Қазақстан үкіметі 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын бекітті. Алғаш көз жүгірткенде, бұл құжат бұрынғы жоспарлардан айтарлықтай ерекшеленбейді. Дегенмен билік тағы да отандық сөрелерде ет молайып, бағасы қолжетімді болады, ал экспортқа мыңдаған тонна өнім жөнелтіледі деп уәде беріп отыр. Үкіметтің бұл жоспары осы жолы іске аса ма? Жалпы, Қазақстанда ет үзілмеуі үшін не істеу керек? Осы сауалдарға Ulysmedia.kz тілшісіне ауыл шаруашылығы экономикасы саласының докторы, АӨК дамыту жөніндегі сарапшы Төлеутай Рахымбеков жауап берді.
Ескі үлгімен жасалған жаңа жоспар ма?
Естеріңізде болса, күзде халыққа Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік нарығындағы жағдайға масқара деп баға берген еді. Мемлекет басшысы құзырлы органдарға сиыр еті мен картоп секілді қарапайым өнімдердің аспандап кеткен бағасын төмендетуді тапсырды.
Осыдан кейін ауыл шаруашылығы және сауда министрліктері түрлі шаралар қабылдауға тырысты: әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі кеңейтілді, ет экспортына тыйым салынды. Ал енді үкімет мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын ұсынды. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда ет өндірісі мен ірі және ұсақ мал саны шамамен 50 пайызға артуы тиіс.
Бұл мақсатқа мынадай қаржы қарастырылған:
Аграрлық ведомствоның уәжінше, жаңа жоспар шопандар мен малшыларға қолайлы еңбек жағдайын жасап, ветеринария мәселесін шешіп, қазақстандық етке жаңа нарықтар ашады.
Қағаз жүзінде бәрі дұрыс көрінеді. Алайда бір мәселе бар, өйткені Қазақстанда бұған ұқсас бағдарламалар бірнеше рет іске қосылған. Үкіметтің өзі бұрынғы жобалардың мал шаруашылығының әлеуетін толық аша алмағанын мойындады.
Сонда бұл әлеуеттің дамуына не кедергі? Миллиардтаған қаржы құйылып жатса да, неге елде ет пен сүт бағасы жыл сайын қымбаттай береді?
Экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рахымбековтің пікірінше, бағаның тұрақты өсуіне дәл сол жеңілдетілген несиелердің өзі себеп болып отыр.
– Бұл – нарықтың заңы. Салаға көп ақша келсе, сол ақшаға сұраныс та артады. Ал сұраныстың бірінші салдары – қымбатшылық. Асыл тұқымды бұқалар, техника, жемшөп дақылдарының тұқымы, тіпті қарапайым шөптің өзі бірден қымбаттайды, – дейді сарапшы.
Ауыл тұрғындары неден ұтылды?
Рахымбековтің айтуынша, мал шаруашылығы тиімді болуы үшін мемлекет несие таратумен емес, жүйе құрумен айналысуы керек.
– Мен көп жылдан бері бірнеше өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) кооперациялау жөнінде пилоттық жоба жасауды ұсынып келемін. Бұл – тұрақты өсім беретін жүйе. Ол АҚШ-та да, Германияда да қолданылады. Адамның малы аз болуы мүмкін, бірақ көршілерімен бірігіп техника алады, жайылымды, жемшөпті және өнім өткізуді бірге ұйымдастырады.
Оның айтуынша, мұндай жоба 2008 жылы «ҚазАгроИнновация» мен Дүниежүзілік банк бірлесіп әзірлеген.
– Біз қазақтың ақбас сиыр тұқымын кооперация негізінде қайта дамыту жобасын дайындадық. Жобаға Дүниежүзілік банк пен үкімет бірлесіп қаржы салуы тиіс еді. Бірақ мемлекеттік орган одан бас тартып, жеңілдетілген несие тарату жолын таңдады, – деп еске алады ол.
Сарапшының сөзінше, қазақстандықтардың тұтынатын етінің 90 пайызы — жеке қоралар мен ұсақ шаруашылықтардан шығады. Бірақ олар мемлекеттік несиелік бағдарламаларға қатыса алмайды.
– Несие алу үшін кепіл керек. 10 миллион теңге алу үшін 20 миллион теңгенің кепілі сұралады. Ал ауылдағы көп адамның ең қымбат мүлкі – 3–5 миллион тұратын үй. Аудан орталықтарында болса, ең көбі 15 миллион. Бұл да жеткіліксіз.
Тек трактордың өзі 5 миллион теңге тұрады. Оған қоса шөп шабатын техника, пресс-жинағыш қажет. Барлығы 10-15 миллион теңге керек. Мұндай несиеге ауыл тұрғыны не қояды? – дейді экономист.
Ал несие алған күннің өзінде мәселелер мұнымен бітпейді.
– Мал қайдан келеді? Ветеринарияны кім қамтамасыз етеді? Жемшөпті кім дайындайды? Адамдарды кім оқытады? Мал ауырады, өнімділігі үшін дұрыс азық қажет. Бір жылы құрғақшылық, бір жылы жаңбыр — әр жылға тыңайтқыш пен химия әртүрлі керек. Бұның бәрін шешкен соң, өнімді кім сатады? Қайда? Қашан?
Оның айтуынша, мемлекеттік органдар көбіне «жеке қосалқы шаруашылықтар тиімсіз, ірі бизнесті дамыту керек» деген уәжбен шектеледі. Алайда елді асырап отырған әлі де сол ЖҚШ екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Арзан ет енді болмай ма?
2025 жылдың күзінде болған бағаның күрт өсуін де сарапшы осы жиналып қалған проблемалармен байланыстырады.
– Мен бұл жағдайды 2021 жылы-ақ болжағанмын. Ол жылы қатты қуаңшылық болып, шөп бағасы тоннасына 20-25 мың теңгеге жетті. 2023 жылы тағы да үлкен құрғақшылық болып, баға 75-80 мыңға, кей жерде 120 мың теңгеге дейін көтерілді. Содан бері сол деңгей сақталып отыр.
Ірі шаруашылықтардың өз техникасы бар, ал ұсақ қожалықтар шөпті осы бағамен сатып алуға мәжбүр.
– Бір сиыр қыста 5 тонна шөп жейді. Қазіргі бағамен бұл шамамен 500 мың теңге. Орташа сою салмағы — 170 келі. Тек жемшөптің өзі келісіна 3 000 теңге шығады. Ал жемшөп – өзіндік құнның 70 пайызы. Оған тасымал мен сатушының үстемесін қосыңыз. Сондықтан еттің нақты бағасы қазір кемінде 6 000 теңге болуы керек, – дейді ол.
Қазір нарықта бағаның салыстырмалы түрде төмен болуы уақытша құбылыс. Халық малды асырау тиімсіз болғандықтан жаппай сойып жатыр. Мал таусылғанда баға қайта шарықтайды.
2 500 теңге қиял ма, әлде мүмкіндік пе?
Ет жоғалмай, бағасы қолжетімді болуы үшін не істеу керек деген сұраққа Төлеутай Рахымбеков бір ғана жауап береді — кооперацияға оралу қажет.
– Қазақстанда 100 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмай жатыр. Соған қарамастан ауылдар «жайылым жоқ» дейді. Себебі фермер мен жеке қожалық малы бір жерде жайылады. Ал ауылдан тыс жайылымға шығу үшін құдықтар мен инфрақұрылым қажет. Мұны жалғыз шаруа көтере алмайды.
Сарапшы кооперация бірнеше мәселені қатар шешетінін айтады.
– Бір құдықтың өзі 10-15 миллион теңге тұрады. Мұны бір адам көтере алмайды. Ал 5-6 адам бірігіп салса, бір құдықтың айналасында 1 200 қой жайыла алады. Бұл инвестиция өзін ақтайды.
Осы тәсіл арқылы жемшөп дайындау мәселесі де шешіледі.
– Техника болса, шөптің өзіндік құны бұрынғыдай 20 мың теңге болады. Сонда бір бұқаны қыстату — 100 мың теңге, яғни келісіна 600 теңге. Барлық шығынды қосқанда — 1 000 теңге. Сауда мен тасымал үстемесімен — 2 000 теңге. Тағы 500 теңге пайда немесе несиеге кетсе, еттің бағасы 2 500 теңге болады, – дейді ол.
Алайда бұл үшін мемлекет «несие тарату» моделінен бас тартып, саланы шынайы реформалауы тиіс. Қазір билік бұрынғы тәсілдерден айныған жоқ. Мысалы, бағаны ұстап тұру үшін ет экспортына тыйым салынды және ол жақында тағы ұзартылды. Ал мал өсірушілердің айтуынша, бұл шешім саланы тұралатып отыр.
Өйткені нарықты шенеуніктер шешімімен басқарған елге ешбір инвестор қаржы салуға дайын емес.