Қазақстанда исламдық ипотека бастала ма

Ілияс Бақыт
Фото: egemen.kz

2025 жылы Қазақстанда исламдық ипотека беріле бастайды деп күтілген еді. Алайда бұл норма қазір парламент қарастырып жатқан «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасына енгізілмеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ СҰРАНЫС

“Отбасы банк” басшысының айтуынша, соңғы екі аптада әлеуметтік желілерде арнайы челлендж жүріп жатыр. Онда азаматтар исламдық ипотеканы іске қосуды талап еткен. 

«Бұл – өте үлкен сұраныс. Халық, әсіресе жастар, діни қағидаларды ұстанады. Заң жобасы Мәжіліске енгізілген кезде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде исламдық қаржыландыру нормасы болған. Бірақ, өкінішке қарай, заң жобасы шыққан кезде ол норма жоғалып кетті. Біз енді Сенатқа жүгінуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс тобына қатысып, осы мәселені қайта көтеруге болады ма деген ойдамыз», – деді Ибрагимова.

МЕМОРАНДУМ ЖӘНЕ ЖОСПАРЛАР

2024 жылдың желтоқсанында «Отбасы банк», Қазақстан құрылысшылар одағы және Исламдық қаржы мен бизнес қауымдастығы исламдық қаржы индустриясын дамыту жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Сол кезде 2025 жылы исламдық ипотека іске қосылады деп жоспарланған еді. Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы исламдық қағидаларға сай баспана алудың жолдарын қарастыруды көздеген.

ИСЛАМДЫҚ ИПОТЕКАНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Исламдық ипотека – исламдық қаржы құқығының қағидаларына негізделген жүйе. Бұл жүйеде пайыздық үстеме ақы алуға қатаң тыйым салынады. Дәстүрлі банктік секторда ипотека несиеге пайыз қосумен беріледі. Ал исламдық қаржы жүйесінде пайыз заңсыз деп саналады, себебі ол әділдік пен адалдық қағидаларын бұзады.