Жеке іс пе, әлде жүйелік проблема ма - ҰҚК экс-офицері Қорғас ісі туралы

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia-ның YouTube-арнасындағы «Қазақстандық спрут: қаржы полицейлері неге қашты?» атты арнайы репортажы әлі қаралып жатыр. Бұл тақырыпқа қазақстандықтардың қызығушылығы жоғары екенін бес күн ішінде жобаны 176 мыңнан астам адам тамашалағанынан-ақ біле беріңіз. Репортаж кейіпкерлерінің бірі Ерлан Әбдірахманов Назарбаев кезеңіндегі ең даулы әрі резонансты қылмыстық іс бойынша 17 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол колонияда 10 жылын өткізген. Қазір ҰҚК-нің бұрынғы офицері бұл істі тапсырыспен қозғалған деп атап, тергеуді Қайрат Қожамжаров командасындағы адамдар жүргізгенін, ал негізгі «дәлелдер» азаптау арқылы алынғанын айтады. Мұндай қысымға тап болғандар аз емес, ондаған адам бар. Олардың көбі бостандыққа шыққан, ал кейбірі әлі де жазасын өтеп жатыр. Әбдірахманов бұл қуғын-сүргін жүйесінің қалай жұмыс істегенін Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға егжей-тегжейлі баяндап берді.

КІНӘЛІЛЕРГЕ ТАПСЫРЫС

Сізді Қорғас пен Қалжат кеден бекеттері арқылы контрабандалық тауар өткізген қылмыстық топтың мүшесі ретінде соттады. Бұл іс бойынша 45 адам жазасын өтеп шықты. Сіз әлі де өз кінәсіздігіңізді айтып келесіз бе?

— Мен өзімді басынан бастап кінәсіз деп санадым, бұл істің тапсырыспен қозғалғанына сенімді болдым. Себебі ешқандай дәлел болған жоқ әрі болмайды да. Тергеушілер айыптау қорытындысында көрсеткен дүниелердің бәрі ойдан шығарылған, ештеңемен дәлелденбеген. Біз сотта айыптаудың әр тармағын, әр абзацын жоққа шығарып, өз дәлелдеріміз бен алибилерімізді ұсындық. Алайда, өкінішке қарай, бізді ешкім тыңдамады, дәлірек айтсақ, тыңдағысы келмеді. Өйткені ол кезде саяси басшылық басқа еді. Билікте бір-бірімен байланысы бар адамдар отырды. Жоғарғы сотта да, Бас прокуратурада да, сол кезде Қожамжаров басқарған Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінде де. Оған қол астындағы адамдар, соның ішінде Мақсат Дүйсенов, Татубаев секілділер көмектесті.

Яғни, Қожамжаров тапсырыспен жұмыс істеді деп ойлайсыз ба?

— Ол үлкен бір ведомствоны басқарды, біреуден тапсырма алды деу қиын. Бұл, шамасы, оның немесе оның қол астындағылардың шешімі болған. Бастама төменнен шыққан болуы әбден мүмкін. Бірақ мен көрген құжаттарға қарағанда, бастама сол кезде Мақсат Дүйсенов басқарған Алматы қалалық финпол департаментінен шыққан.

КІМ КІМНЕН КЕК АЛЫП ЖҮР?

Қазір Дүйсенов Германия түрмесінде отыр және саяси баспана сұрады. Ол өзіне қарсы тапсырыс барын, оған Қорғас ісі бойынша сотталғандар, соның ішінде сіз де кек алып жүргенін айтады.

— Салыстыру үшін айтайын: мен әлі күнге дейін сотталған адаммын. Экономикалық қылмыс үшін 10,5 жыл отырдым, ал жалпы жаза – 17 жыл. Бас бостандығынан айыру орындарында жүріп, кей адамдарға кісі өлтіру, зорлау немесе терроризм үшін де мұндай мерзім берілмегенін көрдім. Осыдан-ақ маған тағылған айыптың тапсырыспен жасалғаны анық байқалады. Тергеу тіпті келтірілген шығын көлемін де нақтылай алмады. Бізді, Жақаев екеумізді, бір тиын да шығынсыз 17 жылға соттады.

Ал енді Дүйсенов өзін бұрынғы ҰҚК қызметкерлері «тапсырыспен қудалап жатыр» дейді.

