Қазақстан алғаш рет елдің батысында орналасқан Қашаған кен орнынан Қытайға мұнай тасымалдамақшы. Бұл Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған дрон шабуылынан кейін жасалып отырған қадам. Қытайға мұнай тасымалдайтын Атырау-Кеңқияқ-Атасу-Алашанқай құбыры КҚК-на балама бола ала ма? Мұнай тасымалдаудағы Қытай бағыты Ресейге тәуелділікті қаншалықты төмендетеді?
Қашағаннан Қытайға кім, қанша мұнай тасымалдайды?
Жақында Reuters агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, Қазақстанның Қашаған кен орнынан Қытайға 50 мың тонна мұнай тасымалданатынын жазды. Оның 30 мың тоннасы – Қытайдың CNPC, 20 мың тоннасы Жапонияның Inpex 1605.T компаниясына тиесілі екені айтылды. Бұл екі компания да Қашаған кенішін игеретін консорциум құрамына кіреді.
9 желтоқсанда Қашағаннан Қытайға 50 мың тонна мұнай тасымалданатынын энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те растады. Ол мәселе жаңа бағыт ашуда емес, бұрыннан бар бағытты пайдалануда екенін айтты.
«Мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ. Бұл — бұрыннан бар, жұмыс істеп тұрған маршрут, сондықтан оны қолдануға болады. Егер акционерлер Қытайға мұнай жеткізуді қаласа және техникалық тұрғыда мүмкіндік болса — мархабат», — деді министр.
Графика: kcp.kz
Украинаның шабуылы, Қазақстанның реакциясы
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстан мұнайының 80 пайызы экспортталатын Каспий құбыр консорциумына дрон шабуылы жиілеген. Ресей аумағынан өтетін бұл құрымен Ресейден бөлек, Қазақстан мен АҚШ акционерлері мұнай тасымалдайды. 29 қарашада Украинаның сумен жүретін дрондары КҚК-ға тағы да шабуыл жасаған. Қазір Каспий құбыр консорциумына тиесілі Қара теңіздегі мұнай айдайтын үш құрылғының біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Біреуі қараша айынан бері жөндеуде тұрса, енді бірі дрон шабуылынан кейін істен шыққан.
29 қарашадағы шабуылдан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украинаға наразылық нотасын жолдады. Астана болған оқиғаны азаматтық нысанға жасалған үшінші агрессиялық акт деп атаған. Киев дрон шабуылы Қазақстан немесе өзге тарапқа бағытталмағанын, Ресей агрессиясына қарсы өзін-өзі қорғау әрекеті екенін мәлімдеген.
Кеше, 9 желтоқсанда сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров КҚК байланысты Украина тарапымен талқылаулар болғанын айтты (Смадияров осы күні өзінің қызметтен кететінін де айтқан).
«Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Венаға жасаған сапары барысында ЕҚЫҰ СІМ саммиті аясында украиналық әріптесімен қысқа жүзбе-жүз кездесу өткізді. Өкінішке қарай, мен бұл кездесуге қатыса алмадым, бірақ жанында болдым және КҚК мәселесінің талқыланғанына сенімдімін. Бұл мәселеге қатысты қосымша пікір бермейміз. Украина тарапымен байланыс орнатылған, әрі біз жұмысты жабық дипломатиялық арналар арқылы жалғастыра береміз», — деді Смадияров.
Балама жол іздеген Қазақстан
Қазақстан билігі Каспий құбыр консорциумына шабуыл жиілегеннен кейін мұнай экспортына балама жолдар қарастыра бастаған. Балама жол ретінде Қытай бағытынан бөлек, Әзербайжан мен Грузия арқылы Еуропа нарығына шығатын Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры да айтылған.
Жалпы, Қазақстан-Қытай мұнай құбыры екі бөліктен тұрады. Атырау-Кеңқияқ-Атасу-Алашанқай құбыры Қазақстанның батысынан Қытайдың Шыңжаң өлкесін жалғайды. Құбыр жылына 20 млн тонна мұнай тасымалдай алады. Қазір бұл құбыр арқылы негізінен жыл сайын Ресейдің 10 млн тонна мұнайы Қытайға тасымалданып жатыр.
