Алматыдағы әскери қалашық тұрғындарын 12 жастағы Абылайхан Ержанұлының өлімі қатты күйзелтті. Марқұмның жақындарының айтуынша, балаға бірнеше жасөспірім шабуыл жасаған. Олардың барлығы бір мектепте оқиды. Оқиғаның мән-жайын Ulysmedia.kz анықтады.
«Топ болып бір адамға жабылған»
Ulysmedia.kz редакциясына марқұмның отбасының жақын танысы Елена хабарласқан. Ол Абылайханның туыстарымен 25 жыл бойы дос болып, баланы кішкентай кезінен білетінін айтады. Еленаның айтуынша, қайғылы оқиға әскери қалашық маңында болған. Ол жерде әскери бөлімдер, академия және госпиталь орналасқан. Дәл сол аумақта, әскери жатақхана жанында балаға жасөспірімдер шабуыл жасаған.
– Біз әділдік қалаймыз, қатаң жаза болуын қалаймыз. Бұл оқиға Түрксіб ауданында, әскери қалашықта болды. Бір балаға бірнеше адам жабылған. Біреулері ұстап тұрған, ал біреуі пышақ сұққан. Балалар арасында нақты не болғаны тергеу барысында анықталады. Бүгін ғана баланы жерледі, – деді Елена.
Бала №32 мектепте оқыған. Еленаның айтуынша, сол мектепте күдікті жасөспірімдер де оқиды. Оның сөзінше, Абылайхан сабырлы, мейірімді, тәрбиелі бала болған. Оның өмірінде әжесінің рөлі зор болған, немересіне көп көңіл бөлген.
– Мен бұл отбасының жақын досымын. Біз көршіміз, 25 жыл бойы араласамыз. Мен бұл баланы өсіргендей болдым, баптадым. Ол кішкентайынан менің қолымда өсті. Өте сабырлы, жұмсақ, мейірімді бала еді. Оны бәрі тек жақсы жағынан біледі. Үлкендерді тыңдайтын, үйде көмектесетін, інісін жетектеп жүретін, аулада тазалық жасайтын. Өте жағымды бала болатын, – дейді ол.
Осы оқиғадан кейін Еленаның айтуынша, әскери қалашықтардағы көптеген ата-аналар балаларын көшеге жалғыз шығарудан қорқа бастаған.
Отбасы резонанс сұрайды
Абылайханның туыстары оларға алынған бейнебақылау жазбалары көрсетілмегеніне және тергеудің қалай жүріп жатқаны түсіндірілмегеніне наразы. Белгілі болғандай, балаға тоғыз рет пышақ сұғылған.
Тағы бір күмән тудыратын жайт — ұсталған адамның жасы. Полиция мәліметі бойынша, ол 13 жаста. Марқұмның жақындары осы себепті кінәлілер жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайды.
– Біз енді біраз уақыттан кейін бұл істі «жауып тастайды» деп қорқып отырмыз. Бірақ бұл — кісі өлтіру. Тоғыз рет пышақ салынған. Мұны 14 жасқа толмаған бала жасаған. Басқа балалар сыбайлас болған. Бір баланы босатып жіберді дегенді естідік. Бәрі бір №32 мектепте оқиды, 13-ші әскери қалашық. Енді олар 1 қыркүйекте қалай бірге оқиды? Бұл кішкентай жауыздар… олар баланың ішкі ағзаларына зақым келтірілгенін көріп, үндемей тұрған. Жедел жәрдем келгенде бала қайтыс болған еді. Енді бүкіл 13-ші, 16-шы әскери қалашықта ата-аналар балаларын шығаруға қорқып отыр. Не болып жатыр?! – дейді Елена.
Ресми ақпарат
Қайғылы оқиға 10 маусымда болған. Полиция кісі өлтіру күдігімен марқұммен таныс 13 жастағы қатарласын ұстағанын хабарлады. Қылмыстық іс қозғалған. Күдікті арнайы мекемеге орналастырылған. Тергеуден кейін оның ата-анасының тәрбиелеу міндетін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.