Жапония үкіметі 19-20 желтоқсанда Токиода Орталық Азияның бес мемлекетімен «C5+1» форматындағы саммит өткізеді. Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаити Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездеседі. Бұл кездесулерде қандай тақырыптар қозғалып, аталған формат аясында қандай жобалар дайындалады деген сұраққа Ulysmedia.kz ой жүгіртті.
Келелі кеңес
2025 жылдың желтоқсан айының соңы Орталық Азия елдері мен Жапония үшін жаңа кезеңнің басы болмақ. Өйткені «C5+1» форматындағы саммит – Орталық Азия елдері мен Жапония басшыларының тарихтағы алғашқы бетпе-бет кездесуі. 2024 жылы Жапония аралдарындағы тектоникалық үдерістерге байланысты кейінге шегерілген кездесу, міне, бүгін-ертең өтпекші. Бұл саммит «C5+1» форматындағы кезекті протоколдық жиын ғана емес. Бұл – Жапонияның аймаққа инвестиция арқылы, яғни дипломатиялық жолмен кіру әрекеті. Мұны дипломатия тілінде «жұмсақ күш» деп атайды.
– Соңғы жарты жылда Ресей, Қытай, АҚШ және басқа да елдер Орталық Азия мемлекеттерімен бірлескен саммиттер өткізді. Дипломатиялық тұрғыдан алғанда, Жапонияның да мұндай саммитті өткізуі өте маңызды, – деді биліктегі Либерал-демократиялық партияның вице-президенті Таро Асо.
Жапония – «плюс» форматтың сакурасы
«Орталық Азия + Жапония» форматы кеше ғана пайда болған жоқ, бұл идея 2004 жылы бүр жарды. Бастама аймақпен алғашқы көпжақты диалог ретінде қолға алынған. Сол кезде Астанада Орталық Азияның бес елі және Жапонияның сыртқы істер министрлері бір үстел басына жиналып, экономика, қауіпсіздік және мәдени байланыстарға басымдық бере отырып, ынтымақтастықтың іргетасын қалады. Жапония көкжиекті байыппен бақылаған дана самурайдай бұл форматтың жалауын алғаш болып көтерді, кейін Қытай, Ресей, ЕО және басқа да ірі ойыншылар осы «плюс» форматтарға қызығушылығы оянды.
Тәуекелдерді әртараптандыру
Токио үшін Орталық Азия – ірі державалардың ат қорасы емес, Еуразияға шығатын алтын қақпа. Қытай бұл кеңістікте жолдар салып жатса, Ресей қауіпсіздік қаңқасын өз түсінігімен сақтауға тырысады. Ал Жапония жоғары технологиялық шешімдерді ұсынады. Экономикалық қауіпсіздік саяси қауіпсіздіктің басты кілті саналған заманда Жапония өз серіктестерінен саяси адалдықты талап етпейді, ол тек «тәуекелдерді әртараптандыруға» басымдық береді. Олар «Бір ғана сатып алушыға немесе бір бағытқа тәуелді болмауға көмектесеміз» дегенді алға тартады. Жапондықтардың пайымынша, ауқымнан гөрі сапа маңызды. Өйткені жапондықтар «жасыл» энергетикаға, сутекке және декарбонизацияға екпін қойып отыр. Бұл – шикізат өндіруден жапон патенттері арқылы қосылған құны жоғары өндірістік тізбектер құруға көшу ұсынысы. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Токио «еркін әрі ашық халықаралық тәртіп» идеясын алға тартады. Бұл абыр-дабырмен емес, салқынқанды шешіммен бітетін дипломатия жолы.
Негізгі трендтер
Саммитке қатысты жеке болжамын Ulysmedia.kz-ке армян саясаттанушысы, шығыстанушы, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі маман Андраник Ованнисян айтты.
– Токиода өтетін «Орталық Азия + Жапония» саммиті аясында Жапония экономикалық байланыстарды нығайту мен инновацияларды дамытуға басымдық береді. Атап айтқанда, жоғары технологиялар, аса маңызды ресурстарды (уран, сирек кездесетін металдар мен энергия тасымалдаушылар) жеткізу тізбектері, сондай-ақ экономикалық қауіпсіздікті күшейту аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдері саласында жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұл – соңғы жылдары жетекші өңірлік және жаһандық ойыншылар арасындағы бәсеке күшейген аймақта Жапонияның белсендірек әрі серіктес болуға ұмтылысын көрсетеді, – дейді саясаттанушы.