Расул Рысмамбетов. Фото: inbusiness.kz
Қаржыгер, экономист Расул Рысмамбетов Қазақстан билігі балама жолдар іздегенімен әзірге қай бағытты алып қарасаң да, ол Каспий құбыр консорциумын алмастары алмайды. Оның сөзінше, Атырау-Кеңқияқ-Атасу-Алашанқай бағытын да пайдалану қажет. Бірақ ол мәселені шешпейді.
«Әрине КҚК алмастыра алмайды. Бірақ бізде Атырау-Кеңқияқ-Атасу-Алашанқай бағытты бұрыннан бар. Оның жылдық мұнай тасымалдау қуаты 20 миллион тонна. Қазір 10 миллион тонна тасымалданып жатыр. Мүкімін компрессорлық станциялар қойса тағы 5 миллионға арттыруға болатын шығар. Бірақ бұл балама жолдың біреуі ғана. Реалды жағдайда осы бағытта жұмысты бастаған дұрыс. Бірақ бұл біздің экспорттың жартысынан да аз бөлігін құрайды», – дейді ол.
«Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры, мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов Қытайға мұнай тасымалдау уақытша жағдай деп есептейді. Оның үстіне ол «Қытай Қазақстан мұнайын Brend маркалы мұнайға қарағанда арзан бағаға сатып алады» дейді.
«Бұл уақытша жағдай әрі тестік режим. Бұл тұста ескеретін бір жайт, Қытай [Қазақстан] мұнайын Brend маркалы мұнайына қарағанда 5,5 долларға арзанырақ сатып алады. Бұл – Қытайдың сатып алу бағасы. Бұл инвесторларға, мұнай өндіруші компанияларға қаншалықты тиімді оны өздері есептейді деп ойлаймын», – дейді Жұмағұлов Азаттық радиосына берген сұхбатында.
«Каспий құбыр консорциумын алмастыратын балама бағыт жоқ»
Расул Рысмамбетовтің сөзінше, Қазақстан егер санкциядан айналып өту мәселесін шешетін болса, балама жол ретінде Иранды пайдалана алады. Бірақ оның өзінде ең көп дегенде 5 миллион тонна мұнай экспорттауға болады.
«Бұрын біз Иранмен шикізатпен алмасқан болатынбыз. Біз олардың солтүстігіне мұнай жеткізсек, Иран бізге өзінің Бендер-Аббастағы мұнайын беретін. Егер біз Иранға салынған санкциядан саңылау таба алсақ, онда осы бағытты пайдалана алар едік. Бірақ ол бағытта жылына ең көп дегенде 5 миллион тонна ғана», – дейді ол.
Рысмамбетовтің айтуынша, Қазақстанда қазір мұнай экспорттайтын үш ғана бағыт бар. Олар – Каспий құбыр консорциумы, Баку-Тбилиси-Жейхан және Атырау-Кеңқияқ-Атасу-Алашанқай. Бірақ осы үшеуінің арасында әзірге КҚК пара-пар келетін балама бағыт жоқ.
Каспий құбыр консорциумы
Каспий құбыр консорциумына кіретін Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1511 шақырымды құрайды. Қазақстанның жалпы экспорттық мұнайының үштен екі бөлігінен астамы осы бағыт бойынша тасымалданады.
Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, Каспий құбыр консорциумының Ресейге 24%, Қазақстанға 19%, Оманға 7% тиесілі. Консорциум акцияларының қалған жартысын Chevron Caspіan Pіpelіne Consortіum Co. (АҚШ) – 15%, Mobіl Caspіan Pіpelіne Co. – 7,5%, Orux Caspіan Pіpelіne LLC – 1,75%, LUKARCO B.V(Ресей-АҚШ бірлескен кәсіпорны) – 12,5%, Rosneft-Shell Caspіan Ventures Ltd (Ресей-Ұлыбритания бірлескен кәсіпорны) – 7,5%, Agіp іnternatіonal (N.A.) N.V. (Италия) – 2%, BG overslas Holdіngs Ltd. (Британия) – 2%, Kazakhstan Pіpelіne Ventures LLC – 1,75% иелік етеді.