Қазақстан жаңа зауыттар салып, жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға ден қойып отыр. Алайда осы өзгерістердің негізі саналатын энергетика саласында мыңдаған инженер мен техник жетіспейді. Кадр тапшылығы бүгінде тек білім беру саласының емес, ұлттық қауіпсіздіктің де өзекті мәселесіне айналды.
Энергетика мамандарын даярлауда 50 жылдан астам тарихы бар Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің рөлі ерекше. Білім ордасы халықаралық серіктестікті дамытып, жаңа білім беру модельдерін енгізіп, Қаскелеңде ірі білім және технология кластерін қалыптастырып жатыр. Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында университет ректоры Ғани Нығыметов оқу орнының даму стратегиясы, халықаралық жобалары, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу тәжірибесі, сондай-ақ энергетика саласының мамандарын даярлаудағы кедергілер жайлы әңгімеледі.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ САЛА
– Ғани мырза, бұл оқу орнын басқарғаныңызға екі жыл болып қалды, иә?
– Екі жылдан асты. Астанадан Алматыға көшіп келгеніме үш жылға таяды. Осында үлкен жоба ұсынды. Соның басы-қасында жүрмін.
– Стратегиялық маңызды салада жүрсіз.
– Шынында да солай. Кезінде Президент әкімшілігінде, Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істедім. Жалпы, энергетика – стратегиялық маңызды сала. Энергетик болмасам да, бұл саланың маңызын жақсы түсінем. Мемлекеттік инспектор болған кезімде жылыту маусымы барысындағы тексерулерге қатысатынмын. Қаншама ЖЭО-ны араладық. Бұл саланың жағдайын бір кісідей білем. Ашығын айтқанда, жағдайы мәз емес. Әрине, оң өзгерістер болып жатыр. Бірақ кадр тапшылығы бар. Осы мәселені шешу үшін осы университетті жаңа деңгейге көтеру мақсатын қойып отырмыз.
Бұл – жекеменшік университет. Осында жұмысқа шақырған уақытта құрылтайшыға: «Егер маған тиісті құзырет берсеңіз, жағдай жасасаңыз, бұл оқу орнын халықаралық деңгейге көтереміз» дедім. Өз командамды жасақтап, әріпстеріммен бірге екі жылда біраз оң нәтижелерге жеттік. Мысалы, мен келгенде университет контингентінің саны 3 мың болса, қазір 6 мыңнан асты. Жылу энергетикасы мамандығында 1-курста небәрі 8 студент оқитын. Қазір 212 білімгер оқиды. «Жылу және атом электр станциялары» деген жаңа мамандық аштық, 60 студент білім алып жатыр. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Бірақ жалғыз университет саладағы барлық проблеманы шеше алмайды.
Бұл күрделі сала, кешенді түрде қарамасақ, түйткілдердің түйінін тарқата алмаймыз. Өйткені елдегі станциялардың 70 пайызы ескі, оларды жаңғырту керек. Оған қоса, жаңа күн және жел станциялары салынып жатыр. Президент үш АЭС салу міндетін қойып отыр. Оның бәрін кім істейді? – Кадрлар. Әр салада мықты мамандар керек. Онсыз Қазақстан дамымайды. Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Өнеркәсіп саласын алсақ, ел болу үшін энергетика саласын түзеуіміз қажет дер едім. Өйткені энергетикасыз зауыт ашылмайды, цифрландыру болмайды, жасанды интеллект дамымайды. Оның бәріне электр қуаты керек. Сол үшін бізге жаңа электр қуаты көздерін көбейту қажет. Әр облыс орталығы қазір ЖЭО-ға тәуелді. Ол жұмыс істемесе, тұрғындар қыста қатып қалады. Сондықтан бұл салаға сапалы мамандар керек.
Кадрларды дайындау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Жалғыз тетік – гранттар. Мысалы, қазір біздегі 6 мың студенттің 85%-ы грантпен оқиды.Бұл әрине, жақсы. Бірақ гранттың құны біздің шығынға сай келмейді. Біз зертханаларды жабдықтау, ұстау үшін қыруар қаражат жұмсаймыз. Сол себепті гранттың саны мен құнын арттырмасақ, мәселені шеше алмаймыз.
