Ұлттық құрылтайдан кейін мансабы қыл үстінде тұрған шенеуніктер

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Парламенттік реформа туралы жаңалықтардың тасасында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген өзге де мәселелер назардан тыс қалып қойғандай. Ал олардың саны аз болған жоқ. Көбі күнделікті өмірге қатысты, олар: көшедегі қауіпсіздік, тұрғын үйлердегі жайлылық, қалалар арасындағы қатынастың қолайлылығы, дүкендердегі бағаның қолжетімділігі. Ресми іс-шаралардың дәстүрлі күнтізбесіне сәйкес, алдағы апталарда президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдағы сөзіне қарағанда, кейбір министрлер осы жиынға дейін-ақ өздерінің Үкіметке қаншалықты қажет екенін дәлелдеуі тиіс. Мемлекет басшысы кімді және не үшін сынға алды? Ulysmedia.kz еске салады.

Прогресс пен қазба байлық

Ұлттық құрылтай қарсаңында елордалық баспасөз орталығында журналистер президент парламенттік реформадан бөлек қандай тақырыптарға тоқталатынын болжауға тырысқан еді. Басым дауыс цифрландыруға берілді. Шынында да, жасанды интеллект тақырыбы құрылтай мүшелері тарапынан көтерілді. Мәселен, депутат Сергей Пономарев 16 жасқа дейін әлеуметтік желілер мен ChatGPT-ке қолжетімділікті шектеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев та цифрландыруды сөз етті. Алайда журналистер күткендей тек прогреске ілесу мен ІТ-технологияларды мемлекеттік басқаруға енгізу жайында ғана емес, басқа қырынан тоқталды. Президент цифрландырудың тек мүмкіндік емес, сонымен қатар орасан зор энергия шығынын талап ететінін еске салды.

– Дата-орталықтардың энергия тұтынуы металлургиялық комбинаттармен шамалас. Сондықтан энергетикамен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда қазіргі ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға электр энергиясы жеткіліксіз, ал болашақ туралы тіпті айту қиын. Оның пікірінше, бұл ретте Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры тарапынан елеулі олқылықтар бар. Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы ЖЭО құрылысының және өзге де энергия нысандары құрылысының созылып кетуіне осы құрылымдар жауапты.

– Энергетикалық жүйенің сенімділігін арттырудың маңызды резерві – елдің су ресурстары. Оның әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылып отырған жоқ. Ашық айтқанда, бұл саладағы жұмыс мүлде ақсап тұр. Елдің нақты гидроэнергетикалық әлеуетіне шұғыл баға беру қажет. Кеңес дәуіріндегі деректер әлдеқашан ескірді. Қазақстанның су-энергетикалық ресурстарының шынайы картасын дайындау керек. Уақыт тығыз, – деді президент қатаң түрде.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы көмір қоры тағы кемінде 300 жылға жететінін айтып, бұл стратегиялық ресурс екенін атап өтті. Экологияны ескере отырып, көмір саласын дамытуға ұлттық жоба мәртебесін беруді ұсынды. Бұл бағыттағы жауапкершілік су ресурстары және интеграция, энергетика, өнеркәсіп министрліктеріне, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры басшылығына жүктелмек.

Газдандыру неге жүрмей жатыр?

Президенттің бұл құрылымдарға қатысты басқа да сұрақтары бар болып шықты. Мәселен, ол «Самұрық-Қазына» құрамындағы QazaqGaz ұлттық компаниясының тиімділігіне көңілі толмайтынын айтты. Белгілі болғандай, 10 мың қызметкері бар компания жылына небәрі 350 млн текше метр газ өндіреді, ал жаңа кен орындарын игеру өте баяу жүріп жатыр.

– QazaqGaz басшылығына перспективалы учаскелерді өз қаражаты есебінен игеруге кірісу міндетін қойдым, – деді президент.

Айта кету керек, 2025 жылғы тамызда компания басшысы болып тағайындалған Әлібек Жамауов бірнеше рет сынға ұшырағанымен, ұлттық компанияның саясаты айтарлықтай өзгермей отыр.

