Құрығың жетсе, ұстап ал: елден миллиардтап ақша жымқырғандарды неге қайтара алмаймыз?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңсыз шығарылған активтерді қайтару – Қазақстандағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Алайда қылмыстық істердегі ең атышулы фигуранттардың тізіміне қарап, неге олар түк болмағандай шетелде емін-еркін өмір сүріп жатыр деген сұрақ туады? Кейбірінің қашып жүргеніне он жылдан астам уақыт болған. Оларды халықаралық іздеуге береді, сырттай үкім шығарады, елге қайтарамыз деп уәде етеді. Бірақ жылдар өтсе де ештеңе өзгермейді. Олар жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, өз елін ашық сынауды да жалғастырып жүр. Ulysmedia.kz бұл оқиғаларды Қазақстанның бұрынғы көлік прокуроры, қазір қашқын атанып, Германиядан саяси босқын мәртебесін алуға тырысып жүрген Мақсат Дүйсеновті экстрадициялау әрекетіне байланысты қайта еске алды. Осындай қашқындар қатарында Рүстем Тұрсынбаев та бар. Оның Қазақстандағы мансабы ұзаққа созылған жоқ, ол тіпті «Қазатомөнеркәсіп» төрағасының орынбасары қызметін де атқарған.

Қашқындар қайда жүр?

Қазақстанда әділ сот алдында жауап беруден бас тартқан азаматтар әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен. Мысалы, «Астана LRT» жобасының бұрынғы басшысы Талғат Ардан Қазақстаннан 2019 жылы кетіп қалған. Тергеу нұсқасына сәйкес, орындалған жұмыс актілерін қолдан жасау және аффилирленген компаниялар арқылы LRT құрылысына бөлінген бюджет қаражатын қалтаға басып отырған. Ол алты жыл бойы іздеуде жүріп, 2025 жылдың мамырында Түркияда ұсталды. Содан бері түрік билігі оны Қазақстанға беру мәселесін қарап жатыр. Бұл қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Ал басқа фигуранттар шетелде одан да жайбарақат өмір сүруде. Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов елден 2007 жылы кетіп, Швейцарияға орныққан. 2018 жылы қазақстандық сот оны ұрлық, алаяқтық және ақшаны жылыстату бойынша сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырған. Бірақ Швейцария оны беруден бас тартты. Осы уақыт ішінде Храпуновтар отбасы Еуропада тұрып, шетелдегі түрлі сот процестеріне қатысып келеді. Айтпақшы, Виктор Вячеславович ешкімнен жасырынбайды, ара-тұра YouTube арқылы бұрынғы отандастарына кеңес айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың елді қаншалық нашар басқарғанын түсіндіріп отырады.

Банктер мен бюджеттен шығарылған миллиардтар

Ең танымал қашқындардың бірі – БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов. Қазақстан билігі оны шамамен 7 миллиард доллар жымқырды деп айыптады. Елде оған сырттай жаза кесілген, әуелі 20 жылға сотталды, кейін банкир Ержан Тәтішевтің өлімін ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Алайда бұл үкімдер Әблязовтың Еуропада өмір сүруіне кедергі болмады. Ол тұрып жатқан Франция Қазақстанның экстрадициялау туралы сұрауын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Тағы бір мысал – «Азия Авто» мен «Бипэк Авто Қазақстан» компанияларының бұрынғы иесі Анатолий Балушкин. Ол жүздеген миллиард теңге көлеміндегі алаяқтық пен жымқыру ісі бойынша айыпталған. Бірақ оның өзін де, ақшасын да Қазақстанға қайтару мүмкін болмай отыр. Себебі Ресей кәсіпкерді экстрадициялаудан бас тартты, өйткені оның Ресей азаматтығы бар.

