Тамыз айында сиыр еті бұрын-соңды болмаған қымбатшылық деңгейіне жетті. Онымен қоса, қызыл еттің басқа түрлері де көтеріліп, қазақстандықтардың қалтасын одан әрі жұқартты. Бұл баға өсімін депутаттар байқады ма және қарапайым халық үшін етті қайтадан қолжетімді ету үшін не істемек? Мұны Ulysmedia.kz анықтауға тырысты.
«Ақшаң болса – төлей бер»
VIII шақырылымдағы парламенттің төртінші сессиясы басталар алдында Ulysmedia тілшісі депутаттардан: Қазақстан қалаларындағы еттің бағасы көңілдерінен шыға ма, деп сұрады.
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы реттелуі тиіс екенін айта отырып, үкіметтің енді жалпы бақылаудан бас тартып, тек әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсетуге көшкенін еске салды.
- Кейбір адамдар нанды қымбат бағаға, шын мәніндегі бағасына сатып ала алады. Бірақ біз барлық шаруаларды оны арзанға сатуға мәжбүрлейміз. Бұл дұрыс емес. Егер адам толық бағасына алуға қауқарлы болса, ол солай сатып алуы тиіс, ал мемлекет сатып ала алмайтындарға көмектесуі керек. Сонда ғана шаруалар еңбегі үшін лайықты ақы алады және өндірісті ұлғайта алады, – дейді ол.
Депутат соңғы уақытта тарифтердің де өскенін, олардың да азық-түлік өнімдерінің өзіндік құнына әсер етіп отырғанын айтты. Біз келісі 4 000 теңге тұратын етті қазақстандық қанша жалақымен ала алады, деп сұрадық.
– Менің ойымша, ең төменгі орташа жалақы 350–400 мың теңгеден кем болмауы керек. Бұл менің ойым, – деді Берік Бейсенғалиев.
Шешімсіз мәселе
Сенатор Дархан Қыдырәлі бағаның қазірдің өзінде көтеріліп кеткенін атап өтті.
- Біз бұл тақырыпты бұрын да көтердік, тағы да көтереміз. Халық үшін, әрине, баға қатты өскенде бәріне төлеу қиын, – деді ол.
Бірақ оның өзінен де мәселенің шешіміне сенім байқалмады.
Ал мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік әділеттілік жайында ұзақ ой толғады.
- Маған салса, жалақы бағаның өсуімен бірге көтерілуі керек. Бірақ ол болмай жатыр ғой! Халыққа орташа жалақы осындай деп айтады, бірақ олар оны алмайды, сондықтан үкіметке сенбейді, – дейді Сәрсенғалиев.
Дегенмен, қазақстандық қанша табыс табуы тиіс деген нақты соманы ол айта алмады. Тек еңбекақы әділетті болуы керек деген пікірді ғана жеткізді.
Ешкім түсінбеді...
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл азық-түлік бағасына қазақстандықтардың бәрі секілді өзі де таңғалғанын жасырмады.
- Шыны керек, еттің неге осылай күрт қымбаттағанын ақыры түсінбедім. Өз есебім бойынша олай болмауы керек еді. Ал тұтынушы ретінде бұл жағдай, әрине, мені қатты алаңдатады, – дейді ол.
Сонымен қатар, депутат бағаның өсуі үкімет ұлттық қор ақшасын бюджеттегі «тесіктерді жабуға» пайдалана бергенше жалғаса беретінін атап өтті.
- Біз ұлттық қордан ақша алғанда, елге тауар массасымен қамтамасыз етілмеген қаржы әкелеміз. Ұлттық банк не істесе де, бізде инфляция болады. Мұның алдын алу үшін ұлттық қордан ақша алуды тоқтату керек. Ол үшін бюджетті дұрыс теңгеру қажет – салық жинап, өндірісті дамыту керек... Қашан бізде тауар массасы ақша массасына сәйкес болса, сонда инфляция минималды болады әрі қазіргі сияқты шок туғызатын баға өсімі болмайды, – дейді Еркін Әбіл.
Біз Еуропа емеспіз
Депутат Ирина Смирнова да ет пен басқа азық-түлік бағасына көңілі толмайтынын жеткізді.
- Меніңше, біздегі бағалар шындыққа сай келмейді және тым жоғары. Шетелдегі бағаларға қарасаң, жалақы әлдеқайда жоғары болса да, азық-түлік бағасы шамалас. Мұнда қарау керек нәрсе – неге түрлі делдалдар бар? Әрқайсысы бағаны 5–15 пайызға көтереді. Ал сатып алушыға келгенде, өндіруші бағасынан екі-үш есе қымбатқа шығады. Мұнымен күресу керек, – дейді ол.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің «шатасқан» болжамы
Ет бағасының күрт қымбаттау себебін ауыл шаруашылығы министрлігінен сұрауға тырыстық. Вице-министр Азат Сұлтанов ұзақ сөйлеп, сандарды айналып өтіп, нақты жауап бермеуге тырысқанымен, бірқатар уәж айтты.
- Бағаның өсуі көрші нарықтардағы дүрлікпе сұраныспен байланысты. Соған сәйкес біз қазір етті үлкен көлемде экспорттап жатырмыз. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда ет экспорты екі есе артты, – деді ол.
Сонымен қатар, вице-министр елде еттің жеткілікті екенін және акиматтарда бағаны реттеу тетіктері барын айтты. Біз нақтыладық: егер баға тек ажиотаждан өсіп отырса, неге ешкім оны ұстап тұрмайды?
- Біз еттің өзіндік құнына және өндірісіне қараймыз. Егер малды жайылымда ұстайтын тауарлы шаруашылықтарды алсақ, онда олардың өзіндік құны шамамен 1800–1900 теңге, – деді Сұлтанов.
Алматы мен Астанада сиыр еті 4000 теңгеден сатылып жатқанын алға тартқанда, вице-министр мысал ретінде басқа аймақтарды келтірді. Онда еттің бағасы 2600 теңге екенін айтты. Бұл халық тексермейтінін жақсы білгендіктен айтылған қадам сияқты. Бірақ екінші жағынан, егер бағаның негізі жоқ болса, ол неге өсуі тиіс? Сол сәтте Сұлтанов бағаның көтерілуіне нақты негіздер бар екенін де мойындады:
- Қазір жем-шөптен қысымшылық көріп отырмыз, екіншіден, біздегі азық-түлік өнімдерінің өндірісі тек шикізатқа ғана тәуелді емес. Мұнда еңбекақы, несие, ЖЖМ қымбаттауы да әсер етеді, – деп тізді вице-министр.
Бұл диалогтан кейін журналистердің өзі де шатасып қалды: ет қымбаттауы тиіс пе, жоқ па? Сондықтан “қыркүйекте ет қанша тұрады?” деп тікелей сұрақ қойды. Бірақ министрлікте оған нақты жауап болмады.
Әдеттегідей, бәріміз бірге базарға барып, таңғалумен боламыз. Айта кетейік, бұған дейін өздерінің болжамдарын ет өндірушілер де айтқан болатын. Олардың сөзінше, мәселе шетелдік дүрлікпе сұраныстан да тереңде жатыр.