Германия Мақсат Дүйсенов ісінде нені тексеріп жатыр

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Германияның Нюрнберг қаласындағы түрмеде екі айдан бері аты көпшілікке онша таныс емес, бірақ Қазақстандағы ең даулы қылмыстық істердің бірін тергеуде шешуші рөл ойнауы мүмкін адам отыр. Қаржы полициясының бұрынғы қызметкері, Қожамжаров командасының мүшесі болған Мақсат Дүйсенов кезінде өзгенің тағдырын талқандауға атсалысса, қазір өзінің тағдыры қыл үстінде тұрғанын дәлелдеуге тырысып, Еуропаан саяси баспана сұрап отыр. Оның басты уәжі – отанына оралса, қудалауға ұшырайтыны. Отыз жылда қалыптасқан Жүйенің бір бөлігі болған күштік құрылым өкілі енді неге Еуропадан пана іздеуге мәжбүр? Ол бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаровтың істері туралы нені біледі? Неге Германия Қазақстанның экстрадициялау туралы өтінішіне жауап беруге асықпай отыр?

Біз Нюрнбергке барып, Дүйсенов ісі бойынша Германияның Көші-қон және босқындар жөніндегі федералдық ведомствосы (BAMF) қалай жұмыс істеп жатқанын және оның экстрадициясы не себепті тоқырап тұрғанын өз көзімізбен көруге тырыстық.

– Жемқор болсын, қылмыскер болсын, кез келген адамның баспана сұрауға құқығы бар. Мақсат Дүйсеновтің саяси қудалауға сілтеме жасап отырғанын ескерсек, оның аз да болса мүмкіндігі бар деп ойлаймын, – дейді сыбайлас жемқорлықпен күресетін халықаралық Transparency International ұйымының мүшесі Әсел Темірова.

Оның айтуынша, егер Дүйсенов Қазақстанға қайтарылған жағдайда азаптауға ұшырайтынын дәлелдей алса, оған белгілі бір мәртебе берілуі мүмкін. Алайда сонымен бірге Германияның экстрадицияға кедергі келтіретін айқын себеп көріп отырған жоқ екенін де түсіну керек, сондықтан сот оның өтінішін қарауға шешім қабылдаған.

Дүйсеновтің өтінішінде вице-премьер Бозымбаевты қоса алғанда, өзге де аты шулы тұлғалар аталатынын білесіз бе? Ал Қазақстанда мұны манипуляция деп бағалап отыр.

– Әрине, кез келген адам өзін қорғау үшін бар мүмкіндікті пайдаланады. Сондықтан мұнда шешімді тек сот қабылдайды, ал BAMF тек ұсыным бере алады. Қазір, менің білуімше, көші-қон ведомствосы әлі ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Бұл ұйымның Дүйсеновтің айтқандарына күмәнмен қарайтынының белгісі деп ойлаймын. Ол сұхбаттарында нақты деректерді көп келтірмеген, Бозымбаевты және басқа да жоғары лауазымды шенеуніктерді айыптаған, ҰҚК қызметкерлері тарапынан қудалау болды деген. Мұның бәрі тексеруді қажет етеді.

КОРРУПЦИЯ ӘДЕТКЕ АЙНАЛҒАНДА

Дүйсеновтің шетелде қымбат жылжымайтын мүлкі бар екені белгілі. Мұны мемлекеттік қызметте істеген адам сатып алуы мүмкін деп ойлайсыз ба?

– Өкінішке қарай, соңғы 30 жылда бұл Қазақстан үшін біртүрлі «мәдениетке» айналды. Яғни, мұндай мүліктің қандай табыспен алынғаны ешкімді таңғалдырмайды. Осы орайда, осы мәселелерді көтеріп жүрген азаматтық қоғам мен журналистерге тәнтімін, өйткені сыбайлас жемқорлықпен күресудің қаншалықты қауіпті екенін бәріміз білеміз. Мақсат Дүйсеновке келсек, дәл кіріс пен шығыстың сәйкессіздігі BAMF қызметкерлерінің күмәнін туғызған. Бір кездері оның тек жалақысы болған, кейін бірнеше жыл бойы мүлде табыс көзі болмаған, бірақ соған қарамастан отбасымен бірге әлемді аралап жүр. Меніңше, дәл осы себепті BAMF оның айтқандарына сенбеді.

