Көкжайлау мен Алматы тау кластері төңірегіндегі тартыс: Тоқаев тапсырмасының күшін жойған кім?

Ulysmedia
ulysmedia.kz

Көкжайлау шаңғы курорты мен Алматы тау кластерін салу төңірегіндегі дау басылар емес. Жоба авторлары құрылыстың табиғатқа ешқандай зияны жоқ, ұлттық саябақ жері жекенің қолына өтпейді десе, экобелсенділер олардың бұл пікірімен келіспейді. Олар «Көкжайлауға курорт салу шатқалға орасан зор зиян келтіреді. Аспалы жол салу ағаштарды қырқуға, өзен суларының басын бууға алып келеді» деген уәж айтады.

Төрт жерде өткен қоғамдық талқы

26 мамырда Алматы қаласы мен облысында бір күнде төрт бірдей қоғамдық тыңдау өтті. Олардың не себепті бір күнде өткені белгісіз. Экобелсенділер Көкжайлау мен Алматы тау кластерін екі бөліп қарастырудың өзі дұрыс емес деп есептейді. Себебі шаңғы курорты мен аспалы жол құрылысы барлығы бір тауда орналасқан.

Көкжайлау және дау болған «Almaty Superski» жобасы

Қоғамдық талқылаулардың барлығы бір-біріне ұқсас өтті. Залға негізінен құрылысты қолдайтын адамдар жиналған. Алматыдағы Оқушылар сарайында өткен қоғамдық талқылауда ұйымдастырушылар тіпті Almaty Superski (Көкжайлауда шаңғы курортын салу) жобасының бренд қалпақтарын таратты.

Көкжайлау шатқалына салынатын шаңғы курортының табиғатқа әсері туралы құжат талқылануы керек болған жиын талқыдан көрі жобаның таныстырылымына көбірек ұқсады. Ал шаңғы курортының құрылысына қарсы шыққан белсендіні полиция залдан шығарып жіберді. Бұл уақытта залдағы микрафон белгілі медиа бизнесмен Арманжан Байтасовтың қолына тиген еді. 

Ұйымдастырушылар қоғамдық талқы заң аясында, талаптарға сай өткенін айтты.

Жиында баяндама жасаған 8 спикердің барлығы шаңғы курортының табиғатқа ешқандай зияны жоқ екенін айтып, сендіріп бақты. Басты аргумент ретінде жобаны қолдаушылар қазір Шымбұлақ шаңғы курортына түсіп жатқан ауыртпашылықты алға тартты.

– Бұл жобаны жүзеге асырмас бұрын, тоғыз түрлі алаң қарастырылған болатын. Оның ішінде Тұйық су, Үлкен Алматы көлі, Түрген шатқалы, тарихи атауы Бұтақты, ел арасында Бутаковка аталып кеткен шатқал және басқа да аумақтар қарастырылды. Олардың бір бөлігі экологиялық шектеулерге, кейбіреу табиғи жағдайларға байланысты келмеді. Көп сатылы бағалаулардың нәтижесінде Көкжайлау мен Құмбел аумағы қажетті диапазон мен түрлі қиындықтағы трассаларға ыңғайлы релевтер барын анықтады. Қысқы демалыс пен транспорттық қол жетімділік, табиғат талаптарын сақтай отырып, инфрақұрылым тартуға болатын көрсетті, – деді «Almaty SuperSki» жобасының басты қолдаушысы әрі бенефицары «Kazakh Tourism Development» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.

Еркінбаевтың сөзінше, қазір жұмыс істеп тұрған Шымбұлақ шаңғы курортының күндік нормасы 6 мың адам. Бірақ ол қазір кейбір күндері 15 мың адамды қабылдап жатыр. Адамдар кезекте тұруға мәжбүр. Инфрақұрылым шамасы жетпей жатыр.

Экобелсенділерге шүйліккен режиссер

Қоғамдық талқылауға келген режиссер Ермек Тұрсынов, кәсіпкер Арманжан Байтасов, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да жобаны қолдап сөйледі.

Ермек Тұрсынов тіпті экобелсенділерді спекуляция жасап жүр деп айыптады. Ол марқұм жазушы  Герольд Бельгердің 2014 жылы Көкжайлауды қорғап сөйлеген сөзін белсенділер «алдап жазып» алған. «Мен ол кісімен жақсы арластым, оны бұндай мәселеге пайдалану өте лас дүние» деді.