Энергетика саласындағы көп активтеріміз жекенің қолында. «Самұрық-Энерго» активтердің 40%-ына ғана жауапты. Қалғандары жекеменшік компаниялардың қолында.
– Олар өз пайдасын ғана ойлайды.
– Олар «Бізде тариф аз, сол себепті грант бөле алмаймыз, сіздерге қаржылай көмек бере алмаймыз» дейді.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ №1 УНИВЕРСИТЕТ
– Шетелде бұл мәселе қалай шешіледі?
– Алысқа бармай-ақ, Ресейді алсақ, «Росатом» «Интер РАО» секілді компаниялар өздерінің энергетикалық университеттеріне үлкен қолдау көрсетеді. Зертханаларын салып береді, қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.
Құдайға шүкір, екі жылдың ішінде әріптестерімізбен, депутаттармен, соның ішінде, университет түлектерімен жұмыс істеудің арқасында біз де қолдау таба бастадық.
– Олар кімдер? Аттарын атай аласыз ба?
– Депутаттар Дүйсенбай Тұрғанов пен Еділ Жаңбыршин, сондай-ақ «KEGOC», «Самұрық-Энерго» компанияларының басшыларының көбі осы оқу орнын бітірген. Оларға жағдайды айтып, көмек сұрадық. «KEGOC» өз зертханасын ашып берді.
Біз телекоммуникация саласының мамандарын да даярлаймыз. Бұрын «Қазақтелеком» 100 грант бөліп келген екен. Қазір ондай жоқ. Бірақ біз «Қазақтелекоммен» жұмыс істеуді тоқтатпаймыз. Әлі де қолдау күтеміз. Университет қордаланған мәселені жалғыз шеше алмайды.
Басты мақсатымыз – қалған мұғалімдерімізді сақтап қалу. Бұл салада мықты мамандар болған. Олардың көбі зейнетке шығып кетті. Олардың ұстаздық жолда жүрген шәкірттері бар, солардың жағдайын жасап, әрі қарай маман даярлау ісі жүйелі жалғасуын қамтамасыз етуіміз қажет. Қазір біздің университет Орталық Азиядағы энергетика саласындағы нөмірі бірінші жоғары оқу орны деп айтуға болады. КСРО кезінде Мәскеу энергетика университеті, Иванов атындағы университет және біздің оқу орны ғана энергетиктерді даярлайтын. Іргетасы мықты, 50 жылдық тарихы бар білім ордасы. Электр мамандарын кез келген университет дайындай алады, ал жоғары кернеулі энергетика саласының кадрларын оқытатын жалғыз іргелі университет – біздің оқу орны.
ЖАСТАРДЫ ЭНЕРГЕТИКАҒА ҚАЛАЙ ТАРТАМЫЗ?
– Талапкерлер мұнда оқуға түсу үшін ҰБТ-дан қанша ұпай жинауы тиіс?
– Әр мамандықта әрқалай. Мысалы, энергетика мамандығы бойынша шекті ұпайды қатты көтермейміз. Өйткені соңғы жылдары бұл мамандыққа көп сұраныс болған жоқ. Неге десеңіз, жастар оқуға түсем, жақсы жұмысқа орналасам, жақсы жалақы алам деп ойлайды. 3-4 жыл бұрын саладағы орташа жалақы небәрі 150 мың теңге болды. Мұндай жалақыға кім барады? Соңғы жылдары тарифтер көтерілгендіктен жалақы да біршама өсті. 300-400 мыңға жетті. Бірақ IT саласымен салыстырғанда жоғары дей алмаймыз. Жастарды тарту үшін жалақыны әлі де өсіру керек. Қазір курьер болып жүріп те 700-800 мың теңге тауып жүргендер бар.
