Күні кеше Ulysmedia редакциясы «Әкем алимент төлемейді: Мыңдаған баланың жанайқайын еститін құлақ бар ма?» деген материал жариялаған. Онда елдегі алимент берешегінің 18,5 млрд теңгеге қалай жеткенін анықтап, отбасылық құқық саласындағы заңгерлердің ұсыныстарын тыңдаған едік. Бұл тақырып оқырмандарды бейжай қалдырмады, бірі сарапшыларды қолдап, олардың сынымен келісті, енді бірі мәселенің түп-тамыры заңнамада жатқанын айтты. Осыдан кейін редакцияға екі баланың әкесі, Орал қаласының тұрғыны Нияз Ахметов хабарласып, өз көзқарасын білдіріп, әкелер қауымдастығын құруға ниетті екенін жеткізді.
«Соттар әйелдер жағында»
Нияз Ахметов – 42 жаста, еңбек қауіпсіздігі маманы және мектеп жасына жетпеген екі баланың әкесі. Ол үш жыл бұрын ажырасқан, бұрынғы жұбайымен арадағы сот процесі әлі де жүріп жатыр.
Кейіпкердің пікірінше, соттар көп жағдайда әйелдердің уәжін тексермей, автоматты түрде солардың пайдасына шешім шығарады. Оның айтуынша, кей ер адамдар тіпті өздеріне алимент белгіленгенін білмей келіп, бірнеше жылдан кейін оның қомақты сомаға айналғанын бір-ақ біліп жатады.
– 2022 жылы менің бұрынғы жұбайым ажырасуға және алимент өндіруге арыз жазды. Кейін біз отбасымызды сақтап қалғымыз келді, ол қолхат жазып, онда алименттен және болашақта қандай да бір талап қоюдан бас тартатынын көрсетті, бірақ соған қарамастан менің үйімде бірге тұрды. Кейін бәрібір ажырастық, мен қызым үшін ақша жіберіп отырдым. Ұлым дүниеге келген соң, екі балаға ай сайын 200 мың теңге аударып тұрдым. 2025 жылы наурыз айында ол бұрынғы сот шешімін орындауымды сұрады. Маған 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі үш жылдық алиментті есептеп, қызым үшін 10 миллион 200 мың теңге төлеу туралы қаулы шығарды, – деді Ахметов.
Ахметов мұндай сот шешімдерімен көптеген ер адамдар бетпе-бет келіп отырғанын айтады. Ол «Әкелер дауысы» атты қоғамдық бірлестік құрып, ажырасқан әкелердің құқықтарын қорғауды көздеп отыр.
– Алимент істері жеңілдетілген тәртіппен қаралады, яғни жауапкер сотқа шақырылмайды. Біз мұны да өзгерткіміз келеді. Ұсынылатын түзетулердің бірі: істі жалпы тәртіппен қарау, әкенің өз құқығын қорғауға, өз пікірін білдіруге мүмкіндігі болуы керек. Бұрынғы жұбайымның арызында мені материалдық көмек көрсетпейді, бала тәрбиесіне атсалыспайды деп көрсетілген, бірақ мен бәрін істеп жүрдім, – деді ол.
Әкелердің құқығы шектеле ме?
Ахметовтің сөзінше, қазіргі отбасылық заңнама мен алимент есептеу тәртібі кеңестік құқық жүйесіне негізделген. Оның пікірінше, Қазақстанға батыс елдерінің тәжірибесін, яғни бірлескен қамқорлық жүйесін енгізу керек. Мұндай тәжірибе Швеция, Дания, Франция, Ұлыбритания және басқа да Еуропа елдерінде бар. Онда бала әр ата-анамен тең уақыт өткізсе, алимент төленбейді.
– Менің денсаулығым жақсы, спортпен айналысамын, жаман әдеттерім жоқ. Бірақ сот маған қызыммен тек екі демалыс күнін – 11:00-ден 18:00-ге дейін, ұлыммен аптасына бір сағат және айына екі рет қоңырау шалуға рұқсат етті. Мұны олар «балалардың мүддесі үшін» деп атайды. Балалармен қарым-қатынас өте аз. Әкелер қанша күрессе де, кездесуге мүмкіндік бермейді. Денсаулығы дұрыс, жұмыс істейтін, балаларын көріп, тәрбиелеуді қалайтын ер адамдар бар, бірақ оларға мүмкіндік жоқ. Балаңды түнге алып қалуға да болмайды. Яғни, тек бейтарап жерде ғана кездесе аласың, үйіңе әкеле алмайсың, – деді ол.
