Ұлан-ғайыр далада мал жаятын жер жоқ: АШМ неге жайылым мәселесін шеше алмай отыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Орталық Азиядағы кең байтақ аумаққа ие, халқы аз елдегі мал шаруашылығына әлсіз болуы нонсенс емес, бұл – Қазақстанның шынайы болмысы. Тоғыз жыл бұрын ауыл шаруашылығы министрлігі ет өндірісінің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі себептердің бірі – жайылым тапшылығы екенін мәлімдеген болатын. Жерді бақылаусыз сату салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жер таба алмай қалды. Үкімет бұл мәселені реттеу үшін арнайы заң қабылдады. Алайда содан бері жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ. Ulysmedia.kz бұл мәселені салалық ведомство неге шеше алмай отырғанын анықтап көрді.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ДАҒДАРЫС

Мал жаю мәселесіне үкімет 2016 жылы-ақ назар аудара бастаған. Дәл сол кезде ауыл шаруашылығы министрлігі «Жайылымдар туралы» заң жобасын әзірлеуге кіріскен еді. Ол кезде министрлікті Асқар Мырзахметов басқарды, алайда ол бұл қызметте небәрі бір жарым жыл, 2017 жылдың желтоқсанына дейін ғана отырды. Соған қарамастан, заң сол кезде қабылданып үлгерді. Мырзахметов ауыл шаруашылығымен қатар жер реформасы жөніндегі үкіметтік комиссияға да жетекшілік еткен, ал жаңа заңның нормалары осы екінші лауазымымен тікелей байланысты болған.

Ол кезде Қазақстанда мынадай жағдай қалыптасқан еді: ауыл маңындағы жерлер, соның ішінде бұрыннан мал жайылып келген жайылымдар жекенің қолына өтіп кеткен. Жаңа меншік иелері мал жаюға тыйым салып, жерді жалға алу үшін ақша талап ете бастады. Кейбір учаскелер мүлде бос жатқан, ал кейбірінде құрылыс басталған. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жағдайды бұрынғы үкіметтердің әрекетінің салдары деп түсіндіріп, жаңа заң бұл мәселені шешеді деп сендірген болатын.

– Бұл заң елімізде мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде халық сапалы әрі қолжетімді бағамен мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіледі, экспорттық әлеует артады, жеке қосалқы шаруашылықтар мен жалпы мал басы көбейеді, – деп мәлімдеген еді ведомство.

Содан бері тоғыз жыл ішінде ауыл шаруашылығы министрлігіне төрт министр ауысты. Ал жайылым туралы заң сегіз рет өзгерді, оның төртеуі соңғы екі жылда жасалған. Әр жолы министрлік жайылымдарды тиімді пайдалану, бақылауды күшейту және мал шаруашылығын дамытудың жаңа серпіні туралы мәлімдеді. Бірақ жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ.

САНДАР МЕН ӘРЕКЕТСІЗДІК

2020 жылы ғалымдар зерттеу нәтижелері бойынша 179,9 миллион гектар жайылымның 48 миллион гектары немесе 26,4%-ы қатты тозғанын хабарлады. Оның ішінде 27 миллион гектар – «тапталған жайылымдар», ал шамамен 21 миллион гектары – елді мекендердің айналасында мал жаюға мүлде жарамсыз жерлер.

Айтпақшы, 2025 жылдың басында Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов осы тапталған жайылымдардың көлемі... сол баяғы 27 миллион гектар екенін мәлімдеді.

2024 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы 2023 жылғы ғарыштық мониторинг нәтижелерін жариялады. Бұл деректерге сүйенсек, Қазақстандағы жайылымдық жерлердің 87,2%-ы нашар және өте нашар күйде, тіпті кейбірінде ешқандай өсімдік жамылғысы жоқ. Қанағаттанарлық жағдайда тұрған жайылымдардың үлесі – 10,2%, жақсы күйде – 2,1%, ал өте жақсы күйде – небәрі 0,5%.

2024 жылдың ақпанында заңға кезекті өзгерістер енгізіліп, «Қоғамдық жайылымдар» ұғымы пайда болды. Яғни, мал ұстайтын ауыл тұрғындарына теориялық тұрғыда мал басын көбейтуге еркіндік берілді. Бұдан бөлек, жайылымдық жерлерді пайдалану талаптары да күшейтілді. Ал 2024 жылдың жазында Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдарды басқаруға арналған үлгілік жоспарды бекітті.

– Бұл жоспар жайылымдарды ұтымды пайдалану, жемшөппен тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозуын болдырмау мақсатында қабылданды, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Алайда бұл мәселе бойынша өткен мәжіліс комитеттерінің бірінің отырысында анықталғандай, заңдар қабылданып, жоспарлар бекітілгенімен, мәселе өздігінен шешіле салмайды. Ол үшін нақты жұмыс істеу қажет.

