Ниқабқа тыйым салу қауіпсіздік пе, адам құқын шектеу ме?

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Қазақстанда 12 шілдеден бастап ниқаб киюге тыйым салынды. Полиция қызметкерлері халық арасына шығып, қоғамдық орындарда не үшін бет-әлпетті жауып тұратын киім киюге болмайтынын түсіндіруді бастады.  

Ulysmedia.kz тілшісі заңгер Айгерім Құсайынқызымен және дінтанушы Әл-Фараби Болатжанмен сөйлесіп, «Ниқабқа тыйым салу адам құқын шектеу емес пе?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

«Ұлттық қауіпсіздік мәселесі»

Қазақстан билігі қоғамдық орында ниқаб пен пәранжа киюге тыйым салуды 2023 жылғы қазанда талқылай бастаған. Ол кезде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ниқабқа тыйым салуды «ұлттық қауіпсіздік мәселесі» деп түсіндірген.

– Біз бұл нормаларды зерттеп жатырмыз. Кем дегенде қоғамдық орындарда. Әлем бойынша тәжірибені де бақылап отырмыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамдық орында бет-әлпетін жапқан адамды тану өте қиын. Бұл мәселе қоғаммен бірлесіп қарастырылатын болады, – деген еді министр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы ұлттық құрылтай кезінде «бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі ұлттық киім әлдеқайда артық» екенін айтқан. Ол ниқаб пен пәренжі туралы айтпаса да «әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді» деп пікір білдірген.

– Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек, – деген еді президент.

Кейін «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» заңға түзету енгізу ұсынылғаны және сенатта пәренжі, ниқаб сияқты бет-жүзді тұмшалайтын киім түрлеріне тыйым салу талқыланып жатқаны белгілі болды. Бір айта кетерлігі, бұл бастаманы депутат Ермұрат Бәпи көтерген. (Ulysmedia.kz тілшісі Ермұрат Бәпимен байланысты. Депутат «уақыты тығыз болғанына байланысты» жауап бермеді).

Ақыры 30 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзін толық жабуға тыйым салатын заңға қол қойды. Осылайша, қоғамдық орындарда ниқаб пен пәренжі сияқты діни киімдерді киюге шектеу қойылды.

«Адамның дін ұстану бостандығы – ажырамас құқық»

Қазақстан билігі «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізілген түзетуді «қауіпсіздік», «қылмыстың алдын алу» деп түсіндіруге тырысты. Заңгер Айгерім Құсайынқызының сөзіне қарағанда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету адамның ар-ождан, дін ұстану және өзін-өзі еркін таныту сияқты құқықтарынан жоғары болмауы керек.

– Халықаралық құқық нормалары бойынша, адамның дін ұстану бостандығы ажырамас құқық. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды функциясы екені рас, алайда ол адамның ар-ождан, дін ұстану, өзін-өзі еркін таныту және  әйелдің тән автономиясы сияқты құқықтарынан жоғары болмауы тиіс, – дейді заңгер.

Айгерім Құсайынқызы. Фото: democrat.kz

Айгерім Құсайынқызы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті мен Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының шешімдерінде діни киім кию жеке бас еркіндігінің бір бөлігі ретінде танылғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, билік көп жағдайда «қауіпсіздік» ұғымын сылтау ретінде ғана қолданады.

– «Қауіпсіздік» ұғымы көбіне діни әйелдердің киім үлгісін саяси нысанаға алудың сылтауы ретінде қолданылып келеді. Мысалы, Иран, Ауғанстан тәжірибесін айтуға болады. Шын мәнінде мұның қауіпсіздікке еш қатысы жоқ. Бұл – мемлекеттің «нормативті әйелді» қалыптастыруы және плюрализмнен қорғану механизмі, – дейді Айгерім Құсайынқызы.

Ал дінтанушы Әл-Фараби Болатжанның пікірі заңгер Айгерім Құсайынқызының пікіріне қарама-қайшы. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда бірқатар қылмыс жасырылған бет-әлпетпен жасалады. Әл-Фараби Болатжан бұл тыйым ниқаб киюге ғана қатысты емес екенін айтып отыр.

– Бұл тыйым ниқаб киюге ғана емес, бетті тұтас жабатын маскалар киюге де қатысты. Заңнамалық өзгерістердің басты себебі – қауіпсіздікті нығайту. Өйткені бірқатар қылмыс жасырылған бет-әлпетпен жасалады. Ел мен қоғам қауіпсіздігіне төнетін қатердің алдын алу үшін шектеулер қою адам құқықтары мен бостандықтарын бұзу деп саналмауға тиіс, – дейді ол.

