Қазақстанда Назарбаевтың соңғы ұлттық бағдарламасы жабылады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Жаздың басында Қазақстан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын мерзімінен бұрын аяқтайтыны белгілі болды. Бұл жоба Қазақстанда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен енгізілген соңғы жоба болды. Бағдарламаға сәйкес, ауылдағы өмір қаламен деңгейлес болуы тиіс еді – үйлерде дәретхана мен ванна, тегіс жолдар, заманауи жабдықталған мектептер мен емханалар, тіпті фитнес-орталықтар қарастырылған. Бұл жоспар қаншалықты жүзеге асқаны туралы шенеуніктер қазір көп айта бермейді. Алайда Ulysmedia.kz бұл бағытқа бөлінген шамамен бір триллион теңге нақты неге жұмсалғанын анықтауға тырысты.

ТРИЛЛОНҒА ЖУЫҚ ҚАРАЖАТ ЖҰМСАЛҒАН

Басылым редакциясының ресми сауалына жауап берген ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың мәліметінше, 2019–2024 жылдар аралығында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына мемлекеттік бюджеттен 701 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 2,2 мың тірек және серіктес ауылда 6,6 мыңнан астам жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берген.

Атап айтқанда, 772 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, 2,1 мың әлеуметтік нысан және 3,7 мың елдімекенішілік жол салынды және жөнделді.

– Бұдан бөлек, биыл мемлекеттік бюджеттен 500 тірек елді мекенде шамамен мың жобаны жүзеге асыруға 176,4 млрд теңге қарастырылған. Оның аясында 106 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысанын, 279 әлеуметтік нысанды және 535 көлік инфрақұрылымы нысанын жаңғырту жоспарланып отыр, – деді ол.

Бағдарлама жобалары жергілікті бюджет есебінен бірлесіп қаржыландыруды да көздейтінін ескерсек, оған жұмсалған сома бір триллион теңгеге жақындайды. Енді басты сұрақ – осы қаржының есебінен ауылдық жерлерде нақты не нәрсе жақсарды?

– Әрине, қандай да бір пайдасы болғаны сөзсіз. Егер жай ғана бухгалтерлік есепті алып қарасақ – қанша қаражат бөлінді, қайда жұмсалды дегендей, әкімдіктер мен ұлттық экономика министрлігі қанша жол, аурухана, су құбыры салынғанын айтып бере алады. Бір нәрсе салынған ауылдарда тұратын тұрғындар жақсы пікір білдіруі мүмкін... Бірақ, антикорға да тергеу жүргізетіндей алаң қалғаны анық, себебі бір нәрсені ұрлап, бір нәрсені ысырап қылғаны сөзсіз, – дейді сарапшылар.

– Бірақ бағдарламаны алғаш талқылап жатқанда біз не ұсындық және соңында не жүзеге асты дегенге келсек, бағдарлама өз мақсатына жете алмады деп сенімді түрде айтуға болады, – деді бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі, қазіргі жекеменшік консалтинг агенттігінің басшысы Арман Евниев.

ӨТКЕННІҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Дәл осы Арман Евниев ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тұрған кезінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының негізгі тұжырымдамасын әзірлеп, оны алдымен премьер-министр Өмірзақ Шөкеевтің, кейін президент әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің алдында қорғап, тіпті Нұрсұлтан Назарбаевқа слайдтар көрсеткен.

– «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы – барлығы ұмытқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы, логикалық тармағы болды. Ол қоғамдық сананы жаңғыртуды көздеген. Бірақ біз егер балаларды «оқымасаң, ауылға жібереміз, сиыр бағасың» деген сөзбен қорқытсақ, ауыл жайлы не айта аламыз? Яғни, ауыл ұятты, лас жер ретінде қабылданды. Қазірдің өзінде қоғамда мұндай көзқарас бар. Біз мұны өзгертуді ұсындық — фильмдер түсіру, үгіт-насихат роликтерін жасау сияқты идеялар айтылды. Бірақ егер барлығы ауылда жол да, ойын-сауық та, тіпті қарапайым дәретхана мен ванна да жоқ екенін білсе қандай үгіт-насихат туралы сөз болуы мүмкін? Сондықтан біз қаражаттың бір бөлігін ауылдың негізгі қажеттіліктерін шешуге, инфрақұрылым салуға бағыттауды ұсындық, – деп еске алады Арман Евниев.

