Әлемде сұлулық индустриясының асығы алшысынан түсіп тұр. «Мәңгі жас» болып қалуға құмар жандардың көбеюі арқасында косметологтар мен пластикалық хирургтардың қызметіне сұраныс артты. Қазақстанда да эстетикалық оталарды жасатушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Дәрігерлердің айтуынша, 2025-2026 жылдары ең көп жасалатын оталардың қатарында блефаропластика, ринопластика, липосакция, маммопластика және абдоминопластика бар.
Қазақстанда мұндай оталардың құны қанша? Пластикалық операция жасаумен ел бойынша қанша клиника айналысады? Ulysmedia.kz анықтап көрді.
Ажарынан ақшасын аямайтындар бұрын тек шетел асып кететін болса, бүгінде отандық дәрігерлер де пластикалық отаның кез келген түрін жасай алатын дәрежеге жетті. Қазақстандық арулар арасында ең көп сұранысқа ие оталардың көшін блефаропластика мен омырау үлкейту операциялары бастап тұр, одан кейінгі тізімді smas-лифтинг пен липосакция жалғастырады.
Пышаққа түсу оңай емес. Ең сорақысы, құдайдың бергенін түзеймін деп жанталасып жүріп ота үстелінде жан тапсыратындар көбейді. Осы орайда елімізде пластикалық ота жасауға рұқсат кімдерге және қалай беріледі деген сұрақ туындайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пластикалық хирургиямен айналысу үшін бірінші кезекте лицензия болуы шарт. Лицензия мен оған қосымшаны медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері лицензиаттың орналасқан жері бойынша береді.
Оны алу үшін мына біліктілік талаптарына сай болу қажет:
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-тың 2025 жылғы дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 3 416 емдеу мекемесі хирургиялық медициналық қызмет көрсетеді, оның ішінде 262-сі пластикалық хирургия қызметін ұсынады.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тұрғындардан пластикалық отамен байланысты шағым түссе, Кәсіпкерлік туралы, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстер ведомствоға жоспардан тыс тексеру жүргізуге өкілет береді. Сондай-ақ оның аумақтық департаменттері медициналық қызмет көрсететін ұйымдарды мемлекет атынан бақылайды.
Жоспардан тыс тексеруге негіз болатын жайттар:
– адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру, зиян келтіру қаупінің нақты фактілері бойынша прокуратураның нұсқауы;
– адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірудің нақты фактілері, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу туралы мемлекеттік органдардың өтініштері;
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық қудалау органының нұсқауы.
Тексеру нәтижесінде сертификаты немесе лицензиясы жоқ адам заңсыз медициналық қызметпен айналысқаны анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 424-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылады.
Нақтырақ айтсақ, жеке тұлғаларға 5 АЕК (21 625 теңге ) мөлшерінде, лауазымды адамдарға 15 АЕК (64 875 теңге) мөлшерінде, заңды тұлғаларға 20 АЕК-тен (86 500 теңге) 70 АЕК (302 750 теңге) мөлшеріне дейін айыппұл салуға әкеп соғады.
Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бұл әрекет бiр жыл iшiнде қайталанса, жеке тұлғаларға денсаулық сақтау саласындағы маманның куәлiгiнен айыра отырып, лауазымды тұлғалар мен субъектiлерге 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табысы тәркіленіп, 65 АЕК-тен 700 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады. Денсаулыққа орташа және ауыр дәрежедегі зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Пластикалық ота үстелінде қаза тапқандар жайлы деректің көбеюі сұлулықтың құпиясын пышақтан іздейтіндерге тежеу бола алар емес. Дене пішімін, түр-әлпетін өздері қалағандай өзгертуге асыққан сылқымдар мінсіз сұлулық үшін жанын беруге даяр. Өмірін қиюға дайын болса, ақшасын да аямайтыны түсінікті. Пластикалық хирургия клиникаларының сайттарында көрсетілген ақпаратқа сүйеніп, кең сұранысқа ие оталардың орташа бағасын анықтап көрдік.
Бұл – Қазақстандағы ең танымал пластикалық операция. Блефаропластика арқылы көз үстіндегі артық тері алынып, көз астындағы ісік пен қаптар түзетіледі. Кейбір науқастар көз пішінін өзгерту немесе жанарын үлкейтіп көрсету үшін де осы отаға жүгінеді:
• жоғарғы немесе төменгі қабақ пластикасы – 120 мың теңгеден басталып 400 мың теңгеге дейін барады, орташа баға – 300 мың теңге.
