Әскери қызметкердің не сарбаздың бейбіт уақытта қаза табуы – төтенше жағдай. Ауыр жарақат алу немесе бұрын білінбеген дерттің асқынуы да солай. Алайда сарбаз аналарының пикеттері мен жоғарыдан түскен бұйрықтар болмаса, мұндай істер жылдар бойы созылып, күштік құрылымдар бейбіт күннің өзінде шығынға ұшырай береді. Ulysmedia.kz бұл мәселені Қазақстанда шенеуніктер қалай шешпек болғанын анықтап көрді.
Сарбаздар бейбіт күнде де қаза табуда
Депутаттар жариялаған жантүршігерлік дерекке сүйенсек, соңғы үш жылда елдегі әскери бөлімдерде 270 сарбаз мерт болған. Бұл туралы жуырда депутат Нартай Сәрсенғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселе былтыр да көтерілген, бірақ жағдай жақсармақ түгілі, одан бетер ушығып кеткен.
– Жылдар бойы заңсыз әрекеттер мен әлімжеттік жойылмай келеді. Сондықтан осы заңбұзушылықтардың алдын алуға нақты тетіктер бар ма? Әлде тағы да қағазбен шектелеміз бе деп сұрағцм келеді деп, ол Ішкі істер министрінен сұрады.
Ержан Сәденов сол кезде сарбаздар тек әлімжеттіктің салдарынан ғана емес, түрлі факторлардың әсерінен қаза болатынын, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан. Алайда нақты қандай факторлар екені тізбектелмеді, ал оны ешкім сұрап та жатпады. Соған қарамастан, мәселе жылдан жылға күрделеніп барады. Қараша айында бұл жағдайға Қорғаныс министрлігінен бастап Бас прокуратураға дейін назар аударуға тура келді. Әскери бөлімдерде қаза тапқан сарбаздардың аналары өткізген митингілерден кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма берді.
Қорғаныс министрлігі не істеді?
Арада екі аптадай уақыт өтті. Ulysmedia тілшілері осы кезеңде қандай іс атқарылғанын анықтауға тырысты. Қорғаныс вице-министрі Серік Бұрамбаевтың айтуынша, сарбаз аналары көмексіз қалмайды. Бірақ бұл көмектің ішіне нақты не кіретінін ол да ашып айтпады.
– Мен оларды азаматтарды қабылдау орталығында жеке қабылдадым. Үнемі байланыстамыз, қолдау көрсетіп жатырмыз. Қайсысына қалай көмектескенімізді айтып жатпай-ақ қояйын. Біріне жергілікті атқарушы орган арқылы пәтер бердік, бірінің несиесін жаптық, – деді вице-министр.
Ал «кім кінәлі?» деген сұраққа тұщымды жауап бере алмады.
– «Кінәлі жоқ» деп отырған жоқпыз. Қалай болғанда да, жауапкершілік бар. Төменгі буыннан бастап жоғары басшылыққа дейін қызметтен босатуға дейін барады. Егер сарбаз қаза тапса, 100 пайыз бөлім командирі қызметінен кетеді, – деді ол.
Әлімжеттік көрінбейді, бірақ бар
Депутаттардың да өз ұсыныстары бар. Бірақ ойлары әртүрлі. Мәселен, Мәжіліс депутаты Константин Авершин сарбаз аналары көтерген бастама әскерге шақыру жасын көтеруді қарастыру керек деп есептейді.
– 18 жас, әскери шақыру жасы, КСРО кезінде физиологиялық ерекшеліктерге қарай белгіленген. Қазір 18 жас – әлі бала. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінде, – дейді ол.
Ал депутат Болат Керімбек мұның пайдасы аз деп санайды.
– Кеңес заманында әскерде екі жыл қызмет ететін. Бір жыл бұрын келгендер жаңадан келгендерді қыспаққа алатын. Қазір қызмет мерзімі бір-ақ жыл, көктемгі шақырылым күзгімен араласпайды. Сондықтан әлімжеттіктің болмауы тиіс, – дейді ол.
Дегенмен, ол да әлімжеттік бар екенін мойындайды:
– Казармаларға камера орнату қажет. Солдат аналары жетекшілік ететін комитеттердің жұмысын күшейту керек. Қорғаныс министрлігінің өкілдері күн сайын тексеріс жасалатынын айтады. Бірақ жас жігіттер көп жерде ұрысу, түсініспеушілік болуы мүмкін, мұндай жағдайларда қысымға ұшырағандар қаза табады. Бұған жол бермеуіміз керек, – деді Болат Керімбек.
Айтпақшы, Қорғаныс министрлігі дәретханаларға дейін камера орнатуға дайын, бірақ әзірге оған қаражат жоқ. Константин Авершин болса, мәселе тек әлімжеттік емес, жастардың оған төтеп бере алу қабілетінде дейді.
– Суицидке қатысты жақында әлеуметтік психологтар қауымдастығымен меморандумға қол қойдық. Әскери психологтарды оқытамыз. Соның нәтижесінде соңғы шақырылымда 400-ден астам жасөспірімнің суицидке бейімділігі анықталды, – деді депутат.
Баланың әскерге бару-бармауы ата-ананың қалтасына байланысты
Депутат Юлия Кучинская мәселені түбегейлі жақсарту үшін медициналық комиссияның сапасын арттыру қажет деп есептейді.
– Қазір балаңды әскерге алады ма, жоқ па, ол ата-ананың қаржылық мүмкіндігіне байланысты. Кім баласын медициналық тексерістен дұрыстап өткізе алса, соның жолы болады. Ал көптеген аурулар әскери комиссия регламентіне кірмейді. Егер ата-ана ауруды алдын ала анықтамаса, ол әскерде асқынады, – дейді ол.
Юлия Кучинская сондай-ақ армияда жарақат алған сарбаздарға төленетін өтемақыны ұлғайтуды да қолдайды.
– Қызметте жарақат алған мерзімді сарбаздарға төленетін өтемақы кәсіби әскери қызметкерлермен салыстырғанда бірнеше есе аз. Мемлекет жауапкершілігін күшейтсе, мұндай жағдайлар да сирек болар еді. Ата-ана баласын сау жіберіп, мүгедек болып қайтса, мемлекет шығынды өтеуі қажет. Бұл – маңызды тетік, – деді депутат.
Контекст
Бұған дейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Ulysmedia.kz тілшісінің «армияда жастардың қаза табуы» туралы сұрағына миығынан күліп жауап бергені белгілі. Ол қазіргі уақытта ондай деректер тіркелмегенін айтқан. Алайда аналардың қайғысының мерзімі болмайды, ал соңғы сарбаздың өлімі 2025 жылғы қазанда тіркелген. Бұған дейін біз әскери бөлімдердегі адам өлімі туралы істердің қағазбастылыққа жұтылып кететінін жазғанбыз. Ал министрліктің қазіргі жауабы мәселенің шешімі әлі табылмағанын тағы бір мәрте көрсетті.
Қысқасы, сұрақ ашық күйінде тұр: камера орнату өлімді тоқтата ма, әлде жүйенің өзі өзгеруі тиіс пе?