— Дүйсеновтің өзіне қатысты қылмыстық іс бар. Мен лауазымды тұлға болмасам, билік өкілетім болмаса, ол қандай тапсырыс туралы айтып отыр? Қазір отбасымды асырау үшін үш-төрт жерде жұмыс істеп жүрмін, балаларға көмектесуге тырысамын. Өзім әлі де сотталған адам бола тұра, қандай тапсырысты ұйымдастыра аламын?

ДҮЙСЕНОВ ІСІНДЕ САЯСАТ БАР МА?

Сіз Қанат Бозымбаевты танисыз ба?

— Мен Қанат Бозымбаевпен жеке таныс емеспін, оны тек теледидардан білемін. Дүйсенов бұл істі саясаттандырғысы келеді, Германия билігіне өзіне қарсы саяси қудалау бар екенін дәлелдегісі келеді. Бірақ мұнда қандай саясат болуы мүмкін? Ол – жай ғана сыбайлас жемқор. Өзі қылмыстық схемалар ұйымдастырып, соны орындап, соның есебінен байыған. Бұл істе мен ешқандай саясат көріп тұрған жоқпын.

Сіз ең қатаң үкімдердің бірімен 10 жылдан астам уақыт колонияда отырдыңыз. Бұл жағдай сізді қатыгез етіп жібермеді ме?

— Адам түрмеге түскенде, ойлануға уақыты өте көп болады. Ең алдымен, өз іс-әрекеттеріңе қарап, өмірде не дұрыс, не бұрыс жасағаныңды саралайсың. Өз қателіктерімді жан-жақты қарап, өмірге сәл философиялық көзқараспен қарауды үйрендім. Сондықтан қазір ешқандай өкпе-реніш жоқ. Қазіргі бар мақсатым – өз кінәсіздігімді дәлелдеу.

Ал оны қалай дәлелдемекшісіз?

— Мен өзімнің уәждерімді растайтын материалдарды Бас прокуратураға жолдап жатырмын. Махатовтың басшылығымен тапсырыспен кісі өлтіру жасалғанын дәлелдеуге тырысып жүрмін. Ол, айтпақшы, өзін барлық жерде Мақсат Дүйсеновтің жақын досымын деп айтып жүрген. Сонымен қатар өзін қаржы полициясының «кассирімін» деп те жариялаған. Мен сотта кеден қызметкері Медет Жамаштың өлтірілуіне тапсырысты дәл сол берді деп айттым. Себебі олар қаржы полициясындағы кураторларымен, басшыларымен бірге жасаған барлық қылмысын жасыруды көздеген.

Қандай қылмыстар туралы сөз болып отыр?

— Бұл – парақорлық, азаптау. Қазір мұның бәрі расталып отыр. Махатов 20 жылға сотталды, оған басқа қылмыстары үшін де жаза мерзімі қосылды. Дәл сол тапсырыспен жасалған кісі өлтіру үшін. Бұл қылмыс әшкереленді, Жоғарғы сот соңғы нүктесін қойды. Маған қарсы айғақ берген тұлғаларды маған жала жабуға көндіру үшін соққыға жығып, азаптағаны дәлелденді. Алайда сот олардың маған қатысты көрсетулерін дәлел ретінде қолдануға болмайды деп таныды. Бір қызығы, осының бәрін біле тұра, Бас прокуратура басшылығы біздің іс бойынша әлі күнге дейін ешқандай шара қабылдамай отыр.

ПРОКУРАТУРА НЕГЕ ҮНСІЗ?

Мұны қалай түсіндіресіз?

— Себебі Бас прокуратурада бұрын Қайрат Қожамжаровпен байланысы болған адамдар әлі де отыр. Бұл құпия емес, қазір сол жерде жұмыс істеп жүргендердің өмірбаянын қарасаңыз, бәрі бірден көзге түседі.

Бұл туралы Асылов білмей ме? Әлде оның қолынан келмей ме, болмаса ниеті жоқ па?

— Меніңше, Бас прокурордың алдында мемлекет басшысы қойған біздің істен бөлек миллиондаған міндет бар. Ол бәрін жеке бақылап отыруға міндетті емес, оның міндеті — басшылық жасау. Ал оның қол астындағы қызметкерлер мұнымен айналысқысы келмейді. Олар жалақы алады, погон тағады. Менің ойымша, олардың қатарында мұны әдейі істегісі келмейтіндер көп, өйткені солардың өзі кезінде Қорғас ісін тергеуге қатысқан

Қожамжаров пен Дүйсеновтің Қазақстаннан кетіп қалуына қалай қарайсыз?

