Трамптың Ресейге сес көрсетуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Дүйсенбі күні Дональд Трамп егер 50 күн ішінде Украинада бейбітшілік орнамаса, АҚШ Ресейдің экономикалық одақтастарына соққы жасайтынын ескертті. Қазақстан осы елдердің қатарына кіретіндіктен, Ulysmedia.kz бұл ескертудің елімізге әсері бола ма және оның салдары қандай болуы мүмкін екенін талдап көруге тырысты.

БҰРЫН АЙТЫЛҒАН СӨЗ

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге Украина бойынша бейбіт келісімге келу үшін 50 күн уақыт берілетінін мәлімдеді. Егер келісімге қол жеткізілмесе, Вашингтон Мәскеумен әріптестік орнатқан елдерге қатысты 100%-дық қосымша баж салығын енгізетін болады. Трамптың айтуынша, ол қақтығысқа ықпал ету үшін экономикалық тетіктерді пайдаланбақ.

– Мен сауданы көптеген мақсат үшін қолданамын. Бұл соғысты тоқтатуға өте қолайлы құрал, – деді Трамп.

Мәселе мынада: бұл Қазақстан экономикасына төнетін шынайы қауіп пе және Трамптың кезекті «ультиматумын» байыппен қабылдау керек пе? Өйткені ол 2022 жылы-ақ «соғысты 24 сағатта тоқтатамын» деп уәде берген, ал енді Путинге тұтас екі айға жуық уақыт беріп отыр. Дональд Трамптың кезекті мәлімдемесі жаһандық экономикаға тағы бір белгісіздік элементін енгізді. Бұл талап оның бұрынғы сөздерімен үндесіп, шындап талдауға тұрарлық әрі ирония аралас дежа антандюді (фр. – бұрын естілген) еске салады.

УАҚЫТ ЗЫРҒЫП ӨТІП ЖАТЫР

Сайлауалды науқан кезінде Трамп Украинадағы соғыс бір тәуліктің ішінде аяқталады деп уәде берген жоқ па еді? Мамыр айында Ресейге «бейбіт келіссөзге шындап қарау» үшін екі аптаны «соңғы мерзім» деп бергені де бар. Бірақ ол дедлайн да өзге көптеген уәде секілді үнсіз өтіп, қақтығыс шешілмеген күйі қалды. Енді Ресейге 50 күн берілді — бұл бір-екі күнге қарағанда ұзақ мерзім болғанымен, геосаяси өзгерістердің ауқымды контекстінде бәрібір қысқа көрінеді.

3 қыркүйекке дейін уақыт берілді, ал онымен бірге Қазақстан мен Ресеймен сауда байланысы берік өзге елдер үшін экономикалық сілкіністер қаупі арта түсуде.

ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫНЫҢ ОЙЫ

Бұл ультиматумның саяси астарын Ulysmedia.kz журналисіне қаржы сарапшысы әрі экономист Арман Бейсембаев түсіндіріп берді.

– Біз Трампты жақсы білеміз: ол көп нәрсе айтады, көп адамға сес көрсетеді, бірақ шын мәнінде істейтіні аз. Әрине, бір нәрселер істейді, бірақ ол әрдайым келіссөзге, мәмілеге келуге саңылау қалдырып отырады.

Оның үстіне, Путиннің Трамптан 60 күн сұрағаны туралы ақпарат та тарады. Себебі ол осы уақыт ішінде Луганск облысын толық басып алып, Донецк пен Запорожье облыстарын толықтай оккупациялап бітіруі керек екен.

АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ БАР

Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық қатынастар, сөзсіз, ауқымды. 2024 жылғы Қазақстанның ресми статистикасына сәйкес, Ресей негізгі сауда серіктесі болған – Қазақстан импортының 30,5%-ы немесе шамамен 18,2 млрд АҚШ доллары осы елге тиесілі. Ал экспорт бағыты ретінде Ресей үшінші орында – 9,54 млрд АҚШ долларына жуық тауар алған, бұл Қазақстан экспортының 11,7%-ын алып отыр.

Осылайша, 2024 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 28,34 млрд АҚШ долларына жеткен. Осы деректерді және РБК сынды ақпарат көздерінің Қазақстанды Ресейдің бесінші ірі сауда серіктесі ретінде сипаттағанын ескерсек, 100%-дық баж салығы енгізілсе, оның Қазақстанға елеулі әсер ету ықтималдығы жоғары екені алаңдауға себеп болып отыр.