Депутат Еркебұлан Мамбетұлы заң қабылданғаннан кейін бірден оған қатысты нақты ережелер мен барлық тарап жұмыс істейтін құқықтық тетіктер, яғни, қосымша актілер жедел әзірленуі керек екенін атап өтті. Үкімет регламентіне сәйкес, оған екі ай уақыт беріледі. Алайда ақпандағы өзгерістерге қатысты премьер-министрдің тапсырмасы тек үш айдан кейін ғана шыққан.

– Азат Сиражиддинұлы (Сұлтанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі), мұнша кешіктірудің себебі неде? Менің ойымша, бұл арқылы АШМ қажетті қосымша актілерді қабылдау жұмысына теріс серпін берді. Біздің комитет мұндай құжаттардың орындалу барысын бақылауда ұстайды. Соның ішінде басты құжаттардың бірі - жайылымдарды басқару жоспары. 2025 жылғы 24 маусымдағы жағдай бойынша республикада тек бес облыста ғана бұл жоспардың әзірленуі мен бекітілуі сәл де болса ілгерілеген. Ал тоғыз өңірде, яғни 53%-ында, «ат ізін салмаған», деді Еркебұлан Мамбетұлы.

ЗАҢ БАР, ІС ЖОҚ

Жалпы, депутаттар ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысындағы бірқатар ірі кемшіліктерді атап өтті.

Бұрыннан бері уәде етіліп келе жатқан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыруға және конкурстарды автоматты түрде өткізуге арналған платформа тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Бұған дейін министрлік бұл платформа арқылы елдегі жерлер мен мал басына қатысты мәліметтерді орнынан қозғалмай-ақ көруге болады деп мәлімдеген. Алайда қазір платформа жұмыс істемей тұрғаны айтылып отыр. Сонымен қатар, министрлік бұл платформаның нақты қашан іске қосылатынын да айта алмады.

Тағы бір маңызды кемшілік - жерлерді айналымға қайтаруға формалды көзқарас. Министрлік тек «жерді қайтару қажет» деген есептермен шектеледі. Нақты тапсырмалар өңірлерге түсіріледі де, ары қарай ешқандай бақылау да, әкімдіктерге ынталандыру да жоқ. Ал «қайтару» жұмысы осындай күйде үшінші жыл қатарынан жалғасып келеді, бірақ нәтиже шамалы.

Тек бір ғана өңірде мал жайылымдарының тозуына қарсы күреске бағытталған ауыл шаруашылығы министрлігінің іс-шараларын қаржыландыру табылып, нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл - министрлік пен өңір әкімдіктерінің өзара іс-қимылы туралы мәселені де күн тәртібіне шығарады.

Заңда жер жағдайын жақсарту жұмыстарын жүргізген шаруаларға субсидия беру мүмкіндігі қарастырылған. Алайда министрлік осы күнге дейін бұл субсидияны беру тетігіне қатысты нақты ұсыныстар әзірлемеген.

– Біз жай ғана жиналып, сөйлесіп, бәрін сөз күйінде қалдырамыз. Өтініш, енді нақты жұмысқа кірісіңіздер. Заңға өзгерістер енгізілгеніне бір жыл болды. Бірақ бізге жергілікті халық тарапынан шағым өте көп түсіп жатыр. Ал бұл жерде негізгі мәселе - ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жүйелі жұмыс ұйымдастырылмаған. Сіздер пункттер бойынша жұмыс істеулеріңіз керек еді. Егер қандай да бір басым мәселе болса, солардан бастау керек: әкімдіктерге барып, мәселені шешу - мысалы, жердің топырақ қабатын жақсарту жөнінде. Сіздердің біліктілік талаптарыңыз бар ма? Классификатор бар ма? Сіздер бұл 2026 жылға жоспарланған деп көрсетіп отырсыздар. Бәрі жоспар күйінде ғана, деп түйіндеді депутат Нұржан Әшімбетов.

Мұнда назар аударарлық бір жайт - 2019 жылы мәжілістің сол кездегі шақырылымының депутаты Жексенбай Дүйсебаев жайылым туралы заңның қалай жұмыс істейтіні жөнінде көлемді мақала жазған. Мақаланың соңында ол мынадай тұжырым жасаған:

– Дегенмен, заң нормаларын жүзеге асыруға жауапты орган - ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар (ауылдық, аудандық әкімдіктер) бұл жұмысты әлі күнге дейін формалды түрде ғана атқарып келеді... Бұл уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың заңды іске асыруға салғырт қарауымен байланысты, – деп жазған ол.

Демек, соңғы алты жыл ішінде ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмыс тәсілінде көп өзгеріс болмаған. Мүмкін, сондықтан да аграрлық саладағы заңдар өз мәнінде жұмыс істемей келетін шығар Ал біз әлі де етке бай заманның келуін күтіп жүрміз.