Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха қаласында жаңа инфекциялық аурухана құрылысы кезінде адам сүйектері табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙ
Құрылыс жүріп жатқан аумақта жергілікті тұрғындар адам сүйектерін байқап, үрейге түскен. Олардың айтуынша, жердің бәрі сүйекке толы, тіпті бас сүйек, жақ сүйек, қол-аяқ сүйектері мен саусаққа дейін табылған.
Тұрғындар бұл аумақта өткен ғасырда жұқпалы аурудан қайтыс болған адамдар жерленуі мүмкін екенін айтып, инфекция тарау қаупіне алаңдап отыр.
Ал жергілікті билік өкілдері жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Әкімдік дерегінше, бұл жерде бұрын инфекциялық аурухана орналасқан және қайтыс болғандар осы аумақта жерленген. Кейін аумаққа құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Табылған сүйектер заң талаптарына сәйкес қайта жерленеді.
ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жерде инфекциялық аурулардың таралу қаупі жоқ.
ШҚО әкімі баспасөз хатшысы Лаура Жақыпованың сөзінше, полицияның қорытындысына сәйкес, табылған адам сүйектері қайта жерлеуге жатады.
Олардың тарихи құндылығы жоқ. Шемонаиха әкімдігі оларды қолданыстағы зиратқа барлық заң талаптарын сақтай отырып қайта жерлеу туралы шешім қабылдады, – деді Лаура Жақыпова.