Қағаз бәрін көтереді немесе әкімдердің қайсысы өз өңіріндегі мәселелерді көзге ілмейді

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Қазақстанда аймақ басшыларының өз міндетін қалай атқарып жатқанын түсіну қиын. Мемлекет билігінде шенеуніктердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін бағалайтын жүйе бар, бірақ ол негізінен ішкі құжат түрінде қалып, көпшілікке жария етілмейді. Интернетте жиі пайда болатын түрлі рейтингтер де нақты көріністі бере бермейді, өйткені көп жағдайда олардың әдістемесі де, сарапшылары да беймәлім.

Ulysmedia.kz рейтинг жасаған жоқ, тек әкімдердің төңірегіндегі ақпараттық кеңістікті зерттеп көруді жөн көрді. Соның нәтижесі көз жүгіртсеңіз, "кейбір аймақ басшылары қалайша әлі күнге дейін орынтағында отыр?" деген сұрақ туындайды.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ

Сәуір айының соңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев президент алдында атқарған жұмысы жөнінде есеп берді. Жарияланған көрсеткіштерге қарасақ, өңірде бәрі жақсы сияқты. Қазақстанда әкімдерден ақпаратты «керек ракурста» ұсыну қабілетін ешкім тартып ала алмайды, әсіресе олардың жұмысын бағалауда өлшем бірлік – өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштерге сүйенеді. Алайда әкімнің жұмысын тек сандар арқылы ғана бағалауға болмайды.

Былтыр Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі бүкіл елді дүр сілкіндірді. Артынша марқұмның туыстарының үйін өртеп жіберді. Кейін өңірде қылмыстық топтың бар екені туралы әңгімелер тарай бастады. Қысқасы, бұл – қоғамда үлкен резонанс туғызған оқиға, сондықтан, ең болмағанда, облыс басшысы шығып, айтар сөзін айтады деп күткендер болған. Әсіресе «хуторлықтар» деген топтың бар-жоғына қатысты нүкте қояр деген.

Алайда Сұлтанғазиев бұқара алдында тек «шыдамды болып, полицияға сенім артуды» ұсынумен ғана шектелді. Жалпы, облыс әкімдігі бұл резонансты оқиғаға келгенде үнсіздік саясатын таңдады – әкімдік сайтында бұл мәселе мүлде ақпарат жарияланған жоқ, ал бұл кезде жергілікті биліктің беделі таразыға түскен еді.

Әкімдіктің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 12 өнеркәсіп нысаны іске қосылған. Жұмыс орындарының мәселесі шешіліп жатқандай көрінеді. Бірақ таңертең және кешкісін Талғар – Алматы автожолы кептелістен көз ашпайды. Талғар тұрғындары әлі де күнкөріс үшін мегаполиске ағылуға мәжбүр. Бұл жағдай ширек ғасырдан бері өзгермей келеді және жақын арада өзгеретін түрі жоқ.

Әкімдік сайтындағы ақпараттарға қарағанда Сұлтанғазиев шетелдік инвесторлармен жиі кездесіп, зауыт-фабрика салу туралы меморандумдарға қол қойып жүр. Алайда іс жүзінде Алматы облысындағы желдеткіш зауыты өз өндіріс базасын электр желісіне қосу рұқсатын екі жыл бойы ала алмай келген. Бұл мәселе тек прокуратура араласқаннан кейін ғана шешілді.

Ал тағы бір инвестордың мәселесі тіпті сотқа дейін жетті. Компания көпсалалы клиникалық аурухананың қарыздарын жауып, заманға сай инфекциялық корпусты салып берді, аккредитациядан өткізіп, жаңа бөлімшелер ашуға көмектесті. Бірақ облыс әкімдігі бұл нысанды балансқа қабылдамай, инженерлік желілерге қосуға да рұқсат бермеген. Үстіне үстеме – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясындағы басқару қызметі үшін төлем де кешіктірілді. Соның салдарынан АХҚО соты мемлекеттік органдарды 370 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Қазір инвестордың тағы бір талабы қаралып жатыр – бұл жолы сомасы 13 млрд теңгеге жеткен.

Алайда әкімдік сот шешімін орындауға асығар емес. Бұл да түсінікті – қаржы тапшы, өйткені өңір дотацияға тәуелді, ал кіріс бөлігінің үштен бірі – трансферттерден құралады. Бірақ бұл әкімдікке люкс санатындағы жол талғамайтын көліктерді сатып алуға және өз аппаратын бұрынғы казино ғимаратында – бассейні мен жаттығу залы бар кеңседе ұстауға еш кедергі келтірмейді. Оның үстіне, облыстық телеарна да ашылды – әкімдік өкілдерінің айтуынша, егер танымал бола алса, арна коммерциялық жобалар арқылы өз күнін өзі көруі керек. Бірақ телеарна – арзан ермек емес.

