Әкім бол, орталыққа жақын бол: аймақтағы реформаларға ротация әсері қандай?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Заң бойынша Қазақстандағы әкімдер төрт жыл қызмет ете алады. Кейін бұл мерзім президент шешімімен тағы екі жылға ұзартылуы мүмкін. Ерекше жағдайда ғана арнайы комиссияның шешімімен өңір басшысы жалпы сегіз жылға дейін қызметінде қала алады. Алайда іс жүзінде әкімдердің қызмет ету мерзімі шамамен үш жылмен шектеледі. Саясаттанушы Расул Қоспановтың пікірінше, мұндай жиі кадрлық ауыс-түйіс өңірлік басқаруды толыққанды саясаттан гөрі тұрақты «қайта жүктеу» процесіне айналдырады. Әр жаңа әкім команда жинап, басымдықтарын қайта белгілеп, алдыңғы басшыға қойылған KPI-ды орындауға кіріседі. Нәтижесінде жүйе үздіксіз бейімделу жағдайында өмір сүруге мәжбүр. Дегенмен мемлекет үшін жиі ротацияның өзіндік себептері бар, деп жазады Ulysmedia.kz.
 

Расул Қоспанов әкімдер институты 1995 жылғы Конституциямен бекітілгенін еске салды. Бұған дейін аймақтарды әкімшілік басшылары басқарған. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда облыс деңгейінде 150 өңір басшысы қызмет етіп, әкім тағайындау рәсімі 198 рет жүргізілген.

Ротация: қағаздағы мақсат пен өмірдегі нәтиже

Орта есеппен әкім лауазымында 2 жыл 11 ай қызмет етеді. Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» заң саяси қызметкерлерді төрт жыл сайын ротациялауды көздейді. Бұл шешім мемлекеттік аппарат әлеуетін тиімді пайдалану үшін қабылданған. Президент бұл мерзімді тағы екі жылға ұзартуға, ерекше жағдайда сегіз жылға дейін созуға құқылы.

– Теория жүзінде басшылардың жиі ауысуы екі мақсатқа қызмет етуі тиіс: кадрлық жаңару және билікті асыра пайдалану тәуекелін шектеу. Расымен де, жиі ауысатын жүйеде әкімдердің «жергілікті феодалға» айналу мүмкіндігі азаяды, өңірлік топтардың күшеюіне жол бермейді. Сонымен қатар орталық пен өңірлер арасында ротация жүргізу басқарушылық тәжірибені ел бойынша таратуға мүмкіндік береді, – дейді Назарбаев университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығының аға зерттеушісі Расул Қоспанов.

Алайда бұл жүйеде таяқтың екінші ұшы да бар. Мерзімнің қысқалығы салдарынан әкімдер ұзақмерзімді бағдарламаларды толық іске асыруға үлгермейді. Үш жылдың ішінде нақты нәтиже көрсету қиын: өңір ерекшелігін түсіну, команда қалыптастыру және алғашқы жобаларды бастауға ғана уақыт жетеді. Одан кейін жаңа басшы келіп, бәрін қайта өзгертеді. Осылайша басталған жобалар аяқсыз қалады.

– Мұндай тұрақсыздық жағдайында жергілікті элиталар да белсенділік көрсетпей, сақтықпен күтуді жөн санайды. «Қайтадан ауысып кететін адам үшін неге күш салу керек?» деген ой басым, – дейді Қоспанов.

Бұған қоса, әкімдердің жиі ауысуы халықпен байланысқа да әсер етеді. Әкімдерді президент тағайындап, мәслихат бекіткендіктен, өңір тұрғындарының қолдауын алу олар үшін басты талап емес.

– Әкім орталықтың тапсырмаларын орындап, көрсеткіштерді орындаса, қызметін 5-6 жылға дейін жалғастыра алады. Ал өңірде әлеуметтік толқулар не төтенше жағдай болса, көп ұзамай орнын босатады. Кейде бұл халықтың ашуын басуға арналған қадамға ұқсайды, – деп түсіндіреді сарапшы. 

