Желі қолданушылары Қытайдағы америкалық делегацияның құрметіне жайылған дастарқанда Тим Кук пен Илон Масктың ортасына жайғасқан әйел жайлы жарыса жазып жатыр. Ол – қытайлық кәсіпкер Чжоу Цюньфэй. 16 жасында мектепті тастап кеткен жасөспірім қалай Қытайдағы ең бай әйелге айналғанын Ulysmedia.kz анықтап көрді.
14 мамыр күні АҚШ президенті Трамптың Қытайға мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырылған ресми кешкі аста әлем назары Кук пен Масктың ортасындағы әйелге ауды. Көп ұзамай бұл әйелдің Lens Technology компаниясының негізін қалаушы Чжоу Цюньфэй екені анықталды.
Бүгінде 75 мың адам жұмыс істейтін өндірістік империяны басқаратын Чжоу Цюньфэйдің байлығы 16 млрд долларға бағаланады. Ол – өз еңбегімен байыған Қытайдағы ең дәулетті әйел миллиардер.
Оның Қытайдың кедей ауылынан шығып, ірі бизнес империя құрған өмір жолы елдегі миллиондаған еңбек мигрантына үлгі болған.
Чжоу Цюньфэйдің есімі Қытайда алғаш рет 2015 жылы кеңінен таныла бастады. Сол жылы оның компаниясы Шэньчжэнь қор биржасына шығып, кәсіпкер әйелдің байлығы 50 млрд юаньға жеткен еді.
Алайда оның өмір жолы өте ауыр басталған. Ол 1958 жылы Қытайдың кедей ауылында дүниеге келген. Отбасында төрт бала болған. Бес жасында анасы қайтыс болып, әкесі өндірістегі апаттан кейін көзі көрмей қалған әрі бір саусағынан айырылған.
Балалық шағында Чжоу бауырларымен бірге үйді асырау үшін үйрек пен шошқа бағып өскен.
15 жасында жұмыс іздеп Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласына кетеді. Алғашында құрылыс алаңында күзетші болып істеп, кейін шыны зауытындағы конвейерге орналасқан. Күніне небәрі 1 доллар жалақы алған. Таңғы сегізден түн ортасына дейін, кейде тіпті таңғы екіге дейін жұмыс істеген. Сол жерде сағат әйнегін өңдеудің қыр-сырын меңгерген.
Соған қарамастан бос уақытын есеп жүргізу мен компьютер технологияларын өз бетінше үйренуге арнайды. Еңбегінің арқасында көп ұзамай цех жетекшісіне дейін көтеріледі.
1990 жылдардың басында өзі істейтін зауыт жабылудың аз-ақ алдында қалады. Инвестор қаржысын қайтарып алған кезде Чжоу фабриканы өзі басқаруды ұсынады. Тіпті «қолымнан келмесе, өмір бойы сізге жұмыс істеймін» деп уәде берген. Осы батыл қадамнан кейін ол зауыт басшысы болып тағайындалып, компаниядағы ең тиімді менеджерлердің біріне айналады.
Кейін Чжоу өз кәсібін бастау үшін компаниядан кетеді. 2003 жылы жылдар бойы жинаған 3 мың доллар қаржысына туыстарымен бірге Lens Technology компаниясын ашады. Компания телефон экрандарына арналған шыны шығарумен айналысты.
Бірақ алғашқы кезеңде серіктестерінің бірі жобадан шығып кетіп, компания банкрот болудың алдында қалған.
Шешуші сәт 2004 жылы туды. Сол кезде Motorola компаниясы бір метр биіктіктен құласа да сынбайтын әйнек жасауды тапсырады. Ол кезде әлемде мұндай технологияны ешкім ұсына алмаған.
Чжоу мен оның командасы бірнеше ай бойы күн-түн демей жұмыс істеп, технологиялық серпіліс жасайды. Соның арқасында тарихи келісімшартқа қол жеткізеді.
Ал компанияның шын мәніндегі үлкен табысы 2007 жылы басталды. Сол жылы Apple алғашқы iPhone үшін шыны жеткізуді осы компанияға сеніп тапсырған.
Содан бері Lens Technology компаниясы Apple жеткізушілерінің көшін бастап тұр.
2015 жылы компания қор биржасына шыққаннан кейін Чжоудың байлығы күрт өсті. Бірақ сол тұста оның атына түрлі қауесет тарай бастады. Кейбіреулер оны ауқатты, үйленген ер адамның көңілдесі болды деп айыптап, бизнесін сол адамның ақшасымен құрды деген әңгіме таратқан.
Jiemian News басылымына берген сұхбатында кәсіпкер бұл жалған әңгімелерді жоққа шығару үшін көп күш жұмсағанын айтқан.
«Мен мінсіз образ қалыптастыруға тырысатын адам емеспін. Ең бастысы — жетістікке масайрамау және қиын кезде түңілмеу», — деген еді ол.
Стив Джобс кезеңінен бастап Тим Кук дәуіріне дейін Apple-пен серіктестік Lens Technology-дің табысын айтарлықтай арттырды. Компанияның табысы 70 млрд юаньға жуықтаған.
Алайда Apple-ге тәуелділіктің де қаупі болды. 2016 жылы iPhone сатылымы баяулағанда, Lens Technology-дің таза пайдасы күрт төмендеп кеткен.
Осы тәуекелді түсінген компания кейін клиенттер қатарын кеңейтіп, Huawei, Samsung, Xiaomi және Oppo сияқты брендтермен жұмыс істей бастаған.
Компания есебіне сәйкес, 2024 жылы Apple табыстың жартысынан аз бөлігін ғана құраған.
Қазір Lens Technology тек смартфон әйнегімен шектелмейді. 2024 жылы автокөлік электроникасы компания кірісінің 8,5 пайызын берген. Компания Tesla, BYD, Mercedes-Benz және BMW секілді 30-дан астам автокөлік брендімен серіктестік орнатқан.
2025 жылы компания жасанды интеллект пен робот техникасын зерттейтін институтқа инвестиция құйып, адамға ұқсас роботтар бағытын дамыта бастады.
Қазір Lens Technology бірнеше робот үлгісін шығарып жатыр. Соның бірі — Lingxi X1. Компания 2026 жылы 10 мыңнан астам роботты жаппай өндіруді жоспарлап отыр.