Ет қазақстандықтардың ас мәзірінде ерекше орны бар және негізгі тағамдардың бірі саналады. Ulysmedia.kz тілшісі Астанадағы базарлар мен дүкендерді аралап, ең көп тұтынылатын ет түрлерінің – жылқы еті, қой еті, сиыр еті мен тауық етінің бағасын салыстырды. Сондай-ақ біз баға өзгерістерінің отбасы бюджетіне қалай әсер етіп жатқанын түсіну үшін сарапшылар мен қарапайым тұрғындардың пікірін тыңдадық.
Орташа баға
Нақты жағдайды анықтау үшін елордадағы оннан астам сауда орындарына бардық. Орта есеппен сиыр етінің келісі 3 500-ден 4 200 теңгеге дейін. Қой еті сәл арзан – 3 500–3 800 теңге аралығында. Ең қымбат ет бұрынғыдай жылқы еті болып отыр: бағасы келісіне 3 900–4 500 теңге шамасында. Ал тартылған етті 1 800 теңгеден бастап табуға болады.
Сиыр еті / Қой еті
Баға көбіне ұшаның қай бөлігіне байланысты өзгереді. Мысалы, тартылған ет майлы немесе майсыз болуы мүмкін, әдетте майлысы арзанырақ. Дүкендерде майсыз тартылған сиыр еті орта есеппен 4 500 теңге тұрса, майлысы шамамен 4 000 теңге. Сиырдың таза еті қымбат – шамамен 5 600 теңге. Ал жауырын, қабырға немесе төс бөлігі 4 000–4 500 теңге аралығында сатылады. Қой етіне де баға әртүрлі: құйрық майы мен артқы жамбас бөлігі келісіне орта есеппен 4 000–4 200 теңге болса, алдыңғы жағы арзанырақ – 3 500–3 800 теңге.
Жылқы еті
Бір қызығы, жылқы еті сиыр мен қой еті сияқты қатты қымбаттамаған. Сарапшылар мұны мал басының көбеюімен байланыстырады. Орташа есеппен келісіне 4 000 теңге, бірақ кей дүкендерде баға әлдеқайда жоғары – 5 000–5 500 теңге. Мұндай айырмашылық өнім сапасы мен жергілікті өндірісіне байланысты. Деликатестер бағасы айтарлықтай жоғары: жая, ашытқан сүр ет, қазы немесе шұжық үшін 5 000 теңгеден артық төлеуге тура келеді. Бір саудагердің қақталған жылқы еті тіпті келісі 6 800 теңгеден сатылды. Салыстырмалы түрде: майлы гуляш шамамен 4 000 теңге тұрса, майсыз жаясы 4 500 теңге шамасында.
“Енді не істейміз?”
Астаналықтар азық-түлік, оның ішінде ет қымбаттап жатқанын байқаған.
– Қазақстанда бәрі қымбаттай береді. Бағаның төмендегенін қай кезде көрдіңіздер? Бәрі қымбат. Біздің отбасымыз үлкен, етті көп аламыз, айына шамамен 70-80 мың теңгедей жұмсалады.
– Ет әрқашан қымбат болды. Әсіресе жылқы еті, бағасы үнемі өсіп отырады. Не істейміз? Шығындалуға тура келеді, басқа амал жоқ.
Себеп
Еттің күрт қымбаттауына не себеп болғанын білу үшін біз Қазақстанның «Ет одағының» атқарушы директоры Асқар Жұбатыровқа жүгіндік.
– Өз тәжірибемнен айтайын – бұл сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы. Сұраныс жоғары, ал ұсыныс аз болса, баға өседі. Мысалы, 6 айда сиыр етінің экспорты 16 мың тонна болды. Сойыс салмағымен – 6 мың тонна. Ішкі тұтыну – 450-500 мың тонна. Демек, экспорт жалпы тұтынудың 5%-ынан аспайды. Сондықтан оны есепке алу дұрыс емес. Кейде экспорттан баға өседі деген пікір бар, бірақ олай емес. Демек, ұсыныс күрт азайды, яғни Қазақстанда өндірілетін ет көлемі азайды. Себебі ірі қара мал саны қысқарды. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі де растаған, мал басы 2 миллионға азайды, бұл шамамен 25%. Фермерлер мал шаруашылығымен аз айналысатын болды.
Неге ірі қара азайды?
Жұбатыровтың түсіндіруінше, фермерлер ең алдымен – кәсіпкер. Соңғы 5 жылда бұл кәсіп түрі тиімсіз болды.
– Бұған себеп – мал көп, ал нарық шағын еді. Бұрын үкімет ет пен мал экспортын белсенді қолдады. «Несие алыңыздар, малды көбейтіңіздер, бұл – біздің жаңа мұнайымыз» дейтін. Фермерлер жаппай мал шаруашылығымен айналыса бастады. Бірақ 2019 жылы экспортқа тыйым салынды. Соған сәйкес нарық тарылды. Бұрын артық малды сыртқа сататын, кейін артық өнім ішкі нарықты басып қалды. Сұраныс аз – ұсыныс көп. Демек баға түседі. Фермерлер сиырын өзіндік құнынан төмен бағаға сатуға мәжбүр болды. Өйткені мал көп, ал сатып алушы аз еді. Өткен жылдың соңында мал басы ішкі нарыққа қажетті деңгейден төмендеп кетті. Сондықтан баға өсті.
Бағаны қалпына келтіруге болады?
Спикердің айтуынша, сұраныс пен ұсынысты теңестіріп, бағаны тұрақтандыру үшін Қазақстанға кем дегенде 3–4 жыл қажет. Оның ішінде ірі қара мал басын қалпына келтіруге де уақыт керек.
– Логикаға салсақ, осы уақыт ішінде фермерлерге несие беру керек, олар малды шетелден сатып алсын. Өзге елдерден арзан ет әкелу деген секілді басқа да жолы бар. Бұл отандық етпен тепе-теңдік жасап, бағаның төмендеуіне әсер етеді. Бірақ ұзақ мерзімде фермерлерге өз ісімен айналысу тиімсіз болып қалады, – деді Жұбатыров.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлер үшін 5% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие бағдарламасын жариялады. Бағдарламаға 50 млрд теңге бөлінген. Алайда Жұбатыровтың пайымынша, несие шарттары көптеген фермер үшін қолжетімсіз, кепілзат несие сомасының кемінде 70%-ын жабуы тиіс. Ал егер бұл несиелерді “Даму” қорының кепілдігімен, тіпті жартылай болса да берілсе, әлдеқайда тиімді болар еді. Бірақ жаңа бағдарламада ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Сондықтан ет мәселесінде болашағымыз аса қуанышты емес, – деп қорытты ол.