Қазақстан саяси алаңында ойын бизнесіне арналған Бірыңғай есеп жүйесін (БЕЖ) құруға қатысты дау қайта өршіді. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек кейбір әріптестері мен ел үкіметі шетелдік, соның ішінде ресейлік компаниялардың мүддесін қорғап, ұлттық қауіпсіздік пен ел экономикасына зиян келтіріп отыр деп айыптады. Комитет отырысында даусы қатқыл шығып, мәлімдеме жасағанымен, кейін ол видеожазбалар әлеуметтік желіден өшірілген. Бұл тақырыпты Ulysmedia.kz осы уақытқа дейін бірнеше рет көтерген. Енді бұған заң шығарушы Б.Базарбек те аса мән беріп отыр. Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры емес, Қазақстаннан шетке кетіп жатқан миллиардтаған қаржы мен жекеменшік қаржылық монополия құру қаупінің туындауы еді.
Түнде бар да, күндіз жоқ
Кеше Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Facebook-тағы жазбасы әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді.
– Бірыңғай есеп жүйесі дегеніміз шетелдік бенефициарлары бар компанияға арналған делдалдық тетік пе? – деп сұрады депутат қашанғы әдетінше шындықтың шырайын кіргізіп. – Бүгін комитет отырысында үшінші мәселе ретінде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» заң жобасын талқыладық. Сол заңға белгісіз біреулер БЕЖ мен ойын бизнесіне қатысты түзетулер енгізіп қойыпты.
Депутат мұндай маңызды мәселенің «жасырын түрде, құқықбұзушылық туралы заң жобасының ішіне енгізілгеніне» таңданысын жасырмады. Сондай-ақ неге бұл мәселені тиісті салалық комитет емес, заңнама және сот-құқық реформасы комитеті қарап отырғанын сұрады.
Осы жерде Базарбек БЕЖ енгізудің Қазақстан үшін қандай қауіп төндіретінін ашып айтты.
– Бұл компанияның артында шетелдік бенефициарлар тұр. Олар делдал ретінде жылына жүз миллиардтаған теңге пайда табады. Қалаған сәтте жүйені бұғаттап тастап, ойыншылардың есепшотындағы қаражатты жоқ қылуы мүмкін. Бұл – бірінші қауіп. Екінші қауіп – букмекерлік компаниялармен келісіп, олардың табысын жасыруға жол ашылады. Үшіншіден, мұндай компаниялар мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін болғандықтан, керісінше, ойын бизнесін кеңейтуді ұсына бастайды. Бұл – біз түбегейлі қарсы болып отырған құбылыс. Ең маңыздысы, бұл компаниямен келісімшарт мемлекеттік БЕЖ кәсіпорнымен әлдеқашан жасалған, – деп жазды Бақытжан Базарбек.
Депутат мемлекеттік мүдде бірінші орында тұруы керегін ерекше атап өтті.
– Бұл жазба қанша тұратынын білмеймін, бірақ барлығы білуі тиіс! – деп аяқтады ол.
Жорамалы дәл келді, келесі күні жазба әлеуметтік желіден өшірілген.
Техникалық қажеттілік – жай сылтау
Сонымен халық қалаулысы неден қауіптенді, бізге нені ескертті? Даудың жаңа сатысы заңнама комитетінің отырысында көрінді. Көзге қалыпты көрінетін «Құқықбұзушылық туралы» заң жобасының ішінде БЕЖ мен ойын бизнесіне қатысты түзетулер жасырылған болып шықты. Бақытжан Базарбек неліктен тұтас саланың қаржылық құрылымын өзгертуі мүмкін маңызды түзетулер ашық талқылаусыз, салалық комитеттен тыс қаралып жатыр деп, бірден мәселе көтерді.
– Мен таңқалдым: неге мұндай маңызды мәселе құқықбұзушылық туралы заң жобасының арасына жасырын енгізілді? Неге мұны тиісті комитет емес, заңнама және сот-құқық реформасы комитеті талқылап отыр? – деді депутат.
Алғашында таңданысын жасыра алмаған депутат кейін ашуына мінді. Айтуынша, бастапқыда мемлекеттік бақылау құралы ретінде ұсынылған БЕЖ іс жүзінде шетелдік бенефициарлары бар компанияның «делдалдық алаңына» айналған. Негізгі табыстың шамамен 80 пайызы шетелге, нақты айтқанда Ресейге кетеді.
NomaPay: Қазақстан миллиардтарын жұтатын ресейлік жұтқыншақ
Базарбек атап көрсеткен басты компания – NomaPay. Депутаттың айтуынша, шын мәнінде БЕЖ-дің негізгі пайдасын көретін құрылым осы оператор.
– Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Бұл – капиталды сыртқа шығару, бұл – шетелдік ойыншылардың мүддесін қорғау, бұл – ең бастысы, ұлттық мүддеге қайшы, – деді ол.
Ол келтірген мәліметтерді естігенде депутаттардың өзі таң қалғандай болды: жалпы айналым 3,9 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Соның тек 20%-ы (шамамен 780 млрд теңге) Қазақстанда қалады, ал 3,12 трлн теңге жыл сайын NomaPay-ге өтеді.
– Ресейлік компаниялар ештеңе істемейді. Олар жай ғана NomaPay платформасын жасады. Сол арқылы біздің миллиардтарды сорып алады, – деді Базарбек.
Ол мұны Мемлекет басшысының тапсырмасына қарсы әрекет деп бағалады. Президент ойын нарығын реттеп, табыстың ел ішінде қалуын талап еткен. Ал шынтуайтында бәрі керісінше болып жатыр. Ұлттық мүдде шетелдік капиталдың пайдасына құрбан етілуде.
Техникалық қажеттілік пе, әлде келісілген схема ма?
Осы сынға жауап берген Туризм және спорт министрлігіне қарасты ойын бизнесін реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаев мәселені одан сайын күрделендірді. Ол NomaPay-дің қатысуын Қазақстандағы техникалық мүмкіндіктердің әлсіздігімен түсіндірді. Оның айтуынша, букмекерлік бизнестің ресми айналымы 1,3 трлн теңге. Бірақ бұл тек көрінетін бөлігі. Ресейде, Кипрде немесе Балтық жағалауында орналасқан техникалық командалар нарықтың шынайы көлемін жасырып отырады. Қазақстандық реттеушілер олардың деңгейіне жете алмай отыр.
– Қазір ешбір мемлекеттік орган не МКК, не біз, не Қаржы мониторингі агенттігі олардың технологиялық қуатына тең келе алмайды, – деді ол.
Тұрғанбаев NomaPay-ді «қазақстандық компания» деп атады, ал платформаның жергілікті нарыққа бейімделгенін мәлімдеді. Үш жылдан кейін олар кетеді де, жүйе Қазақстан бақылауына өтеді деді. Алайда Базарбек бұл дәлелдерге сенбеді. Оның айтуынша, NomaPay артында Ресейдегі ойын бизнесінің 70 пайызын ұстап отырған олигархтар бар.
Ең таңқаларлығы, БЕЖ бен NomaPay арасындағы келісімшартқа «Қызметтік пайдалану үшін» деген белгі қойылған. Базарбек: «Екі заңды тұлғаның арасындағы коммерциялық келісімнен қандай мемлекеттік құпия болуы мүмкін?» деп сұрады. Жауап болған жоқ.
Түзетулердің артында не тұр?
Бенефициарлардың ашықтығына қатысты дау – тек үлкен схеманың бір бөлігі. Бұған дейін Ulysmedia.kz анықтаған және түзетулер талдауы да растағандай, шын мәнінде жеке қаржылық монополия құру жоспары жүріп жатыр. Екі негізгі өзгеріс бар, екеуі де қоғамнан жасырылған.
Біріншісі, Бәсекені қорғау агенттігін шеттету.
Заңнан БЕЖ комиссиясының мөлшерін Агенттікпен келісу талап етілген норма алынып тасталмақ. Бұл монополистке қалаған тарифті қоюға толық еркіндік береді.
Екіншісі, Ұлттық Банктің өкілетін айналып өту.
БЕЖ операторына банк операцияларын жүргізуге, электронды әмиян ашуға және электронды ақша шығаруға рұқсат берілмек. Оның үстіне Ұлттық Банктің қаржылық бақылауынсыз. Бұл «Төлемдер туралы» заңды тікелей бұзу.
Осылайша «техникалық есеп жүйесі» деген атпен ешбір мемлекеттік реттеуге бағынбайтын, көлеңкелі аймақта жұмыс істейтін қуатты қаржылық оператор пайда болады. Ұлттық Банк пен Бәсекені қорғау агенттігі өз өкілеттігін осылайша шектетуге қалай келісті деген сұрақ туындайды? Бұл қаншалықты ерікті шешім?
P.S.
Бақытжан Базарбектің күресі – жай ғана ішкі саяси тартыс емес. Бұл – елден қыруар капиталдың сыртқа кетуіне және қаржылық тәуелсіздіктің әлсіреуіне әкелетін жүйелі мәселеге соғылған дабыл. Оның жазбаларының өшірілуі де депутат қоғам үшін өте өткір тақырыпты көтергенін дәлелдейді. БЕЖ мен NomaPay дауы – мемлекет өз мүддесін қорғай ала ма, жоқ па, соны көрсететін сынақ.
Ulysmedia.kz жағдайды әрі қарай да назрдан тыс қалдырмайды.