«Бұл тыйым Еуропа елдерінде де бар»

Ниқабқа қатысты тыйым Еуропа елдерінде де бар. Франция 2010 жылы алғаш болып ниқабқа қатаң шектеу енгізген. Орталық Азиядағы Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанда да ниқаб пен пәренжіге қатысты шектеулер бар. Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан бұл нормаларды діни атрибутикаға қарсы бағытталған деп айтуға болмайтынын айтады.

– Асылында, қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабуға тыйым салу тәжірибесі бүкіл әлем демократиялық, либерал деп мойындайтын Еуропа елдерінде де бар. Бұл заңнамалық нормалар қандай да бір дінге, діни атрибутикаға қарсы бағытталған деп айтуға болмайды, себебі қоғамдық орындарда хиджаб, шейла және т.б. бет-әлпетті жаппайтын діни киім киюге тыйым жоқ, – дейді ол.

Әл-Фараби Болатжан. Фото: time.kz

Ал заңгер Айгерім Құсайынқызы ниқабқа тыйым салынған елдерде көптеген әйел жұмыстан, білім алу мүмкіндігінен және қоғамдық көлікті пайдаланудан бас тартуға мәжбүр болғанын айтып отыр. Оның сөзіне қарағанда, ниқаб пен пәренжіге тыйым салу әйелдердің қоғамдық өмірге еркін араласуына кедергі келтіреді.

– Батыс Еуропаның бірнеше елінде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, ниқабқа тыйым салынған елдерде көптеген діни әйел жұмыстан, білім алу мүмкіндігінен, тіпті қоғамдық көлікті пайдаланудан бас тартуға мәжбүр болған. Яғни, бұл шешім әйелдердің көрінуін емес, көрінбеуін арттыра түседі. Әйелдерді «көрінбейтін күнге айналдырады», – дейді заңгер.

Айгерім Құсайынқызының сөзінше, бұл шешім діндегі әйелдердің қоғамдық өмірге қатысуына, саясатқа араласуына және азаматтық бастамаларда көрінуіне кері әсер етеді. Заңгер Қазақстан билігі бір жағынан өзін секуляр мемлекет ретінде көрсетіп, екінші жағынан дәстүр мен ұлттық код ұғымдарын идеологиялық құрал ретінде пайдаланып отырғанын айтады.

– Қазақстан контекстінде бұл жағдай күрделі. Бір жағынан, мемлекет өзін секуляр мемлекет ретінде таниды, ал екінші жағынан, дәстүр мен ұлттық код ұғымдарын идеологиялық құрал ретінде пайдаланып келеді. Бұл әйелдің қоғамдық белсенділікке, саясатқа араласуына және азаматтық бастамаларда көрінуіне кері әсер етеді, – дейді Айгерім Құсайынқызы.

«Ниқаб деген сөз Құранда бірде-бір рет кездеспейді»

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орында ниқаб пен пәренжіге тыйым салатын заңға қол қойған сәтте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл заңды қолдады. Діни басқарма барша мұсылманды «заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлікті бекемдеуге» шақырған.

– Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елі, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдап жатыр, – деп мәлімдеген мүфтият.

Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан да Құранда «ниқаб», «пәренжі» деген сөздер кездеспейтінін айтып отыр. Оның сөзіне қарағанда, Құранда әйел адам бет-әлпетін тұмшаласын деген бұйрық жоқ, бірақ ислам тарихында «Әйел адам бет-әлпетін жабу керек пе әлде жаппау керек пе?» деген таластар болып тұрған.

– Ниқаб, пәренжі деген сөздер Құранда бірде-бір рет кездеспейді. Сәйкесінше, Құранда әйел адам бет-әлпетін тұмшаласын деген бұйрық жоқ. Алайда тарихи ислам дәстүрінде әйел адам жүзін жабу керек пе, жоқ па деген талассөздер кездеседі. Дегенмен, ортағасырлық фақиһтер (ислами заңгерлер) әйел адам жүзін жабуға міндетті деп бірауыздан айтпаған, – дейді ол.

Фото: polisia.kz

Жазасы жоқ шектеу

Қазақстанда полиция қызметкерлері халық арасына шығып, қоғамдық орындарда не үшін бет-әлпетті жауып тұратын киім киюге болмайтынын түсіндіруді бастады. Бұл туралы 24 шілдеде ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған. Ниқаб пен пәренжіге тыйым салатын заң 12 шілдеде күшіне енген.

– Заңнамаға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдардың тұлғасын анықтау және қоғамдық тәртіпті сақтау, – деген сол кезде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізген полиция қызметкерлері.

Бір айта кетерлігі, бетті жауып тұратын киім киюге медицинада, спорттық-мәдени іс-шараларда рұқсат етіледі. Қызметтік міндет орындау кезінде де рұқсат бар. Ал қалған жағдайда бетті бүркемелеуге болмайды. Шектеуді бұзғандарға нақты қандай жаза қолданылатыны белгісіз. Заң жобасында ол туралы жазылмаған.

Авторы: Жәнібек Әмре