Жаңа заң Құрылтай депутаттарын шектеу емес пе?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

«Қазақстан парламенті және оның депутаттары туралы» конституциялық заң бұдан былай «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі» туралы заң деп аталады. Жаңа жобаға «Депутаттық әдеп» деп аталатын тарау енген.

Жаңа жобадағы «Депутаттық әдеп» тарауы нені білдіреді? Бұған дейін ол қалай реттеліп келген еді? Онсызда «елдегі өзекті мәселелерге келгенде үнсіз қалады» деп, қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайтын депутаттар үшін бұл қосымша шектеу емес пе? Жоқ әлде парламент мінберінен отбасы мүшелерін құттықтайтын депутаттарға бақылауды күшейтетін қажетті тәртіптік норма ма? Ulysmedia бүгін осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

ЖАҢА ЗАҢ ЖӘНЕ «ДЕПУТАТТЫҚ ӘДЕП»

Қазір қолданыстағы «Қазақстан парламенті және оның депутаттары туралы» конституциялық заң 6 тарау, 40 баптан тұрған. Ал жаңа нұсқадағы «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі» туралы заң 12 тарау 60 баптан тұрады. Бір палаталы Құрылтай (Парламент) 145 депутаттан жасақталады. Дәл осы жаңа жобаға «Депутаттық әдеп» деп аталатын тарау енген. Бұған дейін ол «Қазақстан парламентінің регламенті» туралы қаулы арқылы және этикалық комиссия арқылы реттеліп келген. Енді ол жеке тарау ретінде конституциялық заңға енгізіліп отыр.

Жаңа заң жобасындағы әдеп қағидасына сәйкес, депутаттар бір-біріне және Құрылтай жұмысына араласатын барлық адамға сыйластықпен қарап, негізсіз айыптаулар мен дөрекі сөйлемеуге, заңсыз әрі күш қолданатын әрекетке бармауы тиіс.

Бұдан бөлек, отырыстарда сөз сөйлегенде депутаттық өкілетке жатпайтын, жеке мәселелерді көтере алмайды. Сөйлеушінің сөзін бөліп, әріптесінің пікіріне түсініктеме бермеуі керек. Заңсыз және күш қолданатын әрекеттерге шақырмауы, сес көрсетпеуі қажет. БАҚ-та, баспасөз конференциясы мен көпшілік алдында сөйлегенде тек тексерілген фактілерді пайдалануы тиіс. Әдеп қағидаларын бұзған депутат Конституциялық заң аясында жазаланады.

Атап айтқанда, этиканы бұзған Құрылтай депутаты бірнеше күн жалақы төлеуден, іссапар шығындарын өтеуден немесе қызметтік көліктен айырылуы мүмкін.

Бұған қоса, депутатқа көпшілік алдында кешірім сұрату, отырыста сөз бермей қою сияқты жаза қолданылуы ықтимал.

«ПАРЛАМЕНТТІ БИЛІККЕ ТӘУЕЛДІ ЕТУ»

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы «Депутаттық әдеп» қағидасын заңға енгізу қате шешім деп есептейді. Оның сөзінше, бұл онсызда тәуелді парламентті билікке одан сайын кіріптар ету.

– Егер парламент мінберінде отырғандар шешесін, әйелін құттықтамаған болса, мұндай заң қабылданбас еді деп ойлаймын. Бір нәрсе болып қалса, біздің парламенттің әдеті ғой соны заңға айналдыра қояды. Қажет пе, қажет емес пе оған қарамайды. Екінші жағынан алғанда, парламентті басы бүтін билікке тәуелді ету. Қазір өзі «Заң мен тәртіп» деген қағида шығарып алды ғой. Сол тәртіпке бағындыру. Ол тәртіптің мағынасы өзгерген тәртіп. Тәртіп – қазір билікке қарсы шықпау, соны тыңдау, соның айтқанымен жүру.

Бұл үшінші жағынан алғанда, бізде парламенттің қалай жасақталатынын көрсетеді. Парламент халықтың сынағынан, таңдауынан өткен адамдар барып жұмыс істейтін орын емес, әртүрлі жолмен, билікке сенімімен, жағынуымен, боразданы бұзбайтын жуастығымен таңдалып алынған адамдар баратын орын. Олардың ой-өрісі қалай, мәдениеті қалай, саяси санасы, өресі, не болмаса, заңдық-құқықтық білімі, парасаттылығы қаншалық оны ешкім ескеріп отырған жоқ... Бір жағынан алғанда, сондай адамдар өтіп кетсе, соларды тәртіпке шақыру үшін керек деп отырған заң шығар, – дейді ол.

«ШЕКТЕУ БОЛМАЙДЫ»

Заң жобасына байланысты парламентте баяндама жасаған мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Депутаттық әдеп» қағидасын Конституциялық заңға енгізу дұрыс шешім деп есептейді. Оның сөзінше, бұл депутаттардың сөз бостандығы мен ой еркіндігін шектеуге бағытталмаған.

– Шектеу болмайды деп есептейміз... Ұлыбританияны демократиялы ел деп есептейміз ғой. ХVII ғасырдан бері парламенттің ішінде айтуға болмайтын сөздердің тізімі бар. Біреуді есек деуге болмайды. Басқа сөз айтуға болмайды. Бір-біріне құрметпен, «Менің аса қадірменді әріптесім» деп бастап, өзінің айтатындарын айтып жатады. Менің ойымша, біздің Қазақстанға да осындай әдеп-ғұрыптың келгені жаман болмайды деп есептеймін. Әлемдік тәжірибеде бар. Біз енді талай елдердің заңнамасын қарап шықтық. Бұрын этика мәселелері негізінен бізде регламенттеліп отыратын. Біз оны Конституциялық заң дәрежесіне шығарып жатырмыз, – деді депутат Ulysmedia тілшісіне.

Айдос Сарымның сөзінше, «Депутаттық әдеп» қағидасын заңға қосудың жекелеген адамдардың іс-әрекетіне қатысы жоқ, халықаралық тәжірибеде бар дүние. 

Жаңа Конституция бойынша жаңа парламент Құрылтай деп аталады және ол бір палаталы болады. Парламент сайлауы биыл тамызда болады. Құрылтай депутаттары тек партиялық тізіммен сайланады.