Айтпақшы, бұл өңірде инвесторлармен байланысты дау-дамай аз емес. Мысалы, Қонаев қаласында әкімдік Қапшағай су қоймасы жағалауындағы жер телімін қытайлық компанияға беріп қойған – бұл аумақта күрделі құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Сондай-ақ мал шаруашылығы кешенінің жобасынан бас тартқан италиялықтар да бар.

Даулы жағдайлар мұнымен шектелмейді. Былтыр «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде мектеп автобусының астында бала қаза тапты. Себебі 20 мыңнан астам тұрғыны бар аумақта мектеп те, аурухана да жоқ. Бұл кешенде мектеп салу Сұлтанғазиев әкім креслосына отырған жылы тоқтатылған. Ол уақыттан бері әкімдік тұрғындарға «қаржы жоқ» деп келген. Қаражат тек қайғылы оқиғадан кейін табылды. Енді мектепті биыл қыркүйекке дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

Кешенде инженерлік инфрақұрылым мәселесі де өткір. Жаз айларында су үздіксіз тоқтап қалады. Былтыр тұрғындар тіпті тасжолды жауып тастады. Бұл мәселенің қашан шешілетіні белгісіз. Әкім Сұлтанғазиевтің өзі айтқандай, «мәселелер жұмыс тәртібінде шешіліп жатыр».

Облыс әкімінің жұмысын көлеңкелейтін басқа да деректер бар. 2024 жылы мемлекеттік қызмет істері агенттігі жер қатынастары саласындағы жүйелі заңбұзушылықтар үшін бір ауданның әкімін қызметтен босатуды ұсынған. Бірақ ол әлі күнге дейін орнында отыр.

Былтыр Жоғары аудиторлық палата облыста 16,7 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар болғанын анықтады. Соның ішінде мемлекеттік мекеме 2,5 млрд теңгені іске жұмсаудың орнына депозитте ұстап келген. Биыл да жаңа заңбұзушылықтар тіркелді – бұл жолы бюджет жоспарлау саласында тіркелді.

Қорыта айтқанда, Марат Сұлтанғазиевтің жұмысына қатысты ақпараттық кеңістік макрокөрсеткіштердегідей керемет жарқын емес.

ЕРМАҒАНБЕТ БӨЛЕКПАЕВ

Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтің жұмыс мәнері сырттан қарағанда құрметті-ақ. 2020 жылдан бастап, ол облыс орталығы Қарағанды қаласын басқарған. Сол кезде шенеунік ретінде қоқыс алаңдарын аралап, аулаларды өзі бақылап, бағыныштыларына нақты тапсырмалар мен ескертулер беріп, жол жөндеу мен саябақтарды абаттандыру жұмыстарын жеке қадағалаған еді.

Алайда мұншалықты қызу белсенділіктен қалаға шынайы пайда тие қоймады. Қоқыс үйінділері көзден ғайып болмады, қарағандылықтар баяғысынша ойдым-ойдым жолмен жүруге мәжбүр. Ал әкімдіктің көгалдандыру жұмыстары туралы есептері әлеуметтік желілерде күлкіге қалды – орталық даңғылдағы қурап қалған гүл құмырасының жанына ілінген «Бөлекпаев, гүлдер қайда?» деген жазуы бар плакат ел аузында жүрді.

Осы жылдары Қарағандыда жаппай құрылыс қарқыны басталды. Бірақ сонымен бірге саябақтардың аумағы, балалар алаңдары мен автотұрақтар да біртіндеп көзден ғайып бола бастады. Кейін анықталғандай, салынып жатқан нысандардың небәрі 20 пайызы ғана заңды рұқсат құжаттарына ие болған. Қалған көп құрылыс нысанын әкімдік кейін, құрылыс аяқталған соң барып заңдастыруға мәжбүр болған.

2022 жылы Ермағанбет Бөлекпаев облыс әкімі қызметіне кіріскен кезде экология, жол инфрақұрылымы және жылу маусымының жақсы өтуі басты басымдық болатынын мәлімдеді. Ол осы мәселелерді шешуге бірден іске бел шеше кірісті – өндіріс орындарын аралап, нақты тапсырмалар беріп, жауаптыларға сөгіс жариялап, проблемаларды жеке бақылауына алып отырды.

