Өткен аптада Қазақстанның ақпарат кеңістігінде Қарағанды облысының Шет ауданында төтенше жағдай режимі енгізілгені жөнінде ақпарат тарады. Тараған ақпараттарда аудан деңгейіндегі энергетикалық коллапс электр энергиясын жеткізуші – «Шет-Энерго» ЖШС-нің жауапсыз әрекеттері салдарынан туындаған. Аталған компания электр желілерін жаңғыртуға қаржы салмай, салдарынан энергиямен қамтуда жүйелі үзілістерге себеп болғаны айтылды. Аймақ билігі тіпті энергиямен қамту компаниясын мемлекет меншігіне беру ниетті екенін білдірген.
«Шет-Энерго» басшылығы мұндай айыптаулардың негізсіз екенін мәлімдеп, кәсіпорынды рейдерлік жолмен басып алу әрекеті болуы мүмкін дегенге меңзейді. Мұндай болжам орынды ма, жоқ па деген сұраққа Ulysmedia.kz тілшісі осы мақалада жауап іздеп көрді.
АУДАН ДЕҢГЕЙІНДЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
Өткен аптаның соңында Қарағанды облысы басшылығы Шет ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілгені туралы ақпаратты жария етті. Бұл қадам өңірде электр энергиясын қайта қалпына келтіру мақсатында жасалған.
Энергиямен қамту саласында тәртіп орнатып, сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай жарияланды, – деп түсіндірді Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Электр энергиясы шектелетіні туралы Шет ауданының әкімі де әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, «Шет-Энерго» компаниясы «Жезқазған таратушы электр желілік компаниясы» АҚ-ның электр энергиясын жеткізу талаптарын орындамай отыр.
Өңірдің атқарушы билік өкілдері техногендік коллапсқа электр энергиясын таратушы компанияның желілерді жаңғыртуға қаржы салмауы себеп болғанын мәлімдеді. Бұл жағдай энергиямен қамтудың жүйелі түрде бұзылуына апарып соққан.
Тұрғындар жиі өшіп қалатын электр жарығынан зардап шегуде, олар жарықсыз ғана емес, жылусыз да қалды. Үнемі жасалатын ескертулерге қарамастан, «Шет-Энерго» көрсететін қызмет сапасын жақсартпады, – делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Бұған дейін Қарағанды облысы әкімдігі «Шет-Энерго» таратушы компаниясының мүлкін мемлекеттік меншікке беру мәселесі көтерілген болатын. 2024 жылдың желтоқсанында Қарағанды облысы әкімдігінің сайтында «Шет-Энерго» ЖШС-не қатысты сотқа жүгіну арқылы оның мүлкін мемлекет меншігіне алу туралы ақпарат жарияланды.
Компания жүйелі түрде апатты жағдайларға жол беріліп келді. Шет ауданы тұрғындарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу мақсатында компания мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеу үшін сотқа жүгіну туралы шешім қабылданды, – делінген баспасөз хабарламасында.
Шет ауданында шамамен 50 мың адам тұрады. Аудан 8 кенттік және 17 ауылдық округке бөлінген. Оның аумағында 29 елді мекен бар. Бұл елдімекендердің бәрін электр энергиясымен «Шет-Энерго» ЖШС қамтамасыз етеді.
Шет ауданының әкімі тұрғындарды жағдай тұрақталғанша сабыр сақтауға шақырды.
ЖАУАП КҮТІҢІЗ…
Сонымен қатар, «Шет-Энерго» ЖШС басшылығы аудан тұрғындарын электрмен қамтудағы ақаулардың себебі тозығы жеткен желілерде емес екенін мәлімдеді. Бұл мәселе туралы облыс және аудан басшылығына төтенше жағдай режимі енгізілмей тұрып-ақ хабарланған.
Электр энергиясын жеткізуге шектеулер жергілікті тұрғындарға 18 ақпаннан бастап «Жезқазған таратушы электр желілік компаниясы» АҚ тарапынан енгізілді, – деп түсіндірді «Шет-Энерго» ЖШС директоры Құрманғазы Әміров.
Мәселе мынада: 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Электр энергетикасы туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енген. Осыған сәйкес, тұтынушыларды электр энергиясымен қамту қызметі «Жезқазған таратушы электр желілік компаниясы» АҚ-ға өткен.
Сондықтан біз аталған акционерлік қоғамға хат жолдап, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін «Шет-Энерго» ЖШС желілері арқылы электр энергиясын жеткізуге арналған үлгілік шартты келісуін сұрадық. Кейін электр энергиясын тасымалдау туралы шарт жобасын да жіберіп, оған өз тарапымыздан қол қойдық. Алайда осы күнге дейін «Жезқазған таратушы электр желілік компаниясы» АҚ тарапынан ешқандай жауап та, келісім де болған жоқ. Шарт әлі күнге дейін қол қойылған жоқ.
«Шет-Энерго» директорының айтуынша, Жезқазған таратушы электр желілік компаниясы тарапынан Шет ауданы тұрғындарын электр энергиясымен қамтудан бас тартудың заңға ешқандай қатысы жоқ.
Заңның 51-бабына сәйкес, электр энергиясын таратушы (өндіруші) ұйым электр энергиясын жеткізуді толықтай немесе ішінара үш жағдайда тоқтата алады:
Сонымен қатар, энергиямен қамтушы ұйым энергия жеткізуді тоқтату (шектеу) туралы өтінішті энергия таратушы (өндіруші) ұйымға жіберуі тиіс. Бұл туралы тұтынушыға жазбаша түрде хабарлануы керек. Хабарлама келісім-шартта көрсетілген тәсілдермен (электрондық пошта, факс, пошта арқылы, қысқа мәтіндік хабарлама, мультимедиялық хабарлама немесе мессенджерлер арқылы) жеткізілуі тиіс. Электр энергиясын тоқтату мерзімінен кемінде 5 жұмыс күні бұрын хабарлануы қажет. Ал тұрмыстық тұтынушылар үшін бұл мерзім кемінде 30 күнтізбелік күн болуы тиіс.