Қай өңірде әкімдер ұзақ отырады?

Кадр тұрақтылығы жағынан Қостанай облысы көш бастап тұр. Мұнда әкімдердің орташа қызмет мерзімі – 4 жыл 3 ай. Мәселен, Сергей Кулагин өңірді шамамен сегіз жыл басқарған. Қазіргі әкім Құмар Ақсақалов Қостанайда үш жылға жуық қызмет атқарып жатыр. Оның жалпы әкімдіқ өтілі – 8 жыл 8 ай, бұл – қазіргі қызметтегі әріптестері арасындағы рекорд.

– Мұндай тұрақтылық өңірдің KPI-ларын орындау сапасына және орталықтың сеніміне байланысты болуы мүмкін. Өңір дамып жатса, орталық билік әкімді ауыстыруға асықпайды, – дейді Қоспанов.

Оның айтуынша, Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуеті соңғы жылдары айтарлықтай артқан. Ақсақалов тұсында өңірде KIA зауыты іске қосылды. Бұл – Кореядан тыс жердегі компанияның өзі толық қаржыландырған алғашқы өндіріс орны. Инвестиция көлемі 250 млн доллардан асып, жылдық қуаттылығы 70 мың автомобильге жетпек.

Екінші орында – Батыс Қазақстан облысы. Мұнда әкімдер орта есеппен 3 жыл 9 ай қызмет етеді. Сол көрсеткішті Алматы қаласы да қайталайды. Ақтөбе, Алматы, Атырау және Қызылорда облыстарында да кадр ауысуы салыстырмалы түрде сирек. Бұл аймақтарда әкімдердің орташа қызмет мерзімі – 3 жыл 5 ай.

– Әдетте мұндай ұзақ мерзім бір-екі «рекордшының» есебінен қалыптасады. Мысалы, Қызылордада Қырымбек Көшербаев 6 жыл 5 ай әкім болды. Ал Актөбе облысында

Елеусін Сағындықов 7 жыл басқарды. Мұндай көрсеткіштер не орталықтың сол басшыға жоғары баға беруінен, не әкімнің жеке саяси салмағынан хабар береді, – деп тұжырымдайды сарапшы.

Әкімдік қызметтегі сергелдеңдер: қай өңірде басшыларды көйлекше  ауыстырады?

Статистикаға жүгінсек, әкімдері ең көп ауысып тұрған өңірлер – тарихында бірнеше мәрте таратылып қайта ашылған аймақтар. Олардың қатарында – Ұлытау, Абай облысы, сондай-ақ бүгін мүлдем жоқ Торғай облысы бар. Алайда «жас» аймақтармен қатар, кадр тұрақсыздығы «жетілген» өңірлерде де белең алған.

Әкім шақ келтірмейтін Маңғыстау 

Маңғыстау облысы – әкімдік қызмет тұрғысынан ең тұрақсыз өңір. 33 жыл ішінде мұнда 12 әкім ауысқан. Олардың тек үшеуі ғана өңірді 3 жылдан артық басқара алды. Сарапшылардың айтуынша, Маңғыстаудың күрделі әлеуметтік құрылымы, экономикасы мұнай секторына тәуелділігі мен үнемі белсенді жұмыс істейтін кәсіподақтық қозғалыс кадр тұрақтылығына кедергі келтіреді. Аймақтағы кез келген әлеуметтік шиеленіс тікелей облыс басшысының тағдырына әсер етеді.

Мысалы, 2024 жылдың мамырында жұмысшылардың тағы бір ереуілі кезінде сол кездегі әкім Нұрлан Ноғаев шұғыл түрде қызметінен босатылып, оның орнына жергілікті кадр Нұрдәулет Қилыбай тағайындалды.