ҚОРҒАНУ ҚҰҚЫҒЫН ТЕРІС ПАЙДАЛАНУ

Дүйсеновтің саяси баспана сұрауы шынайы құқық қорғаушылар мен өзге де қорғауға мұқтаж адамдардың беделіне нұқсан келтірмей ме? Бізде Аблязов, Храпунов сияқты аты белгілі істер бар ғой…

– Менің ойымша, Аблязов та, Назарбаев тұсында қызмет еткен басқа адамдар да, бәрібір белгілі бір деңгейде жемқорлықпен байланысты, өйткені мемлекеттік қызметте отырып миллиард табу мүмкін емес. Ал шынайы босқындарға келсек – бұл да үлкен мәселенің бірі. Бұрын жемқорлар қызмет бабында билікті теріс пайдаланса, қазір халықаралық құқықтық қорғау тетіктерін асыра пайдалануға тырысып отыр.

Жақында Дүйсеновтің бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаров Ресей азаматтығын алғаны белгілі болды. Бұған не дейсіз?

– Бұл мені қатты ашуландырады. Президент пен үкімет қатаң шара қабылдап, саяси ерік-жігер бар екенін және заң алдында бәрі тең екенін дәлелдеуі тиіс деп есептеймін. Біреу қап картошканы ұрлады ма, әлде жемқорлық қылмыс жасады ма, айырмашылық болмауы керек. Ал Қожамжаровтың азаматтығын еш кедергісіз ауыстырып алуы дұрыс емес.

МӘСЕЛЕНІ КІМ КӨТЕРЕДІ

Мемлекеттік жүйедегі сыбайлас жемқорлық деңгейін қалай төмендетуге болады? Бар үмітті бір президентке ғана арта аламыз ба?

– Біріншіден, жалғыз Тоқаев мырза бүкіл жүйені жемқорлықтан тазарта алмайды, мұнда бүкіл қоғамның қатысуы қажет. Сондықтан бұл мәселелерді тұрақты түрде көтеріп отыратын мықты азаматтық қоғам қалыптастыру керек. Ал Қожамжаров немесе Дүйсенов сияқты мысалдарға келсек, Германияның оны экстрадицияламауға негізі жоқ. Тек кейбір нюанстар бар: егер Қазақстан Дүйсеновке әділ сот пен лайықты адами жағдай жасалатынын дәлелдей алмаса, онда оны Германияда қалдыруы мүмкін. Бірақ еске салайын, баспана мәселесі бойынша шешімді қабылдайтын жалғыз мемлекеттік орган – BAMF. Сондай-ақ бұл мекеменің қызметкерлері Дүйсеновтің тарихын жан-жақты зерттейтін кәсіби психологтар екенін де ұмытпау керек.

BAMF ДҮЙСЕНОВТІ МҰҚИЯТ ТЕКСЕРЕДІ

Шешім қабылдауға қанша уақыт беріледі? Белгілі бір мерзімдер бар ма?

– Егер адамның оқиғасы нанымды болып, айтқандары нақты фактілерге негізделсе, BAMF әдетте шешімді тез қабылдайды. Ал өте көп сұрақ туындаса, әділ шешім шығару үшін барлығын қайта-қайта тексеруге тура келеді. Егер BAMF баспана беруден бас тартса, өтініш иесі бұл шешімге қарсы сотқа шағымдана алады. Онда сот ұйымның шешімі заңды ма, әлде заңсыз ба, соны қарайды. Ал Дүйсеновтің ісіне келсек, мен бәрібір BAMF әділ шешім шығарады деп ойлаймын.

Дүйсенов өзінің ісінің артында вице-премьер Қанат Бозымбаев тұр деп мәлімдейді. Сіздіңше, ол не үшін аты шулы тұлғаларды алға тартады?

– Өз ұстанымын қорғап отырған кез келген адам түрлі тәсілдер мен әдістерді қолданады, бұл оның құқығы. Бірақ іс жүзінде Мақсат Дүйсенов Бозымбаевты айыптап отыр, сотта да оны Қазақстанның жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлері қудалап жатқанын айтады. Менің білуімше, Германияның бас прокуратурасы да, соты да экстрадициядан бас тартуға негіз көріп отырған жоқ. Дегенмен Дүйсенов нақты адамдар тарапынан қудалау бар деп табанды түрде айтып отырғанын ескеріп, осының бәрін мұқият тексеру туралы шешім қабылданды.

НЕГЕ БҰРЫНҒЫЛАР ҚАШАДЫ?