Күштік құрылымдар мен бизнестен шыққан қашқындар

Фигуранттардың бәрі бірдей олигарх немесе бұрынғы әкім емес. Бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов қазір сыбайлас жемқорлық пен азаптау ісі бойынша іздеуде жүр. Негізінде ол Германияда тұрады және бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, сол жақтан саяси баспана алуға күш салып жатыр. Бұған ұқсас жағдай ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновке қатысты. Ол 2025 жылы Дубайда ұсталғанымен, көп ұзамай босатылды. Қорғаушылардың айтуынша, қазақстандық тарап Әмірлік билігіне тағылған айыптарды растайтын құжаттарды ұсынбаған. Қазір Қапенов БАӘ-де өмір сүріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстанда қылмыстық қудалауға ұшырап, бірақ елден тыс жерде тұрып жатқан қашқындардың тізімі қысқарған жоқ. Көбі тыныш жүруге тырысса, «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы вице-президенті өзінің бар екенін үнемі еске салып отырады. Ол Facebook-тағы парақшасында Канададағы өмірі, бизнесі, Трамп туралы белсенді түрде жазып келеді. Ulysmedia.kz тілшісімен әңгімеде Рүстем Тұрсынбаев Канададан 4 млн долларға зәулім үй сатып алғанын растады және көршілерінің ешкімге жылжымайтын мүлкі үшін есеп бермейтініне таңғалғанын айтты. 

«Бәрі солай істейді»: «Қазатомөнеркәсіптің» қашқын топ-менеджерінің әңгімесі

Қазақстан халықаралық іздеу жариялаған «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев Торонто қаласында тұрады. Түрлі кезеңде оған қылмыстық топ құру және басқару, ысырап ету, заңсыз табысты заңдастыру, салықтан жалтару және құжатты қолдан жасау баптары бойынша айып тағылған. Бұған дейін Бас прокуратура бұл істе 70 млн доллар жымқыру туралы сөз болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, ақша күкірт қышқылын офшорлық құрылымдардан қымбат бағамен сатып алу схемалары арқылы шығарылған. Бұрынғы топ-менеджер Қазақстаннан қылмыстық іс қозғалғаннан кейін емес, 2009 жылы «Қазатомөнеркәсіптің» экс-басшысы Мұхтар Жәкішев ұсталғаннан кейін бірден кеткенін айтады. Оның сөзінше, Канадаға көшуге құжатты 2007 жылы-ақ тапсырған, бірақ «Қазатомөнеркәсіп» төңірегіндегі оқиғалар тезірек кетуге түрткі болған. Сонымен қатар Тұрсынбаев ақшаны шетелге алдын ала шығарып қойғанын жасырмайды.

– Өйткені мен ақылды адаммын. Қазақстанда бизнес осылай жұмыс істейді: Билік сенімсіз, кез келген сәтте бәрін тартып алуы мүмкін. Шоттарды бұғаттайды, мүлікті алып қояды... Сондықтан ірі бизнесмендердің бәрі ақшаны бірінші күннен бастап сыртқа шығарады, – деді Тұрсынбаев.

Ол елден кеткеннен кейін өзіне тергеуге қатысы бар адамдар шыққанын да айтып берді. Оның айтуынша, Р.Тұрсынбаевтан Жәкішев ісі бойынша жауаптан босату мен алаңсыз жүріп-тұру үшін 15 млн доллар талап еткен.

– Қазақстан экстрадицияға сұрау жіберді, бірақ олар қанағаттандырылмады, өйткені сапасыз материал жіберді. Экстрадицияны тек келісімі бар елдер ғана жүзеге асырады. Канада мен Қазақстан арасында мұндай келісім жоқ. Яғни теориялық тұрғыдан Канада мұны орындай алмайтын еді, сондықтан сұраулар елеусіз қалдырылды. Бұған құқықтық база жоқ, – деп түсіндірді Тұрсынбаев.

Ақшаның қайдан алынғаны туралы сұраққа Тұрсынбаев көп жыл бойы Канада билігіне қаражатының заңды екенін дәлелдеумен айналысқанын, ақырында оларды сендіре алғанын айтты. Алайда бұл нұсқаны растайтын құжаттар ашық дереккөздерде жоқ екенін атап өткен жөн.

