Теңгені паника жайлады: Қазақстандағы айырбас пунктерінде ұлттық валюта неге құнсызданып жатыр?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қысқа мерзімді нығаюдан кейін теңге долларға шаққанда күрт әлсіреді. Ең қызығы — ресейлік рубль мен еуро дәл осындай қарқынмен қымбаттаған жоқ. Неліктен «жасыл» доллар басқа валюталардан озып кетті? Бұл жағдай Қазақстанға не алып келуі мүмкін? Ulysmedia.kz бұл маңызды сұрақты экономистермен бірге талқылады.

Шетелден тым көп сатып аламыз

Доллардың күрт өсу себебін түсіндіруді сұраған сарапшылардың кейбірі теңгенің неге әлсірегенін ашық мойындап, нақты себеп айта алмады. Себебі мұнай бағасы тұрақты, металдардың құны да өзгермеген — яғни сыртқы факторлар байқалмайды.

Дегенмен, валюта нарығындағы өзгерістерге ішкі себептердің әсері көбірек екенін айтқан мамандар да бар.

— Бұған дейін Тимур Сүлейменов айтқандай, теңгеге қазір демалыс маусымы қысым жасап отыр. Халық шетелге демалуға кетіп жатыр, бірінші кезекте доллар алады. Тіпті көпвалюталы картамен жүрсе де, сол жерде доллар сатып алады, өйткені жергілікті валютаға айырбастау АҚШ доллары арқылы жүреді, — дейді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев.

Экономистердің айтуынша, доллардың Қазақстан ішінде де сұранысы жоғары.

— Қазір мемлекет көлік инфрақұрылымына, әлеуметтік салаларға көп инвестиция салып жатыр. Бұл инвестициялар шетелдік өнімдерді сатып алуға да кетіп жатыр, — дейді Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.

AERC бас директоры, экономист Жәнібек Айғазиннің айтуынша, қазіргі таңда еліміздің әртүрлі экономикалық секторлары бұрынғыдан көбірек шетелдік тауар сатып алуға мәжбүр.

— Соңғы уақытта көлік және құрылыс секторлары тиісінше 15% және 18%-ға өсті. Бұл салалар жергілікті арзанырақ өніммен қатар, қымбат импорттық тауарларды да алады. Бұдан бөлек, 2022 жылға дейін бизнесіміз Ресейден көп көлемде жабдықтар алатын, санкциялардан кейін олардың кейбір түрлері қолжетімсіз болып қалды. Енді оларды ауыстыру керек болып жатыр. Бұл үлкен шығын, әрі бұл сауда биржасы арқылы өтеді, — дейді ол.

Айғазиннің айтуынша, сыртқы жағдай да теңгенің нығаюына қолайсыз.

— Соңғы бірнеше айда сауда шарттары нашарлап жатыр. Соңғы 5 айда экспорт 9,2%-ға азайса, импорт 2,2%-ға өсті. Бұл — валютаның елге келуі мен кетуі арасындағы теңгерімнің бұзылуы, — дейді экономист.

Премьерге «анық бағдар» үшін рахмет

Экономистердің пікірінше, доллардың күрт өсуіне Қазақстан Үкіметінің басшысы да себеп болуы мүмкін. Ол өз баспасөз мәслихатында теңге девальвациясы болмайды деп мәлімдеді.

— Бізде қалай? Егер жоғары лауазымды шенеунік «девальвация болмайды» десе, халық керісінше, бұл жоспарланған нәрсе деп түсінеді. Бұл негізгі себеп болмауы мүмкін, бірақ мұндай мәлімдеменің ықпалын жоққа шығара алмаймыз, — дейді Мұрат Темірханов.

Арман Бейсембаевтың айтуынша, премьер-министр Олжас Бектенов нақты санды айтып қоймағанда, жағдай бұлай шиеленіспейтін еді.

— Премьер: «Бюджет 1 доллар = 540 теңге бағамымен жасалды» деп нақты айтты. Халық, әрине, 540-қа жеткенше доллар алып қалуға тырысады, — дейді сарапшы.

Жақын арада доллар арзандай ма?

Доллар осы 540 теңге шамасына жетті. Енді не болады? Өсе бере ме, әлде осы деңгейде тоқтай ма? Мүмкін арзандап кетер?

