Жасырын ойын, жымысқы саясат: «Самрұқ-Қазына» қақпағы кімдердің қолында

Ulysmedia

Халқымыздың ұлттық әл-ауқат қоры саналатын «Самұрық-Қазынада» миллиардтаған теңгенің активі шоғырланған. Бар байлығымызға бөгіп жатқан ұлттық әл-ауқат қорын сөккеніміз емес, алайда оның тыныс-тіршілігі жайлы қазақстандықтарға айту парызымыз деп білеміз. Қор активтерінде жер қойнауындағы алуан түрлі байлығымыз, энергетикалық қауіпсіздігіміз және келешегіміздің кепілі саналған болашақ игіліктеріміз бар. Осының бәрін сақтап қана қоймай, оны арттыру үшін мемлекет Қордың топ-менеджерлеріне қыруар ақша төлейді. Төбесінен алтын жаудырса да, жұмысы мардымсыз квази сектор басшыларын қалай сынасақ та қақымыз бар. Осынша игілікті ала отырып, олар ел үшін қандай пайдалы іс бітірді? Неліктен олар стратегиялық зауыттың (Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты) ресейліктерге сатылуы секілді резонансты жаңалықтар турасында үнсіз қалды? Олар ел экономикасын қайда бастап барады: ұшпаққа шығара ма, құрдымға батыра ма? Сауал көп-ау, алайда оған жауап беретін топ-менеджерлер қайда? Өйткені Ulysmedia.kz «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметіне өз сұрақтарын жолдағанымен, әзірге ешқандай жауап алған жоқ. Сондықтан, ең болмағанда, осы топ-менеджерлер жайлы айтып өтуді жөн көрдік.

БАРЫ ДА, ЖОҒЫ ДА БІЛІНБЕЙДІ

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ын қазір Нұрлан Жакупов басқарады. Байлық толы сандықтың кілті Н.Жакуповтың қолында жүргеніне екі жылдай уақыт болды. Басқарушы үшін бұледәуір ұзақ мерзім. Ал Нұрлан Қаршақұлы үшін бір орында осынша уақыт тұрақтау –рекорд, себебі бұрынғы қызметтерінде бір жылдан артық бөгелмеген.

Ол аталған лауазымға тағайындалғанда, Ulysmedia.kz оның өмірбаянын зерттеп көрген, алайда мардымды ақпарат таппай қиналған. Арада екі жыл өтсе де, жағдай баз-баяғыдай, жеке өмірі жайлы ақпарат жоқтың қасы.

Билікке жақын элитаның айтуынша, Жакуповтың мансабы соңғы жылдары тым тез өсуде. Карьера жолында өсудің сыры Жакуповтың көшбасшылық қабілетінде ғана емес, оның қайын жұртында деген сыбыстар тараған. Өйткені қазақ: «Қатын алма, қайын ал» деп бекер айтпайды, өмірлік тәжірибеге сүйеніп айтады. Алайда оның үшінші жұрты туралы мардымды ақпарат жоқ.

Нұрлан Жакупов жылына екі рет Қор жұмысы жөнінде Қазақстан президентіне есеп беріп, баяндама жасайды және жылына бір рет түрлі телеарналар мен ақпарат агенттіктеріне сұқбат береді. Алайда бұл сұқбаттардың мазмұны соншалықты ресми әрі іш пыстырарлық болғандықтан шығар, Қордың ресми сайтындағы «Сұқбаттар» бөлімінде мүлдем жарияланбаған.

КҮРДЕЛІ СТРАТЕГИЯЛАР МА, ӘЛДЕ БЕЛСЕНДІЛІКТІҢ ИМИТАЦИЯСЫ МА?

Қолжетімді ақпаратқа сүйенсек, Жакуповтың бүкіл еңбек жолы елге қалтқысыз қызмет етуге арналғандай көрінеді. Әлде солай көрсеткен бе, белгісіз. Оның «басты мақсаты» – «Самұрық-Қазына» активтерін 100 миллиард долларға жеткізу.

Қазір KASE мәліметі бойынша бұл көрсеткіш 77,3 миллиард доллар. Яғни, жетіспейтін сома 20 миллиардтан сәл асады. Бұл көп көрінгенімен, Қордың иелігінде «Қазатомөнеркәсіп» пен «ҚазМұнайГаз» секілді алып компаниялар барын ескерсек, егер олар табысты жұмыс істесе және Қазақстан мұнайы мен уранының бағасы төмендемесе, бұл екі алпауыттың өзі қажетті соманың бір бөлігін қамтамасыз ете алады.

