Ең жақсысы балаларға немесе Қазақстанда балалар спорты неге құры уәде күйінде қалып отыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Мемлекет «ең жақсысы балаларға» қағидасын жүзеге асырудың жаңа тәсілін ойлап тапты, алайда кәсіпкерлердің болжамынша, бұл жаңашылдықтар жағдайды тек ушықтырып жіберуі мүмкін. Қазақстандық балалар өз қабілеттерін мемлекет есебінен дамыту құқығына 2021 жылы ие болды. Алайда бұл мүмкіндіктер шынайы емес, көбіне сөз күйінде ғана. Осы жылдар ішінде қаржыландыру жүйесінде түрлі жанжал болды, ал оған қатысуға ниеттілердің бәрі бірдей жүйеге кіре алмады. Ваучерлер жетіспейді, балаларды үйірмелерге жазу платформалары «сақсайып» тұр, ал кәсіпкерлер балаларға жағдай жасамағаны үшін үнемі сынға ұшырайды. Соның салдарынан бір жылдан бері тегін үйірмелерге жаңа орындар іс жүзінде берілмей келеді. Ulysmedia.kz тілшісі бес жыл ішінде мемлекет басшысы ұсынған идеяның неге айналғанын және оны «баяулатып» жіберу кімге тиімді екенін зерттеді.

ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕГЕН НИЕТ ЕДІ...

Қазақстандық балалар үшін спорттық және шығармашылық үйірмелердің тегін қолжетімді болуы тиіс екенін Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында айтқан болатын. Ол осыған қатысты заң әзірлеуді тапсырды, ал балалардың қабілетін дамытуға арналған қаражатты кәсіби спорт пен салтанатты мәдени-бұқаралық шараларға жұмсалатын қаржыдан алуды ұсынды: легионерлерге жоғары жалақы төлейтін түрлі футбол мен хоккей клубтарын кәсіпкерлер қаржыландыра алады, ал патриотизмді концерттер емес, мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы оятады.

Тиісті заң жедел әзірленіп, қабылданды. 2021 жылдың мамырынан бастап қаржыландыру басталды. Жоспар бойынша, 2025 жылға қарай Қазақстандағы барлық мектеп оқушысы үйірме мен секцияларға мемлекет есебінен қатыса алуы тиіс еді. Міне, 2025 жыл да келіп жетті. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 4 миллионға жуық мектеп оқушысы бар. Олардың шамамен 250 мыңы спорт секцияларына, тағы 250 мыңы шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады. Яғни бар болғаны 10% шамасында. Алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш одан да төмен. Себебі 2021–2022 жылдары балаларға бірден екі бағыт бойынша ваучер алуға рұқсат берілді. Кейін ереже өзгеріп, әр балаға бір ғана ваучер беру тәртібі енгізілді. Алайда әлі күнге дейін 2021 жылы таңдаған үйірмесін өзгертпеген балалар бар, олардың ваучерлері сақталған. Тіпті кейінгі жылдары да бір балаға бірден бірнеше ваучер рәсімдеуге мүмкіндік болған.

Әр өңірде ваучер беру бойынша өз ақпараттық жүйесі жұмыс істейді, ал тексерушілер бір баланың атына Астана мен Шымкентте қатар ваучер рәсімделген фактілерді анықтаған.

ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР

Мұндай жағдайлардың нақты саны қанша екені белгісіз, алайда шенеуніктер болашақта мұндай мәселелер болмайды деп сендіріп отыр.

– Ата-аналар тарапынан кезек тәртібінің ашық еместігі, өтінімдердің қайталануы, ұйымдар тізімінің шектеулі болуы, сондай-ақ кейбір өңірлерде көрсетілетін қызмет сапасына бақылаудың жоқтығы жиі көтеріліп жүр. Бұған қоса, тиімсіз шығындар, балаларды аз қамту және мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде формализм фактілері анықталып жатыр. Осы мәселелерді жүйелі шешу үшін қосымша білім беру саласында бірыңғай ваучерлік қаржыландыру енгізу туралы шешім қабылданды, – деді ОКҚ-де өткен брифингте оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.

Шенеуніктердің айтуынша, енді бірыңғай ваучер әр балаға жеке бекітіледі және ол ваучермен үйірмелерді қайта тіркеусіз ауыстыра алады. Осылайша әлеуметтік әділдік қалпына келтіріледі деп уәде етілуде.

