Әлеуметтік желіде тағы бір даудың жай-жапсары қызу талқыланып жатыр. Алматыдағы балалар инфекциялық ауруханасында көз жұмған Елдана Асқардың ата-анасы дәрігерлер салғырт қарады деп, бала өлімімен аяқталған жайтты аяқсыз қалдырмаймыз деп отыр. Екі жасар бөбектің әке-шешесі әділ тергеу жүргізуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.
Алайда бұл оқиға жалақыны өсіру де, «дәрігерлік қателік» үшін жазаны күшейту де ақ халатты қызметкерлердің жауапсыздығынан қорғай алмайтынын көрсетіп отыр. Әр отбасы үшін орны толмас қайғыға айналған осындай жағдайларда жазаның ауырлығы мен трагедияның салмағы көбіне сәйкес келмейді.
Бала өлімін азайту үшін қандай шара қабылдау керек? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтың жауабын іздеп көрді:
Жауапсыз сұрақтар
Елдананың ата-анасы ашық хатта қыздарының қалай көз жұмғанын баяндады.
– Қызым 1 қазанда ауруханаға түсті, - дейді әкесі. – 5 қазанда приступ ұстады. Қолымен ішінің ауырғанын көрсетті. Жолдасым кезекші дәрігерге жүгінді. Ол бізді хирургқа жіберді. Хирургтер бәрі жақсы деді. Кейін КТ мен УДЗ жасады, ал ұйықтату үшін анальгин мен димедрол берді.
6 қазанның таңында екі жасар қызды жансақтау бөліміне ауыстырған. 11:40-та бала көз жұмды.
– Біз полиция шақырдық. Тергеушілер келіп, арызымызды қабылдады және ауру тарихын сұратты. Оны бес сағат күттік, – дейді анасы.
Ата-анасы дәрігерлердің баланың ауру тарихын неге сонша уақыт бермегенін түсіне алмай отыр.
– Олар «база жұмыс істемей тұр» деп ақталды. Біз біреуді айыптағымыз келмейді, тек әділ тергеу болсын дейміз. Басқа балалардың да осындай жағдайға тап болмауын қалаймыз, – дейді олар.
Сот-медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысы бойынша, баланың ішегі айналып кеткен, мұндай диагноз кезінде операция шұғыл жасалуы керек, себебі әр минут қымбат.
– Мұндай жағдайда бірінші болып хирург көмектесуі тиіс еді. Ұйықтататын дәрі бермей, баланы бақылауы қажет болатын, – дейді ата-анасы.
Олар әлі күнге дейін неге шұғыл диагноз кезінде ұйықтататын дәрі берді, неге толық тексеру жасалмады, неге ешкім жауапқа тартылмады деген сұрақтарға жауап ала алмай жүр.
«Болжап болмайтын жағдай ма?»
Балалар инфекциялық ауруханасының әкімшілігі берген түсініктемеге қарасақ, дәрігерлер кінәні өзінен көріп отырған жоқ. Олар тек болған жағдайға өкініш білдіріп, ата-анасына көңіл айтқан.
– Баланың стационарда жатқан кезінде жұқпалы ауру белгілері басылған, – делінген хабарламада.
– Өкінішке қарай, ішек айналуы – кенет дамитын ауру, алдын ала болжау мүмкін емес. Ол кейде ағзаның жеке ерекшелігімен, ішек моторикасының бұзылуымен немесе жабысқақ процестермен байланысты болуы мүмкін, – дейді дәрігерлер.
Медициналық мекеме қызметкерлері өз әрекеттері «хаттамаға сәйкес» болғанын алға тартады.
– Кезекші дәрігер баланың іші ауырғанын байқаған соң, баланы шұғыл түрде профильдік стационарға жіберіп, қажетті тексерулер жүргізілді. Барлық қажетті шаралар жасалды, науқас бақылауда болды, – делінген мәлімдемеде.
Бірақ аурухана әкімшілігі түпкілікті қорытынды тек сот-медициналық сараптама аяқталғаннан кейін жасалатынын айтады. «Жағдайды объективті бағалау үшін тәуелсіз комиссия құрылмақ».
Алайда бұл хабарлама қызынан айырылған ата-анаға жұбату бола ма?
Статистика
Елдананың өлімі ерекше жағдай болып көрінгенімен, мұрағаттағы деректер мен жаңалықтарды қарасаңыз, соңғы алты жылда Қазақстанда осындай ондаған қайғылы оқиға тіркелгенін байқаймыз. Олардың бәрі дәрігерлік немқұрайлылықтан болған.
2019 жылы Атырау перзентханасында жаңа туған нәресте «өлі туған» деп рәсімделіп, мәйітханаға апарған соң оның тірі болғаны анықталды. Бірақ оны құтқару орнына бас дәрігер Қуаныш Нысанбаев «қалай да болсын өлтіріңдер» деген бұйрық берген. Бала тірідей мұздатқыш камераға салынған. Тек басқа қылмыстық іс бойынша дәрігер телефонының тыңдалуы бұл қылмысты ашуға мүмкіндік берді. Кінәлілер сотталды, бірақ қоғам әділеттен көңілі қалды.
