Астанада көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты

Қалижан Бектемір
Фото: ТЖМ

 Астанадағы Сарайшық ауданында орналасқан Қ. Әзербаев көшесіндегі 10 қабатты тұрғын үйде өрт шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде 7-қабаттағы пәтерден өрт анықталған. Сондай-ақ кіреберісті түтін басқан.

Өрт сөндіру қондырғылары дереу іске қосылды, өртті толық сөндіру үшін барлық шара қабылданып, су үздіксіз жеткізіліп жатыр, – делінген хабарламада.

ЭВАКУАЦИЯ

Сонымен қатар оқиға орнында жедел штаб құрылып, өртті сөндіру бірнеше учаскеге бөлініп ұйымдастырылған. Тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысының Іле ауданына қарасты Екпінді ауылында жеке тұрғын үйде газ жарылып, төрт адам зардап шеккен болатын.