– Шымкентте 316 мың оқушы бар. Ресми статистикаға сәйкес, олардың 272 мыңы қосымша біліммен қамтылған. Қосымша білім дегеніміз – мектеп жанындағы секциялар мен үйірмелер, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, музыкалық мектептер, көркемсурет мектептері, өнер мектептері, оқушылар сарайлары, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы, мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстар. Мұның бәрін қосқанда – 272 мың бала қамтылған. Алайда бір бала бірден жеті секция мен үйірмеге қатысса, енді бірі мүлде ешбір үйірмеге бармаған, – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Шымкент – қосымша білім беру саласында бірыңғай ваучерлік қаржыландыруды енгізіп жатқан 6 пилоттық өңірдің бірі. Бұл жобаға Астана, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе де қатысып жатыр. Шенеуніктердің пайымынша, секциялар мен үйірмелердің таңдауы кеңейіп, оған қатысқысы келетін балалар саны артады.

– Қазіргі таңда барлық санаттағы балалар үшін бір ғана кезек бар. Ал жеңілдік санатындағы балалар кезекке тұрса, бұрын тұрғандардың бәрін артқа ысырып тастайды. Бұл ата-аналар арасында жүйеге деген сенімсіздік тудырып отыр. Пилоттық жобада балалар әлеуметтік мәртебесіне қарай 12 санат бойынша кезекке бөлінеді, – дейді Майра Мелдебекова.

Сондай-ақ, шенеуніктер балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкиннің түсіндіруінше, барлық ваучер Ұлттық білім беру деректер базасымен біріктіріледі. Бірақ қазіргі уақытта кейбір өңірлерден деректер excel-файлдар арқылы қолмен тасымалданады.

ЕСКІ ПРОБЛЕМАЛАР

Осы жылдардағы балалардың қосымша білімін жан басына шаққандағы қаржыландыруында басты түйткіл – цифрлық платформалар болды. Ваучерлерді бөлу кезінде жүйе жиі істен шығып, баласын тіркемек болған ата-аналарды жүйеден шығарып тастайтын. Бірақ кейін ваучерлердің басым бөлігін санаулы ғана жеткізушілер алғаны анықталып отыр, ал балалар тізімге бірден алфавиттік тәртіппен тіркелген.

– Бұл жүйелермен жыл сайын бір нәрсе өзгереді. Алғашқысы – “АртСпорт” платформасы болды, ол дұрыс жұмыс істеп тұрды. Бірақ кейін оны өзгертуді ұйғарды, жаңа платформалар пайда болды. Көптеген ірі қалада “Дамубала” платформасы қолданылды. Біз Антикор мен Бас прокуратураға бірнеше рет хат жолдадық, себебі бұл платформаның айналасында күмәнді істер болып жатыр: ваучерлерді тек белгілі бір жеткізушілер ғана рәсімдей алады. Мысалы, былтыр Ақмола облысында 500 ваучер бөлінді, оның бәрін бір ғана жеткізуші алды. Бұл қалай болуы мүмкін? Қазір бұл платформаның иесі Ләйлә Абдрахманова іздеуде, орнына басқа адамдар келді, бірақ ештеңе өзгерген жоқ, – дейді “Art Sport Edu жеткізушілер қауымдастығының” төрайымы Гүлжан Түсібиянова.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін қай жүйемен жұмыс істеу маңызды емес. Бірақ ақпараттық платформаның ауысуына байланысты жеткізушілерге көрсетілген қызмет үшін төлем уақытында берілмейді, әрі олардың компаниясы мемлекеттік тапсырыс алатындардың қатарына ене ме, жоқ па – ол да белгісіз. Ал балалар әбден үйренген үйірмелерді тоқтату – дұрыс емес шешім, дейді Түсібиянова. Сондықтан бизнес әркез тәуекел етуге мәжбүр. Жаңа қаржыландыру жүйесі бұл тәуекелдерді одан сайын көбейтіп отыр.

– Жаңа ережелер бойынша тарифтерді әкімдіктер өз есебі негізінде белгілейді. Қазір қалаларда бұл – орта есеппен айына 15 мың теңге. Алайда Шымкентте әкімдік өз бастамасымен бұл соманы төмендетіп жіберді. Ал шалғай ауылда “бізде 5 мың теңге ғана бар, тариф – осы” деп айтуы мүмкін. Бұл ақшаға қандай қызмет көрсетуге болады? Ата-анадан қосымша ақы талап ете ме? Бірақ ауылдарда онсыз да ауқатты адамдар көп емес. Қосымша ақыға шамасы жете ме? Оның үстіне, үйірмелердің тегін болатыны уәде етілген емес пе, – дейді кәсіпкер.