– Мен 2018 жылы болған қоғамдық талқылауға келгенмін. Ол кезде де осы топ айқайлап отырған. Біздің отырысымызды хайуанаттар саябағына айналдырады. Мен бүгін жай кетпеймін, сол себепті тынышталыңыздар... Мен бұл жерде мына топпен дауласуға келген жоқпын. Қалаға бұл керек. Оны баяғыдан қолдаймын және қолдай беремін. Ол жүзеге асады. Себебі мен балаларым, немерелерім және сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз осы тауды пайдаланғанын, шаңғы теуіп, демалуға мүмкіндік алғанын қалаймын, – деді Ермек Тұрсынов.

Көкжайлауды қорғаған жазушының видеосы және белсенділер

Режиссер «бұл жоба болады және сендер оған кедергі жасай алмайсыңдар» деп түйіндеді сөзін.

Ермек Тұрсыновтың бұл сөзіне экобелсенділер қарсы шықты. Бірақ оларға мінберге шығып сөз сөйлеуге мүмкіндік берілмеді. Белсенділер залдан айқайлауға мәжбүр болды. Олар режиссерға «екіжүздісің» десті.

Айта кететін бір жайт, көзінің тірі кезінде 2014 жылы жазушы Грольд Бельгер Көкжайлауда курорт салуға қарсылық білдірген. Оның бейнеүндеуін белсенді Жанар Жандосова жазып алған.

– Көкжайлау – жұмақ, құдайдың таңғажайып туындысы. Оны сақтау керек. Бірінші кезекте оны сақтауды қазақтар ойлауы керек. Біздің отандастарымыз, алматылықтар, – деген видеоүндеуінде жазушы.

Эколог Мэлс Елеусізов Көкжайлауда курорт салуға қарсылық білдірді. Ол қазір айтылып жатқан сөздің барлығы жалған, ертең барлығы жекенің қолына өтеді деді.

– Екі өзеннің арасы Алматыға таза ауа келетін негізгі жер. Сол жерде ауа жиналып, Үлкен Алматы өзені арқалы қалаға кіреді. Бізде бұдан өзге таза ауа кіретін жол жоқ. Бұл өте ерекше жер. Сенуге болмайды. Назарбаевтың жүйесін өзін жақсы көрсетті. Барлық жерде өтірік. Ертең бір қаулы өзгереді де, барлығы жекенің қолына өтетін болады, – еді эколог.

«Көкжайлау туралы аңызға сенбеңіздер»

«Қазэкология» мекемесінің өкілі Елена Кропоткина Көкжайлау – Алматы қаласының өкпесі, таза ауа келетін жалғыз жол деген аңыз әңгіме деді. Оның сөзінше, Медеу, Шымбұлақ барлығы бір Кіші Алматы шатқалында орналасқан.

– 2011 жылы дауылдан Көкжайлауда ағаштар құлады. Не болыпты, содан Алматыда ауа өзгеріп кетті ме? Біреу тексеріс жүргізді ме? Ауа сол қалпында қалды. Ауа, түтін алматылықтарға байланысты. Біз автокөлікпен ауаны ластап жатырмыз, – деді ол.

Тоқаев тапсырмасының күшін жойған кім?

Белсенділер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Көкжайлауда курорт салауға тыйым салғанын алға тартты. «Мен бүгін бұл жобамен айналысуға тыйым саламын. Яғни, Көкжайлауда тау-шаңғы курортын салуға. Қажет емес, керек емес ол. Оның үстіне оған барлық кәсіби экологтар мен азаматтық қоғам өкілдері қарсы шығып отыр», – деген сол уақытта президент.

– Қазір мемлекеттік органдар қандай негізге сүйеніп бұрынғымен салыстырғанда ауқымы үлкен«Almaty SuperSki» жобасына қайтадан оралып отыр? Қандай ресми құжат президенттің тапсырмасының күшін жойды?, – деп сұрады «Көкжайлауды сақтайық!» қозғалысының мүшесі Ажар Жандосова жоба авторларынан.

«Kazakh Tourism Development» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Ол президенттің сөздеріне қатысты пікір білдіруге моральдық құқығы жоқ екенін айтты.