Бастапқыда ауылдарды техникалық жаңғыртуға жыл сайын кемінде 30 млрд теңге бөлу жоспарланған, бірақ кейін жобаның құрамына су құбырлары, газ тарату желілері мен басқа да қымбат инфрақұрылымдық нысандар енгізілген соң, сома ұлғайтылды.

ТҮСІНІК АУЫСТЫ МА

Алайда кейін өңірлерді, соның ішінде ауылдық аумақтарды дамыту міндеті ұлттық экономика министрлігіне берілді. Бағдарламаның әкімшісі ретінде дәл осы ведомство тағайындалды.

– Ұлттық экономика министрлігінен бұл мемлекеттік бағдарламаны сол кездегі вице-министр Айбатыр Жұмағұлов қадағалады. Кейін ол міндетті медициналық сақтандыру қорының төрағасы болып тағайындалғанда, жұртшылық оны әйелі әлеуметтік желіде "көп көлік сыйлады" деп мақтанғанынан кейін таныды. Бірақ 2018 жылдың соңында-ақ оның ауылды дамытуға ешқандай қызығушылығы болмағаны, бұл тақырыпқа аса көңіл бөлмегені анық еді, – дейді Арман Евниев.

Экс-шенеуніктің айтуынша, ұлттық экономика министрлігі бағдарлама басталмай жатып-ақ оны қайта жазып, нәтижесінде мақсатты көрсеткіштерге жету үшін нақты іс атқарудың қажеті болмайтындай етіп өзгерткен.

– Біз бастапқыда былай дедік: 2030 жылға қарай Қазақстандағы ауыл тұрғындарының кемінде 80%-ы өмір сүру сапасының белгілі бір стандарттарына сәйкес келетін елдімекендерде тұруы керек. Қазір осыны ұлттық экономика министрлігіне барып сұрасаңыз, олар сізге бұл мақсаттың орындалғанын көрсететін құжаттарды алдыңызға жайып салады. Бірақ ешкім 2018 жылы біз ұсынған стандарттардың кейіннен шынайы жағдайға қарай жасанды түрде төмендетілгенін айтпайды. Біз егер адамдар сыртқы дәретханаға баруға, суды колонкадан тасуға мәжбүр болса 21 ғасырда ауылды көтеру туралы әңгіме қозғау қиын екенін айтқанбыз. Орталықтандырылған су жүйесі керек. Бірақ соңында тіпті ауыл шетіне салынған бір ғана су мұнарасы да «орталықтандырылған су» болып есептеліп кетті. Яғни, формалды түрде ауыл стандартқа сәйкес келеді. Әкімге ештеңе істеудің қажеті жоқ – барымен базар, – деп түсіндіреді Арман Евниев.

ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ

Бағдарлама басталғанда Қазақстанда 6,5 мыңнан астам ауыл бар екені анықталған. Соның ішінде 1309 ауыл – жоғары, 4775 – орташа, 477 – төмен даму әлеуетіне ие деп белгіленген. Ал 3509 тірек елді мекен (ТЕЛ) – аз халықты (500 адамнан аз) ауылдар санатына жатады, және онда ауыл тұрғындарының небәрі 8,9%-ы ғана тұрады. Сонымен қатар, елде әрқайсысында 5 мыңнан астам халқы бар 278 ауыл бар.

2023 жылы қабылданған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасында Қазақстанда ауыл саны шамамен 6,3 мың деп көрсетілген. Бірақ 5 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдар саны өзгермеген. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, 200 ауыл мүлде жойылып кеткен.

Олардың инфрақұрылымын жақсартуға бюджеттен ақша бөлінді ме – ол жағы беймәлім.

Қалай десек те, 6,6 мың жоба іске асырылды, бірақ нақты не, қайда, кімге тигені туралы анық-қанығын ажыратып алу – қиын.