Ірі компаниялар жастардың энергетикаға келуіне жағдай жасауы қажет. Біз өз тарапымыздан сапалы мамандарды даярлау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Қытайлық университетпен байланыс орнатып, түлектерге екі диплом беру бағдарламасын іске қостық. Бізде екі жыл, шетелде екі жыл оқиды, сөйтіп қабілетті маман болып шығады. Қытай зауыттарында жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Қазір Қытай энергетика бойынша әлемде бірінші орында. Күн станцияларын, атом электр станцияларын салып жатыр. Біздің көмірмен жұмыс істейтін станциялар мен олардың станцияларын салыстырсаңыз, айырмасы жер мен көктей. Оларда бәрі тап-таза, жаппай роботтар жұмыс істеп жүр. Көмір энергетикасын дамыту үшін бізге сол технологияларды меңгеру қажет.
– Бізде көмірдің 350 жылдық қоры бар емес пе?
– Иә, бізде көмір жеткілікті. Сондықтан көмір энергетикасын дамыту керек. Бірақ оның экологияға зиянын да ескермесе болмайды. Баламалы энергетика түрлерін дамыту мәселесін де қолға алу қажет.
– Түлектеріңіз Қытайда қалып қоймай ма, ондай қауіп жоқ па?
– Жоқ, елге оралады. Қазір Қытай Қазақстанда 2 млрд долларға көптеген станция салып жатыр. Салынып жатқан жел және күн станцияларына жергілікті кадрлар керек. China Huadian корпорациясының өкілдері біздің энергетика саласындағы барлық түлектерді жұмысқа алуға дайын екендерін айтты.
– Демек, бұл университетті бітірген жастар жұмыссыз қалмайды ғой?
– Мықты энергетиктер жұмыссыз қалмайды. Олардың жалақысы да жоғары болады. Болашақта АЭС салынса, онда істейтін мамандардың да табысы жақсы болады. Менің жеке басыма да, университетке де пиар қажет емес. Ал энергетика мамандығына насихат керек. Бұл мамандыққты алға шығармасақ, экономикамыздың жоғалтары көп. Жастарға бұл салада үлкен потенциал барын жеткізгім келеді.
Біздің университеттегі әр мамандық қоғамға қажет: энергетика, телекоммуникация IT. Гуманитарлық мамандықтарды, қаржы мен менеджментті оқытпаймыз. Тек техникалық-инженерлік мамандықтар бойынша білім береміз. Қазіргі заманға сай университет. Егер бар жағдайын жасасақ, өзінің лайықты орнын алады деп ойлаймын.
ОРЫСТІЛДІ МҰҒАЛІМДЕРГЕ СҰРАНЫС АЗ
– Энергетика саласында миллиондап ақша табуға бола ма?
– Болады, әрине. «KEGOC», «Самұрық-Энерго» компанияларының бас инженерлері жоғары жалақы алады. Ол үшін тәжірибе жинау қажет. Біздің түлектеріміз бітіре салып, ЖЭО бастығы бола алмайтыны анық. Мансап жолымен сатылап көтеріліп, бас технолог, бас инженерге дейін өсуге, жоғары жалақы алуға мүмкіндік бар.
– Қазір білім алып жатқан балалардың көбі ауыл-аймақтың балалары шығар?
– Иә. Қазір сабақтардың 70%-ы қазақ тілінде өтіледі. Бұрын ондай болмаған. Орыстілді мұғалімдерге сұраныс азайып жатыр. Олар қазақша сабақ бере алмайды. Мәселен, Трофимов деген профессор бар. Қазір оның сағаты жоқ. Трендтердің өзгергені бір жағынан жақсы. Қазақтардың инженерия саласына, техникалық мамандықтарға барғаны дұрыс. Бірақ мықты маман болып шығу үшін талмай оқу қажет. Математика мен физика оңай пәндер емес. Оның үстіне, студенттерге талап күшейді. Сабақтан қалу кешірілмейді. Сырттай оқу деген жоқ. Маған әкімдер, прокурорлар хабарласып, көмекшілерім оқып алсыншы, екінші диплом алуға көмектесші деп өтінеді. Ондайға жол берген емеспін. Сапаны бірінші орынға қоймасақ болмайды. Ертең салған зауыттарымыз, ЖЭО-ларымыз істен шығып жатса, кім кінәлі? Оқытқан мамандарымыз үшін біз жауаптымыз.
УНИВЕРСИТЕТКЕ КІМДЕР ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ?
