Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова (нақты есімі – Гүлшат) әлеуметтік желілерде өзіне жасалған қысым туралы қайтадан жаза бастады. Бұл жолы полиция оның жүргізушісін бірнеше қызметтік көлікпен қоршап, ұстап әкеткен. Адамды төрт сағат бойы Алматы аудандық бөлімінде ұстап, көлікті ешбір құжатсыз эвакуаторға тиеп алып кеткен. Бақсам бақа екен дегендей, бұл іс жай іс емес, әлдеқайда күрделі болып шықты. Толығырақ Ulysmedia.kz тілшісінің материалында.
Соңғы айларда Орда айналасында гу-гу әңгіме көп. 93 миллион теңге қарызға қатысты айыптаулар, жалақы төлеудің жалған құжаттары және рейдерлік шабуыл туралы дау бүгін-ертең басылайын деп тұрған жоқ. Мұның бәрі Бажкенова баж етіп, жалғаннан жар салып сұраған даулы фейк ақпараттан басталған.
Министр туралы фейк
2025 жылдың қыркүйек айының басында Бажкенова сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталды деген ақпарат таратты. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірді. Алайда ақпарат шындыққа жанаспайтыны анықталды. Оны Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Президент жанындағы Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы және Орталық коммуникациялар қызметі ресми түрде жоққа шығарды. Нұртілеу де, Гаджиев те жұмыс орындарына келді. Ал Бажкеноваға фейк ақпарат таратты деген айып тағылды.
Мұндай көлемдегі жалған ақпарат үшін қылмыстық іс қозғалуы тиіс сияқты еді, бірақ олай болмады. Алматы прокуратурасы оны профилактикалық әңгімеге шақырып, БАҚ туралы заң аясында жазбаша ескерту берумен шектелді. Басылымның құрылтайшысы оны басшылықтан заңды түрде шеттетуге және полицияға жүгінуге ниеттенгенін айтқанымен, нақты шара қолданылмады. Журналист Лұқпан Ахмедьяров та осы жағдайдың түсініксіз екенін атап өтті.
- Әріптестеріме, соның ішінде Гүлнар Бажкеноваға ешқандай жамандық тілемеймін. Айтарым – жай ғана абай болу, - деп жазды ол 5 қыркүйекте Facebook желісінде.
Лұқпан Ахмедьяров Бақытжан Төреғожинаның марафоншы Марат Жыланбаевтың салмағына қатысты жазба үшін ұсталып, айыппұл салынғанын, ал өзін жалған ақпарат таратты деп ұсталғанын мысалға келтірді.
- Ал Бажкеноваға қатысты ешқандай шара қолданылмады. Менің айтпағым, осының өзі бір оғаш жағдай, - деді ол.
Министрдің ұсталуы жайлы жалған ақпарат таратқан бас редактор неге жазаланбады? Бұл сұрақ сол күйі жауапсыз қалды. Бұған қоса тағы бір даудың да құлағы қылтиып келе жатқан.
Orda.kz-ке кімдікі?
- Мен Orda.kz-тің заңды иесімін. Маған Ordamedia.kz ЖШС-нің 70%-ы тиесілі, - деп жариялады 49 жастағы алматылық Максим Ганиев «Моя Orda.kz» атты жаңа Telegram-каналында.
Оның сөзінше, 20 жылдан астам күзет бизнесімен айналысқан, ал 2020 жылы жаңа инвестициялық бағыт іздеп, медиаға қаржы салуға ұсыныс түскен. Сол жылы 3 қыркүйекте ол Ordamedia.kz ЖШС-ін жалғыз құрылтайшы ретінде тіркеген. 2020-2021 жылдары жарғылық капиталды үш рет толықтырып, жалпы 93 350 000 теңге құйған. Айтуынша, редакция жұмысына араласпаған, жұмыс өзара сенім негізінде жасалған.
93 миллион теңгелік мәміле
2022 жылға қарай Ганиев жоба өз үмітін ақтамай жатқанын түсінген.
- Мен үшін бұл – коммерциялық жоба. Инвестиция тезірек қайтады деп ойладым, - дейді ол.