Жеткізушілер үйірмелер мен секцияларға тең қолжетімділік қағидасының орындалуына да күмәнмен қарайды.

– Иә, енді кезек 12 санатқа бөлінеді. Бірақ жеңілдік санатындағы 11 топтың бәрі орын алмайынша, қалған балаларға ваучер берілмейді. Демек, әлеуметтік осал топ санатына жатпайтын, бірақ балаларын ақылы үйірмеге бере алмайтын қазақстандық отбасылардың үлкен бір бөлігі бұл жүйеден тыс қалып отыр, – деп ескертеді Гүлжан Түсібиянова.

Оның айтуынша, көптеген өңірде тегін секцияларды қаржыландыруға арналған бюджет 2021 жылдан бері артпаған, кейбірінде тіпті қысқарып кеткен.

– Мәселен, Алматы облысында 2023 жылдан бері жаңа ваучер берілмей келеді. Егер бір бала үйірмеден бас тартса, әкімдік бұл қаржыны үнемделген қаражат ретінде бюджетке қайтарады. Былай қарасаң, бұл бағдарламаны әдейі жұмыс істемейтін күйге жеткізіп, кейін “жабылып” қалуы үшін істеп жатқандай. Өйткені президент бастамасына ақша жоқ екенін ашық айтуға шенеуніктердің батылы жетпейді, – деп түйіндейді кәсіпкер.

БАЛАЛАР СПОРТЫНА БӨЛІНГЕН АҚША ҚАЙДА КЕТТІ

Бағдарламаның негізгі идея авторы – бұрынғы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин де мемлекеттік органдар балалар спорт секцияларын және шығармашылық үйірмелерді қаржыландыруды «баяулатып», аяқсыз қалдырғысы келеді деп есептейді. Алайда қоғам белсендісінің айтуынша, бұл салаға қаражат бар, тек шенеуніктер ол ақшаны әрдайым басқа бағыттарға жұмсауды көздеген.

– Президентке бастама ұсынбас бұрын бәрін мұқият зерттедік – бізде футбол, хоккей және басқа кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға қыруар қаржы бөлінеді. Концерттерге қанша ақша жұмсалатынын қараңыз. Мысалы, 2021 жылы Шымкент қаласы Наурыз мерекесін өткізуге 500 миллион теңге жұмсаған. Неге осы қаражатты балалардың шығармашылық үйірмелерін қаржыландыруға бағыттамасқа? Мұндай мысалдар елде өте көп! Жай ғана ешкім бұрынғы қаржыландыру ағынын өзгерткісі келмеді, – дейді Аружан Саин.

Айта кетейік, бағдарлама сәтсіздігінің себебін кейде Аружан Саиннің өзінен де көргендер болған. Ваучерлерді бөлудің алғашқы платформасына қатысты мәселелер жайлы да айтылды. Алайда бұрынғы бала құқықтары жөніндегі уәкіл өзіне тағылған ешбір айып дәлелденбегенін алға тартады. Оның сөзінше, әр әкімдік ваучер бөлу платформасын өзі таңдауға мүмкіндік алған сәттен бастап балаларды әртүрлі өңірде тіркеу, жалған көрсеткіштер жасау сияқты олқылықтарға жол ашылды. Ең бастысы – осының бәрі мемлекет есебінен баланың әлеуетін дамыту идеясын жүзеге асыруға деген халық сенімін әлсіретіп жіберді.

– Бұл реформаны әдейі тоқтатып, беделін түсіру – мәдениет пен спорт салаларындағы қаражатты халықтың нақты қажетіне бөлгізгісі келмейтін, аз ғана топтың мүддесін көздейтін шенеуніктерге тиімді. Олар бұрынғыдай ақшаны бақылаусыз, ашық емес жолмен игеріп, өз «қормаларын» сақтап қалғысы келеді, – дейді Аружан Саин.

Соған қарамастан, қоғам белсендісінің пікірінше, бұл бастаманы әлі де бастапқы жолына қайтаруға және Қасым-Жомарт Тоқаевтың бес жыл бұрынғы тапсырмасын орындауға болады. Бірақ ол үшін сөз жүзінде емес, іс жүзінде кәсіби спортты және шетелдік жұлдыздарды бюджет есебінен қаржыландырудан бас тарту қажет.