ҚОСЫМША ШЫҒЫНДАР

Осыған байланысты бір қызық деректі келтірейік. Ресейдің кеден қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында Ресейдің негізгі сауда серіктестері Қытай (тауар айналымының 33,8%), Үндістан (8,8%), Түркия (8,3%), Беларусь (7,1%) және Қазақстан (4,0%) болған. Назар аударатын жайт - «санкцияға дейінгі» 2021 жылы Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің қатарында Қазақстан болмаған. 2024 жылы Астана мен Мәскеу арасындағы сауда айналымы 28 млрд доллардан асып түсті, әрі бұл көлемнің едәуір бөлігі үшінші елдерге Ресей арқылы экспортталады немесе керісінше Қазақстанға тауарлар Ресей арқылы транзитпен келеді. Яғни, баж салығы енгізілсе, тек тауар ғана емес, 2022 жылдан бері мұқият құрылған логистиканың тұтас құрылымы параллель импорт жүйесі де бұзылуы мүмкін.

Сонымен қатар, берілген 50 күн бұл шамамен екі ай, ал екі ай ішінде әлемдік экономикадағы жағдай өзгеруі мүмкін. Бұған дейін Трамп «жылдам шешімге» уәде бергенде, нарықтар оған аса назар аудармаған болатын. Бірақ егер бұл жолы шынымен баж салығы енгізілсе, Қазақстанға жаңа логистикалық бағыттар іздеуге тура келеді, ал бұл – қосымша шығындар деген сөз.

САУДА ШАРАЛАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Алайда АҚШ-тың сауда саясатына тереңірек үңілсек, оның кейбір элементтері әлдеқашан іске қосылып үлгергенін және жағдай күрделірек екенін байқаймыз. Айта кету керек, осы 50 күндік ультиматумға дейін-ақ Трамп әкімшілігі Қазақстаннан әкелінетін кейбір тауарларға 25%-дық жеке баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Бұл шара 2025 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енуі тиіс. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізілген бұл шешім «сауда теңгерімсіздігін жою шарасы» ретінде сипатталған.

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетовтің пікірінше, Қазақстанның Ресеймен сауда айналымы өте үлкен. Алайда «бұл тауарлардың басым бөлігі зымыран не танк емес, халық тұтынатын зиянсыз өнімдер, яғни азық-түлік пен күнделікті заттар. Дегенмен, қайтсек те, екінші деңгейлі санкция қаупі бар». Бұл әсіресе параллель импортқа қатысты. Сондықтан оның айтуынша, кеден бақылауын күшейту керек, кеден жүйесін толық цифрландыру қажет. Кейін контрабанданы толығымен жою қажет болады.

– Алайда көбінесе параллель импортты бастайтындар ресейліктер емес, Ресей нарығынан айырылғысы келмейтін батыс компанияларының өзі болып жатады. Олар Ресеймен біз арқылы, Дубай арқылы сауда жасайды, бұл жерде тәуекелдер бар, бірақ менің ойымша, олардың үлесі 20%-дан аспайды, – дейді Расул Рысмамбетов.

БАСТАПҚЫ БАЖ САЛЫҒЫ

Қазақстандық экономистер мен сарапшылар мұндай баж салығының әсеріне қатысты әртүрлі пікір ұсынды. Бұған дейін жарияланған 25%-дық баж салығы – АҚШ-қа жеткізілетін қазақстандық тауарларға тікелей салық болып есептеледі, алайда кейбір сарапшылар оның макроэкономикалық әсері аса маңызды емес деп санайды. Мысалы, саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Қазақстанның АҚШ-қа экспортының шамамен 92%-ы — уран, көмірсутектер, ферроқорытпалар мен қымбат металдар сияқты стратегиялық маңызы бар шикізаттар, бұлар 25%-дық баж салығынан босатылған. 2024 жылы АҚШ-қа Қазақстан экспортының жалпы көлемі 2 млрд АҚШ долларын құраған болса, соның тек шамамен 160 млн доллары ғана осы бастапқы баж салығына ілігеді деген болжам бар.