Түсініксіз шешімдер

Кейде ұлттық компанияларға министрліктердің орнына жұмыс істеуге тура келетін сыңайлы. Мысалы, жүк әуе компаниясын теміржол саласына жауапты «Қазақстан темір жолы» базасында құру шешімі қабылданған.

– Үкіметке авиация саласында, әсіресе жүк тасымалында нақты нәтиже көрсету міндеті қойылды. Біздің елдің әлі күнге дейін Еуразиялық әуе жүк хабына айналмауы кешірілмейтін олқылық, тіпті абсурд, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның әуе хабқа айналуына кедергі – авиаотын бағасының қымбаттығы. Ол көршілес елдермен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз.

– Мұнай өндіретін елдің авиакеросин бағасы мұнай өндірмейтін мемлекеттерден қымбат болуы абсурд емес пе?! Экономистерге де, энергетиктерге де сұрағым бар. Кадрлық шешімдер қабылдауға тура келуі мүмкін, – деді мемлекет басшысы.

Осы сәтте энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те, ұлттық экономика вице-премьері Серік Жұманғарин де ойланып қалғаны анық. Айта кетерлігі, Жұманғарин пленарлық отырысқа қатысып, камералар оны жиі көрсетті. Ресми бөлімнен кейін ол президентпен сырттай пікірталасқа да түсті: Тоқаев қажет болса Салық кодексін қайта жазуға болатынын айтса, Жұманғарин «жұмыс істеп тұрған кодексті қайта жазудың қажеті жоқ» деп есептейді.

Президент жекеменшік мектептер мен ауруханалардағы қаржылық «қосып жазу» мәселесін де қайта көтеріп, оған құқық қорғау органдары баға беретінін айтты. Бұл жағдай Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жұмысты босаңдатуына мүмкіндік бермеуі керек.

– Қордағы жағдай – әлеуметтік сала басшыларының кәсібилігінің төмендігін және мемлекеттік мүддеге бейжай қарауын көрсетеді. Сондықтан шенеуніктердің адалдығына деген сұраныс әлі де өзекті, – деді Тоқаев.

ЕАЭО аясында ұтылып жатқан жоқпыз ба?

Сондай-ақ сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа да босаңсуға болмайды.

– ЕАЭО елдерінен субсидияланған өнімдер қысым жасап отырған жағдайда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының тығырыққа тірелуі – қалыпты жағдай емес. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі, – деді президент.

Ол Үкіметке ұлттық мүддені белсендірек қорғауды тапсырды.

– Өзара мүдделердің әділ тепе-теңдігін табу, Қазақстанның ұстанымын сауатты әрі дәлелді қорғау қажет. Сонда ғана экономикамызды халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ете аламыз, – деп түйіндеді Тоқаев.

«Жауапкершілікті өз мойныма аламын»

Сөз соңында президент министрлерге қазір оңай емес екенін айтты. Өйткені энергетика мен экономикадағы жиналған мәселелер жаһандық тұрақсыздықпен тұспа-тұс келіп отыр.

– Біз батыл, стандарттан тыс шешімдер қабылдаудан қорықпауымыз керек. Тіпті Үкімет мүшелеріне де айттым: егер бір нәрседен қорықсаңыздар, маған жазбаша түрде жеткізіңіздер. Ұсыныс не идея тиімді болса, қолдаймын. Барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын, – деді президент.

Бұл үндеу министрлерге қаншалықты жігер бергенін алдағы әрекеттерінен көреміз.

Шымкент қашанда жылдам

Ал президент сынына жедел жауап бергендердің бірі құқық қорғау органдары болды. Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты полицияның әрекетсіздігі сыналғаннан кейін бірқатар басшылар қызметінен шеттетілген.

Атап айтқанда, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Алмасбеков, оның орынбасарлары Сахов пен Қалдарбеков, Қаратау аудандық басқармасының басшылығы және тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен алынған. Сондай-ақ қалалық ПД тергеу басқармасының басшылығы да шеттетілгені хабарланды.

Отставкалардың бір бөлігі ресми түрде расталды. Жалпы алғанда, қозғалыс бар, бұл анық сезіледі.