Алайда үш жылдық жұмыстың нәтижесі айтарлықтай әсерлі емес. Газдандыру процесі басталғанымен, Қарағанды облысындағы экологиялық ахуал жақсарған жоқ. Қарағанды мен Теміртау әлі күнге дейін елдегі ең лас қалалардың қатарында. Облыстық маңызы бар жолдардың жай-күйіне қатысты шағым-өтініштер де азайған емес. 2024 жылы өңірлердің бірінде 2 миллиард теңгеге жөнделген жол бір жыл өтпей жарамсыз күйге түсті.

Жылумен қамту мәселесі де оңалмады. Әсіресе 2023-2024 жылдары Саран қаласында жаңа орталық қазандық іске қосылмай қалып, қала толықтай тоңып қала жаздады. Осы оқиға үшін Бөлекпаевтың атына президенттің өзі сөгіс жариялады.

Әкімнің қоғам алдында да, президент алдында да ұсынатын есептері дәстүрлі түрде өсім көрсеткен макроэкономикалық мәліметтерге толы. Облыс әкімдігінің сайтында да тек жағымды жаңалықтар толып тұр – жаңа кәсіпорындар ашылып, ескілері жаңартылып, өңір экономикасы өркендеп, халықтың әл-ауқаты артып жатқандай көрінеді. Ал өңірлік бір басылым тіпті:

«Қарағанды облысының әкімі болып небәрі екі жылдай қызмет атқарып жатқан Ермағанбет Бөлекпаев – халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын, іскер әрі еңбекқор басшы ретінде танылды» – деп сипаттады. Редакция бұған әкіммен сұхбаттасу арқылы көз жеткіздік дейді.

Алайда әлеуметтік желідегі көрініс мүлде басқа. Балқашта экология мен тұрғындардың қауіпсіздігіне ешқандай алаңдаушылық танытпастан, қорғасын өңдейтін «лас» зауытты қаланың дәл іргесіне салу жоспарланып отыр. Теміртауда электр қуаты жиі үзіліп тұрады, соның кесірінен су да жоқ – тұрғындар шұғыл қажеттіліктерін полиэтилен қалтаға өтеуге мәжбүр. Өңірдің өзге аудандарынан да жол, медицина секілді шешілмей келе жатқан мәселелер бойынша шағым көп. Кейбір проблемалар жылдар бойы шешілмеген.

Қарағандының өзінде облыс әкімінің жұмысына маслихат депутаттары сын айта бастады. Бұл – Қазақстанда өте сирек кездесетін жағдай.

«Облысымызға обал-ақ. Мүмкіндік көп, болашақ зор, бірақ бәрі қарапайым тәжірибе мен титтей ғана парасаттың жоқтығынан құрдымға кетіп жатыр. Сондықтан дәл қазір бізге беделді, халықтың үнін еститін, өз бетінше және дер кезінде әрекет ете алатын әкім қажет. Қуыршақ емес!» – деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бақтияр Омарханов.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ

Асайын Байханов Павлодар облысы әкімі қызметіне Екібастұз ЖЭО-дағы апаттан кейін бірден тағайындалды. 2022 жылдың қарашасында қала жылусыз қалғанда, оның еншісіне апат салдарын жою және болашақта мұндай төтенше жағдайларға жол бермеу міндеті тиді.

Павлодар облысында Екібастұзсыз-ақ мәселелер жетіп артылатын. Тіпті кей кейде басқа облыстармен салыстырғанда проблема көбірек сияқты көрінетін. Сондықтан әрбір жаңа әкім келген сайын жергілікті жұрт жағдай оңалады деп үміттенетін. Алайда бір әкім кетіп, орнына бірі келсе де, түйткілдер сол күйі шешілмей қала береді.

Асайын Байханов әкім болған тұста да аймақ күрт дами бастады деуге келмейді.

Павлодар облысы өнеркәсіптік зиянды заттардың ауаға таралуы бойынша елде көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Жалпы шығарындылардың шамамен 30 пайызы осы өңірдің үлесінде. Соған қарамастан, үкімет дерегінше, былтыр Павлодар облысы экологиялық жол картасын орындау бойынша аутсайдерге айналған. Айта кетерлігі, бұл жол картасын облыс әкімдігі бекіткен.

Экологияны ушығатып отырған тек өндіріс орындары ғана емес. Облыс орталығындағы жекеменшік сектордың басым бөлігі көмір жағып жылытылады. 

Тағы бір жүйелі проблема – астықтың контрабандасы, яғни "сұр импорт". Ресейден есепке алынбаған астық жүздеген тоннамен тасымалданады. Былтырдың өзінде осы мәселеге қатысты 12 қылмыстық іс тіркеліп, мемлекетке келтірілген шығын 4,1 млрд теңгені құрады.

Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасына байланысты да мәселе аз емес. 2023 жылы прокуратура бұл бағыттағы бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Жергілікті шенеуніктердің қатысуымен көшіп келгендерге арналған баспаналар төңірегінде алаяқтықтар болған, әлеуметтік көмек алу үшін жалған келісімшарттар жасалған. Жалпы келтірілген шығын – 1 млрд теңге шамасында. Бұл жағдай тек Павлодар облысында ғана емес, барлық солтүстік өңірлерде байқалды. Алайда ҚР Еңбек министрлігі "мәселе жергілікті атқарушы органдар тарапынан туындап отыр" деп нақты атап өтті.

Әрине, ондаған жыл бойы қордаланған проблемаларды Байханов қысқа мерзімде шешіп тастай алмайды. Дегенмен өңірдегі ақпараттық ахуалды зерделей отырып, облыс әкімдігі көбіне салдармен күресіп, себепке үңілмейтінін байқауға болады.

Мысалы, былтыр жазда Павлодар қаласы аяқ астынан сусыз қалды. Электр кернеуінің ауытқуынан су станциясындағы жабдықтар істен шығып, өрт шыққан. Су беру қалпына келтірілді. Кейін станцияның өзі жаңартылып, күшейтіліп, модернизацияланды. Ресми дерекке сүйенсек, осы жұмыстарға 1,5 млрд теңге жұмсалған. Алайда станцияны қуатпен қамтамасыз ететін электр желілері сол күйі назардан тыс қалған. Негізгі апат сол желілерден басталған еді.

Байхановтың “үлесіне” жол жөндеу төңірегіндегі дауды да қосуға болады. Бұл оқиға Байханов Павлодар қаласының әкімі болған кезде басталған. Астаналық компания тендер жеңіп алғанымен, жұмысқа кедергі көп болды – техника бөгеліп, жұмыстарды жүргізуге рұқсат берілмеген. Соған қарамастан компания қаладағы көшені жөндеп шыққан. Алайда әкімдік атқарылған жұмыс сапасыз деген желеумен төлем жасаудан бас тартқан. Іс Жоғарғы сотқа дейін жетіп, сот әкімдіктің әрекетін заңсыз деп таныды. Бірақ дау-дамай әлі де жалғасып жатыр – компания енді Байхановтың өзін сотқа берген. Айып – кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру.

Байхановтың кадрлық саясаттағы шешімдері де сұрақ туғызады. Мәселен, 2023 жылы тамызда ол Ержан Иманзаиповты Павлодар қаласының әкімі қызметінен босатты. Себебі – қарамағындағы қызметкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоя алмағаны, абаттандыру жобаларын іске асырмай және халықпен байланыс орната алмағаны. Алайда арада бір ай өтпей жатып, сол адамды облыстық басқармалардың біріне басшы етіп тағайындады.

Ал биыл наурызда облыстық денсаулық сақтау басқармасының тізгінін Иран Шәметеков ұстады. Ол 2023 жылы Алматының денсаулық сақтау жүйесін басқарған кезде Орталық клиникалық ауруханада үш пациенттің ВИЧ жұқтыру оқиғасы орын алған еді. 2020 жылы карантин тәртібін бұзғаны үшін айыппұл да салынған. Бұған қоса, Шәметековтің есімі Қызылорда облысындағы қаржы жымқыру ісінде және Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасында сыйақы бопсалау дауына байланысты аталған.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ

Жамбыл облысына Ербол Қарашөкеев жоғары эшелоннан келді – оның бүкіл саяси мансабы негізінен министрлік дәліздерінде өтті. Сондықтан аймақ әкімі қызметіне тағайындалғанда, "даладағы" тәжірибенің жоқтығы оның жұмысына қалай әсер етеді деген күмәндар болған. Дегенмен бұрынғы ауыл шаруашылығы министрінің аграрлы өңірге әкім болып баруы қисынды шешім көрінген. Әсіресе 2022 жылы аграршылар Қарашөкеевті "ең нашар министр" деп атағанын ескерсек, бұл тағайындаудан кейін бәрі түзелер деген үміт болған шығар.

Алайда әкім ретіндегі қызметі де көңіл көншітпей тұр. Тағайындалғанына небәрі бір жарым жыл өтсе де, Қарашөкеевтің жұмысы айтарлықтай сәтсіздіктермен есте қалды. Оның ішінде өзі жақсы білуі тиіс ауыл шаруашылығы саласында да жағдай оңалған жоқ.