— Менің ойымша, Ұлттық банк курс 530 болған кезде интервенция жасап, араласуы керек еді. Қазір айырбас пунктеріндегі курс — шын мәнінде нарықтық емес. Ұлттық валютаның әлсіреуіне ешқандай іргелі себеп жоқ, паниканы басу керек еді. Енді араласу үшін әлдеқайда көп қаражат кетеді, — дейді Темірханов.

Бірақ Бейсембаевтың ойынша, қазіргі жағдайда Ұлттық банктің интервенция жасауы — мүлде мағынасыз қадам.

Екі экономист те теңге мен доллар арасындағы әділетті бағам шамамен 525–530 теңге деп есептейді. Жақын болашақта ел осы курсқа қайта оралады деп санайды.

— Қазір біз шыңына жеткен курсты көріп отырмыз. Енді біртіндеп төмендейді. Кейін ұзақ уақытқа 525–540 теңге аралығында құбылып тұратын дәліз қалыптасады. Бұл келесі жылдың ортасына дейін жалғасуы мүмкін. Бірақ, әрине, сыртқы факторлар нашарламаса ғана, — дейді Бейсембаев.

Алда не күтіп тұр?

Ұзақ мерзімді болжам бойынша, Жәнібек Айғазин теңге бағамы сыртқы факторларға, әсіресе мұнай бағасына тәуелді деп санайды.

— АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына байланысты Қытай дайын өнім экспортының көлемін азайтып жатыр. Бұл өнімдерде біздің металдар да бар. Яғни, бізден сатып алу азайып жатыр — бұл теңгеге кері әсер етеді. Жалпы, ресурстық экспортқа тәуелді елдердің валюталары тұрақсыз болады. Теңге де солардың қатарында, — дейді ол.

Арман Бейсембаев та теңгенің болашағы қазақстандықтардың қолында емес дейді. Ол Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталып қалуы мүмкін, сосын Батыс елдері Ресей мұнайына салынған санкцияларды алып тастауы ықтимал деп болжайды. Бұл жағдай Қазақстан мұнайының бағасын түсіріп, теңге курсына теріс әсер етеді.

Сонымен қатар, сарапшының айтуынша, шілде соңында Ресейдің Орталық банкі жаңа пайыздық мөлшерлемені жариялайды. Сарапшылар бұл көрсеткіш төмендейді деп күтуде.

— Ережеге сай, мөлшерлеме максимум 2% ғана азаюы мүмкін. Бірақ Ресей Орталық банкі қатаң әрі шұғыл әрекет ете алады. Егер бірден 3–4% түсірсе, рубльмен депозит ұстау тиімсіз болады. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы 90-ға, тіпті 100-ге дейін барады. Сол кезде теңгеге қиын болады, — дейді Бейсембаев.

Егер рубль 100-ге жетсе, теңге де автоматты түрде 600-ге немесе одан да төменге құлдырауы мүмкін. Міне, дәл сол сәтте Ұлттық банк интервенция жасауы қажет болады.

Ұлттық банкке валюта нарығына араласу жоспары жайлы сұрағанымызда, нақты жауап берілмеді. Тек: егер интервенция болса, халыққа хабарлаймыз, — деді.

Бәрі ойлағаннан да нашар ма?

Экономист, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов қазіргі теңге әлсіреуінің нарықтық негізі жоқ екенін айтты.

— Теория бойынша, теңге бағамы тұрақты болуы керек. Бұл не алыпсатарлық, не одан да жаманы — Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалы сондай, бізге мықты теңге керек емес. Мен екінші нұсқаға көбірек сенемін. Бюджетіміз жыл сайын дефицитпен қабылданады, ал биыл сыртқы қарызды өтеуге 6,1 трлн теңге бөлінді. Бұл курсқа әсер етпей қоймайды. Бізде теңгені нығайтуға ресурстар жетіспейді, — дейді ол.

Экономистің болжамынша, бұл теория рас болса, теңге әлі біраз уақыт құнсызданады. Бірақ келесі жылы жаңа Салық кодексі күшіне енген соң, тұрақтануы мүмкін. Егер Үкімет жаңа салықтар арқылы бюджеттің табысын арттыра алса ғана.