ЖАЗА

Сонымен қатар, Қазақстан Ресейге қарсы халықаралық санкцияларды сақтау жөнінде уәде берген және 2022 жылдан бергі әрекеттері АҚШ дипломаттары тарапынан «оң» бағаланғанымен, еліміздің Ресеймен терең экономикалық ықпалдастығы оны АҚШ тарапынан енгізілуі мүмкін кез келген күшейтілген санкциялар мен сауда шараларына осал етіп отыр. 2023 жылдың желтоқсанында АҚШ екінші деңгейлі санкцияларды кеңейткен болатын. Олар тіпті «байқаусызда» санкция салынған саудаға қатысқан қаржы ұйымдарын да қамтиды. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық әрекет тіпті заңды болған жағдайда да егер ол санкцияға іліккен субъектілерге жанама көмек ретінде қабылданса, 100%-дық баж салығы түріндегі «Мәскеумен әріптестік» ретінде қарастырылуы мүмкін екенін білдіреді.

Егер алдағы 50 күн ішінде Ресейдің іс-әрекетінде ешқандай өзгеріс болмаса, Арман Бейсембаевтың пікірінше, Трамп «жаман полицейдің» рөлін біртіндеп іске қоса бастаған.

– Бұған дейін Трамп Путинмен «жем» саясатын ұстанып сөйлесіп келді. Мысалы, «сауда жасайық, табыс табайық, мынаны істейік, ананы істейік, тек соғысты тоқтатыңдар – бәрі болады» деген риторикада еді. Енді АҚШ президенті «қамшысын» көрсете бастады, біз оның риторикасының біртіндеп қатая түскенін байқаймыз, – деп түйіндеді сарапшы.

ДЕДЛАЙН

100%-дық баж салығы қаупі, әсіресе тез жақындап келе жатқан геосаяси дедлайнға (әрдайым өзгеріп отыратын ультиматумдар тізбегіндегі кезектісі) байланысты болуы Қазақстан үшін елеулі қауіп төндіреді. Негізгі экспорт түрлеріне қолданылып отырған қазіргі жеңілдіктер бұл ықтималды тікелей сауда әсерінен жұмсартуы мүмкін болғанымен, мұндай жазалаушы шараның жан-жақты қатері экономикада қиын жағдай тудырады. Бұл Қазақстанның Ресеймен тарихи экономикалық байланысы мен жаһандық санкциялар кеңістігінде бағдар табуға ұмтылысы арасындағы тепе-теңдіктің қаншалықты әлсіз екенін көрсетеді. Қазақстан үшін шынайы шығын тек төленетін баж салықтармен шектеліп қоймайды, ол инвесторлар сенімінің азаюы мен елді өз шекарасынан тыс жүріп жатқан қақтығыста таңдау жасауға итермелейтін қысымның артуынан да көрінуі мүмкін, әсіресе дедлайндар Трамптың тарапынан көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанда.

ВАЛЮТА

Бұл пікірмен Арман Бейсембаев та келіседі. Оның айтуынша, бұл баж салығының түпкі мақсаты — Ресейді оның сауда серіктестерінен ажырату, онымен сауда жасау қауіпті немесе тіпті физикалық тұрғыда қатерлі болатындай ету. Оның пайымынша, дәл қазір біз үшін екінші деңгейлі санкциялар қаупі қыркүйекке қарай шарықтау шегіне жетіп отыр.

– Қазақстан ешқашан дәл қазіргідей екінші деңгейлі санкцияларға жақын болмаған. Оның ішінде салалық санкциялар да болуы мүмкін. Банк жүйесінің бұл санкцияларға ілігу қаупі жоғары. Себебі банк секторы импорт-экспорт операцияларына тығыз араласады. Ресей азаматтарының басым бөлігі бізде валюта сатып алып жатыр. Олардың компанияларының едәуір бөлігі Қазақстанда тіркелген. Бұл ақшаның барлығы Ресей Федерациясының мүддесіне жұмыс істеп отыр, – деп пікір білдірді Бейсембаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ресей Қазақстанның банк жүйесін валюта алу үшін пайдаланып отырғаны жиі айтылады. Іштей «Ресей бізден валюта түсімін сорып алып жатыр» деген әңгімелер де көп.

– Бұл жағдай біздің банк жүйемізге, валюта нарығымызға тұрақсыздық әкелуде. Біз, қалай десек те, Ресей өз экономикалық амбициясының бір бөлігін жүзеге асыратын қақпаға айналдық. Ең бастысы біз Ресей үшін бесінші, ал Ресей біз үшін Қытаймен қатар бірінші сауда серіктесі екенін ұмытпауымыз керек, – деді сарапшы.