Мәселен, былтыр өңірдегі шаруалар үшін ерекше жыл болды – бұрын-соңды болмаған қант қызылшасының өнімін жинады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Өнімді тапсыру кезіндегі қиындықтар мерекені азапқа айналдырды. Фермерлер бірнеше тәулік бойы кезекте тұруға мәжбүр болды. Өңірдегі бір қант зауыты келіп түскен көлемді өңдеуге қауқарсыз болып шықты, ал екіншісі мүлде қамыс қантымен жұмыс істейтін болғандықтан, қызылшаны қабылдамады.

Қарашөкеевтің мәдениет саласындағы ең сорақы сәтсіздігі ретінде қызғалдақ фестивалін айтуға болады. Іс-шара ауқымды етіп жоспарланғанымен, ұйымдастырылуы сын көтермеді. Фестивальден кейін әлеуметтік желілер сынға толып кетті: қонақтар гүлдерді таптап тастаса, әкімдік бөлген көлік бұзылып, жұрт бірнеше шақырымды жаяу жүріп өтуге мәжбүр болды.

Өңір халқының негізгі бөлігі – ауыл тұрғындары, оларды ең алдымен таза ауызсудың жоқтығы қинап отыр. Бұл мәселе Қарашөкеевке дейін де болған, ал ол әкім болған уақыт ішінде де айтарлықтай оң өзгеріс байқалмайды. Су тапшылығы мен егістікті суару мәселесі әлі де өткір күйінде тұр. Аймақтың су ресурстары инфрақұрылымды жаңғыртуды және заманауи технологияларды енгізуді қажет етеді. Ал жаңа суару әдістеріне көшу үшін фермерлерге субсидия мен қаржыландыру керек. Бұл мәселені Қарашөкеев үкімет деңгейінде әзірге көтерген жоқ.

Ауыл-аймақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына қатысты да сұрақ көп. Ауыл тұрғындары мал сатып алуға берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі ресми көрсетілген 2,5%-дан екі-үш есе жоғары екенін айтып шағымдануда. Сонымен қатар, 17,5% көлеміндегі салықты алған табысқа қарамастан ай сайын төлеуге тура келеді. Мал жаятын жайылым тапшы, ал ауылдарда құжат қабылдайтын мекемелер жоқ.

Бұған қоса, екі ауылда әлеуметтік нысандардың құрылысы үшінші жыл қатарынан аяқталмай келеді. Бұл – тек ірі созбалаңға салынған жобалар. Құрылыс компаниялары жер телімдерінің бөлінуіне қатысты түсініксіз бюрократиялық кедергілерге шағымданады. Мұндай қиындықтар тіпті мемлекеттік бағдарлама аясындағы нысандарды салуға да кедергі келтіріп отыр.

Өңірдегі экологиялық жағдай да көңіл көншітпейді. Өткен жылы экологтар заңсыздары бар 500-ге жуық қоқыс полигонын анықтады. Қоқыс өңдейтін зауыт жайлы әңгіме айтылып келе жатқанына 20 жыл болды, алайда ол әлі де жобалық деңгейден аспайды.

Былтыр жыл қорытындысы бойынша Ербол Қарашөкеев пафоспен есеп берді. Әдеттегідей, тек жағымды көрсеткіштерді ғана атады. Алайда шындықта жағдай мүлде басқаша. Өңір еліміздегі ең дотациялық аймақтардың ішінде екінші орынға «тамыр жайған». Облыс бюджетінің 90%-ға жуығы трансферттерге тәуелді.

Сонымен қатар, Тараздың адам көп жүретін жерлеріндегі тұрақтар әлеуметтік желіде жиі талқылануда – бұл тұрақтардың нақты кімге тиесілі екені белгісіз. Тараздықтар сол тұрақ иесінің жылдық табысы кемі 1 миллиард теңгеден асатынын есептеп қойған. Ал бұл облыс – орташа айлық жалақы бойынша республикадағы ең кедей өңір саналады. Ресми статистика бойынша былтыр орташа жалақы шамамен 300 мың теңге болғанымен, жергілікті тұрғындар 150 мың теңгеден жоғары жалақысы бар жұмыс табудың өзі мұң екенін айтады. Бірақ бұл жағымсыз жайттар Қарашөкеевтің есебінде көрініс таппайды.

Алайда Қарашөкеевтің бір мықты тұсы – партиялық салмағы. Биыл облыстық мәслихаттың бір депутаты жиналыста әкіммен қысқа сөз таластырып қалған. Нақтырақ айтқанда, одан жалпылама сөйлемей, нақты мәселелер туралы айтуын сұраған. Соның салдарынан ол AMANAT партиясынан шығарылып, депутаттық мандатынан айырылды.