Инвестиция мүмкіндігі
Ованнисянның айтуынша, Орталық Азия елдері үшін бұл саммит сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыруға, жапон инвестициялары мен инновациялық технологияларды тартуға, сондай-ақ энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларындағы екіжақты жобаларды нығайтуға мүмкіндік береді.
Тепе-теңдік іздеу
Аймақтың бес елі – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан үшін Токиодағы кездесу, ең алдымен, өз егемендігін әлемдік саясат сахнасында көрсету мүмкіндігі. Аймақ Жапонияны жай ғана донор емес, жасанды интеллект технологияларын әкелетін, су тапшылығы мәселесін шешуге көмектесетін және шекараларды цифрландыруға ықпал ететін «адал брокер» ретінде көргісі келеді. Негізгі сұраныстардың бірі – қарызға батырмай, жергілікті өндірістерге негіз болатын тікелей инвестициялар.
Жапонияның мүддесі
Саммитке қатысты болжамды біз тәжік саясаттанушысы Мұхаммад Шамсуддиновтен де сұрадық.
– Мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесуді былтыр өткізу жоспарланған еді, алайда Жапония тарапы «елде жойқын жер сілкінісі қаупі бар» деген себеппен оны тоқтатты. Бұл кездесуді ұзаққа созбай қайта жоспарлауы Жапонияның оған аса мүдделі екенін көрсетеді. Токио Орталық Азияның соңғы жылдары халықаралық аренадағы маңызы артып келе жатқанын елеусіз қалдыра алмайды. Биылдың өзінде ЕО, Қытай, Ресей және АҚШ C5+1 форматында саммиттер өткізді. Жапонияны әсіресе аймақта Қытайдың ықпалының күшеюі алаңдатады, – дейді саясаттанушы.
Теңгерім қажет
Оның айтуынша, бұл алаңдаушылықты Жапонияның жаңа премьер-министрі Санаэ Такаитидің қараша айында жасаған мәлімдемесі аясында қарастырған жөн. Ол Тайваньның егемендігіне нұқсан келіп, оған қарсы агрессия жасалған жағдайда Токио әскери күш қолдануға дайын екенін айтқан. Бұл – Жапония премьер-министрінің аузынан шыққан алғашқы мұндай мәлімдеме және сенімсіздік пен алаңдаушылық деңгейінің жоғары екенін аңғартады. Сарапшының пікірінше, Жапония мен АҚШ бастаған бірқатар елдердің Қытайдың аса маңызды минералдар саласындағы үстемдігіне қатысты алаңдаушылығын да атап өткен жөн. Қытай әлемдік өндірістің шамамен 70%-ын және бұл минералдарды өңдеудің 85%-дан астамын өз қолында ұстап отыр. ҚХР-дың биыл қазан айында осы шикізатқа экспорттық бақылау енгізуі АҚШ пен Жапония үшін ескерту белгісіне айналып, қазан айының соңында екі ел арасында аса маңызды минералдар жөніндегі меморандумға қол қоюға түрткі болды.
– Қараша айының басында АҚШ бұл бағытта Орталық Азия елдерімен де келісімге қол қойды. Бүгінде аймақ Жапония үшін ҚХР-мен бәсекеде стратегиялық мәнге ие тылға айналып отыр. Токио C5+1 аясында Орталық Азиядағы Қытай ықпалының күшеюін бәсеңдету қажет екенін түсінеді, – дейді Шамсуддинов.
Форматтың бірегейлігі
2025 жылғы «Орталық Азия + Жапония» саммиті АҚШ, Қытай немесе ЕО форматтарынан айқын ерекшеленеді. Мәселен, Жапония Ресейдегідей империялық пиғылсыз, идеологиялық қысымсыз аймаққа келіп отырған жалғыз ірі держава. Бұл өзара шынайы сенім атмосферасын қалыптастырады. Өзге ойыншылардан айырмашылығы, Жапония «ертеңгі күннің» технологияларымен (сутек, мемлекеттік басқарудағы ЖИ) бөлісуге дайын. Бұл – «орташа табыс тұзағында» қалып қойған елдер үшін аса маңызды бағыттар.
Ықпалдың прагматизмі
Ulysmedia.kz-ке жағдайға қатысты көзқарасын грузин саясаттанушысы, халықаралық сарапшы Василий Папава да білдірді.
