Азық-түлік бағасының аспандап шыға келуі елдегі өзекті проблемалардың біріне айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені реттеу үшін арнайы мекеме құруды тапсырып отыр, бірақ... Бірақ ол мекеме бағаны тұрақтандырып, нарықтағы дүрбелеңнің алдын ала ала ма? Бұл сұрақты экономистерге қойып көрген едік.
1.0 Министр әкімге сілтейді, әкім...
Баға құбылмалылығы осы жылдың жазында ерекше сипатқа ие болды. Қымбатшылық қысқан тұста халық дүрлігіп, «Мысырдан жеткізілген» картоптың өзі біршама әңгімеге арқау болған. Сол тұста Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған Сапархан Омаров қымбатшылықты «маусымдық сипатқа ие нарықтағы дүрбелеңге» теңеп жұрттың ашуын туғызғаны бар. Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «тұрақтандыру қорларына ақшаны әкімдіктердің дұрыс бөлмегенін» мәлім еткен еді. Ақыры, байыпты сөйлеп құтылатын министрлердің қайсысы айыпты екенін көпшілік ұғып болмай қалды. Яғни президенттің осы жолғы Жолдауында «жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек» деген сөзі қымбатшылықты тоқтатуға қырсыз министрліктерге бағытталып отыр.
«Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет», - деді Тоқаев.
Еnergyprom.kz зерттеуіне сәйкес, осы жылдың шілдесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің 7-уі 20% қымбаттапты. Зерттеушілер шілденің өзінде жыл басынан бері сәбіз 2,3 есе, картоп 41,6%, сарымсақ 28,8%, күнбағыс майы 27,3%, орамжапырақ 22,3%, қарақұмық 13,8% қымбаттағанын атап көрсеткен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің ішінде тек күріш 2,5% (келісі 364 теңге) арзандаған.
2.0 Екі ортада делдалдар байып жатыр
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша елдегі азық-түліктің қымбаттауына көптеген фактор әсер етеді.
«Импортқа қатты тәуелдіміз. Яғни алдымен бағаны тұрақтандыру үшін қазақстандық үлесті арттыру керек. Халық тұтынатын тауарлардың 70-80% Қазақстанда өндірілсе, бағаны реттей алар едік. Екіншіден, ықпалды әрі басты фактордың тағы бірі – делдалдық қызмет. Қазір делдалдар бағаны жөн-жосықсыз өсіріп отыр. Түпкі тұтынушыға дейін тауардың 50% дейін өсіп кетуіне осы делдалдар кінәлі», - дейді ол.
Сарапшының пайымдауынша, мемлекет «Делдалдық туралы» арнайы заң қабылдап, оларға тауар бағасының ары кеткенде 10-12% бөлігін қоса алатындай шектеу қоюы тиіс. Экономист сондай-ақ Тұрақтандыру қорларына жылына бөлінетінін 35-40 млрд теңге жетпейтінін айтады. Елдегі 17 өңір мен қаланың әрбіріне шамамен 1,5-1,8 млрд теңгеден бөлінеді. Ал бұл сома әр өңірдің тек 10-12% қажеттілігін жабатын көрінеді.
«Біз толыққанды Тұрақтандыру қорларына бөлінетін қаражатты 2-3 есе арттыруымыз керек», - дейді ол.
3.0 Отандық өндіруші шетелге сатуға асық
Бағаның өсуінің ең негізгі себептерінің бірін экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев ақша массасының өсуінен көреді. Сарапшы Қазақстан ұнның, бидайдың, күнбағыс майының бағасын әлемдік биржаның бағасымен келістіретінін еске салады.
«Неліктен күнбағыс майының бағасын шет елде өндірілетін күнбағыс майымен үйлестіруіміз керек? Себебі бұл өнімдер ішкі нарықта көтерілмесе, барлығы экспортқа кетіп қалады. Әлемде жалпы тамақ өнеркәсібіне сұраныс өсіп барады. Мұндайда ішкі нарықта бағаны төмен ұстап тұра алмаймыз. Бір жағынан бұл тенденцияның оң әсері бар: мәселен, өсімдік майының бағасы өссе, біздің экспортшылар Өзбекстанға, Ауғанстанға өнімін экспорттай алады», - деп атап өтті экономист.
