Көкжайлау төңірегіндегі дау. Шатқалға шаңғы курортын салу кімге керек?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Осыдан 2002 жылдан бері біресе өршіп, біресе бәсеңдеумен келе жатқан Көкжайлау шатқалы төңірегінде дау қайтадан басталған тәрізді. Экологтар мен белсенділер кейінгі уақыттары жарнамасы жер жарып тұрған «Almaty SuperSki» тау шаңғы курортының жобасына күмәнмен қарайды. Бұл жоба төңірегінде неге дау көп? Оның Көкжайлау шатқалына қандай қатысы бар? Белсенділер мен экологтардың алаңдауында негіз бар ма? «Almaty SuperSki» жобасын кім жүзеге асырады? Оның түпкілікті бенефицары кім?

Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасы сонау 2002 жылы пайда болған. Содан бері бұл жобаның басынан дау арылған жоқ. Белсенділер ерекше қорғауға алынған табиғи аумақта курорт салуға қарсы болып, наразылық білдіріп келеді. Тіпті 2012 жылы пікірталас халықаралық деңгейге көтеріліп, наразы топ БҰҰ-ның Орхус конвенциясына шағымданған. Қоғам белсенділері «Көкжайлауды қорғайық» атты бейресми қозғалыс құрып, биліктің шалағай әрі халық үнімен санаспаған жобасына қарсы тұрды.

Алматы әкімдігі 2015 жылы күзде жобаны уақытша тоқтатып, оған экономикалық дағдарыс пен жұрттың наразылығы себеп болғанын айтты. Уақытша тоқтатылған жоба 2017 жылы қайта жаңғырды. Қала билігі ескі техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжатты жарамсыз деп танып, жаңасын жасауға кірісті. Курорт жобасы мен концепциясын әзірлеген компаниялар да ауысқан. Жұрт бұл да бюджет қаржысын жұмсаудың бір жолы деп сынаған.

Тоқаевтың тыйымы

Екінші «Көкжайлау дауы» да ұзаққа созылды. Жұрт екіге жарылып, әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу пікірталас болды. Бұл дауға 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Ол «Көкжайлау» жобасымен айналысуға тыйым салған.

«Бұл тақырыпқа қайта орала бермес үшін айтайын, мен Көкжайлау аймағына демалыс кешенін салуға тыйым саламын. Керек емес. Оның үстіне бұл бастамаға кәсіби экологтар мен қоғам белсенділері де қарсы шығып отыр», – деген сол уақытта президент.

Жеті жылдық үзілістен кейінгі күдік пен күмән

Бірақ араға жеті жыл салып Көкжайлау дауы қайтадан күн тәртібіне шығып отыр. «Көкжайлауды қорғаймыз!» тобының мүшесі Татьяна Бендзь тау шаңғы курортын салуды көздейтіндер сәтін күткен тәрізді дейді.

«2018–2019 жылдардағы оқиғадан кейін біз ауқымды науқан көтеріп, нәтижесінде президент бұл жобаны тоқтатуға шешім қабылдағанда, барлығымыздың арқамыздан ауыр жүк түскендей болды. Себебі бұл – жеңістің айқын көрінісі еді. Алайда олар сабыр сақтап, қолайлы сәтті күткен тәрізді. Ақырында тиімді мезетті күтіп, жобаны қайтадан алға жылжытып жатыр, – дейді ол.

«Көкжайлауды қорғаймыз!» тобының тағы бір мүшесі Елена Ерзакович алты жылдан кейін аты өзгергенмен жобаның заты біреу дейді. Оның сөзінше, «тау шаңғы курорты» деген сөз «Алматы тау кластері» деп өзгерген және одан бөлек «Almaty SuperSki» жобасы қосылған.