Жария етуге болмайды

Ulysmedia.kz Бас прокуратурадан айыпталушыларды экстрадициялау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын білуді ұйғарып, бірнеше іс бойынша, соның ішінде Мақсат Дүйсенов пен Рүстем Тұрсынбаевқа қатысты сауал жолдаған. Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің басшысы А.Нұрахметовтің жауаптары өте қысқа болды: Дүйсеновке «халықаралық іздеу жарияланған», ал Тұрсынбаев турасында «аталған тұлғаға қатысты қылмыстық істі тергеу құпия сипатта жүргізіліп жатқандықтан, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді» деп жауап берілген.

Неліктен бұлай болып жатыр?

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев қазақстандықтарды экстрадициялау әрекеттерінің сәтсіз болуын түсіндіретін бірнеше себепті атады.

– Қашқан шенеуніктер, олигархтар мен бизнесмендердің көбі саяси картаны ойнайды. Бұл тәсіл Батыс елдерінің саяси дәстүріне сай келетіндіктен, істің саяси емес, нақты қылмыстық сипатын дәлелдеу үшін өте көп күш жұмсауға тура келеді, – дейді Әшімбаев.

Оның сөзінше, бұдан бөлек тағы бір жайт бар, Қазақстанда жеткілікті көрінетін дәлелдер халықаралық инстанцияларда әрдайым өте бермейді.

– Біздің күштік құрылымдарға дәлелденгендей көрінетін жайттарды басқа елдердің ұлттық сот жүйелері мен Интерпол рәсімдерінен де өткізу керек. Экстрадицияға қол жеткізу үшін тек қазақстандық сотты емес, халықаралық құрылымдарды да иландыратын дәлел базасы қажет. Бұдан бөлек, ірі олигархтың немесе шенеуніктің ресурсы көбірек болады – адвокаттары, медиа қолдауы, саяси байланыстары бар. Мұндай адамды Қазақстанға қайтару күрделі әрі қымбат процесс, – дейді саясаттанушы.

Ол «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаевтың ісіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, бұл істің айналасында әуел бастан түсініксіз жайттар аз болмаған.

– «Қазатомөнеркәсіп» ісінде оғаш тұстар болды. Бірі қашып кетті, мысалы, Рүстем Тұрсынбаев. Ал бірнеше менеджер сотталды. Бірақ олар бойынша үкім болған жоқ. Олардың ақталғаны немесе толық ақталғаны туралы да хабар болған жоқ. Кейін көбі сол баяғы қызметтеріне қайта оралды. Бұл да белгілі бір сұрақ туғызады. Тұрсынбаевқа іздеу жарияланды, бірақ оның кінәсін егжей-тегжейлі дәлелдейтін материалдар іс жүзінде көрінбеді, – дейді Әшімбаев.

Тергеу органдарының ақымақтығы

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, экстрадицияға қатысты қазіргі қиындықтардың көбі құқық қорғау органдарының өз қателіктерінен туындаған. Оның пікірінше, өткен жылдары кейбір істер асығыс және жеткілікті дәлелсіз қозғалған, сондықтан халықаралық деңгейде олар сенімсіз көрінген.

– Батыс юрисдикциялары Қазақстанда ауқатты адамдарға қарсы қылмыстық қудалауды кейде саяси астары бар процесс ретінде қабылдайды. Әрине, барлық жағдайда емес. Бірақ алдыңғы жылдардағы бірқатар кейстер осындай күдік қалыптастырды. Бұрын тергеу органдары жоғары жақтың саяси тапсырмасын тезірек орындауға тырысып, көбіне шалағай жұмыс істейтін. Соның салдарынан істер күйреп, экстрадиция үшін қажет дәлел базасы жеткіліксіз болып қалатын, – дейді саясаттанушы.

Қашқынға халықаралық іздеу жариялау оны елге қайтарудан әлдеқайда оңай. Жылдар өтеді, үкіметтер ауысады, жаңа қылмыстық істер қозғалады, бірақ көптеген фигурант шетелде алаңсыз өмір сүруін жалғастырып келеді. Соның салдарынан қоғам үшін бәрі тым қарапайым көрінеді. Сонда қалай дерсіз? Түсіндірейік: алдымен, миллиардтаған қаржыны жымқырғаны айтылады, бүкіл медиа шулайды, фигуранттарға іздеу жарияланады, бірақ не қашқындар, не ақша елге қайтпайды.