Екі аптаға созылған наразылық. Ирандағы діни режим құлай ма?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Екі аптадан астам уақыт өтсе де Ирандағы халықтық толқу басылар емес. Ресми Тегеран ел бойынша интернетті өшірсе де, наразылық акциясының видеолары желіге тарап кетті. Кейбір құқық қорғау ұйымдары жаппай митинг кезінде жүздеген адам қаза тауып, мыңнан астамы қамауға алынғанын айтып жатыр. Ирандағы наразылық неден басталды? Оның себебі мен салдары қандай болмақ?  Тегеранда төңкеріс болуы мүмкін бе? Ирандағы жағдайға АҚШ араласа ма? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Ирандағы наразылық. Фото: Ашық дереккөзден

Ирандағы наразылық

Иранда халықтық толқулардың басталуына ұлттық валютаның (риалдың) құнсыздануы мен инфляция себеп болған. 1 доллар рекордтық деңгейге жетіп, 1,4 миллион риал болған.

Ұзақ жылдан бері санкция астында отырған 90 миллион халқы бар Ирандағы наразылық 28 желтоқсанда Тегерандағы Үлкен базар деп аталатын сауда орталықтарының бірінен басталған. Көптеген дүкен иелері экономикадағы гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне қарсылық ретінде сауда орындарын жауып, көшеге шықты. Кейіннен оларға студенттер мен өзге де адамдар қосылды. Наразылыққа Тегераннан өзге Исфахан, Мешхед және өзге де қалалар қосылды. Көшеге шыққан халық елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына билікті кінәлады.

Жәнібек Көпжасар. Фото: сарапшының Facebook парақшасынан.

Иран бойынша сарапшы Жәнібек Көпжасар Ирандағы халықтың толқулар бір күнде бола салған жағдай емес дейді. Оның сөзінше, санкцияның салқыны 2009 жылдан бері елдің әлеуемттік-экономикалық жағдайына қатты әсер ете бастаған. Сол уақыттан бастап бірнеше рет наразылықтар болған. Бұл жолғы наразылық та соның жалғасы іспетті.

«Санкциялар қыса бастағаннан кейін халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті. 1979 жылдан бері Ислам Республикасындағы ең үлкен толқулар 2009 жылы болды. Ол кезде де қазіргідей болды. Қақтығыстардан екі мыңдай адам өлген болатын. Сосын тынышталды. Содан әрбір екі-үш жыл сайын Иранда толқулар болып тұрады. Одан кейінгі ең үлкені 2022 жылы болды. Хиджаб мәселесі бойынша Махса Әмини деген қызды хиджаб кимедің деп әдеп полициясы өлтіріп қойды. Содан кейін наразылық болды. Одан кейін де болды наразылықтар. Бірақ үлкен масштабтағы осы болып отыр», – деді сарапшы Ulysmedia тілшісіне.

Шахзада Реза Пехлеви. Фото: axar.az

Шахзаданың үндеуі

Иранда халықтық толқулар күш ала бастаған тұста АҚШ-та тұрып жатқан шахзада Реза Пехлеви үндеу жасап, халықты билікке жұмыла қарсылық білдіруге шақырды. Наразылықтар кезінде Иранның шах билігі тұсындағы бұрынғы туын көтеріп жүргендерде болды.

Жәнібек Көржасар Иранда шахзада Реза Пехлевиді қолдайтындар негізінен көп емес дейді. Оның сөзінше, бұл жолғы наразылық акциясында оның суырылып алдығы шығуы сырттан жасалуы мүмкін. Пехлевиге жақын ақпарат құралдары да соның жағында ақпарат таратып жатыр.

«Екінші жағынан ирандықтардың өздері де шаршаған. Сондықтан олар діни диктаторды орнынан алып тастасақ, кейін Пехлевидің өзі келіп, мемлекеттік институттарды қайта жасатып, екінші диктатура жасатпаймыз деген сияқты. Иранда негізі елдің ішінде оппозиция жоқ. Тек ғана келіспеушіліктер бар. Бұрынғы президент Ахмадинежад қарсы пікірлер айтып жүрді. Ондан кейінгі президент Рухани де тура сондай. Бірақ бәрі бір жүйенің адамдары», – дейді ол.

АҚШ президенті Дональд Трмап. Фото: Nathan Howard / Reuters

АҚШ Иранға әскери соққы жасай ма?

Иранда наразылық басталған уақытта АҚШ президенті Дональд Трамп «Иран бұрын соңды болмаған бостандыққа ұмытылуда. АҚШ оған көмектесуге дайын» деп жазды Truth Social желісінде.

The New York Times газетінің жазуынша, Трамп айтқан бұл көмек әскери соққы да болуы мүмкін. Басылым өзінің дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ президенті Ирандағы жағдайға араласу үшін бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр.

Жәнібек Көпжасар АҚШ-тың Иранға әскер кіргізуі екіталай деп есептейді. Оның сөзінше, егер Вашингтон бұндай қадамға баратын болса, онда ол кері реакция беруі мүмкін. Оған былтыр Израиль мен Иран арасында болған 12 күндік соғыс дәлел.

