 жылы – әкімдік аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінде бас маман, бас инспектор қызметтерін атқарды. 2022 жылы Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы болды. 2023 жылы Қоғамдық даму бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. 2024 жылы Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімінің орынбасары болды.
Азамат Малыбаевтың мансап жолында жылдам өсуі әкесінің ықпалымен болды деп айтудан аулақпыз. Дегенмен Бақытжан Малыбаевқа ІІМ жүйесінде жоғары лауазымға жетуіне 20 жыл қажет болса, оның ұлы 5 жылда әкімдік құрылымында басшылық қызметке жеткені ойландырады.
Ulysmedia.kz келтірген тізімде мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы туыстық қарым-қатынастың барлығы дерлік көрсетілмегенін айтып өткеніміз жөн шығар. Жоғары лауазымдарға тағайындаулар әділетті өте ме, әлде қамқоршың болмаса, мансап жолында өсуге қамданбай-ақ қоюға бола ма? Бір-бірін сүйреп, сүйемелдеп жүргендер ел жүгін қашан осылай бірге көтерер екен? Мынау менің туысым, мынау руласым, мынау ұлым, мынау қызым деп жолын ашу, із салып беру этикалық нормаға томпақ емес пе? Әлде Президент айтқан непотизмнен айығу үшін де таныс керек пе? Басы ашық сұрақ осы ғана.