Сен бұл ойында жоқсың - Путиннің өкілі Германия канцлеріне

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресей президентінің кеңесшісі Кирилл Дмитриев Германия Федеративтік Республикасының канцлері Фридрих Мерцтің Украинадағы жағдайға қатысты айтқан күмәніне қатты шүйлікті. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Мерц пен Франция президенті Эммануэль Макрон Украина басшысы Владимир Зеленскийді Америка Құрама Штаттарының тарапынан сатқындық қаупі бар екенін ескерткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДМИТРИЕВТІҢ ЖАУАБЫ

Кирилл Дмитриев әлеуметтік желіде Мерцтің сөзіне мысқылмен жауап берді. Ол Германия канцлері Фридрих Мерцтің Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған Америка Құрама Штаттарының арағайындық әрекеттерінің шынайылығына күмән келтіргенін сынады.

«Қымбатты Мерц, сен бұл ойында жоқсың. Сен өзіңді соғысты өршіту, бейбітшілікті жоққа шығару, орынсыз ұсыныстар, Батыс өркениетінің өзін-өзі құртуы, көші-қон және қырсық ақымақтық арқылы дисквалификациялап алдың», – деп жазды Дмитриев 4 желтоқсан, бейсенбі күні кешкісін X әлеуметтік желісінде.

МЕРЦТІҢ АҚШ-ҚА ҚАРСЫ СӨЗІ

Немістің Der Spiegel апталық басылымы хабарлағандай, телефон арқылы өткен конференцияда Фридрих Мерц пен Эммануэль Макрон Америка Құрама Штаттарының келіссөздердегі рөліне күмәнмен қараған. Басылым дерегіне сүйенсек, Мерц Зеленскийге: «Алдағы күндері аса сақ болу керек» деп ескертіп, «Олар ойын ойнап отыр — әрі сізбен, әрі бізбен» деген сөз айтқан.

Макрон да үндемей қалмады.

«Америка Құрама Штаттары қауіпсіздік кепілдіктері анықталмай тұрып, Украинаға қатысты аумақтық мәселеде сатқындық жасауы мүмкін» деген пікір білдірген.

Der Spiegel редакциясы бұл құпия әңгімеге қатысты жазбаша материалдардың бар екенін атап өтті.

ГЕРМАНИЯНЫҢ РЕСМИ ЖАУАБЫ

Германия Федеративтік Республикасының сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Мәскеудің Мерцке бағытталған сынына сабырлы жауап қайтарды.

«Әркім өз стилін таңдайды. Ресей тарапынан айтылған пікірлердің көбінде стиль сақталмайтынын біз талай рет көрдік. Бұл бізді алаңдатпайды. Біздің бағытымыз айқын — біз Украинаның жағындамыз», – деді ол 5 желтоқсан, жұма күні Берлинде өткен баспасөз мәслихатында. 

АҚШ ӨКІЛДЕРІНІҢ КЕЛІССӨЗДЕРІ

3 желтоқсанда Америка Құрама Штаттарының арнайы өкілі Стив Уиткофф пен президент Дональд Трамптың кеңесшісі Джаред Кушнер Мәскеуде Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Ал 4 желтоқсанда олар Флорида штатында Украина тарапынан басты келіссөз жүргізуші Рустем Умеровпен консультациялар өткізді.