«Қазір іс жүзінде екі жоба бар. Біріншісі – жарнамаланып жатқан Алматы тау кластері. Ал екіншісі атауы қайта өзгерген «Almaty SuperSki» жобасы. Бұл екі жоба кей тұста бір-бірімен тоғысады, ал кей бағыттарда өз алдына жеке жүзеге асырылып жатыр», – дейді ол.

«Almaty SuperSki» жобасының бенефицары кім?

«Almaty SuperSki» жобасының басты қолдаушысы әрі бенефицары «Kazakh Tourism Development» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев. Былтыр желтоқсанда журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында ол «Almaty SuperSki» жобасын PGI компаниясы әзірлегенін, оны компанияның директорлар кеңесі мақұлдағанын айтқан.

«12-13 жыл бұрын бізде Шымбұлақ жүктемені еңсере алмай жатты. Кейіннен Шымбұлақтағы инфрақұрылым заманауи көтергіштерге жаңартылды, жоталар жөнделді. Осыдан кейін адамдар отбасымен келе бастады. Сонда біз Шымбұлақтың болашақта аздық ететінін түсіндік. Мен сол уақытта Шымбұлақтың басшысы бола тұра, алғашқылардың бірі болып жобаны қолдадым», – деді ол.

Былтыр қыркүйекте премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Tourism Development LTD» компаниясының директорлар кеңесінің отырысын өткізген. Онда «Almaty SuperSki» жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды деген үкіметтің баспасөз қызметі сол уақытта. Жиында Ержан Еркінбаев Pas Grau International (PGI) компаниясымен бірлесіп әзірленген «Almaty Superski» курортының жаңартылған жоспарын таныстырған.

«Отырыс қорытындысында директорлар кеңесі кешенді жоспарды бекітті, енді ол техникалық-экономикалық негіздемені және жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға негіз болады», – делінген сол уақытта үкіметтің телеграм арнасында жарияланған хабарламада.

«Kazakh Tourism Development LTD» cайтында Pas Grau International (PGI) компаниясы 1957 жылы Андоррада құрылған. Тау шаңғысы курорттарын салуда әлемдік гигант ретінде көрсетілген.

“1957 жылы Андоррада құрылған PGI тау шаңғысы курорттарын стратегиялық дамытуға, маркетингке, жобаны толық басқаруға маманданған. Осы уақыт ішінде PGI әлемнің төрт құрлығында 120-дан астам курортты, соның ішінде Еуропа мен Азиядағы туризмнің тұрақты дамуының сәтті мысалдарына айналған жобаларды жүзеге асыруға қатысты”, – делінген сайтта.

Үкімет қаулысы және 20 жылда өтелетін мемлекет қаржысы

3 наурызда «Алматы тау кластері туризмін дамыту жөніндегі 2025 – 2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы» үкімет қаулысы жарияланды.

Қаулымен бірге жарияланған кешенді жоспарда инфрақұрылымға қатысты жұмыстардың басым көпшілігі жергілікті және республикалық бюджет есебінен жүргізілетіні туралы жазылған.

Экологиялық құқық бойынша заңгер Вадим Ни Алматы тау кластері туризмін дамыту жобасын Өзбекстанмен салыстырды. Оның сөзінше, екі елде жүзеге асырылып жатқан жобаның арасы жер мен көктей.

«Бір ай бұрын Өзбекстан экологтары бізді тауда салынуы жоспарланған жыл бой жұмыс істейтін курорттық кешенге қатысты қоғамдық тыңдауларға шақырды. Онда жоба толықтай жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Инвестор қосымша 240 миллион доллар көлемінде инфрақұрылымдық алым төлеуге міндетті. Бұдан бөлек, жерді жалға алу ақысы да қарастырылған — нарықтық бағамен шамамен 150 миллион доллар, – дейді Ни.

Оның сөзінше, Өзбекстанда жобаны жүзеге асыру үшін инвестор қаржы құйса, Қазақстанда керсінше, мемлекет қаржы құйып отыр.

