Сауда революциясы: Қазақстан кеденіндегі өзгерістердің өзегі не

Ulysmedia

Қазақстанда кеден саласының гүлдену кезеңі басталған секілді. Төлемдер көлемі көбейді, құқық бұзушылар жиі анықтала бастады, іскерлік белсенділік артты. Статистиканы сөйлетсек, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша 2022 жылы кедендік төлемдер мен салықтардың көлемі триллион теңгеден артық өсім көрсетіп, 3,5 трлн теңгеге жеткен. 2021 жылы бұл көрсеткіш небары 2,3 трлн теңге болған.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Көз сүйсінтер статистика

  • Импортқа ҚҚС түсімдері 2 есе өсті – 1,4 трлн теңге (2021 жылы – 795 млрд теңге);
  • тауар айналымы өсті: 106,1 млрд доллар (2021 жылы – 75 млрд доллар). Оның ішінде импорт 31,4 миллиард долларға (2021 жылы 22,6 миллиард доллар), ал экспорт 74,7 миллиард долларға (2021 жылы 52,5 миллиард доллар)дейін өсті;
  • импортпен айналыса бастаған кәсіпкерлер саны 2 есеге жуық өсті: 2021 жылы 30 128 болса, 2022 жылы 50 809-ға жетті.

Бір қызығы, 2022 жылы кеден қызметкерлері 2021 жылмен салыстырғанда 3 есе көп бұзушылықтарды анықтады, бірақ іскерлік белсенділік төмендеген жоқ, керісінше өсті.

Өзгерістердің өзегі не

Бәрі ақылға қонымды әрі түсіндіруге жеңіл болып шықты. Кеден қызметтері жұмыс процестерін қайта форматтай бастапты. Біріншіден, олар кеденнен өтуді автоматтандыру арқылы жеңілдеткен, тіпті жасанды интеллектіні енгізген. Мысалы, бас диспетчерлік басқару кедендік бақылауды кәсіпкерлермен байланыссыз қашықтықтан жүзеге асырады.

Екіншіден, уақытша сақтау қоймаларында тауарларды есепке алуды цифрландыру басталды. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Үшіншіден, Қытаймен шекарада өткізу қабілеті артқан – орташа есеппен тәулігіне 15-тен 80 көлікке дейін. "Майқапшағай – Зимунай" және "Қалжат – Дулаты" жаңа өткізу пункттері ашылды.

Қарғыс атқан пандемия

Жасыратыны жоқ, 2020 жылы пандемия кезінде Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеден жанжалдан көз ашпады. Біресе жүктер кептеліп тұрып қалды, біресе кезекті сыбайлас жемқорлық схемасы анықталды. Статистика сөзімізге дәлел: 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға төмендеген. Бірақ қазір жағдай оңалды: 2022 жылы ҚХР-мен экспорттық декларациялардың онлайн-алмасуы жолға қойылды, олар бойынша мәліметтер тауар Қытай мен Қазақстан аумағына келгенге дейін қолжетімді болады. Бұдан басқа, тауарлардың құны мен саны бойынша импортты декларациялау бойынша жұмыс күшейтілді.

Сыбайлас жемқорлық мәселесі де бақылауда. Жақында қаржылық мониторинг агенттігі өз қызметтерінің бағасын заңсыз көтерген Eurotransit NurZholy компаниясының басшылығына қатысты тергеуді аяқтады. Компания Қытайдың бейтарап жағынан Қазақстанға жүк тасымалдайтын жалғыз оператор болды. Vlast.kz дерегінше, Eurotransit Nur Zholy-ның негізгі құрылтайшылары – атақты Қайрат Шәріпбаев, оның отбасы және айналасындағылар.

Қайрат Шәріпбаев

Дәме зор, жоспар жетерлік

Статистика таң қалдырмай қоймады: 2023 жылдың қаңтарында жаңа жылдық мерекелерге және қытайлық Жаңа жылға қарамастан, Қазақстанға Қытайдан 46 мың көлік келген. Бюджет түсімдері 319,7 млрд теңгені құрады. Мұндай жоғары деңгей 2022 жылдың ең белсенді айларында – қазан, қараша, желтоқсан айларында тіркелген.

Қаңтар айында кедендік төлемдер мен салықтар бойынша жоспар 135,3%-ға, үшінші елдерден ҚҚС бойынша жоспар 168,8%-ға орындалды. Мемлекеттік кірістер комитетінде биылғы жылы 3,8 млрд теңге сомасына кедендік төлемдер мен салықтар алу жоспарлануда, бұл өткен жылғыдан да көп. Ол үшін 9 автомобиль және 1 теміржол өткізу бекетін техникалық жаңғырту жүргізіледі, сондай-ақ бақылаудың барлық процесі автоматтандырылған және компьютерлендірілген Бас диспетчерлік басқару ғимараты салынады.