Құрманғазы Әміровтың айтуынша, бұл талаптар тек электр энергиясын уақытылы төлемеген әрбір жекелеген тұтынушыға ғана қолданылады. Ал “ЖРЭК тарапынан барлық Шет ауданы тұрғындарына енгізілген электр энергиясын жеткізуге қатысты шектеулер – заңсыз” деп мәлімдеді ол.
КҮТПЕГЕН ЖАҒДАЙ…
Шет ауданы тұрғындарына арнап, Құрманғазы Әміров те ашық мәлімдеме жасап, олардың қандай себеппен қиындыққа тап болғанын түсіндіруге тырысты.
18-19 ақпан аралығында ЖРЭК электр энергиясын жеткізуге шектеу қойды, ал 21 ақпанда электр энергиясын беру толықтай тоқтатылып, 24 сағатқа үзілді, – деп атап өтті ол.
«Шет-Энерго» ЖШС басшылығы «Жезқазған таратушы электр желілік компаниясы» АҚ-қа қатысты Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзу деректері бойынша уәкілетті органдарға бірнеше шағым түсірген. Сонымен қатар, компания басшысы электрмен қамтудың бұзылуына себеп болған тағы бір маңызды жайтты жерлестерінен жасырмады.
20 ақпан күні өшіру кезеңінде, түнде белгісіз тұлғалар төрт елді мекендегі КТП-ға (комплектілі трансформаторлық подстанция) зиян келтірген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, – дейді ол.
«Шет-Энерго» басшылығының пікірінше, бұл оқиғалардың барлығы біреулердің жеке меншікті рейдерлік жолмен басып алуға әрекет жасап жатқанын көрсетеді.
Электр энергиясын шектелгенге дейін біздің тарапымыздан ешқандай техникалық ақаулар тіркелмеген еді. Ал енді аяқ астынан төтенше жағдай режимі енгізілді. Мұны қалай түсіндіруге болады?
Барлық бұқаралық ақпарат құралдары аудандағы электр энергиясының өшуіне «Шет-Энерго» желілерінің тозуы себеп болды деп хабарлады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды! Қазіргі уақытта «ЖРЭК» АҚ электр энергиясын қайта жеткізіп, тұрғындарға жарық берілді. Белгісіз тұлғалар зақым келтірген төрт елді мекенде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада электр энергиясын беру толықтай қалпына келтіріледі, – дейді электр энергиясын таратушы компанияның директоры.
Шет ауданындағы оқиғалардың артында кім тұр деген сұрақтың жауабын Құрманғазы Әміров нақты білмейді.
Менде күмән бар, бірақ оларды дәлелдеудің мүмкіндігі жоқ. «Ұстамаған ұры емес». Алайда Шет ауданында біздің жабдыққа қатысты вандализм жағдайлары кездейсоқ емес екені анық. Бұл бес жылдың ішінде үшінші рет қайталанып отыр. Ақой, Бұрма, Ақшоқы, Жоғарғы Қайрақты ауылдарында белгісіз бұзақылар трансформаторлардан майды төгіп, изоляторлардың шынысын сындырған. Мұндай жағдай қазіргі аудан әкімі қызметке келген уақыттан бері бес жыл бойы қайталанып келеді. Алайда құқық қорғау органдары осы вандализм актілерін жасаған адамдарды анықтау үшін уақтылы шаралар қабылдаған жоқ. Бұл тұлғалар жазасыз қалатынын біліп отыр, – дейді ол.
«Шет-Энерго» ЖШС директорының айтуынша, бұл әрекеттер жабдықтың құнын төмендетіп, оны арзан бағамен тартып алу мақсатында жасалып отыр. Сөзінше, ол жағдайды түсіндіру үшін Қарағанды облысы басшылығынан үш рет қабылдау сұраған, бірақ кездесуге мүмкіндік ала алмаған.
1997 жылы Қазақстанда электр энергиясы болмаған кезде, аудан басшылығының өтініші бойынша мені тәжірибелі басшы ретінде осы кәсіпорынды басқаруға шақырды. Мен Қазақстанда алғашқы болып ЖШС құрдым деп айтуға болады. Электр энергиясын жеткізу ісін бастадым. Егер мемлекет бұл стратегиялық нысандарды қайтару қажет деп шешсе – қарсылығым жоқ. Бірақ олар алдымен әділ бағалау жасап, оны нарықтық құнымен қайта сатып алсын. Мен қазір жас емеспін, 65 жастамын, осы уақытқа дейін барлық жабдықты жеке меншік ретінде сақтап келдім, тек халық жарықсыз қалмасын дедім, – деп қынжылады Әміров.
Құрманғазы Әшімұлы жабдықты мемлекеттік меншікке беру бастамасын толығымен қолдайтынын сенімді түрде айтты.
Мен 65 жыл бойы Шет ауданында тұрып келемін. Тұрғындары электр энергиясынан айырылып қалмаса екен деп тілеймін. Бірақ кейбір шолақ ойлы басшылар басқа нәрсені ойлап отыр. Олар ЖШС-ны рейдерлік жолмен, вандализм арқылы тартып алғысы келеді. Бұл үшін олар жабдықтың құнын төмендетіп, оны әдейі бүлдіреді. Бірақ олар халықтың қамын ойламайды, – дейді ол.
«Шет-Энерго» ЖШС директоры барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға шағым түсіргенімен, әзірге еш жауап алмаған...