– Жапония тарапынан негізгі месседждер ресурсқа бай өңірдегі ықпалын прагматикалық тұрғыда кеңейтуге бағытталған. Токио аса маңызды минералдарды (сирек жер металдары, уран, мыс) тұрақты жеткізу тізбектеріне, декарбонизацияға және «жасыл» технологияларға, тау-кен саласында жасанды интеллект қолданылатын инфрақұрылымдық жобаларға, сондай-ақ экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға басымдық береді. Жапония Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы стратегиясы аясында Орталық Азиядағы позициясын күшейтіп, құқық пен ортақ ережелерге негізделген халықаралық тәртіп қағидаттарын алға тартуға ұмтылады, – дейді саясаттанушы.
Папаваның пікірінше, инфрақұрылымдық жобалар аясында Ресей мен ішінара Қытайды айналып өтетін логистиканы әртараптандыруға мүмкіндік беретін Транскаспий көлік дәліздерін дамыту мәселесі де қозғалуы ықтимал. Ал Орталық Азия көшбасшылары өз кезегінде әріптестіктің өзара тиімді екенін, экономиканы жаңғырту үшін жапон капиталын тартудың маңызын, көпжақты дипломатиядағы дербестікті және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін «жасыл» жобаларға қызығушылықты атап өтуі мүмкін.
Басқа да басымдықтар
Грузин сарапшысының айтуынша, бұл саммитті ұқсас форматтардан ерекшелейтін бірнеше қыры бар. АҚШ-пен C5+1 форматы (қауіпсіздік пен демократияландыруға басымдық) немесе Қытаймен C5+Қытай (ауқымды инфрақұрылымдық мегажобалар – «Бір белдеу, бір жол») форматтарынан айырмашылығы, жапон тәсілі технологиялық әрі экологиялық сипатта: декарбонизацияға (2025 жылы «көміртегі бейтараптығының жол картасы» бекітілген), цифрландыруға және бір донордың үстемдігінсіз жеке инвестицияларға назар аударылады. Ал C5+ЕО немесе C5+Оңтүстік Корея форматтарынан Жапонияның шикізат импорттаушы ел ретіндегі ресурстық қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлуімен ерекшеленеді. Саммит қорытындысы бойынша ұзақ мерзімді басымдықтарды айқындайтын Токио декларациясын қабылдау жоспарланып отыр.
Қауіпсіз «үшінші күш»
– Саммиттің геосаяси контексі айқын әрі көпқырлы. Қытайдың ықпалы күшейіп, Ресейдің әсері сақталып отырған қазіргідей жағдайда Жапония Үнді-Тынық мұхиты стратегиясының бір бөлігі ретінде Орталық Азиядағы орнын нығайтуды көздейді, – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, аймақ Токио үшін жоғары технологиялық өнеркәсіпке қажет бай ресурстарымен және Бейжіңмен бәсекеде буфер ретіндегі маңызымен құнды. Саммит жаһандық үрдіске сай келеді: Орталық Азия елдері серіктестерін белсенді түрде әртараптандырып, тарихи ауыртпалығы жоқ «үшінші күш» ретінде Жапонияны тартып отыр.
– Бұл революциялық серпіліс емес, бірақ жаһандық белгісіздік пен АҚШ, ЕО және Түркияның аймаққа қызығушылығы артқан тұста ықпалдарды теңестірудегі маңызды қадам. Ұзақ мерзімде бұл формат тұрақты механизмге айналып, Жапонияның Еуразиялық геосаясаттағы рөлін күшейтуі мүмкін, – деп түйіндейді Папава.
Бұл саммит несімен ерекшеленеді? Пекинмен немесе Мәскеумен кездесулер кейде ауқымы зор, бірақ тәуелділігі жоғары болғандықтан, қауіп басым. Уашиңтон немесе Брюссельмен диалог құндылықтарға негізделген идеологиялық жел іспетті. Ал жапон тәсілі – бамбук орманында аққан тыныш бұлақтай: байсалды, сапалы әрі ұзақмерзімді. Осыған байланысты пікірін америкалық саясаттану PhD докторы Асхат Дүкенбаевтан (Кливленд) да сұрадық.
