Ресей ықпалы, АҚШ қолдауы: Орбан мен Мадьяр майданында кім жеңеді?

Есдәулет Қызырбекұлы
rbc.ua

12 сәуірде Венгрияда парламент сайлауы өтеді. Бұл сайлаудың маңызы ел аумағынан әлде қайда тысқары аймаққа шығып кетті. АҚШ, Ресей, Еуроодақтың назары ауған сайлау науқаны қалай өтіп жатыр? Елді 16 жыл үздіксіз басқарған премьер-министр Виктор Орбан биліктен кете ме, жоқ әлде орынын сақтап қала ма? Оның басты қарсыласы Петер Мадьяр жеңіске жетсе Будапешт қалай қарай бағыт алады? Сайлау қорытындысының Украинадағы соғысқа әсері қандай?  

ВЕНГРИЯ АУМАҒЫНАН ШЫҒЫП КЕТКЕН САЙЛАУ

Венгрия екі күннен кейін өтетін парламент сайлауына дайындалып жатыр. Әлеуметтік сауалнамаға қарағанда, биліктегі Виктор Орбанның «Фидес» партиясы басты қарсыласы, оппозициялық саясаткер Петер Мадьярдың «Тиса» партиясынан артта қалып келеді.

Бұл сайлаудың қорытындысы Венгрияға ғана емес, тұтас Еуроодақ пен Украинадағы соғысқа әсер ететіні сөзсіз. Егер «Тиса» жеңіске жететін болса, онда Будапештің сыртқы саясатта бағыты өзгеруі мүмкін. Себебі Петер Мадьяр Венгрияның еуропалық бағытын қолдайды.

Ал оңшыл популист Виктор Орбанның Еуропалық одақ көшбасшыларымен қарым-қатынасы өте нашар. Ол бірнеше рет ортақ еуропалық бастамаларды тоқтатқан. Украинаға 90 миллиард еуро несие беру туралы бастамаға да вето қойған. Әлде неше рет «Ресейді қолдайды» деген сынға да қалған. Бұл сынның себебі де жоқ емес. Виктор Орбан партиясының сайлау алды бағдарламасы толықтай дерлік Украинадағы соғыс пен сыртқы қауіп тақырыбы айналасында құрылған.

Виктор Орбан. Фото: Reuters

СОҒЫС ПЕН СЫРТҚЫ ҚАУІП РИТОРИКАСЫ

Виктор Орбан жақтастары Украина президенті Владимир Зеленский, Петер Мадьяр және Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің суреттерін плакаттарына қосып, «Олар – басты тәуекел» деген сөзді пайдаланып жатыр. Орбан сұхбаттарында Петер Мадьярды Венгриядағы билікті құлату үшін Украинамен астыртын келісім жасасқан деп айыптады.

«Иллюзияға берілудің қажеті жоқ: Брюссель мен Украина бірлесіп (Венгрияда) қуыршақ үкімет құрып жатыр. Олар келесі сайлаудан кейін немесе тіпті одан бұрын Венгрияның Украинаға қатысты саясатын өзгертуді көздейді», – деген Орбан сұхбаттарының бірінде.  

Виктор Орбан 2010 жылы билік басына келгелі бері Мәскеумен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ресей президенті Владимир Путинмен жыл сайын кездескен. Украинадағы соғысқа байланысты Еуроодақ пен АҚШ Мәскеуге қарсы санкция салса да, Ресейден мұнай мен газ сатып алуды тоқтатпау қажеттігін айтып, ашық қолдаған. Путин Орбанды «Ұлттық мүддені қорғаушы көшбасшы» деп атаған.

Жақында БАҚ-та Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның Еуроодақ ішіндегі келіссөздер жайлы ресейлік әріптесі Сергей Лавровқа жеткізіп отырғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ кейіннен Сийярто бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Reuters

РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫ

Наурыздың басында Венгрияның Vsquare порталы Еуропа барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп, сайлауға араласу үшін елге дипломат ретінде Ресей арнайы қызметінің үш қызметкері келгені туралы жазды. Басылым мәліметінше, Орбанның жеңісін қамтамасыз етуді көздейтін операцияны Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко басқарады.

Бірақ Ресей сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, оны «жалған» деп атады.

«Сергей Кириенконың басқаруындағы делегация елшілікте жұмыс істемейді», – деп мәлімдеді Ресей СІМ.

Кейіннен бұл ақпаратты парламенттегі фракция басшысы, «Фидес» партиясының өкілі Мате Кочиш те терістеді.