2022 жылы 22 тамызда Гүлнар (Гүлшат) Бажкенова одан компанияның 100% үлесін 93 350 000 теңгеге үш жылға бөліп төлеймін деп сатып алған. Бірақ жарты жылдан соң қаржылық қиындықты айтып, 70%-ын қолма-қол ақшаға қайтарып алуды ұсынған.
- Сол арқылы кейін маған қарызын өтей аламын деді. Келістім, - дейді ол.
2023 жылы 7 ақпанда Ганиев 70%-ды 65 345 000 теңгеге сатып алғанын, ақшаны толық төлегенін мәлімдейді. Бірақ 2022 жылы сатылған 100% үшін үш жыл бойы ештеңе алмағанын, ал кері сатып алған 70% үшін бірден ақша бергенін түсіндіретін қисынды жауап жоқ.
Үш жылдық бөліп төлеу және төленбеген қарыз
2025 жылға келгенде келісілген мерзім аяқталды.
- Бір теңге де алған жоқпын, - дейді Ганиев.
Оның айтуынша, қазір заң аясында әрекет етіп жатыр. Құрылтайшылар жиналысын шақырып, аудит талап етіп, директордың өкілеттігін тоқтатуды күн тәртібіне шығарған, қаржылық құжаттарды сұратқан, қарызды өндіру үшін сотқа жүгінген. Орындау туралы жазба да бар.
«Мен кафка сюрреализміндемін»
Бажкенованың да өз айтары бар секілді. Ол мүлдем басқаша баяндайды.
- Менің көлігімді алып кетті, жүргізушімді ұстап, құжаттарды да бермеді. Көлікті қайда әкеткендерін де айтпады. Бұл - кәдімгі кафкалық сюрреализм, - деп жазды ол соңғы оқиғадан кейін Telegram-да.
Ол 2025 жылдың маусымында редакцияға жасалатын рейдерлік шабуыл туралы алғаш рет мәлімдеген. Айтуынша, жарты жыл бойы редакцияға қысым көрсетіліп келеді.
- Журналистердің мекенжайларына өздерін «полиция қызметкеріміз» деп таныстырған белгісіз адамдар барып, көршілерді сұрақтың астына алып, фоторобот көрсетеді, журналист іздеуде дейді, - деп жазды Бажкенова.
Оның айтуынша, қызметкерлердің телефон нөмірлері интим қызмет көрсететін шетелдік сайттарға, сондай-ақ OLX-ке хабарландырулар ретінде жүктелген. Журналистердің суреттерінен фейк аккаунттар жасалып, бас редактордың «қайтыс болғаны» туралы жалған хабарламалар тараған. Әлеуметтік желілерде Orda аккаунттары бұғатталған. Жабық чаттарға қорқыту хаттары келген.
- Orda.kz-ті бақылауға алып, өзге «тәуелсіз» БАҚ орналасқан бірыңғай орталыққа біріктіруге тырысты. Біз келіспедік. Сол үшін ықпалды топтар заңды тұлғаны болып тіркелген атауды тартып алып, редакцияны рейдерлік жолмен басып алмақ болды, -дейді ол.
Шындық қайда?
Ганиев болса, заң шеңберінде ғана әрекет етіп жатқанын айтады.
- Ешқандай ойдан шығару жоқ. Тек нақты фактілер мен құжаттар. Жасыратын ештеңем жоқ, - деген ол журналистердің барлық сұрағына жауап беруге дайын екенін де айтады.
- Мен заңды иесі ретінде логотипке толық құқығым бар және оны заң аясында қолданып отырмын, - деді ол.
Бірақ нақты не болып жатқаны әлі түсініксіз. Ганиев келісім бойынша қарызын қайтаруды талап етіп отыр ма, әлде біреулер Бажкеновадан Орданы тартып алуға тырысып отыр ма?
Ганиев сөз еткен аудит қаржылық дауға нақты нүкте қоюы мүмкін еді, бірақ тараптар бұл мәселеде бір мәмілеге келе алмай тұр.