Қазақстанда жүздеген мың ана баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Олардың көпшілігі баланы бағып-қағумен қатар, материалдық жағынан толық қамтамасыз етуге де мәжбүр. Заңда алимент өндіру тетіктері нақты жазылғанына қарамастан, берешек көлемі жыл сайын өсіп келеді, бүгінде ол 18 миллиард теңгеден асып түсті. Ulysmedia.kz алимент қарыздарының неге қалыпты жағдайға айналғанын және бұл мәселені қалай шешуге болатынын анықтап көруге тырысты.
Бала, тұрмыс және екі жұмыс
Алименттің төленбеуі мәселесі әйелдер форумдарында жиі талқыланады, сондықтан «нақты өмірден алынған» оқиғаларды табу қиын емес. Көпшілігі басындағы өз оқиғасын баласына ыңғайсыздық тудырмас үшін анонимді түрде айтып жатады. Солардың бірі - 33 жастағы алматылық Гүлмира. Ол Ulysmedia тілшісімен аноним түрде сөйлесуге келісті.
Қызы Әсел дүниеге келгеннен кейін Гүлмираның күйеуі Айдармен некесі қайын енемен болған жанжалдың салдарынан бұзылған. Содан бері алты жыл өтті. Қазір Әсел мектепке барады, бірақ осы уақыттың бәрінде оны анасы жалғыз бағып келеді. Қыз әкесін танымайды, ол әуелі баланың өмірінен, кейін Гүлмира алимент төлемегені үшін арыз жазған соң, құқық қорғау органдарының назарынан да жоғалып кеткен.
–Тек балаға ай сайын шамамен 250 мың теңге жұмсалады: тамақ, киім, мектептен кейінгі топ, медициналық шығындар, өйткені балалар жиі ауырады. Бұған баспана ақысы кірмейді, - дейді ол.
Гүлмираның айтуынша, декреттен кейін ол демалыссыз екі жұмысты қатар атқаруға мәжбүр болған.
– Біз баламыз тоғыз айлық болғанда ажырастық. Сот алимент төлеуді міндеттеді, бірақ іс жүзінде ақша түскен жоқ. Осы уақыт ішінде бірнеше жеке сот орындаушысы ауысты. Биыл мен прокурорға әрекетсіздік туралы шағым бердім, өйткені берешек 3 миллион теңгеден асты. Прокуратура материалдарды полиция бөліміне жіберді, бірақ қылмыстық іс тек бес ай бойы арыз-шағым жазғаннан кейін ғана қозғалды. Қазір іс қозғалды, бірақ жаңалық жоқ. Бұрынғы күйеуім іздеуде, – дейді әйел.
Әлеуметтік статусы жоқ мәселе
Осындай жағдайда мыңдаған қазақстандық әйел өмір сүріп жатыр. 2025 жылғы шілдедегі ресми дерекке сәйкес, ажырасқан ата-аналардың балалары алдындағы берешегі 18,5 миллиард теңгеге жеткен. Салыстыру үшін: 2020 жылы бұл сома 7,1 миллиард теңге болған. Қарыздардың басым бөлігі ер адамдардың мойнында. Жауапсыз әкелер тек жұмыссыз әкелер ғана емес, олардың қатарында елге танымал тұлғалар мен саясаткерлер де бар.
Мысалы, 2021 жылы бұрынғы депутат Нұржан Әлтаев алимент төлемеді деп айыпталса, өткен жылы блогер-миллионер Дархан Жолшыбеков сот алдында жауап берген. Отбасылық құқық саласындағы адвокат Меруерт Қойайдарова өз тәжірибесінен одан да сорақы оқиғаны еске алды, сот орындаушының өзі 10 жыл бойы ДЦП-мен ауыратын баласына алимент төлемеген.
Бізге реформа қажет
Меруерт Қойайдарованың айтуынша, оған алимент өндіру мәселесі бойынша жүгінетіндер көп. Сарапшы бұл мәселе кең етек жаюының басты себебі үйенің қарыз төлемеушілерге мүмкіндік беруінде деп санайды. Көп жағдайда борышкерлер өздеріне ең төменгі жалақыны рәсімдеп, табысын әдейі азайтып көрсетеді.
– Мұндай істердің қиындығы сол – олар заң жүзінде ештеңе бұзбайды: төлем жүргізіп отырады, бірақ әдейі аз мөлшерде, яғни табысын жасырады. Сондықтан нақты алименттік міндеттемеден жалтаруға бақылауды күшейтіп, тек борышкерлерді ғана емес, оларға көмектесетін жұмыс берушілерді де жауапқа тарту керек, – дейді адвокат.
Заңгер Илья Князев те алимент өндірудегі басты қиындықтардың бірі табыс көлемін бақылау және тұрақты кірісі жоқ ата-аналардан нақты ақша сомасында алимент өндіру екенін айтады.
– Белгілі бір мөлшерде алимент өндіру проблемасын шешу үшін кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған соттардағы судьялар санын арттыру қажет. Қазір соттар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді, сол себепті әр істі мұқият қарауға уақыт жетпейді. Бұл да мәселенің шешілмеуіне әсер етеді, – дейді ол.
Князев көптеген ата-ана, әсіресе жалғызбасты аналар алимент өндіру туралы арыз бермейтінін атап өтті.
– «Онсыз да түгі жоқ адам, несін өндіресің?» деп ойлайды. Бірақ сот шешімінің болуы жоқтан жақсы. Ең болмағанда, ата-ананың кәмелетке толмаған баласын қамтамасыз етпегені заң жүзінде расталады, – дейді заңгер.
Қоғамдық көзқарас
Ulysmedia тілшісі отбасылық психолог Мадина Майлыбаевамен де сөйлесті. Маманның айтуынша, ажырасқан әйелдердің үштен бірі кеңес кезінде бұрынғы күйеуінің баланың өміріне атсалыспайтынын айтады.
– Көптеген әке үшін бала бұрынғы жұбайымен байланысты көрінеді: қатынас үзілсе, бала алдындағы жауапкершілік те жойылғандай болады. Сонымен қатар психологиялық қорғаныс механизмі іске қосылады, кінә, ауырсыну немесе ұяттан қашу. Кейбіреулер үшін ажырасқаннан кейін баламен кездесіп, сол сезімдерді бастан кешіргеннен гөрі, мүлде алыстау оңай, – дейді психолог.
Оның айтуынша, қоғам әлі күнге дейін ескі түсініктермен өмір сүріп келеді –онда отбасының әл-ауқатына жауап беретін негізгі, тіпті жалғыз адам ретінде ана қарастырылады.
Айта кетейік, қазіргі мәжіліс құрамында алимент қарызы мәселесін тек екі депутат – Сергей Пономарев пен Магеррам Магеррамов көтерген. Соңғысы мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынған еді.
Алайда премьер-министр Олжас Бектенов ресми жауап хатында үкімет бұл идеяны «орынсыз» деп есептейтінін мәлімдеді.