Қалған құрылтайшылар қайда немесе сот алдында не үшін тек Перизат Қайрат жауап береді

Ulysmedia

Көктемдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деп айыпталып отырған Перизат Қайратқа қатысты тергеу наурыз айының соңына дейін аяқталатыны хабарланды. Сөз болып отырған Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 ұйымының құрылтайшылары қатарында тағы 9 адам бар, алайда сот алдында жалғыз Перизат Қайрат жауап беретін сыңайлы. Ulysmedia.kz бұл істің басқа құрылтайшыларының не себепті тек куәгер ретінде қарастырылғанын және жалған қордың үш жыл бойы еш кедергісіз қызмет етуіне мемлекет қалай жол бергенін зерттеді.

Ulysmedia.kz коллажы

AMANAT-ТЫҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР

Өткен аптада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін тарату туралы шешім шығарды. Бұған себеп – азаматтық кодекстің 49-бабы, яғни “құрылу кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген, әрі оларды түзету мүмкін емес” деп танылуы. 

Соттың мәліметінше, сараптама нәтижесінде Перизат Қайрат ұйымның құрылтайшылық құжаттарында 9 адамның қолын өзі қойып шыққаны анықталды. Яғни, бұл азаматтар қордың қызметіне қатысы барын білмеген де болуы мүмкін. Бұл бір таңғаларлық жағдай. Ulysmedia.kz құрылтайшылардың бірімен сөйлесуге тырысқанымен, AMANAT партиясының жанындағы “Жастар Рухы” ұйымының бұрынғы астаналық филиалының жетекшісі Айгерім Серікжанова құпияны жария етпеу туралы қолхат бергенін алға тартып, түсініктеме беруден бас тартты.

Adata.kz мәліметтеріне сәйкес, “Biz Birgemiz Qazaqstan 2030” ұйымының құрылтайшылары арасында мына адамдар бар:

  • Аружан Оразбайқызы Аманбай
  • Тохтар Коммунарович Болысов – “INMODE” ЖШС және “CONSULT-INVEST ITIC” ЖШС басшысы
  • Арсланбек Талғатұлы Магзум – AMANAT партиясы жанындағы “Жастар Рухы” ұйымының астаналық филиалының жетекшісі
  • Сергей Владимирович Матюшенко – AMANAT партиясының Байқоңыр аудандық филиалы мен “Біз” азаматтық қозғалысы қорының басшысы
  • Гүлнар Нұрланқызы Сейткамал
  • Айгерім Тельжановна Серікжанова – “Жастар Рухы” ұйымының бұрынғы астаналық филиалының құрылтайшысы және SAT MEDIA компаниясының басшысы
  • Шадияр Докторұлы Тұрғанбай
  • Аян Бауыржанұлы Хафиз – “Жастар Рухы” ұйымының бұрынғы астаналық филиалының құрылтайшысы
  • Дамир Сәкенұлы Хисматуллин

Қордың құрылтайшылары арасында AMANAT партиясының жастар қанатының өкілдері көп. Бірақ партия мүшелері бұл іске еш қатысы жоқ екенін айтып, өздерін бұл оқиғаға қатыстырмауға тырысты.

– Олар бұрын волонтер болған, сол кезде ұйым құрылтайшыларының қатарында болды. Үш жыл бұрынғы жағдай ғой. Кейін олар белгілі бір жетістіктерге жетіп, AMANAT партиясына мүше болды, қазір әртүрлі қызметте жүр. Бірақ олар бастапқыда партия мүшесі болған жоқ. Сергей Матюшенко, Арслан Магзумовты белсенді жастар, волонтерлер ретінде танимын, деді депутат Елнұр Бисенбаев Ulysmedia.kz тілшісіне. 

Соттың Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 ұйымын жалған қол қою фактісімен тарату туралы шешім қабылдауы AMANAT партиясын қорғау әрекеті болуы мүмкін деп ойлауға негіз бар. Алайда бұл шындыққа жанаспайды.

КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ

Қоғамдық ұйымның құрылтайшыларын тек Перизат Қайраттың қаржылық схемаларына тікелей қатысқан жағдайда ғана жауапкершілікке тартуға болады. Себебі заң бойынша, құрылтайшылар ұйым мен оның басшысының міндеттемелері үшін жауап бермейді, дәл сол сияқты ұйым да құрылтайшыларының міндеттемелері үшін жауапты емес.

Қоғамдық бірлестікті тіркеу үшін кемінде он құрылтайшының жеке мәліметтері, соның ішінде ЖСН мен тұрғылықты мекенжайы көрсетілуі керек. Перизат Қайрат бұл мәліметтерді қайдан алды? Егер сот бұл адамдардың ешқандай құжаттарға қол қоймағанын растаған болса, онда олар тек аты-жөндерін беріп, номиналды құрылтайшы болуға келіскен болуы мүмкін. Бірақ бұл – азаматтық жауапкершілікке жататын мәселе, ал Қазақстанда бұл үшін соттамайды.

Егер Перизат Қайрат құрылтайшылар туралы жалған ақпарат беріп, тек олардың есімдерін пайдаланған болса, бұл жерде мемлекеттің қоғамдық ұйымдарды тіркеу кезіндегі тексеру процедураларының әлсіздігіне қатысты сұрақ туындайды. Сонымен қатар, оның үш жыл бойы заңсыз әрекеттерді қалайша еркін жүргізе алғаны да назарда болуы керек. 

МЕМЛЕКЕТ ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР

Әлеуметтік желілерде салық органдарының азаматтардың банк шоттары мен мобильді аударымдарын қатаң бақылауға алғаны туралы жиі айтылады. Кейбір азаматтар “табысы” үшін салық төлеуі керек деген ескертулер алып жатыр. Егер қарапайым халықты бақылауға мүмкіндік болса, қоғамдық ұйымдарды тексеруге неге ресурс жетпейді?

Заң бойынша коммерциялық емес ұйымдар өз қызметі туралы статистика органдарына және мемлекеттік кірістер органдарына есеп тапсыруы керек. Перизат Қайрат салық органдарына қандай есеп бергені белгісіз, бірақ оның миллиардтаған қаржы айналымы ешқандай күмән туғызбаған болып отыр. 

Коммерциялық емес ұйымдар шетелден қаражат алатын болса ғана салық есебін тапсыруға міндетті. Демек, қазақстандықтардан жиналған ақша туралы есеп бермей-ақ қоюға бола ма? 

Жалпы, бұл жағдай заңнамалық олқылықтарды пайдаланып кеткен Перизат Қайраттың ісі екенін көрсетеді. Бірақ бұл жағдайдан сабақ алып, заңды күшейту керек деп ешкім жақ ашпай отыр. Демек, алдағы уақытта да Перизат Қайрат сияқты алаяқтар пайда болып, қоғамдық ұйымдарды қаржы жымқыру көзіне айналдыруы әбден мүмкін.