Айта кетсек, Ахметовтің пікірін қолдайтындар әкелердің құқықтарын қорғауды талап еткен петиция да бастаған. Енді ол осы бастаманы болашақ қоғамдық бірлестік арқылы ілгерілетуді жоспарлап отыр.
– Мен халықаралық тәжірибені зерттедім: екі ата-ана да бала тәрбиесіне тең қатысады. Балалар ата-аналарының әрқайсысымен кезек-кезек тұрады. Осылайша, олар екі жақтан да ажырамайды. Бұл жағдайда алимент мәселесі өздігінен шешіледі, себебі екі жақ та бірдей шығындалады. Мысалы, бала екі апта бір ата-анамен, екі апта екіншісімен тұрады. Егер әртүрлі қалаларда тұрса, онда да келіседі, демалысты біреуімен өткізеді, оқу жылын екіншісімен, сондықтан алимент сомасы азаяды, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, Ахметов алимент ақшасының қалай және не үшін жұмсалатынын әкелер де білуі керек деп есептейді.
– Мен тіпті толық отбасыларды да балаларға белгілі бір пайыз мөлшерінде қаражат жұмсауға міндеттеуді ұсындым. 25, 33 немесе 50%. Себебі ешкім бұлай істемейді, бәрі қажетіне қарай жұмсайды, ал әкелерді оның жағдайына қарамастан бекітілген сома төлеуге міндеттейді. Сонымен қатар ақшаның қайда кетіп жатқанының есебін ешкім бермейді. Яғни, ақша жібердің бе, бітті, ұмытуың керек. Көбіне бұл қаржы дұрыс пайдаланылмайды. Мысалы, бала ескі киіммен жүр, әкесі жаңа киім сатып алады, тісі ауырса, стоматологқа апарады. Кейде аналар өздері: «Әкең емдетсін» дейді, ал ол ай сайын қомақты ақша жіберіп отырады. Ашық есеп бермейді. Ал журналистер көбіне тек жауапсыз әкелер туралы жазады. Бірақ себептерін ешкім зерттемейді. Ал себептер өте маңызды: бұл сот тәжірибесіне де, жеке сот орындаушылары институтына да байланысты.
Әкелер қауымдастығы
Ахметовтің айтуынша, мұндай қиындықтармен көптеген әкелер бетпе-бет келеді, бірақ психологиялық тұрғыдан көпшілігі бұл туралы ашық айтпайды. Ол Қазақстанда жауапкершіліктен қашатын ер адамдар бар екенін мойындайды, дегенмен қазіргі жүйе адал әкелердің де, олардың балаларының да мүддесін шектеп отырғанын айтады.
– Әкелердің құқықтарын қорғайтын бірде-бір қоғамдық ұйым жоқ. Бірақ біз балалардың мүддесін қорғауға көбірек басымдық бергіміз келеді, себебі, ең алдымен, солар зардап шегеді. Көп жағдайда аналар баланы әкесіне қарсы қояды. Оралда бір жігіт маған балаларынан алған жазбаны көрсетті: олар әкесіне қарап тұрып, «папа – есек» деп айтты. Мұндай мысалдар көп. Ер адамдар ішкі сырын айта бермейді. Сондықтан тұйықталып қалады. Бірі ішімдікке салынады, бірі өмірден түңіледі. Мен спортқа бет бұрдым, себебі менде екі жол болды, бірі – құлдырау, екіншісі – даму. Біз осы мәселе туралы ашық айтуымыз керек, адамдар үн қоссын. Көпшілігі үнсіз өмір сүріп, ештеңе өзгермейді деп ойлайды, – деп қорытындылады ол.
Еске сала кетсек, бұған дейінгі материалда Ulysmedia редакциясы алимент мәселесіне қатысты жалғызбасты ана, заңгерлер мен психологтың пікірін ұсынған.