Түркістан облысы – үлкен саясаттың ортасы

Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысында да әкімдік орын ұзақ сақталмайды. 12 басшының тек үшеуі ғана қызметтерін 4 жылдан ұзақ атқарған. Орташа мерзім – 2 жыл 7 ай, бұл Маңғыстаумен шамалас.

Түркістан облысының саяси маңызы жоғары. Бұл – халқы ең көп аймақ. Сондықтан орталық билік бұл өңірге ерекше назар аударады. Дегенмен жиі ротация ұзақмерзімді жоспарлауды қиындатады, – дейді саясаттанушы Расул Қоспанов.

Рекорд жасаған әкімдер кімдер?

150 әкімнің ішінде мансабын аймақ басқару ісіне арнаған тұлғалар аз емес. Олардың сапында ең ұзақ қызмет еткен – марқұм Бердібек Сапарбаев. Ол:

  • Оңтүстік Қазақстан,
  • Шығыс Қазақстан,
  • Ақтөбе,
  • Жамбыл
  • Қызылорда облыстарын басқарған.

Жалпы еңбек өтілі – 18 жыл 2 ай.

Одан кейінгі орында – Даниал Ахметов (17 жыл 2 ай), үшінші орында – Сергей Кулагин (16 жыл 2 ай). Сонымен қатар, 10 жылдан астам әкім болғандар:

  • Қырымбек Көшербаев,
  • Серік Үмбетов,
  • Өмірзақ Шөкеев,
  • Иманғали Тасмағамбетов,
  • Архимед Мұхамбетов,
  • Аслан Мусин,
  • Ахметжан Есімов.

Бұл тізімнің өзі Қазақстандағы өңірлік басқарудың ұзақ жылдар бойы тар шеңберде айналып келгенін көрсетеді.

«Әкім» мәртебесі қандай? 

Расул Қоспановтың пайымдауынша, әкімдердің жиі ауысуы – орталықтандырылған биліктің саналы таңдауы. Оның артықшылықтары:

  • аймақтық элиталар күшейіп, дербес күшке айналмауы;
  • басқару вертикалінің сақталуы.

Алайда кемшіліктері де айқын:

  • ұзақмерзімді даму стратегиялары жүзеге аспайды;
  • жауапкершілік пен нәтижені ешкім мойнына алмайды;
  • халық сенімі төмендейді.

– Дағдарыс жағдайында кадрлық шешімдер шиеленісті бәсеңдетуге көмектеседі. Бірақ қалыпты кезеңде өңірге жергілікті жағдайды терең білетін, кем дегенде бес жыл бойы қызмет ете алатын басшы қажет, – дейді сарапшы.

Не өзгереді?

Қоспановтың пікірінше, өңірлердегі басқару мәдениеті тек бір жағдайда түбегейлі өзгереді: облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлануы қажет.

Бірақ қазіргі тәжірибе бұл бағыттағы қоғамдық сұраныстың әлсіз екенін көрсетті. Ulysmedia тілшісі Семейдегі тікелей сайлауда халықтың белсенділік танытпағанына назар аударған. Мәжіліс депутаттары да осы үрдісті ескеріп, үкімет пен ОСК-ға тікелей сайлауларды уақытша тоқтата тұруды ұсынды.

Мәжілісмен Ерлан Саиров бұл шешімді былай түсіндіреді:

  • 52 аудан және қала әкімі тікелей сайлаумен таңдалғанымен, олардың тиімділігі зерттелмеген;
  • кейбір әкімдер бір жылға жетпей қызметтен кеткен;
  • сайлау қымбат: тек биылдың өзінде бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған;
  • әкімдердің бюджетке тікелей қолжетімділігі жоқ, сондықтан олардың уәделері орындалмай қалады;
  • бұл сайлаушылар сенімін төмендетеді.

– Аудандық әкімдер сайлауалды бағдарламаларды орындауға қажет бюджетке ие болмайынша оларды маслихат арқылы бұрынғыша тағайындаған дұрыс, – дейді депутат.