– 50 жыл бұрын бұл оқу орны политехникалық университеттен бөлініп шыққан екен. Оған кім бастамашыл болды?
– Иә, университет тарихы 1975 жылдан басталады. Сол жылы Дінмұхамед Қонаев атамыз политехникалық университеттен дербес факультетті алып шығып, оны Алматы энергетикалық институты деп атау туралы шешім қабылдаған. 1978 жылдан бастап энергетикамен қоса байланыс саласының мамандарын да даярлай бастадық. 1996 жылы қаржылық қиындықтар туып, институт политехникалық университет құрамына қайта қосылған. Ал 1997 жылы қайтадан бөлініп, Ғұмарбек Дәукеевтің белсенді жұмысының арқасында дербес институтқа айналды. 2010 жылдан бастап институт Алматы энергетика және байланыс университеті деп аталды. Ғұмарбек Дәукеев 18 жыл бойы ректор болды. Жалпы оқу орнына 9 ректор жетекшілік еткен.
Университеттің көптеген танымал түлектері бар. Белгілі энергетик Бекбас Оразбек, қаламыздың бұрынғы әкімі Ерболат Досаев, бұрын вице-министр болған Бақытжан Жақсалиев, Kcell президенті Асқар Жамбакин, депутаттар Еділ Жаңбыршин мен Дүйсенбай Тұрғанов, белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов, кезінде вице-премьер болған Асқар Жұмағалиев сияқты түлектерімізбен тұрақты байланыстамыз.
– Досаев, Оспанов сынды азаматтар университетке қаржылай көмек беріп тұра ма?
– Жоқ, қаржылай қолдау көрсетпейді. Досаев мырза әкім болған уақытта қабылдауында болғанмын. Біраз көмек көрсетуге тырысты. Бірақ кейін әкімдіктен кетті. Бауыржан Оспанов мырзамен де байланысып тұрамыз. Көмектесуге ниетті екенін жеткізді.
– 51 жылда университеттен қанша түлек шықты?
– 40 мың түлек бітірді. Бұл өте аз. Қазақстанның әрбір жылу станциясын, телекоммуникациялық компанияны алсақ, бәрінде біздің түлектеріміз еңбек етіп жүр. Біздің мамандар IT компанияларда, банктерде де өте көп. Өйткені оларға ақпараттық қауіпсіздік мамандары қажет.
НЕГІЗГІ КЕДЕРГІ – ТАРИФ
– Жақсалиев мырза энергетика саласында дилетанттар көбейгенін, саланы басқарып жүргендер нағыз энергетиктер емес екенін айтты.
– Ол кісінің айтқаны рас. Кадр тапшы екенін айтып келеміз. Энергетика саласына жастарды көптеп тартуға мүдделіміз. Министрдің өзі энергетик болмаса да оның орынбасары немесе кеңесшісі міндетті түрде осы саланың нағыз маманы болуы тиіс деп есептеймін. Өйткені энергетик нақты процестерді, технологияларды біледі. Ал мемлекеттік қызметкер тек сала маманы емес, саясаткер. Ол тіл табыса білуі қажет, үкіметпен, қоғаммен жұмыс жасауы керек. Сондықтан бұл жерде баланс керек деп ойлаймын.
– ЖЭО-ларда шешілмеген проблема көп. Солардың түйіні тарқату үшін саясаткерлер энергетиктермен ақылдаса ма, пікірлеріне құлақ аса ма?
– Жаңа айтып өткенімдей, парламентте энергетика мамандығын бітірген депутаттар бар. Сол кісілердің арқасында жылу энергетикасына қатысты заң қабылданды. Біраз заңнамалық өзгерістер болды. Бұл саладағы негізгі кедергі – тариф мәселесі. Энергетика саласының жағдайын түзеу үшін инвестициялар қажет. Инвесторларды тарту үшін тарифтерді көтеру керек. Мемлекет тарифтің шамадан тыс өсуіне жол бермейді.Өйткені салмақ халықтың қалтасына түседі. Сол себепті бұл саяси мәселеге айналып отыр. Үкімет мәселені шешуге тырысып жатыр. Жағдай дұрысталып келеді. Жалақы да көбейе бастады.