«Иранда Венесуэладағыдай болмайды. Олай істей алмайды АҚШ. Әскер де кіргізе алмайды. Трамп айтқанымен, әлі күнге дейін шара қолданбай отырғаны былтыр Израильмен болған 12 күндік соғыс себеп. Сол кезде ирандықтар соншалықты жек көрсе де аятолланың маңына бірікті. Билікті қолдап, сыртқы күштерге, Израильге қарсы болды. Оны Израиль де, АҚШ-та біліп отыр», – дейді Жәнібек Көпжасар.

Иран билігінің рекациясы

Иранның жоғары рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи 9 қаңтарда өз жақтастарын «бірлікке» шақырып, жаппай наразылыққа шыққан адамдардың арасында АҚШ президенті Дональд Трампқа «жағынуға тырысатын басбұзарлар» бар деп мәлімдеді. Бұдан өзге ресми Тегеран аймақтағы АҚШ әскери базаларына соққы жасайтынын айтып, сес көрсеткен.

Аятолла Әли Хоменеи. Фото: AFP

Трамптың мәлімдемесі, Пехлевидің үндеуі

11 қаңтарда Дональд Трамп «Air Force One» ұшағының бортында жасаған мәлімдемесінде «Иран билігіндегі көшбасшылар қоңырау шалып, келіссөз жүргізуге ниет білдіргендерін» айтты.

«Кездесу ұйымдастырылып жатыр. Бірақ мүмкін бізге кездесуге дейін әрекет етуге тура келетін шығар», – деді Трамп.

Бұған дейін, «The Times» басылымы барлау есебіне сүйеніп, «Аятолла Әли Хаменеидің елде күшейіп келе жатқан наразылықтарды билік баса алмаған жағдайға дайындаған балама жоспары бар, ол – Ресейге қашу» деп жазған. Трамп та өзінде осыған ұқсас ақпарат барын, Хоменеидің Ресейге немесе басқа елге кетуі мүмкін екенін айтқан.

11 қаңтарда шахзада Реза Пехлеви Иранға қайтып оралуға дайын екенін мәлімдеді. Ол «Fox News» арнасына сұхбат беріп, АҚШ билігін шешуші қадамдар жасауға үндеді. 

Axios басылымының мәліметінше, америкалық HRANA құқық қорғау ұйымы соңғы екі апта ішінде Иранда наразылық кезінде 500–ден астам адам қаза тапқан және 10 мыңнан аса адам ұсталған.

Ирандағы наразылық. Фото: Ашық дереккөзден

Иран, Қазақстан, Орталық Азия

9 қаңтарда Астанада Иранның Қазақстандағы елшісі Әли Акбар Джоукар журналистермен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізген. Ол ұзақ жылдан бері санкция елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер еткенін айтқан. Ирандағы тұрақсыздықты АҚШ пен Израиль пайдаланғысы келеді деген.

«Экономикалық қысым халықтың тұрмыс-тіршілігіне шын мәнінде әсер етті. Тегеранды қоса алғанда, елдің әртүрлі қалаларында шамамен 12 күнге созылған наразылық акциялары өтті. Үкімет жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылдап жатыр, алайда халықтың бір бөлігі әлі де көңілі толмай отыр», — деген ол.

Иранның Қазақстандағы (Астанадағы) елшілігі. Фото: Ақорда

Жәнібек Көпжасар егер Ирандағы саяси режим ауысатын болса оның Орталық Азия мен Қазақстанға жақсы жағы да, жаман жағы да бар дейді.

«Жаман жағы бұл бірнеше жыл тұрақсыздыққа алып келеді. Өйткені Иранда көптеген ұлттар бар. Оның ішінде әсіресе күрттер. Олар қазір тәуелсіздікке ұтылып отыр. Сондықтан ішкі қақтығыстар азаматтық соғысқа да ұласып кетуі мүмкін. Егер Иран тұрақсыз болса мигранттар бар, басқа бар. Сосын Орталық Азия Иран арқылы теңізге шығып отыр. Соның барлығы жабылып қалуы мүмкін. Екінші жағынан, егер демократиялық билік орнаса санкциялар алынады. Содан кейін біз еркін сауда жасай аламыз Иранмен. Мұнайды Иран арқылы әлемдік нарыққа шығара аламыз. Иранның әлеуетті өте жоғары. Сол жағынан бізге сауда-экономикалық жағынан өте жақсы болады», – дейді ол.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, Иранда қазір 10 мың этникалық қазақ тұрады. Олар негізінен елдің солтүстігіндегі Гүлстан провинциясында шоғырланған. Иран қазақтары бұған дейінгі толқуларда саяси белсенділігімен танылмаған. Бірақ кейінгі толқуларда олардың да арасында бірен-саран адамның ұсталғаны айтылады. Бірақ нақты дерек жоқ.