Сыбайлас жемқорлық айыптары тағылғаннан кейін елден кеткендер көп. Бұл сізге оғаш көрінбей ме?

– Жоқ, зайырлы мемлекетте заң бар, ал қамауға алу туралы шешім шықпағанша, адамның елден кетуге құқығы болды. Мәселе басқа: енді осы адамдарды қалай жауапқа тартамыз? Бұл жерде бәрі үкіметтің саяси ерік-жігеріне, президентке, бас прокурорға байланысты. Егер олар Дүйсеновті іздеуге берсе, неге Қожамжаровты іздеуге жарияламайды? Бірақ менің ойымша, егер бас прокуратура қылмыстық іс қозғаған болса, бұл – ойыншық емес.

КІНӘЛІЛЕРДІ КІМ ЖАЗАЛАЙДЫ

Қазақстанның кінәлілерді жазалауға шамасы жетеді деп ойлайсыз ба?

– Мұнда бәрі бас прокурордың ұстанымына тіреледі. Өйткені өте маңызды бір жайт бар: Дүйсенов Асыловты да айыптап отыр, Оның айтуынша, Қорғас ісін тергеу кезінде сол жылдары Асылов барлық құжаттарға қол қойған көрінеді.

ӨЛІМ ЖАЗАСЫ МА, ӘЛДЕ МӘДЕНИЕТТІ ӨЗГЕРТУ МЕ

Қытайда сыбайлас жемқорлық үшін қатаң жаза қолданылады, тіпті өлім жазасы бар. Бізге де жазаны күшейту керек шығар?

– Бұл – қате тәсіл. Өйткені бізде әлі күнге дейін «тапсырыспен» адамды айыптап, жазықсыз жанды өлім жазасына кесу қаупі бар. Сондықтан полиция мен прокуратурада ашықтық пен әділдіктің жоғары деңгейіне жетпейінше, өлім жазасы – сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ең жаман жол. Коррупциямен мәдениетті өзгерту арқылы күресу керек. Егер 30 жыл бұрын бәрі үндемей, байқамағандай кейіп танытса, қазір сыбайлас жемқорлық туралы балалардың өзі айтып жүр. Демек, біз дұрыс бағытта келеміз.

ЖЕМҚОРЛАРДАН «ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРҒА» ДЕЙІН

Дүйсенов саяси баспана сұраған алғашқы адам емес. Мұхтар Әблязов Францияда тұрып жатыр, ал билік оны экстрадициялай алмай келеді.

– Әблязов мырза – өте қызық тұлға. Менің білуімше, Ұлыбритания мен АҚШ соттарының шешімдері бар, онда оның ақшаны жылыстатқаны дәлелденген. Яғни, біз бұрын Қазақстанда өкілеттігін асыра пайдаланған адамдардың енді халықаралық деңгейде де соны істеп отырғанына куә болып отырмыз. Қылмыскерлердің өзін құқық қорғау ұйымдарымен бүркемелейтін жағдайлар аз емес. Олар өз мүдделерін қорғау үшін түрлі ұйымдар құрады, міне, біз осыған қарсы тұруымыз керек. Дүйсенов те, егер азаптауға сілтеме жасап баспана алса, ол да құқық қорғау ұйымын тіркеп, Әблязов сияқты белгілі бір қызмет жүргізуі мүмкін.

Дүйсенов ісінде қандай сомалар туралы сөз болып отырғанын білесіз бе?

– Жақында айыптау актісінде оның ай сайын 300 мың долларға дейін, тіпті бір миллион долларға дейін алғаны айтылғаны жөнінде пікірлерді оқыдық.

ГЕРМАНИЯДА НЕГЕ ПАРА БЕРМЕЙДІ

Ал Германияда сыбайлас жемқорлықпен қалай күреседі?

– Германияда ондай деңгейдегі сыбайлас жемқорлық жоқ. Мұнда жай ғана барып пара беру мүмкін емес. Мысалы, босқындар лагеріндегі күзетшіге қандай да бір ақпарат алу үшін пара беріп көріңіз. Ол «жақсы» деп күлімсіреп, артынан полиция шақырады. Яғни, мұнда мәдениет мүлде басқа. Сондықтан мен үнемі мәдениет пен ойлау жүйесін өзгерту керек деп айтамын.

