Бішкекте Армениясыз өткен ҰҚШҰ саммиті: ұйымға Ресей төрағалық етеді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Бішкекте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты. Экономикалық ұйымдармен салыстырғанда мұнда қатысушылар аз, ал талқыланатын мәселелер мүлде басқа. Жиында қандай қатерлерге қарсы тұру керек, неден қауіптену қажет деген мәселелер күн тәртібінде болды. Кездесу қазіргі түйткілдердің азаймағанын, керісінше алаңдаушылықтың артқанын көрсетті. Ulysmedia.kz Бішкектің мәртебелі меймандарды қалай қарсы алғанын және саммиттің қандай қорытынды жасағанын баяндайды.

Ресейлік пролог

Президент Владимир Путин Бішкекке ҰҚШҰ саммитінен бір күн бұрын келді. Маңызды шараларды ұштастыру – халықаралық қатынастарда жиі қолданылатын тәсіл. Екі күн ішінде Ресей басшысы мемлекеттік сапар рәсімдерін жасап, қауіпсіздік мәселелерін де сөз етті. Орталық Азия елдерінің дербестігі артып келе жатқан тұста Путиннің ерте келуі Қырғызстандағы саяси ахуалды байыптауға ұмтылу іспетті.

Трамппен өткізген сұхбат, Еуроодақтың аймаққа қызығушылығы және алда өтетін «Жапония + Орталық Азия» саммиті Ресейдің Украинадағы соғысқа алаңдап отырған кезеңінде Кремльдің жағдайын күрделендіреді. Соған қарамастан президент Жапаров Путинді бар сән-салтанатымен қарсы алды. Атты күзет, найза ұстаған жігіттер және ұлттық аспаптарда орындалған «Калинка». Путин жауабында Қырғызстанға ресейлік бензин жеткізуде қиындық туындамайтынын айтты, өйткені елдің 90% отыны Ресейден келеді. Сондай-ақ Ресейдегі қырғыз еңбек мигранттарына жеңілдіктер болатынын жеткізді, қазір олардың саны миллионнан асады.

Қабылдауға дайын!

Бішкек ҰҚШҰ саммитіне ұзақ дайындалды. Қаланы шампуньмен жумаса да, қолдан келгенше ретке келтірді. Бірақ «Манас» халықаралық әуежайы қазір жөндеуде, келген-кеткендердің бәрі терминалға жаяу баруға мәжбүр. Алайда кортеждегі брондалған лимузин ішінен мұның байқалмасы анық. Әсіресе басқосу жаңа ғана салынған «Ынтымак Ордо» резиденциясында өткенін ескерсек. Мұндай ортада қауіпсіздік жайын талқыламау мүмкін емес.

«Қауіптер» мен «сынақтар» деген әдеттегі сөздерге биыл жаңа ұғым — «шынайы көрініс» қосылды. Оның бірі – Армения делегациясының келмегені. Премьер-министр Пашинян да, басқа ресми өкілдер де Бішкекке бармады. Бірақ сырт көзге бұл саммиттің жалпы ахуалына әсер етпегендей. Сарапшылар Ереванның келмеу себептерін қызу талқылап жатқанда, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшылары қазіргі және болашақ қауіптерді сөз етті.

Өкілеттілік тапсыру

2025 жылы Қырғызстан ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен. Президент Садыр Жапаров бұл кезең немен есте қалғанын әскери құрылымға тән нақтылықпен қысқа да нұсқа баяндады. Ұйым әскери блок екенін ескерсек, президенттің айтқандары тақырыппен толық қабысты. «Рубеж», «Мызғымас бауырластық», «Эшелон»  – кез келген саяси басшыға еріксіз әсер ететін атаулар. Нәтижесі де айтылды: контрабанда тоқтатылды, заң бұзушылар ұсталды, шекара күзеті күшейтілді. Яғни жылдық міндет ойдағыдай орындалды.

Өкілеттілік қабылдау

2026 жылы ҰҚШҰ-ға Ресей төрағалық етеді. Бұл ел ұйым ішіндегі басым рөлін сақтап тұрғанын ескерсек, оның саясатына Украинадағы соғыс сөзсіз ықпал етіп отыр. Президент Путиннің сөздері соны растады, ол ұжымдық күштерді заманауи қару-жарақпен жабдықтаудың кешенді бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Соңғы жылдары дрондардың табысты қолданылуы және арнайы бөлімдердің құрылуы ҰҚШҰ-ның ұшқышсыз авиацияны дамытуға мән бере бастағанын көрсетеді.

Виртуалды қауіп

Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметін үш жыл атқарды, ұйымға мүше әр ел өкілі дәл осындай мерзім қызмет етеді. Бірақ оның өкілеттілігі аяқталатын тұста киберқылмыс ең өзекті қауіптердің біріне айналарын ол да болжаған жоқ. Бұрын бейтарап көрінген «ғаламтор торабы» ұғымы бүгінде мүлде басқа мағынаға ие. Виртуалды технологияға кез келгеннің қол жеткізе алуы көлеңкелі топтардың да мүмкіндігін арттырды. Тасмағамбетов осыны атап өтіп, мәселені өзінен кейінгі хатшыға қалдырды. Келесі үш жыл осы қызметті Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков атқарады.

Бекер кездеспеппіз

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қорытындысы бойынша 16 құжатқа қол қойылды. Жемісті жұмысқа жергілікті ауа райы да әсер еткен болуы мүмкін, саммит өтетін күні Бішкекте ауа температурасы 25 градусқа көтеріліп, соңғы ондаған жылдағы рекордты жаңартты. Жаз болмаса да, саяси арена біраз қызды. Ұжымдық қауіпсіздік стратегиясы қабылданды. Мұнда есірткімен күрес, әскери ынтымақтастықты дамыту жоспары 2030 жылға дейін көрсетілген.

Бакиевті бермеймін

Александр Лукашенко саммитте қауіпсіздік жайын емес, Курманбек Бакиев туралы мәлімдемесімен есте қалды. Беларусь президенті қырғыз журналистеріне Қырғызстанның экс-президентін қайтармайтынын айтты. Бұл тек жергілікті мәндегі тақырып болып көрінуі мүмкін, бірақ түсініспеушілік тудыруы анық. Бакиев өз елінде сырттай 30 жылға сотталған, қырғыз билігі оны экстрадициялауды көптен бері талап етіп келеді. Алайда Лукашенко бұрынғы әріптесін беруге ниетті емес, бұл оның одақтастық туралы өзіндік түсінігі болса керек.

Путиннің сапары мен ҰҚШҰ саммиті кезінде Бішкек бір сәтке кептелістер алаңына айналды. Жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де көшелер жабылған сайын ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болды. Президенттік кортеждер өткенше кей жолдар жарты сағатқа дейін тоқтап тұрды. Қауіпсіздік мақсатында үкіметтік жолдарға апаратын тұстарды жүк көліктерімен жауып тастау да қолданылған.

Бұл, бәлкім, қонақ күту бойынша жаңа стандарт шығар. Айтпақшы, оқушылар мен студенттер де осы күндері онлайн оқуға жіберілді. Олар бұған аса қынжылмаған сыңайлы. Есесіне бес күн демалды. Мұның бәрі мәртебелі меймандардың қауіпсіздігі үшін болғандықтан, мемлекет осындай шараға да келісім берген.