Сонымен қатар жарғылық капиталды ұлғайтудың басқа да жолдарын ұмытпау керек. Мысалы, 2024 жылдың соңында «Самұрық-Қазына» «ҚазМұнайГаздан» 28 миллиард теңгеге ғимарат сатып алды. Сарапшылар бұл мәмілені әділетсіз деп отыр, өйткені логикаға салсақ, «ҚазМұнайГаз» – «Самұрықтың» еншілес компаниясы, яғни оның мүлкі автоматты түрде Қорға тиесілі болуы тиіс.

Бірақ ондай пікірлерге кім құлақ асады дейсің?

Мысалы, биыл ақпанда «Самұрық-Қазына» Қаржы министрлігінен Қайрат Сатыбалдымен байланысты «Акмолит», «Мархит» және «Топаз-НС» атты үш компанияның акцияларын 491,2 миллион теңгеге сатып алды. Бұл келісім Қорға минералды шикізат, қымбат металдар мен сирек кездесетін металл кендерін өндіруге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп түсіндірілді. Алайда арада бір ай өтпей жатып, наурыз айының басында бұл компаниялар «Тау-Кен Самұрық» атты тағы бір еншілес ұйымға рәсімделіп берілді. Яғни, тағы да бір қалтадан екінші қалтаға ақша салғандай әсер қалдырды. Дегенмен сырт көзге жұмыс жүріп жатқандай, ұзақмерзімді және қысқамерзімді стратегиялар жүзеге асып жатқандай әсер қалдырады.

НҰРЛАННЫҢ КОМАНДАСЫНДАҒЫЛАР КІМДЕР

“Ұлттық әл-ауқат қоры басшысының орынбасары» деген қызмет жоқ екеніне қарамастан, аз басқарма құрамында Нұрлан Жакуповтың өзінен бөлек, 5 басқарушы директор бар.

Олардың барлығы да басшылары секілді, көлеңкеде жүргенді жақсы көреді. Олар жайлы ресми ақпарат табу айға барып-келгеннен қиын. 

Мәселен, «Самұрық-Қазынадағы» экономика және қаржы саласына Айдар Рысқұлов жауапты.

Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор лауазымынан бөлек, Рысқұлов «ҚТЖ» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін де атқарады. Бұл компания жиі сынға ұшырайды: жолаушылар пойыздарының кешігуі, жүк тасымалы тарифтерінің жоғары болуы және сыбайлас жемқорлық деректері бойынша басы даудан арылмайды.

Тіпті, былтыр Жоғарғы аудиторлық палата «ҚТЖ» компаниясы банкроттық жағдайда депмәлімдеген еді.

Тәжірибелі экономист ретінде (түйіндемесіне сенсек) Айдар Рысқұлов бұл дағдарысты алдын ала болжай ала ма еді? Шын мәнінде, нақты жауап беру қиын, өйткені теміржолда мыңдаған адам еңбек етеді, ал әрқайсысына директорлар кеңесінің төрағасы бақылау жасай алмайды.

«Самұрық-Қазынадағы» стратегия мен активтерді басқару ісіне бірден екі басқарушы директор – Ернат Бердіғұлов пен Елжас Отыншиев жауапты.

Екеуі де жоғары техникалық білім алған және өмірінің жартысын «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларында басшылық қызметтерде өткізген.

Ернат Бердіғұлов – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

Соңғы апталарда ҚМГ жаңалықтар таспасынан түспей тұр, өйткені қоғамда Атырау мұнай өңдеу зауытының ресейлік компанияға сатылуы туралы ақпарат қызу талқылануда. Алайда Бердіғұлов көпшілік алдына шығып, зауытқа қатысты мәселені де, одан басқа да жанжалдар жайлы да пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірген емес. Оның өз ойын ашық айтуы екіталай.

Елжас Отыншиев – Нұрлан Жакуповпен бірге Қорға келген жалғыз топ-менеджер.

Бұған дейін олар Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company Ltd. құрылымында бірге жұмыс істеген. Кейіннен Отыншиев «Самұрықтың» ірі еншілес компанияларының көбінің директорлар кеңесіне мүше болып кірді. Әрине, бірінші басшы ретінде емес, бірақ бұл, бәлкім, одан да жақсы позиция шығар, өйткені қоғам мен БАҚ назарында жүргеннен гөрі, орта тұста маңызды ойыншылардың қатарында, шаруаңды жұрт көзінен таса бітірген кім-кімге де қолайлы емес пе?

Оның жұмыс кестесі соншалықты тығыз, бұқаралық ақпарат құралдарын толғандыратын сұрақтарға жауап беруге уақыты жоқ сияқты.

Кез келген жағдайда сабырлы қалпын жоғалтпайтын тағы бір басқарушы директор – заңдық сүйемелдеу, қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор Николай Казутин. Сонымен қатар ол «Самұрық-Энерго» директорлар кеңесінің төрағасы қызметін қатар алып жүр.