– Президентке халықтың пікірі маңызды. Сол себепті ол сол уақытта бұл жобаны тоқтатты. Бірақ бүгін біз қателіктерді түзедік. Жерлерді біз ұлттық парктен шығарып алып жатқан жоқпыз. Ерекше қорғаудағы табиғи аймақ статусы қалады. Жеке коттедждер салуға біз тыйым салдық. Президенттің Алматы тау кластерін дамытуға байланысты тапсырмасы бар. Ол бір емес, бірнеше рет айтылған. Тапсырмалар құжатталады. Сіздер оны жалпыға ортақ деректерден таба аласыздар, – деді ол.

Былтыр қыркүйекте премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Tourism Development LTD» компаниясының директорлар кеңесінің отырысын өткізген. Онда «Almaty SuperSki» жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды деген үкіметтің баспасөз қызметі сол уақытта. Жиында Ержан Еркінбаев Pas Grau International (PGI) компаниясымен бірлесіп әзірленген «Almaty Superski» курортының жаңартылған жоспарын таныстырған.

3 наурызда «Алматы тау кластері туризмін дамыту жөніндегі 2025 – 2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы» үкімет қаулысы жарияланды.

Қаулымен бірге жарияланған кешенді жоспарда инфрақұрылымға қатысты жұмыстардың басым көпшілігі жергілікті және республикалық бюджет есебінен жүргізілетіні туралы жазылған.

Жиын барысында болған дауларға қарамастан Оқушылар сарайында өткен қоғамдық тыңдау талапқа сай өтті деп танылды.

Қоғамдық талқы басталар алдында премьер-министрдің орынбасары әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үндеу жасап, экология мен туризмді бір-біріне қарсы қоймау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, Алматыда тау кластерін салып, Көкжайлауда шаңғы курортын дамытудың артықшылығы көп.

Бесқайнардағы бас қосу және Алматы тау кластері жобасы

Дәл осыған ұқсас талқылау Талғар ауданының Бесқайнар аулында болды.

Мұнда Алматы тау кластерінің орталық аймағы саналатын «Чкалов шыңы», «Сухой Лог», «Кім асар», «Oi Qaragai-Пионер» және «Пионер – Бутаковкаға» қатысты тау шаңғы инфрақұрылымын (аспалы жолдар, шаңғы және сумен жабдықтау жүйелері) салу мәселесі талқыланды.

Тау шаңғысы халыққа арналған спорт түрі ме?

Жобаға жауапты «Almaty Tau Management» ЖШС өкілдері жиынға қатысушыларды құрылыстың тиімді болатынын, табиғат пен тұрғындарға ешқандай зияны жоғын айтып сендірді. Бұл жердегі спикерлер айтқан уәждер «Almaty SuperSki» жобасы авторларының сөздерімен үндес шықты. Тіпті кейбірі бір-бірін сөзбе-сөз қайталағандай әсер қалдырды. Мысалы «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасы Жан-Пьер Баралоның сөзі «Almaty SuperSki» жобасын қолдаған режиссер Ермек Тұрсыновтың сөздерінен аумайды.

– Біз бұл жобаны сіздер үшін жасап жатырмыз. Сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіздің болашағы үшін жасап отырмыз. Кейінгі алпыс жылда мұндай ауқымдағы жобаны ешкім жасаған жоқ. Сол себепті біздің амбициямыз үлкен. Біздің мүмкіндіктеріміз де үлкен. Ең бастысы – сіздерсіздер. Қазақстандағы, Алматыдағы адамдар. Осы тауда өмір сүретін адамдар. Сіздердің де үлкен мүмкіндіктеріңіз болады – деді «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасы Жан-Пьер Барало.

Белсенділер бұл бастаманы «халыққа арналған жоба» деп сипаттауды шындыққа жанаспайды деп санайды. Олардың айтуынша, тау шаңғысы спорты кез келген адамның қалтасы көтере бермейтін қымбат демалыс түрі.

- Жұртқа «халыққа арналған курорт» деген ертегі айту — барып тұрған цинизм. Тау шаңғысы спорты тіпті жағдайы жақсы Еуропаның өзінде элиталық әрі өте қымбат демалыс түрі саналады. Қарапайым халыққа қолжетімді болады деу, шындыққа жанаспайды. Қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған курорттарға екінің бірі бара алмайды: кіріп жылынудың өзі қымбат, бір кесе шайдың бағасы қалтаға салмақ салады, ал ски-пасс пен жабдық жалдау бағасы тіпті аспандап тұр. Сондықтан «жаппай қолжетімді болады» деген уәж  ашық өтірік, - деп жазды Дмитрий Попов есімді белсенді.

