Ulysmedia.kz редакциясына ғылымды қаржыландыру саласында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы аналитикалық анықтама түсті. Талдау материалының көлемі ауқымды, жалпылама ойдақ-сойдақ өте шықпаған, автор нақты эпизодтарға, сомаларға, күндерге, аты-жөндерге және техникалық деректерге сүйенген. Материалды оқи отырып, көптеген сұрақ туындайды. Себебі ол дайын жауапқа арналмаған. Ең алдымен көзге түсетіні – құжатта бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (БНҚ) бойынша конкурстық құжаттама қалыптастыру кезеңінің өзінде адал бәсекелестік шарттары бұзылғаны көрсетілген. Мәселен, №81 конкурстық тапсырманың мәтіні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми еңбектерінен алынған. Бұл тапсырма бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы 497 млн теңге болған. Осыған ұқсас дерек шекті сомасы 350 млн теңге болған №30 тапсырма бойынша да анықталған. Құжатта бұл мысалдар конкурс басталмай тұрып-ақ нақты өтініш берушілердің мүдделерін көздеудің айғағы екені атап өтіледі.
ТЕКСЕРУСІЗ ӨТКІЗУ
2023-2025 жылдарға арналған БНҚ аясында 2023 жылғы 3 тамызда 240 өтінім берілген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы (ҰМҒТСО) ресми түрде 71 өтінімді кері қайтарған. Алайда анықтамаға сәйкес, орталық басшылығы «күтілетін нәтижелер» критерийіне сай келмейтін 7 жобаны тізімнен өз бетінше алып тастаған. Қайтарылған өтінімдер тізімі екі рет өзгерген. Соған қарамастан, құны 7,5 млрд теңге болатын осы 7 жоба сараптамаға жіберілген. ҰМҒТСО қызметкерлері Шайқамал Г.И. мен Болатова Д.К. формалды тексерістен кейін конкурс талаптарына сай келмейтін 45 өтінімді сараптамаға жолдағаны бөлек тіркелген. Бұл деректердің барлығы 2023 жылғы 26 қаңтардағы қызметтік тексеру актісінде көрсетілген.
САРАПТАМА ЖӘНЕ IP-МЕКЕНЖАЙЛАР
Анықтамада ҰМҒТСО координаторлары Пернебай А. мен Ли А-ның сараптама процесіне араласқаны туралы деректер де келтірілген. Олардың телефондарынан шетелдік сарапшылармен нақты өтінімдердің балын көтеру жөнінде жазысқан хаттары табылған (2022 жылғы 21 қазан). Жеке бір бөлім бірдей IP-мекенжайлардан жүйеге кіру мәселесіне арналған. Мысалы, Velesco Serge (Германия) және Панзабекова А. (Қазақстан) сарапшылары Германиядағы бір IP-адрестен жүйеге кіріп, Нарбаев Т. жобасына жоғары балл қойған (33 және 31). Сол кезеңде Панзабекованың өзі де жоба жетекшісі ретінде конкурсқа қатысқан, ал оның өтінімін аффилирленген тұлғалар бағалаған. Барлығы Германиядағы бір IP-адрестен жүзеге асқан, ал сарапшылар шетелге шықпаған. 2022 жылғы 12 маусымда да Германияның Митвайда қаласындағы бір IP-адрестен бір мезетте бірнеше сарапшы – шетелдік те, қазақстандық та жүйеге кірген. Анықтамада сараптамалық қорытындыларды бір адамның толтыруы мүмкін деген болжам айтылады.
САРАПТАМАЛЫҚ БАЛДАРДЫ БҰРМАЛАУ
Құжатқа сәйкес, is.ncste.kz ақпараттық жүйесінде жалпы сомасы 23,8 млрд теңге болатын БНҚ-ның 29 жобасы бойынша сараптамалық қорытындылар жоқ. Олардың ішінде шекті балдан төмен (25-тен аз) баға алған, қаржыландырылмауы тиіс 5 өтінім бар. Алайда Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) отырыстарының хаттамаларында бұл жобаларға жоғары балдар көрсетіліп, қаржыландыру мақұлданған. Осы бес жоба бойынша жалпы сома – 1,8 млрд теңге. Тағы 18,3 млрд теңгеге 17 жоба бойынша сараптамалық материалдар мүлде ұсынылмаған.
ҚАРЖЫ ИГЕРУ ЖӘНЕ ТӨЛЕМДЕР
Анықтамада күмәнді төлемдердің өзге де көптеген мысалдары бар. «Сейсмология институты» ЖШС-ның директоры көлемі 7 беттен тұратын «кіріспе мен қорытындыны» жазғаны үшін 11 млн теңге алған. Осындай бөлімдер үшін тағы 11 адамға төлем жасалған. Антиплагиат 31,4% ұқсастықты көрсеткен. Сол институтта БНҚ келісімшартымен қамтылмаған кезең үшін 76 қызметкерге 43 млн теңге көлемінде сыйақы төленген. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жобаларды құжаттамалық сүйемелдеу үшін кадр қызметінің қызметкерлері азаматтық-құқықтық шарттар арқылы жиынтығы 20 млн теңге алған, ал бұл функциялар олардың лауазымдық міндеттеріне кірген.
САТЫП АЛУЛАР МЕН ЖАБДЫҚ
Математика және математикалық модельдеу институтында үш жылда 8,9 млн теңгеге 60 AirPods сымсыз құлаққабы, 241,4 млн теңгеге 322 компьютерлік техника, оның ішінде 54,5 млн теңгеге 50 MacBook сатып алынған. Сонымен бірге жыл сайын 36-дан 51-ге дейін компьютер есептен шығарылып отырған, ал институтта 200-ден астам заманауи ПК мен 79 ноутбук болған.
КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ ЖӘНЕ НӘТИЖЕЛЕР
Соңғы 8 жылда 56 млрд теңгеге 239 шарт мақұлданған. Алайда 28,1 млрд теңге сомасындағы аяқталған жобалардың 89,6%-ы мәлімделген мақсаттарға жетпеген. Жекелеген мысал ретінде БАҚ-ты мониторингтейтін IT-бағдарламаны әзірлеуге 945 млн теңге бөлінген, ал нақты орындаушы жұмысты 91,5 млн теңгеге атқарған. Нарықта осындай шешімдердің құны жылына 4 млн теңгеге дейін ғана.
ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚТАР
Аналитикалық анықтама фактілерді, сомаларды және тетіктерді тіркейді, бірақ анықталған заңбұзушылықтарға құқықтық баға берілгені туралы ақпаратты қамтымайды. Қылмыстық немесе әкімшілік істер қозғалды ма, нақты тұлғалар жауапқа тартылды ма, қаражат бюджетке қайтарылды ма деген сұрақтар туындайды. Сараптамаға араласудан бастап ақпараттық жүйелердегі деректерді бұрмалауға дейінгі ауқымды эпизодтар жекелеген бұзушылықтармен ғана шектелмей, ғылымды қаржыландырудың бүкіл моделінің жүйелік орнықтылығы туралы мәселені көтереді. Бұл сұрақтардың жауабын енді құзырлы органдар іздеуі керек.