Қаржылық тұрғыдан жылу энергетика саласы қиындық тудырып тұр. Бұл сала субсидиямен жұмыс істеуде. Жылу энергетикасын қалай дамытамыз? Жаңа станциялар салу арқылы. Онда тек жылу емес, энергия да өндіру қажет. Түптеп келгенде, саланы құтқаратын – тек жоғары тарифтер. Бәлкім бизнеске бөлек, қарапайым тұрғындарға бөлек баға белгілеу қажет шығар.
БОЛАШАҚТА ҚАНДАЙ МАМАНДАР МИЛЛИОНЕР БОЛАДЫ?
– Сіз «Болашақ» бағдарламасында да басшы болдыңыз. Шетелде осы бағдарлама бойынша энергетика саласын меңгеріп жатқан жастар бар ма?
– Бар, бірақ көп емес. 100-200 адамдай ғана. Шетелде бұл мамандық Electrical engineering деп аталады. Жақсы мамандық. Біраз адам оқып келді. Бірақ елге оралған соң энергетика саласында жұмыс істегендері аз. ЖЭО-ларда «Болашақ» түлектерінің бас инженер болып жұмыс істегенін көрген жоқпын. Станцияларда басшылар мен олардың орынбасарлары болып жүрген болашақтықтар санаулы. Өйткені, салаға сұраныс болмай тұр.
Қазір энергетиканың басты драйвері – жасанды интеллект. Бұл екеуі болашақтың мамандықтары. Соған көзім жетті. Жастарға айтарым, бірінші инженерлік-техникалық мамандықты меңгерсеңіз, кейін заңгерлікті де, басқару саласын да игеру қиындық тудырмайды.
Қытайды алсақ, қолынан келмейтіні жоқ. Жаңа бұйым жасайды, сатады, табыс табады. Қазір табыс табу көзі – бірдеңе жасау, ойлап табу. Әрине, ол процесті басқару керек. Бізде жақсы менеджерлер, басқарушылар бар. Енді осы салаға инженерлер, техника саласының мамандары қажет. Жастар бұл кәсіптерге сұраныс барын түсінді. Басқа университеттерге қарағанда, бізде басқа ұлт өкілдері көп. Неге? Өйткені олар біздегі мамандықтардың болашағы барын біліп тұр. Қазақ жастарына да осы салаға бетбұрыс қажет.
– Жасанды интеллект қарыштап дамыған сайын көп мамандардың жұмыссыз қалу қаупі күшейді. Жуырда NVIDIA компаниясының басшысы нақты қай маман иелері қоғамға қажет болмай қалатынын айтты.
– Ол болашақта электр мамандары, сантехниктер мен ағаш ұсталары миллионер болатынын айтты. Сөзінің жаны бар. Оның айтуынша, 3-4 жылдан кейін АҚШ жасанды интеллекті дамыту жөнінен Қытайдан қалып қояды. Өйткені электр энергиясы жетпеуі мүмкін. Дата-орталықтардың бәрін ұстап тұру үшін энергия қажет. ChatGPT-ге қойған әр сұрағыңыз бірнеше киловатт қуатты талап етеді. Қытайда энергия көп болғандықтан, әлем бойынша жасанды интеллект бойынша көшбасшыға айналуы заңды. Оларда күннен де қуат алып жатыр, АЭС-тер мен көмір станцияларын да көптен салды.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ДӘСТҮРЛІ САЛАЛАРДЫҢ ҰШТАСУЫ
– Университетте жасанды интеллект орталығы бар екен. Онда қандай ізденістер жүргізіліп жатыр?