Білімі бойынша – бухгалтер. Жеке сақтандыру компанияларынан бастап, ірі энергетикалық кәсіпорындар мен Қаржы министрлігіне дейін әртүрлі салада қызмет еткен. Алайда ақпарат кеңістігінде аты-жөні атала қоймайды.

Айта кетерлігі, 2019 жылдың соңына дейін Казутин айтарлықтай жетістікке жетпеген.2018 жылы – «Көкшетау минералды сулары» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2019 жылы  «Шығыс Қазақстан өңірлік энергетикалық компаниясы» АҚ ішкі аудит қызметінің басшысы болған. Ал 2019 жылдың соңында кенеттен Астанаға ауысып, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл дегенің елдегі салық саласындағы екінші маңызды тұлға деген сөз.

Оның бұл биікке қалай жеткені, әрине, жұмбақ. Сондықтан мұның сырын ешкім де түсіндіріп бере алмас. 

Қазутин қазір де үнсіз

Қалай болғанда да, еліміздің үш қаласындағы маңызды стратегиялық нысандарды неге ресейліктер салып жатқанын сырт жүрген сарапшылар да, Энергетика министрі де, тіпті Президенттің өзі де түсіндіріп айтуға тырысты. Ал елдегі негізгі энергетикалық қуаттарды басқаратын компанияның директорлар кеңесінің төрағасы болса үнсіз қалуды жөн санады.

Оны тыңдағымыз-ақ келеді. Өйткені бұл адам кезінде Көкшетауда да, Шығыс Қазақстанда да қызмет еткен, жағдайды бес саусағындай білуі тиіс.

Ал басқарма мүшелерінің осындай үнсіздігінен кейін көзге бірден түсетіні – даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор Салтанат Сәтжан.

Ол – басқармадағы ең жас мүше ғана емес (жасы небәрі 35-те), сонымен қатар оның түйіндемесінде «Самұрық-Қазынадан» басқа бірде-бір компания көрсетілмеген. Оның да бірден департамент директоры болып тағайындалуы назар аудартады. Ол мұндай жоғары лауазымға қалай келді? Қандай өмірлік тәжірибе оған басқарушы директор деңгейіне көтерілуге көмектесті?

Әдеттегідей, бұл сұрақтарға да жауап жоқ.

Алайда белгілісі – Қорда ресми түрде жұмыс істеген бес жыл ішінде Салтанат Ерболқызы Қордың бүкіл құрылымын жете меңгеріп, барлық мәселені және оларды шешу жолдарын жақсы түсінген. Себебі соңғы екі жыл бойы «Самұрыққа» қойылған БАҚ сұрақтарына жауап беріп жүрген екі адам болса, соның бірі, бір адам болса, жалғыз осы Салтанат Ерболқызы. Ол Қордың трансформациясы, активтерді жекешелендіру және басқа да мәселелер жайында айтып бере алады.

Егер «Самұрық-Қазына» анағұрлым ашық құрылым болғанда, Салтанат Сәтжанды компанияның бет-бейнесі деп атауға болар еді.

Бірақ мұның ақыры неге алып келуі мүмкін?

Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағалары бұл лауазымда, әдетте, 2-3 жыл ғана отырады. Сол себепті Нұрлан Жакупов та бір күні жылы орнын босатуға мәжбүр болады. Ал одан кейін Қорды кім басқарады?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанатын кадр саясаты – саланы білетін кадрдың өсуіне жол ашу, яғни жаңа төраға қазіргі басқарушы директорлардың арасынан шығуы әбден мүмкін. Демек, теориялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан тарихында алғаш рет Қордағы ірі капиталдарды басқару тізгіні әйел адамның қолына көшуі мүмкін.

Алайда әзірге Қорды басқарып отырған Нұрлан Жакупов, сондықтан барлық сұрақ тікелей соған бағытталады. Оның басқаруымен еліміздің экономикасы дұрыс бағытта дамып келе ме? Стратегиялық нысандар, мәселен, мұнай өңдеу зауыттары секілді кәсіпорындарды шетелдіктерге сатуға қатысты жасырын келіссөздер ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірмей ме, бұл жай ғана ел байлығын жекешелендіру емес пе?

Осы сұрақтың барлығын Ulysmedia.kz «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметіне жолдады, алайда әзірге жауап жоқ.

Ең маңыздысы – Қазақстандағы бұрынғы топ-менеджерлердің тарихы көрсеткендей, мемлекеттік қызметте немесе нақты секторда тәжірибесі жоқ менеджерлерге халықтың әл-ауқатын басқаруға қандай карт-бланш берілсе де, ерте ме, кеш пе, әрқайсысы өз әрекеті не әрекетсіздігі үшін жауап беруге мәжбүр болады.