Трамп пен Тегеранның келісімі: Соғыс осымен аяқталды ма?

Есдәулет Қызырбекұлы
ЖИ/Ulysmedia

Вашингтон мен Тегеран соғысты екі аптаға тоқтату туралы келісімге келді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды бомбалауды екі аптаға тоқтатуға шешім қабылдады. Ал Иран билігі Ормуз бұғазын ашуға келісті. Таяу Шығыстағы соғыс осымен аяқталды ма? Жағдай әрі қарай қалай өрбуі мүмкін? Бұл қақтығыста кім ұтты, кім ұтылды? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

ТРАМПТЫҢ КЕЛІСІМІ

7 сәуірде Дональд Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында Ираннан 10 тармақтан тұратын ұсыныс түскенін айтып, оны «келіссөз бастауға негіз бола алады» деп атады. Бұған дейін ол «бүгін түнде тұтас өркениет жойылады» деп Тегеранға сес көрсеткен.

«Жүргізілген келіссөздер барысында олар бүгін түнде Иранға бағытталған жойқын күш қолдануды тоқтата тұруды сұрады. Осыған байланысты, егер Иран Ислам Республикасы Ормуз бұғазын толық, дереу және қауіпсіз түрде ашуға келіссе, мен Иранға қарсы бомбалау мен шабуылдарды екі апта мерзімге тоқтатуға келісім беремін», – деп жазды Трамп.

Дональд Трамп Иран ұсынған келісім тармақтары туралы нақты ешнәрсе айтпады. Тек келісім Иранның Ормуз бұғазын ашуымен байланысты екенін мәлімдеді. Бұғаз арқылы әлемдік нарықтағы мұнайдың 20 пайызы өтеді.

Әзірге келісімге Израильдің қосылғаны немесе қосылмағаны белгісіз.

Дональд Трамп. Фото: АР

ИРАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Х желісінде бітімді растап жазба жариялады. Ол онда «егер Иранға қарсы шабуыл тоқтаса, онда Иран қарулы күштері де қарымта соққыларды тоқтатады» деп жазды. Осы уақытқа дейін Тегеран жауап ретінде АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларын атқылап, Таяу Шығыстағы одақтастарын атқылап келген.

«Егер Иранға қарсы шабуылдар тоқтатылса, біздің қарулы күштеріміз қорғаныс сипатындағы операцияларын тоқтатады. Екі апта мерзім ішінде Ормуз бұғазы арқылы өту Иран қарулы күштерімен үйлестіру негізінде және техникалық шектеулерді ескере отырып қауіпсіз түрде жүзеге асырылатын болады», – деп жазды ол.

Ал Иранның Tasnim ақпарат агенттігі тараптардың «арнайы шартпен» бітім жасасқанын жазды. Бұл агенттіктің Иран Ислам революциясы сақшылары корпусына жақын екені айтылады.

АҚШ пен Иран арасындағы бітім Пәкістанның араағайындығымен жүзеге асып жатыр.

Аббас Арақчи. Фото: Sputnik

БІТІМ СОҒЫС ТОҚТАДЫ ДЕГЕНДІ БІЛДІРМЕЙДІ

Ирантанушы Жәнібек Көпжасар АҚШ пен Иранның екі апталық келісімі соғыс түпкілікті тоқтады дегенді білдірмейді дейді. Оның сөзінше, бұл тек уақытша саяси маневр.

«Бұл жерде халықаралық жағдайдың қатты ушығып бара жатқанын кішкене тоқтату деп ойлаймын. Өйткені Иранның қойып отырған шарттарының ішінде АҚШ ешқашан қабылдамайтын шарттар бар. Мысалы, біріншісі, уран байытуды жалғастыру. Екіншісі, АҚШ-тың Таяу Шығыстан кетуі. Басқа шарттармен қандай да бір келісімге келетін болса да, бұл екі шартпен АҚШ ешқашан келіспейді. Сондықтан бұл бір саяси маневр деп есептеймін», – дейді ол.

Ирандағы соғыс салдарынан әлемдік нарықта мұнай бағасы шарықтап кеткен. Тегеран Ормуз бұғазын жапқанда мұнайдың баррелі 100 доллардан асып жығылған.

«ИРАН ОСЫ ЕКІ АПТАДА ӨЗ ІШІНДЕ КЕЛІСІМГЕ КЕЛІП АЛУДЫ КӨЗДЕЙДІ»

Жәнібек Көпжасардың пікірінше, Иран осы екі апталық бітімді пайдаланып, өзінің ішкі мәселелерін айқындап алуды көздеп отыр. Себебі қазір елді кімнің басқарып отырғаны белгісіз.

«Бұғазды екі аптаға ашуға келісті, бірақ бір шартпен келісті. Әр өткен танкерден немесе кемеден олар ақша талап етеміз деді. Мына соғысқа кеткен шығынның біраз бөлігін олар сол арқылы өндіріп алғысы келеді. Екінші жағынан саяси билікті кім басқарып отыр? Иранда сол жағы әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Сондықтан олар осы екі апта тыныштықты пайдаланып, өз ішінде бір келісімге келіп алайын деп отырған сияқты», – дейді Жәнібек Көпжасар.

Жәнібек Көпжасар. Фото: Жас Алаш

«АҚШ АЯҒЫНА ДЕЙІН БАРАДЫ»

Жәнібек Көпжасардың сөзінше, АҚШ бір апта, он күннің ішінде бомбалауды қайтадан бастайды. Ол осы уақыт аралығында Вашингтон Иранды қазір кім басқарып отырғанын анықтап, байытылған уранның қай жерде жасырынғанын білуге тырысады.

«Нақты Иранды кім басқарып отырғандарын тауып, сол топты немесе сол бір адамдарды өлтіріп, кейін басқа бір адамды қоюы мүмкін. Екінші нұсқа, сақшылар корпусындағы радикал топтардың көзін жойып, сөзге келетін, реформатор адамдарды әкеліп, солар арқылы бір келісімге келіп, бұл режим қалуы мүмкін. АҚШ «біз аятолла Хаменеиді өлтірдік» деп кетіп қалмайды. Өйткені ол жеңіліс болады. Сондықтан АҚШ аяғына дейін барады», – дейді ол.

Мұжтаба Хаменеи мен Әли Хаманеи. Фото: aravot.am

КОНТЕКСТ

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясының басталғанына бір айдан асты. 28 ақпанда басталған әуе шабуылынан Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан. Кейіннен билік басына оның ұлы Мұжтаба Хаменеидің келгені туралы айтылған. Бірақ ол халық алдына шықпаған.

7 сәуірде британиялық The Times басылымы Мұжтаба Хаменеи «ауыр хәлде ес-түссіз жатыр және қазір елді басқаруға мүмкіндігі жоқ» деп жазды. Барлау қызметінің құжаттарына сүйенген басылым Мұжтаба Хаменеи қазір Кум қаласында емделіп жатыр дейді. Ол да 28 ақпанда болған әуе шабуылы кезінде жарақат алған болуы мүмкін.

Ирантанушы Жәнібек Көпжасар Мұжтаба Хаменеи қаза тапқан болуы да мүмкін дейді. Оның сөзінше, Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы саяси топтар арасында тартыс болмас үшін оның өлімін әдейі жасырып отыруы ықтимал.