Ресей-Украина соғысына 4 жыл: үміт пен күдік күресі

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

1461 күн. Ресейдің арнайы әскери операция деп атаған Украинаға басып кіру әрекетіне осынша уақыт өтіпті. Үш күнде аяқталады деп масайраған Путин сөзі желге ұшты, талай әскері жер құшты. Төрт жыл өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қан қасап соғыс Еуропа құрлығын тағы шарпыды. 2022 жылғы 24 ақпанда алғашқы ресейлік танкілер Украина шекарасынан өткен сәттен бастап, әлем өзгерді. Бірақ сол кезде бұл локальды қақтығыстың немен аяқталатынын ешкім болжай алған жоқ. Барлығы тез шешіледі деп күтті, алайда тығырыққа тірелді. Әлем «ядролық апокалипсистен сақта» деп отырғанда, дрондар соғыстың басты құралына айналып, санкциялар «әй, қойсайшы» немесе «болмадың ғой, міне саған» деген дөң-айбат көрсетудің амалы болып шыға келді. Осынша уақыт өткенде әлем қалай өзгерді, Ресей мен Украина хәлі нешік – Ulysmedia.kz тілшісі саралап көрді.

ҮМІТТІҢ ӨЗІ ҮМІТСІЗДІК ХӘЛІНДЕ

Соғыстың алғашқы айлары иллюзияға толы болды. Өз әрекетін «арнайы әскери операция» деп атаған Ресей Киевтегі билікті тез ауыстырамыз, блицкриг болады деп үміттенді. Ал Украина Батыс әуе кеңістігін жауып, көмектеседі деп күтті. Бірақ екеуі де орындалмады.

2022 жылдың көктемі Бучадағы сұмдық пен кейін мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық деп есептелген Ыстамбұлдағы келіссөздермен есте қалды. Жазда Северодонецк пен Лисичанск үшін қанды шайқастар өтті. Күзде Украина Харьков бағытындағы қарсы шабуылдан кейін рухтанып, Херсонды қайтарып алды. Ал содан кейін қыс келді.

2023 және 2024 жылдар Бахмут, Авдеевка, Угледар маңындағы қан-қасап шабуылдармен есте қалды. Майдан даласына айналған аймақ ұзаққа созылған соғыстан қажыды. Әлем де соғыс туралы жаңалықтардан шаршады. Бірақ оған бола тоқтайтын соғыс қайда, екі көзі қанталап, әрі қарай жалғаса берді…

2026 жылдың ақпанына қарай майдан шебі біршама тұрақтағандай көрінді. Алайда әскери сарапшылар Ресей тактиканы үнемі өзгертіп отырғанын айтады. Дрондар жаңаша қолданылып, шабуылдардың бағыты энергетикадан су жүйелері мен теміржолға ауысты. Мақсат – логистиканы тұралатып, өмір сүруді қиындату.

ЕСЕПТЕ АТАЛМАҒАН ШЫҒЫНДАР

Кез келген соғыстың ең қорқыныштысы – адам өлімі. Шығын туралы сандар әртүрлі, бірақ апаттың ауқымын жоққа шығару мүмкін емес. Сарапшылардың есебінше, екі тараптан да қаза тапқандар мен жараланғандардың жалпы саны 2 миллионға жуықтайды. Ресей шамамен 1,2 миллион адамынан айырылған, оның кемінде 325 мыңы қаза болған. Украинада шығын 600 мыңға дейін жетеді, оның 140 мыңға жуығы – қаза тапқандар.

Мамандардың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бірде-бір ірі мемлекет мұндай шығын көрмеген. Нақты сан одан да көп болуы мүмкін, өйткені шынайы деректер жасырылып келеді.

Тағы бір ащы шындық – Украина халқының шамамен төрттен бірі опат болған. Миллиондаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр. Тағы 5 миллион адам оккупацияда өмір сүріп жатыр.

Ең қиыны мұның зардабын өскелең ұрпақ тартып отыр. Күні-түні аспаннан оқ жауып тұрған Херсонда соғысқа дейін 60 мыңнан астам бала болса, қазір олардың 5 мыңы ғана қалған. Балалық шақтары жертөле мен оқ-дәрі сасыған аймақта өтіп жатыр. Мыңдаған бала күштеп әкетілген – бұл тұтас бір жоғалған ұрпақ.

Ақпан айының ортасында Харьков облысындағы Богодухов қаласында дрон шабуылынан үш кішкентай бала мен олардың әкесі қаза тапты. Олар қауіпсіз жер іздеп көшіп келген еді, бірақ соғыс ол жақта да жетті.