— Менің де Қазақстаннан кетуге мүмкіндігім болған. Біз оларды бақылауда ұстадық, «Караванщики» атты жедел әзірлеме жүргіздік және Астанаға шақыртудың неге апаратынын түсіндік. Соған қарамастан, біз батыл түрде қаржы полициясына өзіміз бардық. Сол жерде жуырда Алматы қаласы прокурорының орынбасары қызметін атқарған Ауғанбаев мырза бізге 142-бап бойынша айып тағып, қамауға алды. Біз ешқайда қашқан жоқпыз, бәрін түсінсек те, өзіміздің кінәсіз екенімізге сенімді болдық. Мысалы, қаржы полициясы ұстаған генерал Аманбаев та ешқайда қашқан жоқ, мүмкіндігі болғаны анық. Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов те елден кетпеді. Мен Қожамжаров, Татубаев, Дүйсеновтің басшылығындағы қаржы полициясы тарапынан қылмыстық қудалауға ұшырағандардың барлығы өздерінің еш кінәсі жоқ екенін түсінді, сондықтан не үшін қашуы керек деп ойлады деп нық сеніммен айта аламын. 

МАҚСАТЫМ – КІНӘСІЗДІГІМДІ ДӘЛЕЛДЕУ

Айыптаулар соңына дейін зерттеліп, Қожамжаров, Кексель, Татубаев пен Дүйсенов сотталады деп сенесіз бе?

— Қожамжаровқа кісен салынады деп сенбеймін. Біріншіден, ол қазір елде жоқ, ал белгілі себептерге байланысты, әсіресе Ресейден экстрадициялау не ұстау оңай емес. Дегенмен саяси жағдай өзгеруі мүмкін. Менің Қожамжаровпен ешқандай жеке қарым-қатынасым болған жоқ, оны ешқашан көрмедім, қол алыспадым, бір дастарқанда отырмадым. Ол тұтқындала ма, жоқ па, маған бәрібір. Менің өз мақсатым бар, ол өз кінәсіздігімді дәлелдеу. Ал оның кінәсін дәлелдеу менің шаруам емес. Онымен сол үшін жалақы алып отырған құқық қорғау органдары айналысуы тиіс.

КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАҒАНДАРДЫ ҚАЛАЙ ШЕТТЕТТІ

Антикорды (бұрынғы Қаржы полициясын) ҰҚК құрылымына көшіру туралы шешімге қалай қарадыңыз?

— Мен 2004 жылдан 2011 жылға дейін қызмет еткен кезде қаржы полициясы мүлде қажет емес орган деген берік пікірде болдым. Бұл құрылым артық еді. Олардың жұмысы тек өздерінің және белгілі бір саяси тұлғалардың баюына бағытталды, яғни рейдерлік арқылы немесе көңілінен шықпағандарға қылмыстық қудалау жүргізу жолымен. Егер бүкіл кезеңдегі тарихты қарап, олар тергеген істерді көтерсеңіз, негізінен белгілі бір саяси басшыларға ұнамаған адамдарды шеттетуге бағытталғанын көресіз. Мен өзім 2005 жылдан бастап ҰҚК басшылығының тапсырмасымен қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты жедел әзірлемелер жүргізіп, көптеген сыбайлас жемқорлық қылмыстарын әшкереледім. Оларға жүктелген сыбайлас жемқорлықпен, экономикалық қылмыстармен күресу міндеті іс жүзінде керісінше атқарылды: «қорғау», қамқорлық көрсету, соның есебінен баю, бәсекелестерді жою, рейдерлік жасау және тағысын тағы. Яғни, үлкен ақша табуға өкілеттігі мен мүмкіндігі бар қылмыстық орган қалыптасты.

ДҮЙСЕНОВ НЕДЕН ҚОРҚАДЫ?

Германияда Дүйсенов Қазақстан түрмесінде отыру қауіпті, онда адамдарды азаптайды деп мәлімдеді. Оның қорқынышы негізді ме? Сізді азаптады ма?