Шетелдік туристер келе ме, жоқ па?

Алматы тау кластерінің жобасын  «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко таныстырды. Ол қазір жұмыс істеп тұрған тау кешендері жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, жоба бойынша 28 аспалы жол салынады. Ол Медеуден басталып Oi Qaragai, Пионер сияқты тау шаңғы кешендерін жалғайды.

– Қазір жолдың ұзындығы 41 шақырым. Оны 192 шақырымға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. [Тауға] көтергіштер 16 дана. Оны 46-ға дейін ұлғайтуға болады. Қазіргі таңда күндік өткізу мүмкіндігі 6 мың. 34 мыңға дейін көбейту мүмкіндігі бар. Шымбұлақ пен Oi Qaragai-ды алатын болсақ, қазір туристер саны 2 миллион адам. Жобаның потенциялы туристер санын 10 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Ойлаңыздаршы, бізге 10 миллион адам келе алады. Тіпті олар қазір бізге келуге дайын. Егер біз көршілес аспан асты еліне жүгінетін болсақ, туристер «Біз не аламыз? Қайда бара аламыз? Кезекте тұрмай, жақсы дем алу мүмкіндігі қайда бар?» деп сұрайды, – деді ол.

Экономист Айдар Құсайнов Алматы тау кластері салынатын болса, Бесқайнар ауылында жер мен жылжымайтын мүлік қымбаттайтынын айтты. Бірақ ол бұнымен қоса, өмір сүру де қымбаттайтынын жоққа шығармады. 

– Мен жоба авторларымен ылғи да пікір таластырамын, мұнда көп шетелдік туристер келеді, аспан асты елінен келетін қонақтар дегеннің барлығы иллюзия. Шын мәнінде бұның барлығы біз үшін жасалады. Шымбұлаққа қарасаңыз, онда барып жатқандардың 95 пайызы алматылықтар, қала қонақтары, қазақстандықтар. Олардың барлығы бізбіз, – деді экономист. 

Александр Руденконың сөзінше, Алматы тау кластерінің аумағы 1700 гектар болады.  Оның ішінде жол салуға 177 гектар жер керек. Бұл ұлттық саябақ аумағының 0,1 пайызы. Жер жекеменшікке берілмейді. Себебі құрылысты Алматы қаласының әкімдігі қаржыландырады.

– Су мәселесіне келетін болсам, сусыз бірде-бір тау курорты жұмыс істей алмайды. Мысал ретінде Францияны айтайын. Францияда қазірдің өзінде 140-қа жуық тау курорты жабылды. Неге? Себебі олар теңіз деңгейінен 1300-1400 метр биіктікте орналасқан. Кім өз заманында жасанды су қоймаларын салмады, қазір олар қайта құрылып жатыр. Олар тау курорты болып жұмыс істей алмайды... Тау кластері жобасына бір жылға 800 мың текше метр су керек. Алматы қаласы бір күнде 650 мың текше метр су пайдаланады, – деді ол.

Даулы жоба тарихы 

Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасы сонау 2002 жылы пайда болған. Содан бері бұл жобаның басынан дау арылған жоқ. Белсенділер ерекше қорғауға алынған табиғи аумақта курорт салуға қарсы болып, наразылық білдіріп келеді. Тіпті 2012 жылы пікірталас халықаралық деңгейге көтеріліп, наразы топ БҰҰ-ның Орхус конвенциясына шағымданған. Қоғам белсенділері «Көкжайлауды қорғайық» атты бейресми қозғалыс құрып, биліктің шалағай әрі халық үнімен санаспаған жобасына қарсы тұрды.

Алматы әкімдігі 2015 жылы күзде жобаны уақытша тоқтатып, оған экономикалық дағдарыс пен жұрттың наразылығы себеп болғанын айтты. Уақытша тоқтатылған жоба 2017 жылы қайта жаңғырды. Қала билігі ескі техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжатты жарамсыз деп танып, жаңасын жасауға кірісті. Курорт жобасы мен концепциясын әзірлеген компаниялар да ауысқан. Сол уақытта экобелсенділер бұл да бюджет қаржысын жұмсаудың бір жолы деп сынаған. Екінші «Көкжайлау дауы» да ұзаққа созылды. Жұрт екіге жарылып, әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу пікірталас болды. Бұл дауға 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, «Көкжайлау» жобасымен айналысуға тыйым салды.