• толық (дөңгелек) блефаропластика – 150 мыңнан 800 мың теңгеге дейін барады.
Оңалу кезеңі шамамен 7-10 күнге созылады.
Қазақстанда ерлер де, әйелдер де жиі жасататын операциялардың бірі – ринопластика. Ота тек эстетикалық мақсатта ғана емес, тыныс алуды қиындататын мұрын пердесінің қисаюын түзету үшін де жасалады.
• мұрын ұшын түзету – шамамен 750 мың теңге;
• толық ринопластика – 850 мыңнан басталып, кейбір қымбат клиникаларда 2 миллион теңгеге дейін барады.
• риносептопластика – 950 мың теңгеден жоғары.
Мамандардың айтуынша, бұл операциядан кейін толық қалыпқа келу бірнеше айға созылуы мүмкін.
Дененің белгілі бір бөлігіндегі артық майды алып тастау үшін сылқымдар липосакция жасатады. Әсіресе іш, бел, сан және иек аймағына сұраныс жоғары.
Мәселен, Қазақстандағы клиникаларда иекке жасалатын липосакция бағасы – орта есеппен 250 мың теңге. Ал іш липосакциясы үшін хирургтер шамамен 600 мың теңге алады. Бірнеше аймақты қамтитын кешенді липоскульптура құны 1 млн теңгеден басталып, 2,4 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Дәрігерлер бұл процедураны салмақ тастау тәсілі емес, дене пішінін түзету әдісі ретінде қарастыру керегін айтады.
Бұл ота көбіне босанғаннан кейін немесе көп салмақ тастаған соң жасалады. Абдоминопластика кезінде артық тері кесіліп, іш бұлшықеттері қалпына келтіріледі. Ел клиникаларындағы биылғы бағаға сүйенсек:
• мини-абдоминопластика – 950 мың теңгеден басталады;
• толық абдоминопластика – 1,6-1,7 миллион теңге шамасында;
• кей клиникаларда қарапайым түрі 480 мың теңгеден басталады.
Оңалу уақыты орта есеппен 1 айға дейін созылады.
Қазақстандық қыз-келіншектер кеуде пішінін өзгертуге арналған операцияларға да құмар. Кей әйелдер төсінің көлемін үлкейту үшін жүгінсе, енді бірі денсаулық немесе эстетикалық себеппен кішірейтуді таңдайды.
Қазақстандағы орташа бағалар:
• кеуде үлкейту – 1,2 млн теңгеден басталады;
• кеудені кішірейту – орта есеппен 1,5 млн теңге;
• мастопексия (кеуде тарту) – шамамен 650 мың теңгеден басталады.
Имплант бағасы көп жағдайда операция құнынан бөлек есептеледі.
Айта кетейік, жуырда қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан липосакция жасатуға барып, ота үстелінде қайтыс болды. Қызының сөзінше, ол 2026 жылғы 15 мамырда Алматыдағы «Smart Beauty Clinic» жеке клиникасында көз жұмған. Оның айтуынша, дәрігерлер липосакция отасы бір жарым сағатқа ғана созылатынын айтқан. Алайда арада бірнеше сағат өтсе де дәрігерлер ешқандай ақпарат бермеген.
«Бір сағат. Екі сағат. Үш сағат. Сұрақтарға ешкім жауап бермеді. Тек үндемей отырды», – дейді марқұмның қызы.
Оның айтуынша, анасының қайтыс болғанын клиника қызметкерлері еріп барған туысына тек кешкі алты шамасында хабарлаған.
Сондай-ақ ол жедел жәрдемнің тек кешкі жетілер шамасында келгенін айтты.
«Үш сағат. Үш сағат бойы анам жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Ал біз ештеңе білмедік», – дейді ол.
Марқұмның қызы қазірге дейін жауапсыз қалған сұрақ көп екенін айтады.
«Дәрігерлер неге өлім туралы бірден хабарламады? Сол уақыт аралығында олар не істеді — соны білгіміз келеді. Анамды аман алып қалу үшін қандай да бір әрекет жасалды ма? Неге жедел жәрдем бірден шақырылмады? Қазір болып жатқан жағдай — арсыздық пен заңсыздықтың шегінен шығуы», – делінген жазбада.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.