– «Орталық Азия + Жапония» саммиті Токиода алғаш рет мемлекет басшыларын бір үстелге жинайды. Жапония сауда, инвестиция және бірлескен инфрақұрылымдық әрі технологиялық жобаларды нығайтуды көздейді, көпжақты ынтымақтастыққа адалдығын атап өтеді. Орталық Азия елдері де көпвекторлы сыртқы саясатты күшейтіп, экономиканы әртараптандыруға, экспортты кеңейтуге және жаңа технологияларды енгізуге ұмтылып отыр. Тағы бір маңызды жайт, ірі державалармен өтетін осындай кездесулерден айырмашылығы – бұл саммит айқын геосаяси қысымсыз, прагматикалық әріптестікке негізделген, – дейді саясаттанушы.
Қазақ дискурсы
– Қызығы, аймақтың Жапониямен жаңа саяси қарым-қатынасының тарихы ХХ ғасырдың басына барып тіреледі. Жақында белгілі болғандай, Ресей империясы құлағаннан кейін, Азамат соғысы жылдарында Алашорда үкіметі Токиоға Алошорда үкіметін дербес үкімет ретінде тану (мойындау) мен қолдау көрсету жөнінде өтініш білдіріп, Париждегі бейбітшілік конференциясына өз өкілін жіберу ниетін жеткізген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити арасындағы кездесу барысында сол кезеңнің архив құжаттары Қазақстанға тапсырылса, бұл ерекше маңызды болар еді. Сондықтан бүгінгі саммит тек қазіргі ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, кеңестік «темір шымылдық» жылдарында орындалмай қалған тарихи ұмтылысты, яғни Жапония арқылы халықаралық қауымдастыққа кірігу идеясын жүзеге асырып отыр, – дейді А. Дүкенбаев.
«Қауіпсіз терминал»
Қазақстан тұрғысынан алғанда, бұл саммиттің маңызы ерекше. Астана мұнда жай ғана қатысушы емес, өңірлік диалогтың негізгі логистикалық операторы ретінде көрінеді. Қазақстан үшін Жапония – Орта дәлізді нақты мазмұнмен толтыруға мүмкіндік беретін мінсіз әріптес. Порттарды басқару мен логистикадағы жапон технологиялары Каспий торабын «ақылды хабқа» айналдыра алады. Қазақстан Жапонияға стратегиялық әріптестік ұсынады, мұнда аса маңызды шикізатқа (литий, кобальт) қолжетімділікті олардың терең өңдеу технологияларына айырбастау ұсынысы жатыр. Бұдан бөлек, Астана өзін жапон капиталы үшін ең мазасыз аймақтағы «қауіпсіз терминал» ретінде ұсынып отыр.
Ықпал логикасынан тыс
Өз пікірін қазақстандық саясаттанушы, өз есімімен аттас Telegram-арнаның авторы Арсен Сәрсеков те білдірді.
– Ұзақ уақыт алыс-беріс, барыс-келіс азайған уақытта, ең алдымен, ұстанымдарды салыстыру, басымдықтарды өзектендіру және жұмыс күн тәртібін қалпына келтіру мәселесі қозғалғалы отыр. Бұл – түбегейлі жаңа бастамаларды іске қосу емес, – дейді сарапшы.
Оның ойынша, жапон тәсілінің басты ерекшелігі – саяси бояуының солғын болуы. Жапония аймақпен ынтымақтастықты ықпал, қауіпсіздік немесе геосаяси позициялау логикасына емес, таза экономикаға, технологияларға, инфрақұрылымдық шешімдер мен институционалдық стандарттарға назар аударады. Өзге сыртқы ойыншылардан айырмашылығы, Токио экономикалық өзара іс-қимылды саяси міндеттемелермен байланыстырмайды, сондықтан бұл форматты Орталық Азия елдері үшін жайлы әрі болжамды етеді.
– Жапонияда атом энергетикасын кезең-кезеңімен қайта іске қосу факторы да айрықша назар аударарлық. Сол арқылы ядролық қауіпсіздік пен технологиялық консалтингтен бастап, отын, инжиниринг және кадр даярлауға дейін қамтитын салалық ынтымақтастықтың әлеуеті кеңейіп отыр. Бұл Қазақстан мен жалпы аймақ үшін экономикалық күн тәртібін прагматикалық әрі технологиялық мазмұнмен толықтыратын қосымша мүмкіндіктер терезесін ашады, – деп түйіндейді Сәрсеков.
Токиодағы саммит – геосаяси қайта бөлу туралы емес, «дипломатиялық инженерия» туралы. Жапония Орталық Азияға Шығыс пен Батыстың бірін таңда демейді, керісінше кез келген геосаяси дауылға төтеп беретін берік іргетасы бар заманауи, технологиялық «үй» салу мүмкіндігін алға тартады.