Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі комиссия отырысында депутаттардың Ата заңның 32-бабындағы азаматтардың бейбіт митинг өткізуіне шектеу қою ауқымын кеңейту туралы ұсынысы БАҚ пен азаматтық қоғамда қызу талқыланып жатыр. Азаматтық қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар мұны сөз бостандығы мен ой еркіндігіне жасалған қысым әрі шектеу десе, депутаттар керсінше, ұсынылған өзгерістерді адам құқығын қорғау және ескірген заңды жаңарту дейді.
Даулы өзгеріс
26 қаңтарда өткен Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі комиссия отырысында мәжіліс депутаты Снежанна Имашева 32-баптағы азаматтардың бейбіт митинг өткізуіне шектеу қою ауқымын кеңейту туралы ұсыныс айтты. Ол бойынша жиын өткізуге қойылатын бұрыннан бар шектеулерге қосымша себептер ретінде конституциялық құрылымның негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтау секілді жаңа негіздер қосылады.
Өзгеріс енгізу ұсынылып отырған қазіргі қолданыстағы Конституцияның 32-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін» деп жазылған.
Әлнұр Ильяшев. Фото: adamdar.ca
«Шектеулерге Конституциялық легитимділік берудің амалы»
Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев бейбіт жиындар өткізуге шектеу қоюдың ауқымын кеңейту сол шектеулерге Конституциялық легитимділік берудің амалы дейді. Сөзінше, қазір бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермеуге қатысты заң бұзушылықтарды билік осылайша заңдастырғысы келеді.
«Олар қазір қалыптасқан практика Конституциялық құқықты бұзатынын түсініп отыр. Егер олар өзгерістерді енгізсе, бұл олардың қолын босатады. Біз осылайша, митинг өткізуге рұқсат бермеу жағдайларын көптеп көретін боламыз. Азаматтар сотқа жүгінген жағдайда олар [билік] ол жерден оп-оңай [жауап беріп] өтетін болады. Өкінішке орай, азаматтарға қандай да бір мәселені билікке жеткізу үшін, резонанс тудыру үшін басқа бір жол іздеуге тура келеді», – деді Әлнұр Ильяшев Ulysmedia тілшісіне.
Ғалым Ағелеуов. Фото: Азаттық радиосы
«Билік бейбіт митингке үреймен қарайды»
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов билік әлі күнге дейін бейбіт митинг, пикет, жиындарға үреймен қарайды деп есептейді. Оның сөзінше, елде бұл бағытта авторитарлық практика сақталып отыр.
«Олар азаматтардың өздігінен шешім қабылдауынан, ашықтықтан қорқады. Халықаралық заңдар бойынша да, Қазақстанның Конституциялық құқығы бойынша да азаматтар өз ойын ашық айтып, шешім қабылдауға құқылы... Бұл – азаматтардың әу бастағы негізгі құқығы. Сол себепті керсінше, мәселелер ашық айтылу үшін, даму үшін азаматтарға мүмкіндік беру керек. Ол азаматтар игілігі үшін қызмет істеуі тиіс биліктегі менеджерлер жұмыс істеуі үшін де қажет. Қазір қалыптасқан авторитарлық билік ресейлік заңдарды көшіріп алып, бізге толыққанды азамат ретінде өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр», – деді құқық қорғаушы.
Снежанна Имашева. Фото: скриншот
«Сөз бостандығын шектеуге емес, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған»
Дау болған өзгертулерге қатысты депутаттар да пікір білдірді. Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі комиссия отырысында осы ұсынысты айтқан депутат Снежанна Имашева бұл бастама сөз бостандығын шектеуге емес, қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғандеді.
Депутаттың сөзінше, қоғамда бұл түзетуді «қысым көрсету» ретінде қабылдап жатқандар бар, алайда мәселе мүлде басқа бағытта.
