Саяси жазалау машинасы: депутат Ермұрат Бапи Қожамжаров, Дүйсенов және оның экстрадициясы туралы

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Бұрынғы қаржы полициясының өкілдері, «Қожамжаровтың командасы» деп аталып жүрген топқа қатысты қылмыстық-саяси оқиға жыл соңына қарай жаңа қырынан көрінуде. Тіпті ел аумағынан асып, халықаралық деңгейге шықты. Қожамжаровтың қазір Ресейде тұратыны белгілі болды, ал оның оң қолы саналатын бұрынғы көлік прокуроры Дүйсенов қазір Нюрнберг түрмесінде отыр. Дүйсенов Қазақстаннан баяғыда кеткенімен, кейін үстінен қылмыстық іс қозғалғанда, Германиядан саяси баспана сұрауға мәжбүр болды. Қазір ол Германия билігін отанында өзін саяси қудалау күтіп тұрғанына сендіруге тырысып жатыр.

Бұған дейін біз Қазақстандағы тергеу орбитасына Қожамжаров пен оның қол астындағы Кексель, Татубаев және Дүйсенов іліккенін хабарлағанбыз. Сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының күретамырын қысып ұстаған Айдос Есполов та ұсталды. Дүйсеновтің қазақстандық әділет органдарынан жалтарып кетуге мүмкіндігі бар ма? Мәселенің мәнісін түсіну үшін Ulysmedia.kz өз зерттеуін жүргізуді жөн көрді. Біз 20 жылдан астам уақыт бұрын дәл осы Дүйсенов журналист Ермұрат Бапиді айыпталушылар орындығына отырғызғанын анықтадық. Ұлысмедиа бас редакторы Самал Ибраева бұрынғы айыпталушыдан, бүгінде Мәжіліс депутаты атанған Ермұрат Бапиден сол кездегі жағдай қалай болғанын сұрап білді.

ПРОКУРАТУРА НЕГЕ ҮНСІЗ?

Бұл істің соңы даулы, атышулы сот процесіне ұласуы мүмкін деген болжам бар. Алайда Бас прокуратура егжей-тегжейін жариялауға асығар емес. Қазіргі жағдайды қалай бағалайсыз?

– Бұл жерде Қожамжаровтың саяси тапсырыстарды орындаушы болғанын түсінуіміз керек. ЭКСПО-ға қатысты барлық істер, ірі тұлғалардың қамауға алынуы – бәрі жоғарыдан берілген нұсқаумен жүргізілді. Ол тапсырманы орындады, ал Дүйсенов, Есполов және өзгелер кірген команда соған көмектесті. Бұл саяси жазалау машинасы болды. Сондықтан Дүйсенов қазір өзін «құрбанмын» дегенімен, оның өзі ұзақ жылдар бойы осы репрессиялық тетіктің бір бөлігі болғанын естен шығармау қажет. –

Дүйсеновті елге алдыру үшін Берік Асылов барын салуы керек сияқты. Бас прокуратура белсенділігінің төмен болуын қалай түсіндіресіз?

– Белсенділік істі соңына дейін жеткізуге ниет болғанда ғана пайда болады. Ал қазір болып жатқан жағдай әділдік үшін күрестен гөрі, бізге таныс «ишара саясатына» көбірек ұқсайды. Егер мақсат Қожамжаровтың елге оралуына жол бермеу болса, іс баяу жүре береді. Жалпы әділдік туралы айтсақ, тарихты 90-жылдардың соңынан бастап қарау керек: Қажыгелдин, Жақиянов, Досқалиев, Ахметов және басқалардың істерін қайта көтеру қажет. Бұл – тағдыры талқандалған ондаған адамның мәселесі. Мемлекет сол кезеңде болған жайттарға саяси-құқықтық баға беретін уақыт жетті.

Сіз біздің жүйе мұндай қадамға дайын деп ойлайсыз ба?

– Мұнда мәселе дайындықта емес. Мысалы, Қажыгелдин сырттай сотталды, ал үкімде жаза ұсталатын сәттен бастап есептеледі деп жазылған. Бұл – шешімі жоқ, тұйық шеңбер. Ол елге қайта алмайды, ал оны ақтау – тек саяси биліктің шешімі. Ол үкімге аудандық сотта да шағымдана алмайды, өйткені оны бірден Жоғарғы сот қараған. Демек, Қажыгелдинді ақтау тек Жоғарғы сот төрағасының немесе президенттің шешімімен ғана мүмкін.

НЕГЕ ІС БӘСЕҢ ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР?

Дүйсенов Нюрнберг түрмесінде отырғанына екі ай болды, оны саяси босқын деп тану туралы өтінішін сот қарап жатыр. Қазақстан шынымен де оны экстрадициялауға мүдделі деп ойлайсыз ба?

– Барлығы биліктің Қожамжаров ісін соңына дейін жеткізгісі келе ме, соған байланысты. Егер саяси ерік болса, экстрадицияға қол жеткізуге тырысады. Ал егер мақсат Қожамжаровты тек қорқытып, Қажыгелдин жағдайындағыдай елге жолатпау ғана болса, онда іс баяу жүре береді. Қазір мен бұл тергеуден шын мәнінде соңына дейін жеткізуге деген нақты ұмтылысты көріп тұрғаным жоқ.

Істе жаңа фигурант пайда болды, ол – Назарбаевтың жұбайына туыстығы бар Есполов. Егер оған қатысты іс айыптау сатысына жетсе, мұны «әділетті кезеңнің» басталуы деуге бола ма?

– Соған сенгім келеді. Егер президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы жай ұран болмаса, заңсыз сотталғандарды босатып, кінәлілерді жауапқа тарту қажет. Есполовқа келсек, оның кесірінен 22 адам түрмеге түсті, ал өзі ЭКСПО ісінде тіпті куә ретінде де өтпеген. Оның рөлі эпизодтық қана болды, яғни «пакеттерді жеткізу үшін» анда-санда барып-келіп жүрген. Сонда оның нақты ықпалынан гөрі, тегі мен байланысының көлеңкесі әлдеқайда күшті болып шықты. Тағы бір маңызды жайт, дәлелдерді қолдан жасаған, қылмыстарға көз жұмған адамдарды жазалау керек.

ДҮЙСЕНОВТІ КІМ ҚУДАЛАП ЖҮР?

Германияда босқын мәртебесін бәрі бірдей ала бермейді. Дүйсенов өзін қудалаудың артында Қорғас ісіндегі фигуранттар, тіпті вице-премьер Қанат Бозымбаев тұр деп мәлімдеді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Бұл – қорыққан шенеуніктің үйреншікті тактикасы. Дауысы неғұрлым қатты шыққан сайын, өзін жәбірленуші етіп көрсеткісі келеді. Бозымбаевтың бұл іске қатысы барын дәлелдейтін бірде-бір факт жоқ. Бұл – BAMF-тің көз алдында «мені салмақты адамдар қудалап жүр» деп саяси салмақ жинау әрекеті.

Ол сондай-ақ Қазақстанда өзін азаптау күтіп тұр деп мәлімдеді. Сіз колонияларда болғансыз, қылмыскерді ұстау жағдайын көрдіңіз. Бұл шындыққа қаншалықты сәйкес?

– Саяси істерде мұндай нәрсе мүмкін емес. Жыланбаевты да, Мұхаметкәрімді де, Тілеужанды да ешкім азаптап отырған жоқ. Дүйсенов Германияда өзін құрбан етіп көрсетуге тырысып отыр. Ол Қазақстанда бұрынғы күштік құрылым өкілдері отыратын «қызыл» аймақтар бар екенін жақсы біледі. Ол жақта ешкім ешкімді азаптамайды, яғни «қарға қарғаның көзін шұқымайд». Бір ортадан, бір жүйеден шыққан адамдар бір-біріне зиян келтірмейді, тіпті қателіктерін білсе де, артын қазбаламайды.

Германия оны Қазақстанға қайтарады деген нұсқа әзірге теория жүзінде ғана ма?

– Егер Қазақстан істің саяси емес, қылмыстық екенін дәлелдесе, қайтаруы тиіс. Бірақ мұнда эмоция емес, сот жүйеміздің кемелдік деңгейі шешуші болады. Немістер фамилияға емес, әділ сот стандарттарына қарайды.

Сіздің ойыңызша, Қожамжаров ісі сотқа дейін жетеді ме, әлде ұмыт қала ма?

– Барлығы бұл істің не үшін ашылғанына байланысты. Егер бұл жай ғана шоу болса, бәрі тез әрі үнсіз басылады. Ал егер Назарбаев мұрасын талдауға бағытталған үлкен саяси-құқықтық циклдің бастауы болса, іс тереңдейді. Бірақ бір мәселе бар: Қожамжаров қазір Ресей азаматы, Медведевпен достығы бар, бұл оны экстрадициялауды қиындатады.

ДҮЙСЕНОВ КІМГЕ КЕДЕРГІ БОЛУЫ МҮМКІН

Егер Дүйсенов қайткен күнде де елге жеткізілсе, өзін құтқару үшін жаңа мәлімдемелер жасап, жаңа есімдерді атауы мүмкін деп ойлайсыз ба?

– Әрине. Өзін сақтап қалу үшін ол білетінінің бәрін айтып береді. Бұл Ресейден Қожамжаровты экстрадициялауға ресми негіз болуы мүмкін. Бірақ мен бұған мүмкіндік өте аз деп санаймын.

Неліктен құқық қорғау органдары ЭКСПО істерін қайта қарауды әлі бастамады?

– Өйткені бұл істердің түбінде Назарбаевтың есімі жатыр. Есполов соның көлеңкесі ғана. Қожамжаров – орындаушы. Ал олардың артында сол жылдардағы саяси шешімдер тұр. Жүйені бір күнде тазарту мүмкін емес, адамдар да көп, мүдделер де көп, ақша да көп.

Назарбаевтың айналасына қатысты барлық істің өте ұқыпты, тыныш жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл сақтықты Тоқаев талап етіп отыр ма?

— Иә, солай деп ойлаймын. Ол тұрақсыздықты қаламайды, сондықтан ақырын әрекет етеді. Тағы бір мәселе – «ескі гвардияның» ресурстары бар: ақша, байланыс, ықпал. Олар шу көтеріп, қысым жасап, медианы және парламенттік ортаны пайдалана алады. Тоқаев өте жұқа мұздың үстімен жүріп келеді.

БАПИ ІСІ

Сіз өзіңіз Қожамжаровтың «саяси машинасының» құрбаны болдыңыз. Сіздің ісіңізді Дүйсенов жүргізді ме?

– Бұл нағыз саяси қысым болды. 2003 жылы мен «СолДат» газетін шығаратынмын, ол «Қазақгейт» туралы алғашқылардың бірі болып жазды. Маған «салық төлемеді» деген айып тағылды. Менің қолым қойылған бірде-бір құжат табылмаса да, үкім шығарылды. Түрмеден тек амнистияның арқасында құтылдым. Бес жыл бойы кәсібіммен айналыса алмадым, газетті «бас оқырман» ретінде шығардым. Мұның бәрі құрамында Дүйсенов болған сол команданың жұмысы.

Тергеудің толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан көре аласыз.