Сарапшылар Ресейдің соғыстан кейінгі жағдайына да алаңдайды. Майданнан оралатын жүздеген мың адам, соның ішінде бұрынғы сотталғандар, қоғам үшін үлкен әлеуметтік проблемаға айналуы мүмкін. Мұндай тәжірибе бұрын да болған, бірақ қазіргі ауқым мүлде бөлек.

СОҒЫС ШЫҒЫНЫ ЖӘНЕ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ҚҰНЫ

Соғыс экономиканы құрдымға жіберді. Ресей әскери шығынды экономика арқылы ұстап тұруға тырысты. 2024 жылы өсім болды, бірақ артынан инфляция, кадр тапшылығы мен экономиканың қиын кезеңі келді. 2025 жылы өсім күрт баяулады. Банктерде де қиындық көбейді. Санкциялар бірден құлатпаса да, экономикаға у секілді баяу әсер етіп жатыр.

Украинада 2022 жылы экономика 30 пайызға құлдырады. Бірақ ел жаңа жағдайға бейімделе алды: ауыл шаруашылығы жаңа бағыттармен экспорт жасады, IT саласы дамыды, ал қорғаныс өнеркәсібі мыңдаған жұмыс орнын ашты. Соған қарамастан, қираған елді қалпына келтіру үшін алдағы он жылда шамамен 588 миллиард доллар қажет. Бұл – орасан сома.

Қалпына келу толығымен сыртқы көмекке тәуелді. Бірақ басты қауіп – Батыстың көмек беруден қалыс қалу ниеті. АҚШ әскери көмекті азайтқан соң, Еуропа қолдауды күшейтті. Дегенмен салмақ бәріне бірдей түспей отыр: кей елдер барын салып көмектессе, кейбірі артта қалып келеді.

ӘЛЕМНІҢ ЖАҢА БЕЙНЕСІ

Украинадағы соғыс локальдылық сипатынан айрылды. Ол енді жергілікті қақтығыс емес. Ол жаһандық саясатты өзгертті. Бір-біріне жақындасқан елдер жаңа одақ құрып, әскери және экономикалық байланыстарды күшейтті. Қару, дрон, технология – бәрі бірге дамып жатыр. Әлем бұрынғыдай емес, шешімдер тек Уашиңтон мен Брюссельде ғана емес, басқа астаналарда да қабылдана бастады.

КЕЛІССӨЗ ҮСТЕЛІНДЕГІ ҚЫМ-ҚУЫТ ТІРШІЛІК

Соғыс басталғалы бері келіссөздер де түйінді тақырып ретінде күн тәртібінен түскен емес. 2022 жылы Ыстамбұлда бейбітшілікке бір қадам қалғандай болған. Бірақ жұқа мұз секілді ол да өткел бермеді. 2023 жылы құпия жағдайда тек тұтқын алмасу туралы кездесулер өтті және ол нақты нәтиже берген жалғыз кездесу болды.

2026 жылы Женевада тағы бір кездесу өтті. «Алға жылжу бар» деген сөз айтылды, бірақ басты мәселеде келісімге келе алмады. Төрт жыл, ондаған раунд, мыңдаған сағат – бірде-бірі бейбіт келісімге келтіре алмады.

ҚАЖУ ЖӘНЕ БҰЛЫҢҒЫР БОЛАШАҚ

Соғыс бәрін бірдей шаршатты деу үстірт болар. Кей деректерге қарағанда, Ресей бұл соғысты тез аяқтағысы келмейді. Ал Украина барынша шыдап келеді. Қыстың суығы, энергетикалық нысандарға шабуыл, жарық пен судың жетіспеуі миллиондаған адамға ауыр соққы. Адамдар бейбітшілікті қалайды, бірақ егемендікті өз қалауларынан жоғары қояды.

Төрт жыл бұрын соғыс тез аяқталады деп ойлағандар көп еді. Қазір тіпті келесі келіссөз қашан болатынын ешкім айта алмайды. Әлем жұқа мұз үстінде тұр: кез келген оқыс қимыл жағдайды ушықтыруы мүмкін.

Бұл соғыс – жеңіске тез жетемін деген иллюзияның көпжылдық қасіретке айналғанының көрінісі. Ол миллиондаған адамның тағдырын өзгертіп, әлем картасын қайта сызды. Қорқынышты түстей болған осынау соғыстың қашан аяқталары белгісіз.