2021 жылғы жағдай
2021 жылы Балқашта екі жасар бала ауруханаға түсіп, дәрігерлер «бәрі жақсы» деп қабылдаудан бас тартқан. Көп ұзамай бала қайтыс болды. Диагноз: екі жақты вирустық пневмония мен менингоэнцефалит. Тергеу нәтижесінде реаниматологтың сертификаты жоқ, ал КТ жасау өтінішіне «сенбі күні аппарат қосылмайды» деп жауап берілгені анықталған.
Бас дәрігердің орынбасары Қайрат Бижанов: «Кадр жетіспейді, қателіктер болды» деген. Қателік мойындалды, бала жерленді. Сол жылы Қарағанды мен Теміртауда тағы екі бала қайтыс болды. Дәрігерлер тек «ескертумен» шектелді.
2022: немқұрайлылық хроникасы
Атырауда бір жасар Беріктің өлімі димедрол салдарынан болған. Әжесі:
– Медбикелер вена таба алмай, қан тамырларын жарақаттады. Бала тоқтамай жылады, ал медбике ұрысып, кейін димедрол салды. Ол дәрі оған болмайтынын өздері айтқан еді, – дейді көз жасына ерік беріп.
Ал Алматы облысында үш жасар қыз дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды. Прокурор Медғат Қабдылқаиров: «Бала өліміне дәрігерлік салғырттық себеп болды», – деп ашық мәлімдеді. Бұл сөз қоғамда үміт ұялатқан еді.
2024: қайғы жұту қалыпты құбылысқа айналды
2024 жылы мамырда Ақтауда бір жасар Абдулла сепсистен көз жұмды. Дәрігерлер оны бір ай бойы ЖРВИ деп емдеген. Тек соңында пневмония мен цитомегаловирус анықталды. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы: «Барлық ем хаттамаға сай жүргізілді» деп мәлімдеді. Бірнеше дәрігерге тек ескерту берілді.
Сол жылы қыркүйекте Батыс Қазақстанда 4 жасар Жансая жоспарлы операциядан кейін үш күннен соң қан жоғалтудан көз жұмды.
– Түнде қызымның тамағынан қан кетіп, тоқтамай қойды, дәрігерлер құтқара алмады, – дейді анасы Роза Абайдуллина.
Кейін дәрігерлер тек «екі аптадан соң сараптама нәтижесі дайын болады» деп жауап берген.
Тағы бір жағдай: Қостанайда үш жасар бала магнитті шарларды жұтып, дәрігерлер толық алып тастамағандықтан, ішек перфорациясы мен перитониттен қайтыс болды. Анасы 40 млн теңге өтемақы талап етіп, азаматтық сотқа жүгінді.
2025: Баяғы жартас – сол жартас
Биылғы Елдананың қазасы сол баяғы сценарийдің қайталанғанын көрсетті. Ауырсыну, дұрыс диагностика жасамау, ұйықтататын дәрі, өлім. Сол баяғы сылтау: «Ішек айналуы – алдын ала болжауға келмейтін ауру».
Ата-анасы бес сағат бойы баланың ауру тарихын күтіп, «база істемей қалды» деген жауап алды. Тағы комиссия, тағы уәде, тағы тексеріс.
Қолданыстағы заң бойынша дәрігердің кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамауы (ҚК 317-бабы) үшін ең үлкен жаза – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Бірақ іс жүзінде бәрі ескерту мен сөгіспен аяқталады. Абдулла қайтыс болғанда – ескерту. Балқаштағы бала өлімі – ескерту. Қарағанды мен Теміртаудағы жағдай – тағы да ескерту.
Жүйе өзін қорғауды жақсы меңгерген. Тексеріс, комиссия, ішкі бақылау – бәрі бар, бірақ нәтиже жоқ. Дәрігерлер сертификатсыз жұмыс істейді, демалыс күндері аппаратура өшіріледі, ал балаларға нақты көмек орнына тек димедрол салынады.
Жазаны күшейту жеткіліксіз. Мәселе жүйенің өзінде. Медициналық кадрларды дайындау тәсілін қайта қарау, тәуелсіз бақылау органдарын құру, әрбір өлім жағдайын ашық және әділ тергеуді қамтамасыз ету қажет.
Ең бастысы, пациентке, әсіресе балаға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек.
Әзірге бұл жүйе өз қызметкерлерін қорғауды бірінші орынға қойып, баланың өлімі үшін тек «ескерту» берумен шектелсе, мұндай қайғылы оқиғалар тыйылмайды. Жүйе өзгеруі үшін тағы қанша бала өлуі керек?