– Түсінесіз бе, біз ауыл стандартының 6 негізгі блоктан тұратын моделін ұсындық, бұл: су, жол, байланыс, емхана, мектеп, инвестициялық жобалар және жұмыс орындары және біз миллиардтарды Қазақстандағы барлық ауылдарға жай ғана "шашып тастау" керек деген ойда болмадық. Барлығына бір-бірден көмектесіп, бірақ ешкімге толық жағдай жасамау – бұл дұрыс жол емес. Барлық ауылды үлгілі етуге ешқандай бюджет жетпейді. Сондықтан біз бастапқыда-ақ жоғары даму әлеуеті бар 1500 негізгі ауылды анықтап, соларды базалық стандарттарға жеткізуді, ал қалған ауыл тұрғындарына сол негізгі ауылдарға көшу үшін 0,1%-бен ипотека ұсынуды ұсындық. Әрине, бұл үшін ауылдарды аралап, адамдарға неге осылай жасау қажет екенін түсіндіру керек еді, олардың жаңа жерде қандай мүмкіндіктерге ие болатынын айту қажет болатын. Бұл – сөзсіз, қиын әңгіме болар еді. Өйткені адамдар туған жерін тастап кеткісі келмейді, көп жағдайда түсінгісі келмейді, өз ауылында берік шаруашылық құру мүмкін еместігіне сенбейді. Бірақ бұл әңгімені айту керек. Себебі жастардың жалғыз мақсаты қалаға көшу болмауы тиіс, себебі онда да жұмыс табу оңай емес, – деп түсіндіреді Арман Евниев.

ТРИЛЛИОНДАРДЫҢ ЖЫРЫ

Нәтижесінде болашағы бар деп 3500 ауыл таңдалды. Бірақ олардың да қаржыландырылуы кейде түсініксіз жүрді.

– Шын мәнінде, бағдарлама 3,5 мың ауылдың тек 665-іне ғана жетті. Яғни үш жыл ішінде – бар болғаны 18%-ы қамтылды. Ал келесі төрт жылда 2870 ауыл немесе 82%-ы қамтылуы тиіс еді, – деп ашынған болатын Мәжіліс депутаты Альберт Рау 2023 жылы.

Ол сондай-ақ ұлттық экономика министрлігі қаражатты ауылдар арасында қандай қағидамен бөлетінін түсінбейтінін айтқан. Себебі бір облыстағы аудан миллиардтап қаржы алса, көршілес аудан бір тиын да алмаған жағдайлар болған. Бұл мәселе кейін бірнеше рет премьер-министрдің қатысуымен өткен жиындарда, түрлі ведомствоаралық кеңестерде көтерілген. Алайда Бауыржан Омарбековтің ресми жадына қайта оралсақ: 2,2 мың тірек және серіктес ауылда 6,6 мыңнан астам жоба жүзеге асты.

Демек, бастапқыда ресми айтылған 3500 ауылды жаңғырту жоспары да толық орындалмаған. Сонымен қатар, жобаларды іріктеу де сұрақ тудырады: шығындардың өсуі бағдарламаның құрамына ТКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) нысандарын жаңғырту жобаларын қосуымен түсіндірілді. Бірақ бастапқыда ауылдар әлеуметтік инфрақұрылыммен – мектептермен, емханалармен қамтамасыз етілген деген болатын. Алайда жүзеге асқан 6,6 мың жобаның 2 мыңнан астамы – әлеуметтік нысан болған.

Ешкім жаңа емхананың немесе спортзалдың жаман екенін айтып отырған жоқ. Бірақ ауыл тұрғындары үшін шынайы қуаныш тудыратын нәрсе – мысалы, ішкі суағар жүйесі бар дәретхана болуы мүмкін. Ал канализация мәселесі тіпті перспективалы ауылдардың өзінде шешілмей тұр.

Айта кетерлігі, өңірлік даму стандарттарында канализация – бекітілген жоспарға сәйкес салынады деп жазылған. Бірақ ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 1000-нан астам ауылда мұндай жоспарлар мүлде жоқ, демек ол жерлерде ештеңе салудың қажеті жоқ. Бұл тек тұрмыстық қолайсыздықтарға ғана емес, нақты қайғылы оқиғаларға да әкеліп отыр – қазақстандық ауылдарда балалардың қазасы әлі күнге дейін көң қазбаларына құлау салдарынан жиі кездеседі.

Жақында Ақтөбе облысындағы шағын ауылда бір бала мен оған көмектеспек болған бапкер ескі құдыққа түсіп, тұншығып қаза тапты. Осындай жағдайлардан кейін «Ауыл – ұлттың бесігі» деп айту – қасиетті ұғымды қорлау сияқты әсер қалдырады.