Қаңтардан бастап қазақстандықтар өздеріндегі кейбір мүлік түрлеріне, сондай-ақ табыстарына қосымша салық төлеуге тиіс болады. Мұнда табыс тек акциядан түсетін дивидендтерді ғана емес, қарапайым айлық жалақыны да қамтиды. Жаңа Салық кодексі қабылданғанымен, мемлекет «сән-салтанат» деген ұғымды қалай түсінетіні әлі де сарапшыларды ойландырып отыр. Ulysmedia.kz қазақстандықтар үшін «шығынның шегі» қайдан басталатынын және жалақыға салынатын қосымша салық қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіреді.
Базалық минимум
2022 жылдың қаңтарында президент Қазақстан байлығының тең жартысы небәрі 162 адамның қолында екенін мәлімдеді. Алайда салық органдарының пайымынша, елде ауқатты азаматтар бұдан да көп. 2026 жылдың қаңтарынан бастап солардың қатарына мынадай адамдар кіреді: бір тал сигараны 10 мың теңгеге сатып алатындар, бағасы 500 мың теңгеге жететін қымбат ішімдіктерді алатындар, құны 24 мың АЕК-тен асатын (2025 жылы шамамен 95 млн теңгеден сәл төмен) яхта немесе ұшақ иелері, 18 мың АЕК-тен қымбат (70 млн теңгеден аса) автокөлік иелері және жалпы құны 450 млн теңгеден жоғары жылжымайтын мүлік иелері.
Бірақ бұл да бәрі емес. Жылдық жиынтық табысы 8500 АЕК-тен асатын (жылына 33,4 млн теңге) азаматтар да, сондай-ақ кірісі немесе дивидендтері 230 мың АЕК-тен (904 млн теңгеден сәл артық) асқан кәсіпкерлер де жоғары мөлшерлемемен жеке табыс салығын төлеуге тиіс болады. Жалақыға салынатын «сән-салтанат салығы» мынадай формула бойынша есептелмек: егер табыс 8500 АЕК-тен төмен болса — 10%, ал осы межеден асқан бөлігіне — 15%. Дивидендтерге де дәл осындай тәртіп қолданылады.
«Жалақы» мен «сән-салтанат» ұғымдары
Қаржылық сарапшы Расул Рысмамбетов жалпы сән-салтанат салығын енгізуді қолдайды.
— Яхта, ұшақ, қымбат көлік, сонымен қатар, ішімдік пен сигараға қатысты сұрақ туындамайды, бұларды адамдар соңғы ақшасына сатып алмайды. Ал жылжымайтын мүлікке келсек, тіпті талапты қатаңдатуға болар еді: меніңше, иелікте 5 нысаннан артық болса, сол үшін-ақ қосымша салық салу қажет. Айтпақшы, осындай тәсілді автокөліктерге де қолдануға болар еді: егер бір адамның атына 5 көліктен көп тіркелсе, бұл оның жағдайы жаман еместігін көрсетеді, – деп пікір білдіреді сарапшы.
Ал табысқа салынатын қосымша салыққа Рысмамбетов күмәнмен қарайды.
— Табыстың қатарына барлық түсімдер кіреді, соның ішінде жалақы да бар. «Жалақы» мен «сән-салтанат» сөздерінің қатар қолданылуының өзі таңдандырады. Оның үстіне, таңдалған мөлшердің өзі де қисынсыз көрінеді. 2026 жылға қарай 8500 АЕК – шамамен 34 млн теңге, яғни айына 3 млн-ға жетпейді. Шын мәнінде, бұл қазақстандыққа сән-салтанатты өмір сыйлайтын деңгей емес, – деп түсіндіреді Расул Рысмамбетов.
Сарапшының айтуынша, 3 млн теңге бұл өте білікті маманның, кәсіпорын басшысының немесе жас болса да аса талантты IT-маманның жалақысы.
— Иә, бұл көпшілікке қолжетімді көрсеткіш емес. Бірақ мұндай еңбекақыны, әдетте, 40–45 жасқа келген, осыған дейін ұзақ жылдар бойы білім алып, таңдаған саласында дамыған адамдар табады. Яғни, бұл жоғары деңгейлі, кәсіби шеберлігі мықты мамандар немесе IT саласының өкілдері. Жақсы бағдарламашы 5000 доллардан төмен жалақыға келіспейді. Ал Қазақстан цифрландыруға басымдық беріп отырғанын ұмытпайық. Онда бізге кім келеді? Жоғары жалақыға қосымша салық салынады деп естіген мамандар келе ме? – деп қынжылады Рысмамбетов.
Сарапшының пікірінше, табысқа салынатын жоғары мөлшерлемелі жеке табыс салығы екі нәрсеге әкелуі мүмкін: табысты жасырып, «конвертпен жалақы» төлеуге және елге талантты мамандардың аз келуіне.
Айына 3 млн табу үшін не істеу керек?
Жұмыс іздеуге арналған ең танымал сервисте қазіргі кезде 2,8 млн теңге көлеміндегі (8500 АЕК-тен бастап есептелетін ең төменгі айлық табыс деңгейі) жалақымен 300-ге жетпейтін бос орын көрсетілген. Олардың басым бөлігі – сату саласында. Бірақ ондай ақшаны оңайлықпен табу мүмкін емес, өйткені бұл бос жұмыс орындарының жалақысы 300 мыңнан басталып, шегі жоқ болып көрсетілген.
Жоғары жалақысы бар екінші үлкен топ – басшылық қызметтегілер. Мұндай жұмысқа қойылатын негізгі талаптардың ішінде: ағылшын және қазақ тілдерін еркін меңгеру, сонымен қатар таңдаған салада 6 жылдан астам тәжірибенің болуы. Міндеттер тізімі де көлемді, оның ішінде материалдық жауапкершілікті талап ететін тармақтар аз емес.
Үшінші орында – IT саласының мамандары. Алайда мұнда да өз біліктілігін дәлелдеу үшін портфолио, мамандық бойынша кемінде 5 жыл тәжірибе және басқа да көрсеткіштер қажет. Жоғары жалақы өндіріс саласында да ұсынылады, бірақ тек жоғары біліктілігі расталған әрі мол тәжірибесі бар мамандарға ғана.
Осыған байланысты сарапшылардың пікіріне қарсы келу қиын: 8500 АЕК-тен жоғары табысқа салынатын қосымша салық шын мәнінде сән-салтанатқа емес, білім мен біліктілікке салынған салық болып тұр. Өйткені мұндай ақшаны, сирек жағдайдан басқа, жай ғана «көз қырын салатын туыстарға» төлей салмайды. Егер бұрын бұл көрсеткіш жас мамандар үшін ұмтылуға тиіс межеге айналған болса, енді қалай болмақ?
Еске салсақ, біз бұған дейін жаңа Салық кодексінің кімдерге әсер ететінін, қымбат автокөлікке салынатын жаңа салықтарды түсіндіргенімізді және жылжымайтын мүлікке салық төлеудің жаңа ережелері кімдерге қатысты болатынын жазғанбыз.