– Жасанды интеллект орталығында біз дарынды жастарды — өз түлектерімізді, сондай-ақ АҚШ пен Кореяның жетекші университеттерін бітірген мамандарды жинап отырмыз. Олар осы жерде стартаптар құрып, жобаларын іске асыруда. Қазір, мысалы, қоқыс шығару қызметімен айналысатын компанияға арналған қосымша әзірлеп жатқан стартап бар. Ол бағыттарды жоспарлау мен навигацияны оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Қосымша жасанды интеллект пен алгоритмдерге негізделген. Ол компания көліктерінің қозғалыс бағыттарын барынша тиімді етіп жоспарлайды. Қоқыс контейнерлеріне түрлі датчиктер орнатылады. Солардан жиналған ақпарат өңделіп, талданады да, соның негізінде ең тиімді маршрут жасалады. Мұның бәрі шығындарды азайтуға бағытталған. Кез келген компания қаржысын үнемдеуге мүдделі. Ал алгоритмдерге негізделген бұл шешім бизнестің осы мақсатына жетуіне көмектеседі. Қазір жігіттер жоба бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр және жақын арада өнімді нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Біздің міндетіміз — осындай талантты мамандарды тарту және олардың еркін жұмыс істеп, дамуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Біз оларға қажетті инфрақұрылымның бәрін тегін ұсынамыз. Алдағы уақытта әзірленген өнімдерді коммерцияландыру және сату арқылы табыс табамыз деп жоспарлап отырмыз.
– Сонда зияткерлік меншік құқығы университетте қала ма?
– Иә. Зияткерлік меншік оны қаржыландыратын тарапқа, яғни біздің акционерлер мен құрылтайшыларға тиесілі болады.
– Орталықта негізінен түлектер жұмыс істей ме?
– Иә, олардың арасында АЭжБУ түлектері де, сондай-ақ KAIST және UNIST секілді корей университеттерін бітірген мамандар да бар. Бұлар бүгінде еңбек нарығында сұраныс жоғары мамандар.
– Университет оларға жалақы төлей ме?
– Иә. Жұмысты ұйымдастырумен, қолдау көрсетумен, қаржыландырумен және жалақы төлеумен айналысатын өз компаниямыз бар.
– Университеттің тағы қандай бағыттарында жасанды интеллект енгізіліп жатыр?
– Біз ЖИ барлық мамандықта қолданылуы керек деген шешім қабылдадық. Бізде жасанды интеллект бойынша жеке білім беру бағдарламасы бар. Бірақ енді оны энергетика, телекоммуникация, байланыс, ғарыш инженериясы, робототехника, ұшқышсыз технологиялар және киберқауіпсіздік бағыттарына да енгізіп жатырмыз.
Бүгінде жасанды интеллект барлық саланың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Алгоритмдер іс жүзінде барлық жерде қажет. Біз ЖИ-ді дәстүрлі салалармен, соның ішінде энергетикамен ұштастыра отырып жұмыс істегіміз келеді. Болашақ дәл осы бағытта. Бүкіл әлем осы жолмен дамып келеді. Дамыған мемлекеттердің барлығы жасанды интеллектіні экономиканың әртүрлі саласына енгізуде.
ЖИ экономиканың негізгі секторларына нақты пайда әкелуі тиіс. Қазір жастар бағыттарды оңтайландыру жобасымен айналысып жатыр. Олар карталарды, маршруттарды және қоқыс өңдеу кәсіпорнының бүкіл инфрақұрылымын цифрландырып жатыр.
– Жобаны іске асырудың нақты мерзімі бар ма?
– Иә. Олар жаңа оқу жылы басталғанға дейін өнімді әзірлеуді аяқтап, жыл соңына дейін оны қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Компания бұл шешімнің арқасында жанармай шығынын азайтып, қосымша шығындарды қысқартып, жұмысты тиімдірек ұйымдастыру арқылы нақты пайда көреді деп есептейді. Қосымша көмегімен олар өз шығындарын едәуір оңтайландыруды көздеп отыр.
– Студенттердің баспана мәселесі шешілген бе? Жатақханаларда орын жеткілікті ме?
– Қазіргі орналасқан кампусымыз 4 гектар жерді алады. Үш корпусымыз бар. Бірақ ашығын айтсақ, 6 мың студент мұндай сыймай жатыр. Өзіміздің технопаркіміз, стартаптарды орналастыратын орнымыз жоқ. Жаңа зертхана салатын жер жоқ. Сол себепті жаңа кампус салу идеясы стратегиямызға енгізілді. Құдай қаласа, 2028-2029 жылы сол кампустың құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылтайшыларымыз өз есебінен құрылыс жүргізу міндетін алып отыр.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz You-Tube арнасынан көруге болады.