Ал қазір Қазақстан халқы «ұрлауға болады, сосын тыныш қана елден кетіп, босқын мәртебесін алып, азаматтық ауыстыруға болады» деген көріністі көріп отыр.

– Дәл осы себепті Дүйсенов ісінің нәтижесі Қазақстан үшін, бас прокуратура үшін өте маңызды. Бұл басқа да істерге прецедент болуы мүмкін. Бәрі біздің құқық қорғау органдарына байланысты.

ЕҢ БАСТЫСЫ – ДӘЛЕЛДЕУ

Біздің органдар экстрадиция жүзеге асуы үшін бірдеңе істеп жатыр ма?

– Германияның бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, Қазақстанға бас тартуға ешқандай негіз жоқ. Яғни, барлық формальды талаптар сақталған. Ашық тұрған жалғыз сұрақ – Дүйсенов саяси себептермен қудаланып жатыр ма, жоқ па. Егер сотта Бозымбаевтың Дүйсеновтің қылмыстық істеріне еш қатысы жоқ екені дәлелденсе, онда оны экстрадициялауы тиіс. Айта беруге болады, бірақ нақты адамдар тарапынан нақты себептермен, қанша уақыт бойы қудалау болғанын дәлелдеу қажет. Оның үстіне, баспана сұрағанға дейін Дүйсенов тыныш өмір сүрген, демек, оған дейін ешкім қудаламаған. Ал кенеттен Бозымбаев пайда болды. Бұл маған өте күмәнді көрінеді.

ТҮРМЕДЕГІ БІР КҮННІҢ ҚҰНЫ

Дүйсеновтің экстрадициясы бойынша шешім қабылдауға қанша уақыт кетуі мүмкін?

– Мұның бәрі соттың шешіміне байланысты. Менің білуімше, оның қамауда ұстау мерзімі жыл соңына дейін ұзартылған. Германия үкіметі оны түрмеде ұзақ ұстауға мүдделі емес деп ойлаймын. Өйткені бір адамды түрмеде ұстауға бір күнге 150-200 еуро жұмсалады. Сондықтан олардың да өз мерзімдері бар, сол шеңберде шешім қабылдайды.

Дүйсенов неге Германияны таңдады деп ойлайсыз?

– Меніңше, ол Германияда заңдардың қалай жұмыс істейтінін толық түсінбеген. Неміс тілін де білмейді. Яғни, ол не істеп жатқанын өзі де аңғармаған. Егер мұндағы заңдарды жақсы біліп, не айту керегін түсініп, дайын болып келсе, сұхбаттарда мүлде қажетсіз дүниелерді айтпас еді. Негізі, ол өзіне қарсы айғақтар беріп қойды. Ол жай ғана қандай жүйеге тап болғанын білмеді және дайын болмады.

Соған қарамастан, ол Парижге немесе Дубайға кеткен жоқ қой.

– Бәлкім, мұнда оны бағыттап, кеңес берген таныстары, достары бар шығар. Адамды іздеуге жариялағаны, жақында ұстайтыны туралы хабар келгенде, ол өзін-өзі ұстай алмай, абдырап, қандай да бір жол іздей бастайды. Сондықтан ол Әмірліктерде немесе Түркияда бірден қамауға алынатынын жақсы түсінген, ал Германия – демократиялы ел, оны сол себепті таңдаған болуы мүмкін.

Сіздіңше, Дүйсеновтің өтініші шынайы саяси босқындарға зиянын тигізе ме?

– Жоқ, бұл оларға тікелей проблема тудырмайды. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа айыпталған адамдардың адам құқықтарын қорғаудың халықаралық тетіктерін қалқан етіп алуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны алаңдатады. Әблязов кетіп, баспана алды, енді Дүйсенов сұрап отыр, келесі кім? Бұл қылмыскерлер үшін ашық «саңылау» болып тұр. Тағы да қайталаймын, бұл мәселеде президент пен бас прокурордың саяси ерік-жігері қажет.

Айтпақшы, Байбек Германияда тұрады дейді. Неге оны ешкім іздемейді деп ойлап көрдіңіз бе?

– Әрине, демек, оған қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ шығар. Оның Германияда екенін де нақты білмеймін. Бірақ сонда да неге ол Қазақстанда емес деген сұрақ туады. Мүмкін Қазақстанда болу оған қауіпті шығар?

– Мүмкін. Бірақ онда бұл мүлде бөлек тақырып, басқа әңгіме.

Зерттеудің толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан көре аласыз.