4.0 Ұлттық банк «ұйықтап» отыр
Сапарбай Жобаев теңгенің сатып алу қабілетіне, бағаның өсуіне, инфляцияға жауапты Ұлттық банктың жауапсыздығын сынға алды.
«Мысалы, Ресейдің Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина инфляцияны 5% жоғары көтеруге мүмкіндік бермеді. Ресейде қайта қаржыландыру мөлшермелесінің көрсеткіші 4,5% еді. Пандемия кезінде Ресейдің Ұлттық банкі оны 6% (яғни бірден 40%) дейін көтерді. Сөйтті де, экономикаға қосымша берілген ақшалардың әсерін азайтты. Ал біздің Ұлттық банктың төрағасы 9% қайта қаржыландыру ставкасын бір жарым жылдан кейін ғана 0,5% көтерді. Президент министрлерге мың рет ұрыссын, әкімдерге сөгіс жарияласын бәрібір – ақша массасы көбейгеннен кейін халықтың қолындағы ақша сұранысы көбейеді де, сұраныс бағаны өсіре береді. Оны ешкім тоқтата алмайды. Міне, сондықтан азық-түліктің бағалары 12-15% өсіп кетті. Бұл – Ұлттық банк төрағасының «ұйықтап» отыруының салдары. Оны біз, экономистер қаншама айттық - тыңдамады», - дейді ол.
5.0 Мемлекет бәрін меншіктеп алған
Сапарбай Жобаев азық-түлік бағасына жауап беретін тағы бір мекеме құрылса, жемқорлық одан бетер өрши түсетініне сенімді.
«Жемқорлықты азайту жолдарын әлемнің дамыған елдері реттеп алған. Қалай десеңіз, мемлекеттік меншікті 10-15% дейін азайту керек. Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанда мемлекеттік меншік деңгейі – 49% болатын. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 55% дейін көбейді. «Самұрық-Қазына», Бәйтерек, Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, Даму қоры – көбейіп кетті. Азық-түліктің қымбаттауына мемлекеттің бизнеске араласуы ықпал етеді», - деп түйді экономист.
6.0 Одақта ортақ баға болуы тиіс
Ұлттық кеңес мүшесі, ҚР Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков болса, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар мардымсыз екенін мәлім етті.
«Біз Еуразиялық экономикалық одақтағы елміз. Экономикалық одаққа кірген елде бағаның көтерілуі – табиғи процес. Өйткені әр елдің баға деңгейлері әртүрлі. Мысалы, Қазақстан мен Ресейдегі баға әртүрлі. Мәселен, қымбатшылық қазір Қырғызстанда да байқалады. Өйткені біздің орташа нарықтық баға қырғыздардан жоғары. Ал бізден Ресейдің бағасы жоғары. Сол себепті қай мемлекетте жоғары болса, төмендегілер соған бейімделіп отырады. Интеграция баға процесінде осылай байқалады», - дейді ол.
Сарапшының әріптесі Сапарбай Жобаевтың ұстанымын қолдайды: мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор арқылы өтетін мемлекеттік бюджеттің шығынын азайту керек дейді.
«Егер экономикаға осындай қыруыр қаражатты құя берсек, тауардың саны мен ақшаның салмағының арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Мәселе сонда. Бұл шығындарды түбегейлі қысқарту керек. «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» секілді холдингтерге аударылып жатқан мемлекеттің қаражаты бізде қатты көбейіп кетті», - дейді ол.
7.0 Бағаны «базарком» белгілейді
Арыстанбек Қайырбеков азық-түлік бағасын бақылайтын құзырлы мемлекеттік органдардың жұмысының сапасында да мәселе барын атап өтті. Одан бөлек әр қалада көлеңкелі экономиканың көрінісі базарларды бақылайтын топтар арқылы «гүлденіп» тұр дейді ол. Қылмыс ретінде тура танылмаса да, олардың ісі заңға қайшы. Мысалы ауылдан бір адам базарға етін өткізгісі келсе де, кіре алмайды. Кірсе, монополия ретінде «базардағылар» бағаны өзі белгілейді. «Не осы бағада сатасың, не мүлде сатпайсың» деп нарықтан ысыра салады. Сарапшы осындай элементтермен күресті күшейту керек деп есептейді.
Аян Өрібай, Нұр-Сұлтан