Петер Мадьяр. Фото: euronews.com

Наурыздың ортасында британияның Financial Times басылымы Vsquare порталының ақпаратын растады. Басылым мәліметінше, Ресей президенті әкімшілігі алдағы сайлауда Виктор Орбанды қолдауға бағытталған дезинформациялық науқанды мақұлдаған. Бұл науқанды Кремльмен байланысы бар Social Design Agency ұйымы жүзеге асыруы тиіс.

Financial Times қолына түскен құжатқа сүйеніп, науқанның басты мақсаты Орбанды «әлемнің түкпір-түкпірінде достары бар күшті көшбасшы» ретінде көрсету, ал оның басты қарсыласы Петер Мадьярды «сыртта қолдаушысы жоқ, Брюссельдің қолбаласы» ретінде бейнелеу деп жазды.

Сайлау науқанына Мәскеудің араласып жатқаны туралы Петер Мадьяр да мәлімдеді. Ол да елге Ресей арнайы қызметінің адамдары келгенін айтты.

«Венгрияға елге шығыстан төнетін кез келген қауіпке ұшыратпайтын басшылық қажет. Ол  [қауіп] Путин болсын, Зеленский болсын. Ұлттық мүдде — Венгрияның тұрақты, болжамды әрі сенімді әріптес болып қалуында», — деп жазды Петер Мадьяр.

Reuters

ОРБАНДЫ ҚОЛДАҒАН ОҢШЫЛДАР

23 наурызда Виктор Орбан Будапештке Еуропадағы танымал оңшыл саясаткерлерді шақырып, митинг өткізді. Жиынға Францияның «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен, Нидерландының «Бостандық» партиясының көшбасшысы Герт Вилдерс және Италия премьер-министрінің орынбасары Маттео Сальвини қатысты. Олардың барлығы Орбанды қолдап сөйледі.

ТРАМП ПЕН ВЕНСТЫҢ ҚОЛДАУЫ

7 сәуірде Будапештке АҚШ вице-президенті Джей Ди Венс барды. Ол іссапарын «АҚШ-Венгрия қарым-қатынасы мен Еуропа саясатын талқылау» деп атады. Бірақ келе салып, Виктор Орбанды мақтай сөйледі.

«Сіз әлемдегі кез келген адаммен тіл табыса алатын адамдардың қатарынансыз. Бітімгер және экономика көшбасшысысыз. Ең бастысы мен Виктордың достығын бағалаймын. Себебі мынандай дипломаттың талантына ие адамды сирек кездестіресің... Бес немесе алты күннен кейін сіздерде сайлау болатынын білемін. Сол себепті біз келіп, сізге сәттілік тілеуді дұрыс деп шештік», – деді Джей Ди Венс кездесуде.

glavred.info

Бұдан бөлек, АҚШ вице-президенті Еуроодақ көшбасшыларын тағы да сынға алды.

«Мен тағы да сигнал жібергім келеді. Әсіресе Брюссельдегі бюрократтарға. Олар Венгрия халқын бағынышты етіп ұстау үшін барлығын жасады. Себебі оларға шын мәнінде Венгрия халқын қорғауға тұрған көшбасшы ұнамайды», – еді ол.

АҚШ президенті Дональд Трамп та Виктор Орбанды қолдап жазба жариялады. Ол тіпті Венгрия халқын Орбанға дауыс беруге үндеді.

«Шығыңдар да, Виктор Орбанға дауыс беріңдер. Ол нағыз дос, күрескер және жеңімпаз. Мен оның Венгрия премьер-министрі болып қайтадан сайлануын толықтай қолдаймын. Виктор Орбан ұлы Венгрия халқын ешқашан жерге қаратпайды. Мен оны барлық кезеңде қолдаймын», – деп жазды Трамп Truth Social парағында.

ГЕРМАНИЯ МЕН УКРАИНА РЕАКЦИЯСЫ

Германия Джей Ди Венстің бұл мәлімдемесін жоққа шығарды. Федералды үкіметінің ресми өкілі Себастиан Хилле «Еуроодақ Венгриядағы сайлауға араласпайтынын» айтты. Ол «Венстың сайлауға санаулы күндер қалғанда Венгрияға келуі кімнің неге араласып отырғанын айқын көрсетіп тұр» деді.

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ вице-президентінің Венгрияға сапарын «нәтижесіз әурешілік» деп атап, ондағы сайлауға араласпайтынын мәлімдеді. Ол Венгрия халқы өз таңдауын жасауы тиіс деді.