— Маған қатысты азаптауға баруға олардың жүрегі дауаламаған шығар. Ең көбі мені бір ай бойы жалғыз камерада, өлім жазасына кесілгендерге арналған камерада ұстады. Оның ені — 1,2 метр, ұзындығы — 2,5 метр. Дәретхана жоқ, жай ғана сасық иіс шығатын тесік. Мен, Жақаев, Құрманәлиев және Артықпаев осындай жағдайда отырдық. Әрине, психологиялық тұрғыдан сындыруға тырысқан болуы мүмкін, олардың істей алғаны осы ғана. Ал өзгелерді маған қарсы куәлік берсін деп ұрып-соғып, азаптаған. Басқа дәлел болмаған. Ал ҰҚК-нің орта буындағы басшыларын ұстау үшін комитет басшылығына салмақты дәлелдер қажет екенін өзіңіз де түсінесіз, қызметкерді бекерден-бекер ұстаған жоқпыз деу үшін.

ҰҚК-НІҢ РӨЛІ

Сіз Самат Әбішевпен бірге жұмыс істедіңіз, не есіңізде қалды?

— Иә, онымен жеке таныспын. 1999-2000 жылдан бастап бір бөлімшеде, төртінші департаментте бірге қызмет еттік. Кабинеттеріміз қатар болды. Мен де, ол да жедел қызметкер едік, ол өте мықты маман болды. Есірткі бизнесімен күрес басқармасында қызмет етті, бұл әрдайым алдыңғы шепте жүретін салмақты бөлімше.

Руслан Ысқақовты да танисыз ба?

— Иә, оны да білетінмін. Ол бір кезде Қостанай облысында тергеуші болды. Сол кезден таныспыз. Ол орталық аппаратта жұмыс істеп жүргенде, мен жазамды өтеп жатқанмын.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегеніңізге өкінбейсіз бе?

— Жалпы тарихқа қарасақ, қоғамның арнайы қызметтерге деген сенімі үнемі құбылып отырған. Өрлеу де болды, құлдырау да болды, беделге нұқсан келді, кейін қайта сенім артылды, қорқыныш та болды, одан соң тағы сенім орнады. Өйткені бұл — ұлттық мүдде мен ұлттық қауіпсіздікті қорғауға тиіс әрі қорғап келе жатқан орган. Қазір терроризммен күрес ауқымды түрде жүргізілуде. Бізде сауда орталықтары жарылып жатқан жағдайлар өте сирек, бұл жігіттердің жұмыс істеп жатқанын көрсетеді, олар өздерін жарнамаламайды. Барлау бағытында да жұмыс көп. Қазіргі таңда, менің білуімше, киберқауіпсіздікке де үлкен мән беріліп жатыр. Дегенмен ҰҚК басшылығына, Кәрім Мәсімовке және Қаңтар оқиғаларына қатысты жайттар Комитеттің беделіне қатты нұқсан келтіргенін мойындау керек. Мәсімов ҰҚК-де бұған дейін бір күн де жұмыс істемеген, оны жоғарыдан тағайындады. Жекелеген басшылардың өздерінің көлеңкелі мәселелерін шешу мақсатында әрекет еткені үшін бүкіл ҰҚК қызметкерлерін кінәлауға болмайды. Арнайы қызметсіз бірде-бір мемлекет өмір сүре алмайды.

КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ АРАСЫНДА «СОҒЫС» БАР МА?

Сіздің оқиғаңыз Қазақстанда күштік құрылымдар өзара көрінбейтін бір соғыс жүргізіп жатыр дегенді растамай ма?

— Ешқандай соғыс жоқ. Бұл — құқық қорғау органдарының жұмысының мәнін білмейтін дилетанттар ойлап тапқан әңгіме.

Сіздің ойыңызша, біз неге сыбайлас жемқорлықты әлі жеңе алмадық?

— Оны ешқашан толық жеңе алмайсың, тек қысқартуға, азайтуға болады. Әлемде бірде-бір ел сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жойған жоқ, өйткені бәріміз адамбыз. Егер заңдар жұмыс істемесе, сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқықбұзушылықтар бәрібір болады. Бізге, ең алдымен, менталитетті өзгерту керек. Мысалы, кез келген салада кәсіпкер табыс табу үшін белгілі бір рұқсаттарды алуы қажет. Ал адамға сол рұқсатты алу үшін жүз рет барып, қайта-қайта тауы шағылғаннан гөрі, пара беріп, мәселені тез шешу әлдеқайда оңай көрінеді. Яғни, «табыс табу үшін рұқсат алу керек, рұқсат алу үшін ақша беру керек» деген түсінік қалыптасқан. Рұқсатты жылдам алған соң, адам ақша таба бастайды. Бұл — тұйық шеңбер.

Зерттеудің толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан көре аласыз.