БАТЫС СКЕПТИЦИЗМІ

Осы арада немістің Der Spiegel басылымы Трамптың Ресейге қарсы тарифтерінің тиімділігіне күмән келтіреді. Басылымның жазуынша, 2023 жылы Ресейдің АҚШ-қа экспорты 5 млрд доллардан аз болған, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш одан да төмендеген. Сондықтан сауда шаралары Ресей экономикасына айтарлықтай соққы бола қоймайды. Мәскеу қор биржасы да мұндай мәлімдемелерге реакция білдірмеді. Осыған байланысты Der Spiegel Трамптың Путинмен «айырылысып», Зеленский жағына шыққанына да күмән келтіреді. Ал олардың NYT-тегі әріптестері Трамптың Ресей мен оның одақтастарына 100%-дық баж салығын енгізуге батылы жетпейді деп жазады, себебі бұл АҚШ экономикасына да кері әсер етіп, Қытаймен қарым-қатынасты шиеленістіріп жіберуі мүмкін. Осы жағдай аясында Си Цзиньпин Мәскеуге «АҚШ-тың қысымына қарамастан бұрынғыдан да терең қолдау» көрсететінін мәлімдеген.

НЕ ТҮЙЕМІЗ

Әзірге бұл қауіп риторикалық сипатта көрінеді. Вашингтон да РФ және оның серіктестерімен сауданы толықтай тоқтату америкалық бизнеске де соққы болатынын жақсы түсінеді. Алайда егер Трамп шын мәнінде жағдайды ушықтыруға бел буса, Қазақстанға экспорттық бағыттарды белсенді түрде әртараптандыруға, қаржы саласындағы шектеулерге (мысалы, банктерге қарсы екінші деңгейлі санкциялар) дайын болуға тура келеді. Бірақ Расул Рысмамбетовтың пайымынша:

– Ресей мен оның сауда серіктестеріне, яғни бізге қатысты 100%-дық баж салығы — бұл қалыпты жағдай. Себебі АҚШ-тың мұндай салықтарды енгізуге құқығы бар. Бірақ біз АҚШ-қа негізінен стратегиялық өнімдер экспорттаймыз, ал ондай тауарлар баж салығына ілікпейді. Өйткені ол тауарлар АҚШ-тың өзіне де қажет, – дейді сарапшы.

“ТРАМП ҰМЫТЫП КЕТУІ МҮМКІН”

Ал Қоғамдық мәселелерді талдау орталығының директоры Меруерт Махмұтова бұл жағдайды белгілі бір ирониямен бағалап отыр.

– Трамп билікте болған уақыт ішінде оның уәделерінің жиі орындалмайтынына куә болдық. Егер ол расымен соғысты тоқтатқысы келсе, онда Путинмен сағаттап телефон арқылы сөйлесудің қажеті жоқ, Ресейге қарсы тарифтерді бірден қолданар еді. Иә, 100%-дық тарифтерге бірінші ілігуі мүмкін ел – біздің экономика. Бірақ меніңше, оларға дейін жетпейді. 50 күннен кейін Трамп «мен ондай айтқан жоқпын» деуі мүмкін немесе өз уәделері мен қорқытуларын жай ғана ұмытып кетуі әбден мүмкін, – дейді сарапшы.

Ал сарапшылар пайыздарды есептеп жатқанда, Дональд Трамп... апта санап жатыр. Дәлірек айтсақ күн санап жатыр. Оның айтуынша, әлем 3 қыркүйекке дейін не бейбітшілікке келуі, не жазалануы тиіс. Неге 50 күн? Бұған дейін уәде еткендей 24 сағат емес, әлде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға сес көрсеткендегідей «екі апта» емес. Трамптың геосаяси мәселелерді реалити-шоу секілді кестемен шешетін өзіне ғана тән астрологиялық күнтізбесі бар сияқты. Бірақ ашығын айтар болсақ, 50 күн ішінде Украинада бейбітшілік орнамайды, Ресей басқыншылықты тоқтатпайды, Украина берілмейді, ал Путин қызметінен кетпейді. Есесіне, Қазақстан бұл тізімге дер кезінде түсіп кеткені үшін, көрші ел болғаны және сауда қатынасы бар екені себепті соққыға ұшырауы мүмкін. Енді күн санап отыру ғана қалды: 3 қыркүйек – бос қауіп-қатерлердің тағы бір күніне айнала ма, әлде Қазақстан үшін сауда саясатын, әсіресе әріптестер таңдауын түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сәтке айнала ма, оны уақыт көрсетер.