«Болашақ курорттың бүкіл инфрақұрылымын мемлекет қамтамасыз етуі тиіс: электр қуаты, су жүйесі, кәріз, газдандыру. Бұған қоса, тау инфрақұрылымының – аспалы жолдардың, жасанды қар жүйелерінің, жоталардыдайындау жұмыстарының құрылысы да ішінара мемлекет тарапынан субсидияланбақ. Содан кейін ғана қонақүйлер мен коммерциялық нысандарды салумен айналысатын жеке инвестор келеді. Айырмашылық бар ма? Ол жақта бизнес мемлекетке төлейді. Ал мұнда мемлекет бизнеске төлейді», – дейді ол.

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, тау шаңғы курортын салу барысында инфрақұрылымға жұмсалатын қаржы алдағы 20 жылда өз-өзін ақтайды. Болашақта кешенді мемлекет өзі басқарады немесе жеке компанияның басқаруына береді.

«Қазір біз көріп отырмыз, біздің қаржылық моделіміз мына ауыр, үлкен инфрақұрылымға жұмсалған қаржы 20 жылдың ішінде өтеледі. Әрбір құжат астында менің қолым тұрғандықтан мен толықтай жауапкершілікті алуға дайынмын», – дейді Ержан Еркінбаев.

Құжат пен қоғамдық тыңдау төңірегіндегі дау

Экобелсенділер бір жылдан бері жобаға қатысты құжаттарды ала алмай жүргендерін айтады.

«Бізге «қызметтік пайдалануға арналған ақпарат», «әзірге пысықталмаған», «экологиялық сипаттағы мәлімет емес» деген жауаптар беріледі. Біз бір жыл бойы бұл жобалардың қандай құқықтық негізге сүйеніп жүзеге асырылып жатқанын анықтауға тырысып келеміз. Бізге премьер-министрдің қандай да бір тапсырмасы бар екені айтылады. Алайда тапсырма бюджет қаражатын жұмсауға құқықтық негіз бола алатын ресми құжат болып саналмайды», – дейді Елена Ерзакович.

Ержан Еркінбаев талқылауға жобаға қарсы экологтар мен белсенділерді шақыру, олармен жұмыс істеу әр кезде нәтиже бермейді дейді. Оның сөзінше, жұмыс тобына салаға қатысы бар мамандар тартылған.

«Біз жұмыс тобына барлығын тартып жатырмыз. Сала мамандарын, бұл мәселені білетіндерді. Ал қарсылардың барлығын жинап алып, олармен конструктивті диалог орнату әр кезде жүзеге аса бермейді», – дейді ол.

Оның сөзінше, қоғамдық талқылау міндетті түрде болады. Бірақ оның қашан болатыны әзірге белгісіз.

«Green Salvation» экологиялық қауымдастығының өкілі Сергей Куратов нақты құжаттарды көрсетпей, қоғамдық талқылау өткізу жәй ғана формальды дүние дейді.

«Бізде бастапқы деректер жоқ кезде қоғамдық тыңдауларға қалай қатысуға болады? Қандай жоспар бар, инвестиция көлемі қандай, құрылыс жүргізетін кім? Мұның ешқайсысы белгілі емес. Нәтижесінде қоғамдық тыңдаулар формальды сипатқа ие болып, жұртшылық жағдайға шынайы ықпал ете алмайды», – дейді Куратов.

Экологтар Көкжайлауға тау шаңғы курортын салу сол аймақтың флорасы мен фаунасына кері әсерін тигізеді дейді. Құрылыс кезінде ағаштар оталып, таудың табиғи келбетіне нұқсан келеді деп есептейді.

Ержан Еркінбаев та құрылыс жұмыстары кезінде ағаштардың оталатынын жоққа шығармайды. Ол белгілі бір мөлшерде ағаштар кесіледі дейді.

Көкжайлау шатқалы Іле-Алатау ұлттық паркі аумағында орналасқан. Алматыдан 10 шақырым жерде теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте орналасқан.