«Ар-намыс пен абырой неге Конституцияда көрсетілуі керек деген сұрақ қойылып жатыр. Ол басқа заңдармен қорғалмай ма дейді. Бірақ мұнда адамды шектеу туралы әңгіме болып отырған жоқ», — деді ол.
Имашеваның айтуынша, бұл норма билікті сынауға кедергі келтірмейді.
«Шенеуніктерді сынауға болады, оларға жағымсыз сөз айтуға да болады. Бұл абыройды қорлау болып саналмайды. Бірақ қарапайым адамдар бар. Олар күн сайын әлеуметтік желіні пайдаланады. Сол жерде оларды тек тілдеп қана қоймай, моральдық тұрғыда «өлтіріп», қорлап жатады», — деді депутат.
Айдос Сарым. Фото: Ашық дереккөзден
«Бұл — қалыпты тәжірибе»
Мәжілістің тағы бір депутаты Айдос Сарым ұсынылған өзгертулерге қатысты дауға журналистердің өзін айыптай сөйледі. Оның айтуынша, сөз бостандығын шектеу туралы ұсыныс түскен жоқ. Бұл журналистердің интерпретациясы. Қазіргі заңнаманың өзі Қазақстандағы бүкіл баспасөзді жауапкершілікке тартуға жеткілікті. Бірақ ондай міндет ешкімнің алдында тұрған жоқ.
«Митингілер ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтірсе ғана шектелуі мүмкін. Бұл — қалыпты тәжірибе. Біздің митинг туралы заң 1995 жылы қабылданған. Содан бері әлемде мүлде жаңа шындықтар пайда болды. Қазір Еуропада да, өзге елдерде де бұл бағытта талаптар күшейіп келеді. Әлемдік құқықтық кеңістік өзгеріп жатыр. Біз Конституциядан бастап салалық заңдарға дейін соған сәйкестендіріп жатырмыз», – деді ол.
Бұдан бөлек, Айдос Сарымның «қазір митинг өткізгісі келген адамдарды көріп тұрған жоқпын» деді. Оның сөзінше, митинг өткізу үшін өтініш берсең жеткілікті.
«Ешқандай шектеу болмайды. Тек тәртіп бар. Сол тәртіпті сақтағандар митинг өткізеді. Ал сақтамағандар айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмысқа тартылады. Оның формалары заңда бар, қорықпаңыздар. Конституция біреуге жазуға тыйым салу немесе біреуді митингке шығармау үшін жазылмайды. Ол мемлекетті қорғау, саяси жүйеге төнуі мүмкін тәуекелдердің алдын алу үшін қажет», – деді депутат.
Көрнекі сурет. Фото: Азаттық радиосы
Бейбіт митинг өткізуге рұқсат ала алмаған белсенділер
Қазақстанда белсенділер жергілікті әкімдіктерден митинг өткізуге рұқсат ала алмағаны туралы жиі айтады. «Белсенділер экстремист емес» құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың 30 шілдесінен бастап 2025 жылдың 8 қазаны аралығында бейбіт жиын, бір адамдық пикет немесе шеру өткізу туралы кемінде 713 өтініш орындалмаған. Оның 27-сі 2025 жылы тіркелген.
Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев бейбіт митинг өткізу оңай емес дейді. Оның сөзінше, митинг өткізу үшін табандылық пен тәжірибе қажет. Рұқсат алуға қол жеткізу үшін де күресу керек.
«Митинг қандай да бір өзекті мәселе бойынша қазір, осы жерде өтуі тиіс дүние. Режим адамның мәселесін шешу үшін митинг өткізуге мәжбүр болып тұрғанын көреді және сол мәселені шешеді. Митинг арқылы қандай да бір өзгерістерге қол жеткізуге болатынын көргенін қаламайды», – деді ол.
2020 жылы қабылданған «Бейбіт жиын өткізу» туралы заңды билік «демократияға қадам» деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Сөздерінше, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді.